Медиа орталығы

Жаңалықтар

С. Жақсыбековтің депутаттық сауалы

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Сізге осы депутаттық сауалды жіберуге бидай, арпа, зығыр, рапс және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өсіру, өңдеу қызметтерін жүзеге асыратын отандық кәсіпкерлердің хаты себеп болып отыр.

Өздерінің өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында қазақстандық кәсіпкерлермен жоғарыда көрсетілген дақылдардың тұқымдарын жинау бойынша әртүрлі, оның ішінде шет-елдік тұқым шаруашылықтарына және ғылыми-зерттеу институттарына жүгіне отырып тұрақты жұмыстар жүргізілуде.

Дегенмен, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау бойынша халықаралық конвенцияға (Париж, 1961ж.) қосылмағандығын және Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау бойынша Халықаралық одағының мүшесі (әріқарай - Ұйым) ретінде танылмайтындығын негізге ала отырып шет-елдік тұқым шаруашылықтары мен ғылыми-зерттеу институттары тұқым жеткізілімінен бас тартуына байланысты, отандық компанияларда мәселе туындап отыр.

Аталған Ұйым - өсімдіктердің жаңа сорттарын шығарумен айналысатын өсімдік тұқымдарын асылдандырушыларға зияткерлік құқығын бере отырып, олардың жетістіктерін өзінің мүшелерімен танылуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған.

Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау құқығының жоқтығына байланысты шет-елдік сұрыптаушылар Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау бойынша халықаралық конвенцияға қосылмаған мемлекет резиденттерімен серіктестік қатынастар құруға ниеттері болмай отыр. Сондықтан, осы жағдай Қазақстанға әлемдегі сұрыптау жетістіктері мен технологияларының келуіне кедергі болып, отандық аграрлық секторының дамуына кері әсерін тигізуде.

Жоғарыда көрсетілген негізде, Сізден Қазақстан Республикасының Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау бойынша халықаралық одағына және Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау бойынша халықаралық конвенцияға қосылуына байланысты тиісті жұмыстарды жүргізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз.

«Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес белгіленген тәртіп бойынша Қазақстан Республикасының Парламентіне жауап берулеріңізді сұраймыз.

Құрметпен,

Д. НАЗАРБАЕВА

С. ЖАҚСЫБЕКОВ

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің

2017 жылғы 16 қазандағы

№ 15-13-249 депутаттық сауалға жауабы

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының депутаттары

Д.Н. Назарбаеваға

С.Р. Жақсыбековке

Құрметті депутаттар!

Сіздердің Қазақстан Республикасы Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға (бұдан әрі – Конвенция) және Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одаққа (бұдан әрі – УПОВ) қосылу бойынша жұмыс жүргізуге қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың 2016 – 2018 жылдарға арналған перспективалық жоспарына сәйкес Қазақстанның Конвенцияға қосылуын 2018 жылдың соңына дейін іске асыру жоспарлануда.

Сонымен бірге Конвенцияға қосылу шарттарының бірі ұлттық заңнаманың Конвенция ережелеріне сәйкестігі туралы УПОВ қорытындысын алу болып табылады.

Осыған байланысты, 2016 жылғы ақпанда УПОВ-қа «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) ағылшын тілінде Конвенция ережелеріне сәйкестігіне сараптама жүргізу үшін жіберілді. Бұл ретте Қазақстан үшін мүшелік жарналарды есептеу тәртібі және Конвенцияның орыс тіліндегі мәтінінің куәландырылған көшірмесі сұратылды.

УПОВ өкілдерінің ақпараты бойынша тиісті қорытынды үстіміздегі жылдың соңына дейін дайындалып, Қазақстан тарапына жолданатын болады, онда сәйкессіздіктерді жою бойынша қажеті іс-шаралар тізімі қамтылады.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы УПОВ-тың Кеңесінде, Әкімшілік-құқық комитетінде, Техникалық комитеті мен техникалық жұмыс топтарында байқаушы болып табылады. Бұдан басқа, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының УПОВ-пен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жауапты тұлғаларын тағайындады, бұл УПОВ-пен тікелей өзара іс-қимыл жүргізілуін қамтамасыз етуге және Конвенцияға қосылу мәселелері бойынша консультация алуға мүмкіндік береді.

Бұл бағытта жұмыс жалғасатын болады.

Б. Сағынтаев

Ваш отзыв и предложение по сайту