Медиа орталығы

Жаңалықтар

Д. Калетаевтың депутаттық сауалы

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстан Республикасында азаматтық қорғаныстың дамуы мәселелері бойынша парламенттік тыңдауларын өткізіп, солардың қорытындысы бойынша Ұсынымдар әзірленген болатын.

Аталған ұсынымдар бойынша мемлекеттік органдардан алынған жауаптарға сүйене отырып, Комитет кейбір мәселелер тез арада шешуді талап етіп отырғанына көз жеткізді.

1. Бүгінгі күні су гидротехникалық құрылыстарды бақылау жұмыстарын ешкім жүргізбейтіні анықталды. Қазақстанда қолда бар 1665 гидротехникалық құрылыстардың (бұдан әрі - ГТҚ) 392-і шұғыл жөндеуді қажет етеді. Шағын ГТҚ-лар үлкен проблемаға айналып отыр, олардың жартысы қараусыз қалған, иелері жоқ немесе пайдалану қызметі көрсетілмейді. Олардың техникалық жағдайы өте нашар. Су тасқыны, су басу, су деңгейінің көтерілуі сияқты судың зиянды әсерінен реттейтін және қорғау құрылыстарының нашар жағдайы ел бойынша тұтастай алғанда жыл сайынғы залалы ондаған миллион АҚШ долларға бағаланады.

Сонымен қатар, су ресурстарына тиетін зиян да шамамен сондай бағаға бағаланады. Өңірлердің аудандарында су басуға әкеліп соққан 2010 жылғы Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны, Батыс Қазақстан облысындағы Орал өзеніндегі су апаттары, 2010 жылдың наурыз айында Қызылағаш ауылында гидротехникалық құрылыстың атқылауы, сондай-ақ 2015 жылғы наурызда «Көкпекті» су қоймасы бөгетінің атқылауы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында конструктивтік шараларды қабылдау қажеттілігін көрсетті.

Бұдан бұрын гидротехникалық құрылыстарды тексеру және қадағалау Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі - ТЖМ) Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің құзыретіне кірген болатын. ТЖМ қайта құрудан кейін гидротехникалық құрылыстарды пайдалану мәселелері Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Инвестициялар және даму министрлігінің қарамағына көшті. Бұл ретте, құқық қорғау органы ретінде ҚР ІІМ-нің Төтенше жағдайлар комитетінің құзыретіне ГТҚ-ы қадағалау кірмейді.

Осыған байланысты, аталған мәселе реттелмей қалады, себебі елдің аумағында өз қызметін жүзеге асыруға уәкілетті орган анықталмаған және ГТҚ-ы қадағалау бойынша штаттық бірлік қарастырылмаған.

2. Жер сілкінісіне төзімді құрылыс саласында ҚазҚСҒЗИ және сейсмология Институты сияқты институттар жұмыс істейді. Бұл институттар өз қызметін жекеленіп және қалдық қағидаты бойынша толық емес көлемде қаржыландырылып жүзеге асырады. Қазіргі уақытта, "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ның инженерлік-сейсмометриялық қызметінің 12 станцияларының 8-і ескірген аналогты аспаптармен жабдықталған. Сейсмологиялық бақылаулардың саласында 63 сейсмикалық станциялардан 57-і жұмыс істейді. Жұмыста ондаған жылдар бойы пайдаланған жабдықтар мен құралдар өз ресурстарын шығарып болған, сондықтан шынайы ақпарат көзі бола алмайды. Бұл жағдай жер сілкінісі туралы деректерді уақтылы емес өңдеуге және ол туралы төтенше жағдайларды басқару мемлекеттік органдарға кешіктіріп ақпаратты беруге әкеледі. Мәселен, жер сілкінісі кезінде ТЖ органдары шетелдік дерек көздердің мәліметтерін пайдаланады, өйткені олар 7 минут ішінде жедел және шынайы ақпаратты береді, ал біздің станциялар бұл ақпаратты 15 минуттан кейін алады.

Осыған байланысты, мұндай институттарды жаңғырту бойынша және оларды қазіргі заманғы аппаратурамен, бағдарламалық қамтамасыз етумен және байланыс құралдарымен толық қайта жабдықтау туралы шешім қабылдау керек.

Бұдан басқа, сейсмикалық қауіпсіздік және геологиялық салада жас білікті кадрлар қажет. Осыған байланысты, жоғары білікті мамандарды дайындау мақсатында Қ.И.Сәтбаев атындағы КазҰТЗУ-де «Сейсмология» мамандығы бойынша мақсатты магистратура мен докторантура және «Геофизикалық іздеу әдістері және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» мамандығы бойынша мақсатты докторантура және басқа да байланысты пәндер бойынша ашылуына көмек көрсету қажет.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, аталған мәселелерді зерттеп, оларды шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

Д. НАЗАРБАЕВА

Д. КӘЛЕТАЕВ

С. ДЖАҚСЫБЕКОВ

Т. МҰҚАШЕВ

Т. МҰСАБАЕВ

Н. НҰРСИПАТОВ

Қазақстан Республикасы Премьер Министрі Кеңсесі

Басшысының 2017 жылғы 27 қазандағы №15-13-254 д/с жауабы

Қазақстан Республикасының

Парламенті Сенатының депутаттарына

Құрметті депутаттар!

Сіздердің азаматтық қорғаудың кейбір мәселелерінеқатысты депутаттық сауалдарыңыз бірлесіп қарау үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілді.

Аталған мәселелердің маңыздылығын, жан-жақты талқылау қажет ететіндігін ескере отырып, сауалдағы бір мәселеге қатысты заң жобасы әзірлеуіне байланысты келісілген және сапалы жауап енгізу үшін мемлекеттік органдарға қосымша уақыт қажет.

Сондықтан депутаттық сауалға толық және тиісті шешім қабылданғаннан кейін Премьер-Министірдің жауабы Парламент Сенатына енгізілетін болады.

Н. Алдабергенов

Ваш отзыв и предложение по сайту