Медиа орталығы

Жаңалықтар

Ә. Құртаевтың депутаттық сауалы

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Қазақстан Республикасында көші-қон процестері қай кезде болмасын актуальді және шешуге тиіс мәселелердің қатарына жатады. Бүгінгі таңдаҚазақстан Республикасы халықының саны 18 млн.-нан асты. Халықтардың орналасуы бойынша әр облыста әртүрлі деңгейде. Бірақ та екі өңірді ерекше атап өтуге болады, олар оңтүстік өңірлері Қазақстан халқының басым көпшілігі орналасқан өңір болып саналаса, ал солтүстік өңірлерінде халықтың орналасуы сиректеу.

Оңтүстік Қазақстан облысының 844 елді мекенінде 3 млн. жуық халық тұрады, бұл дегеніміз Қазақстан халхының 6-дан 1 бөлігі облыста шоғырланған. Халықтың көптігі салдарынан облыста әр түрлі мәселелер туындауда, атап өтсек Оңтүстік Қазақстан тұрғындары баспана мен жұмыстың жетіспеушілігі, мектеп, бала бақша, ауруханаларда адамдар санының белгіленген нормадан тыс көп болуы т.с.с.

Ал Солтүстік өңірлерде (Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) керісінше, яғни Қазақстан халқының тек 17% пайызы ғана шоғырлануда, халықтың аздығы салдарынан жұмыс күшінің тапшылығы, мекетеп, бала бақшалардың қаңырап бос қалу мәселелері туындауда.

Мемлекет тарапынан аталған мәселелердің маңыздылығын ескеріп, Елбасы қойған міндеттердің бірі ішкі көші-қон процесстерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру, халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстары жалғастырып келеді.

Атап айтсақ, кәзіргі уақытта Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске асырылуда (бұдан әрі – Бағдарлама). Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде ерікті түрде қоныс аудару бойынша жұмыс күші тапшы өңірлерге (Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары) жұмыс күші мол өңірлерден (ОҚО, Мағыстау, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарынан) ерікті түрде қоныс аудару қарастырылуда және аталмыш бағдарлама оң серпінін беруде.

Бағдарламаның жоспарына сәйкес 2017 жылы 362 отбасы оңтүстік өңірден солтүстіке көшу жоспарланса, кәзіргі таңда 1479 мүшесі бар 389 отбасы көшкен. Ал 2018-2020 жылдар аралығында оңтүстіктен солтүстік өңірлерге 7 828 отбасы көшіру, яғни жыл сайын 2600 жуық отбасы көшіру жоспарлануда. 2018-2020 жылдары Оңтүстіктен солтүстікке көшіру 2017 жылмен салыстырғанда әр жылға 7 есе көп отбасын қамтиды. Бұл өз кезегінде бағдарламаны одан әрі жақсартуды көздейді, әйтпесе бағдарлама аясында көзделген жоспар орындалмай қалуы мүмкін.

Өз еркімен еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін, өңірлеріне қоныс аударуды нәтижелі ұйымдастыру және бағдарламаны одан әрі дамыту үшін келесідей мәселелерді қарастыруды ұсынамыз:

- Республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныс аударушыларға тұрғылықты жеріне жетіп алу үшін қаралатын қаржыны алдын-ала төлеу механизмдерін қарастыруды, себебі қоныс аударатын отбасылардың көпшілігі үйі, жұмысы жоқ азаматтар. Олардың көшуге деген ниеттері бар, ал фактілік түрде көшуге қаржылары жеткіліксіз отбасылар болып табылады.

- Солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылар барғаннан кейін кемінде 1-2 ай көлемінде тиісті табыс ала алмайды, сол айға алдын ала қаржылай көмек беру мәселесін қарастыруды;

- Сондай-ақ ең маңыздысы, оңтүстіктен солтүстікке көшетін азаматтардың негізгі сұрауы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі болып табылады. Осы мәселені шешу аясында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларға сәйкес солтүстіктегі шекара аймақтарындағы ауылдарда қаншама үйлер қаңырап бос қалуда, осы аталмыш үйлерді жергілікті атқарушы органдардың балансына енгізіп, көшіп келген отбасы жергілікті атқарушы органның балансындағы үйлерде 5 жыл көлемінде тегін тұрып, ал кейінен жекешелендіруге мүмкіндік беру мәселесін қарастыруды сұраймыз.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Жоғарыда баяндалғанды және қозғалған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, осы бастаманы іске асыру мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижесі туралы заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

Ә. ҚҰРТАЕВ

М. БОРТНИК

М. КӨБЕНОВ

Е. СҰЛТАНОВ

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрінің 2017 жылғы 13 қарашадағы

№ 15-13-269 д/с жауабы

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының

депутаттарына

Құрметті депутаттар!

Сіздердің жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударуды ынталандыратын іс-шараларға қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

2017 жылдың 10 айының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қабылдау өңіріне барлығы 874 отбасы (3 060 адам) қоныс аударды, оның ішінде ішкі қоныс аударушылар 389 отбасы (1479 адам), оралмандар 485 отбасы (1 581 адам).

Қазіргі уақытта, мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру мақсатында Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде (бұл ретте көшуге және тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге субсидиялар беру бойынша мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы нормаларын сақтай отырып), олар мыналарды:

- қоныс аударушыларды жайластырудың барлық мәселелерін шеше отырып, оларды тұрақты жұмысқа қабылдауға даяр жұмыс берушілерге субсидиялар;

- қоныс аударушыларға бау-бақшамен айналысу үшін немесе коммерциялық мақсаттар мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер үшін жер учаскелерін;

- ТжКБ және қысқа мерзімді курстарды, «Бастау Бизнес» жобасын бітірушілерге қажетті инвентарьлар, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар сатып алуға 100 АЕК-ке (227 мың теңге) дейін гранттар;

- қоныс аударушыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жеңілдетілген жүйе бойынша қарыздар мен субсидиялар беруді көздейді, сондай-ақ, ерікті түрде қоныс аудару бөлігінде «Серпін 2050» жобасының түлектерін Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосуды көздейді, бұл оларға оқуды бітіргеннен кейін мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді және олардың сол жерде орнығуына ықпал ететін болады.

Алдағы бес жылда (2018 – 2022 жылдары) 59 мыңға жуық отбасын (236 мың адам) жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшіру жоспарланып отыр. Осы мақсаттарға үш жылдық кезеңге арналған бюджетте қосымша 8 млрд. теңге көзделген.

Нақты қоныс аударғанға дейін шығу өңірлерінде көшуге субсидиялар беруге қатысты.

Бұл шара субсидияны алғаннан кейін көшуден бас тартқан жағдайда осы қаражатты басқа мақсатқа пайдалану қауіпіне алып келуі мүмкін. Осыған орай, мемлекеттік қолдаудың осы шарасын өзгеріссіз қалдырған, яғни өңірге келу фактісі бойынша төлеген орынды деп санаймыз.

Қоныс аударған азаматтарға жұмысқа орналасқанға дейін алғашқы 2 айда материалдық көмек беруге қатысты.

Қоныс аудару ерікті болып табылатынын және жұмыс берушілерде бос жұмыс орындары мен жұмысқа орналасу кепілдігі болған кезде жүзеге асырылатынын атап өтеміз. Бұл үшін қоныс аударатын сәтке қарай қабылдайтын тарап жұмыс берушілерді, кәсіптерді, мамандарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ жұмыс шарттарын көрсете отырып, әлеуетті қоныс аударушыларды жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Ешқандай біліктілігі жоқ қоныс аударушыларға қысқа мерзімді оқыту шеңберінде сұранысқа ие мамандық алу мүмкіндігі беріледі.

Бүгінгі күні ерікті қоныс аудару үшін мемлекеттік қолдау шаралары көшуге (2017 жылы отбасының әр мүшесіне 35 АЕК-тен немесе 79 415 теңгеден) және тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге (он екі ай ішінде ай сайын қоныс аудару жеріне және отбасы мүшелерінің санына қарай 15 АЕК-тен немесе 34035 теңгеден 30 АЕК-ке немесе 68070 теңгеге дейін) субсидиялар беруді қамтиды.

2017 жылы осы іс-шараларға барлығы 707 млн. теңге (197,0 млн. теңге – көшу шығыстарын өтеуге арналған субсидиялар және 510,0 млн. теңге тұрғын үйді жалдауға арналған төлемдер) көзделген.

Тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты.

Бағдарлама шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушының келісімімен олардың жеке меншік тұрғын үй сатып алуы үшін алдын ала сатып алу келісімшарты болған кезде, өңірлік комиссия ұсынымдарының негізінде отбасына бір жылға аударылған соманың шегінде субсидия сомасын бір рет төлеуге жол беріледі (ауылда 5 мүшеден тұратын отбасына айына – 47 649 теңге, жылына – 571 788 теңге; қалада айына 68 070 теңге, жылына 816 840 теңге).

Бұл қоныс аударған азаматтарға шекара маңындағы ауылдардан тұрғын үйлер (үйлер) сатып алуға мүмкіндік береді.

Иесіз тұрған тұрғын үйлерге қатысты, бір жылдан астам иесіз тұрған мұндай тұрғын үйлер сот органдары арқылы иесіз болып танылуға тиіс, одан кейін жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық қызметтері оларды өз баланстарына алады.

Тұрғын үйлер иесіз тұрған кезеңде тоналуы мүмкін, осыған байланысты оны қайта қалпына келтіру үшін бюджеттен қосымша қаражат қажет болатындығын атап өткен жөн.

Еңбек ұтқырлығы бойынша жоспарланған іс-шараларды іске асыру ішкі қоныс аударуды ынталандыруға мүмкіндік беріп, сол арқылы елдегі өңірлік теңгерімсіздікті төмендетеді, бұл жалпы алғанда еңбек нарығына оң ықпал етеді.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б. Сағынтаев

Ваш отзыв и предложение по сайту