Медиа орталығы

Жаңалықтар

Ә. Бектаевтың депуттатық сауалы

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Жахандану процесі қоғамға бір жағынан адамзат өркениетінің ең соңғы жетістіктерін алып келсе, екінші жағынан ұлттық болмысымыз бен мінез құлқымызға жат құбылыстарды ұсынуда. Өркендеу жолына түскен еліміздегі өскелең ұрпақ бұрын соңды болмаған алапат сынменен бетпе-бет келіп тұр. «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болмасын өзгерген емес. Тәуелсіздік жылдары отбасы әлеуетін нығайту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Елбасының бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда көп балалы отбасылардың абыройы мен беделін арттыру бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл сайын артып, көптараптанып келе жатқанын аңғару қиын емес.

Дегенмен қазіргі қоғамда отбасы құндылықтарының құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Бұған дәлел қарттар үйлеріне өткізілген егде адамдардың көбейуі. Әлеуметтік мекемелердегі қарттар саны соңғы бес жылда 26%-ға өскен. Өкінішке орай олардың 40%-ның балалары бар, бірақ түрлі жағдайға ұшыраған. Ата-анаға деген құрметтің азаюы - отбасы құндылықтарының төмендеуінің басы деп айтуға болады. Неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың аса қауіпті деңгейге жеткені де соның салдары. Соңғы бес жылда ажырасулардың саны 4 мыңға артып 51775-ті құраған.

Бүгінгі таңда жас отбасылардың арасындағы ажырасу деңгейі ауылдық жерлерде 27%-ға, қалаларда 40%-ға жеткен. Олардың 40%-ның некесі алғашқы бес жылда бұзылады екен.

Қазіргі тенденциялардың себебі тек қана әлеуметтік, экономикалық мәселелер деп айту әбестік болар. Басты себеп отбасыдағы тәрбиенің, құндылықтардың құлдырауында.

Бала өмірге келгеннен бастап, өсіп азамат болғанына дейін оның тәрбиесіне тек ата-ана жауапты. Өкініштісі баланың тәрбиесі де, оқуы да, денсаулығы да бүгінде тек мектептерге артып қойылған. Ұлының не қызының қайда жүргенін кейбір ата-аналар сұрамайды да. Баласы бұзақылық немесе қылмыс жасаса да ата-ана мүлдем жауап бермейді .

Бүгінгі қоғамымызда қыз тағдырын тәлкек еткендер, жеңіл жүрісті қыздар, тастанды балалар, ата-аналық құқықтан бас тартқандар көбейді.

Статистикаға сүйенсек балалар үйіндегі 7200-ден астам сәбидің 1130-ның ата-аналары мүлдем белгісіз немесе өз құқықтарынан бас тартқан. Жалпы алғанда балалар үйіндегі 63% баланың әке-шешесі тірі деп айтуға болады. Бұл адам қасіреті ғана емес, қоғам қасіреті.

Тағы да бір қоғамдық дертке айналған мәселенің бірі – қыз-келіншектер мен әйелдер арасындағы қылмыс. Мәліметтерге сенсек, әйелдер арасындағы қылмыс 2016 жылы 280-ге өсіп 12 мыңды құраған.

Олардың 75% әлеуметтік-тұрмыстық заң бұзушылықтар. Еліміздегі 6 әйелдер колониясында 2161 қыз келіншектер жазасын өтеп отыр.

Қыз баласы табиғатынан нәзік, жақсылыққа жаны құмар, агрессиядан гөрі бейбітшілікке жақын екені белгілі. Әйел өздігінен қылмыс жасамайды, егер заң бұзушылыққа барса оның астарын әлеуметтік проблемадан іздеу керек. Қыз-келіншектерді түрмеге жапқаннан гөрі, кешірім жасап, оларға көмек көрсеткен абзал. Түрмеге түскен қыз баласы түгілі, ерлердің арасынан сана-сезімі психологиялық деформацияға ұшырамаған жанды кездестірудің өзі қиын.

Қоғамымызда қызға, әйелге, анаға, балалы отбасыларға деген көзқарасты мүлдем қайта қараудың уақыты келді. Жастарды отбасы құндылықтарына бейімдеу үшін, аналарға бала тәрбиесімен алаңсыз айналысуға материалдық және моральдық тұрғыдан оңтайлы жағдай туғызу маңызды.

Осының бәрін айта келе өзіңізге, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, төмендегі ұсыныстарды еңгізгім келеді:

1. Қазақстандағы отбасылық саясатты заман талабына сай дамыту мақсатында, «Қазақстан отбасыларын қолдау және отбасы құндылықтарын дамыту» жөніндегі кешенді бағдарлама қабылдауды;

2. Отбасы құндылықтарын жан-жақты зерттеу, заманға бейімдеу, өмірге енгізу мақсатында ҚР Білім және ғылым минстрлігі жанынан арнайы «Неке және отбасы» ғылыми-зерттеу институтын ашуды;

3. Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін күшейту мақсатында «Отбасылық өмірдің рухани негіздері», - деген арнайы пән әзірлеп, оған лайықты оқулықтар дайындап, мектеп бағдарламасына енгізуді;

4. Бес және одан да көп бала туған аналарға әлеуметтік жалақы тағайындап, бала күтімімен айналысқан уақытын еңбек өтіліне теңестіруді;

5. Ұлттық тәрбие негіздерін бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттауды, құзырлы министрлік арқылы отбасы құндылықтарына арналған бағдарламалар мен әлеуметтік бейнероликтерге тапсырыс ұйымдастыруды;

6.ҚР Әділет министрлігіне қарасты АХАЖ бөлімдерінің жанынан кәсіби психолог мамандардан құрылған отбасылық, психологиялық кеңес орталықтарын көптеп ашуды;

7. Республика көлемінде жас отбасыларға арналған кеңестер мен үлгілі отбасылардың тәжірибесін насихаттайтын, бала тәрбиесін қамтитын кітаптарды, олардың электрондық нұсқасын мемлекеттік тапсырыс арқылы көптеп шығаруды;

8. Ата-ананың жауапкершілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы әкімшілік кодексіне бұзақылық немесе қылмыс жасаған жасөспірімдердің әке-шешесіне әкімшілік шара қолдану жөнінде бап енгізуді;

9. Отбасының бұзылуын тежеу мақсатында неке бұзуға төленетін баж салығының көлемін жұптарға материалдық тұрғыдан сезілетіндей етіп көбейтуді;

10.Әйелдер арасындағы құқық бұзушылықтар бойынша тергеу алды амалдарын, тергеу және соттау процесстерін, қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларын мейлінше оңтайландыру, гуманизация принциптерін пайдалана отырып түрмеге отырғызу жазасын айыппұл төлеуге ауыстыру, түрмеде отырғандар санын бірте-бірте азайта отырып әйелдер түрмесін мүлдем қысқарту шараларын қарастыруды ұсынамыз.

Аталған ұсыныстар 2017 жылдың 2 қарашасында «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы мен «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Отбасы құндылықтары және рухани жаңғыру» атты дөңгелек үстөлде белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың, психологтар мен социологтардың, көп балалы аналар мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қабылданғанын да жеткізгіміз келеді.

Құрметпен,

ҚР Парламент Сенатының

депутаттары

Ә. БЕКТАЕВ

С. ЕҢСЕГЕНОВ

Ваш отзыв и предложение по сайту