Медиа орталығы

Жаңалықтар

Д.Назарбаеваның төрағалық етуімен қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары салалық министрлік басшылығымен қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібін дамыту мәселелерін талқылады.

Комитет төрағасы Дариға Назарбаева ғарыш қызметін дамыту және ғарыш технологиясын өндіріске енгізу жоғары технология индустриясы негіздерін жасаудың тиімді жолдарының бірі екеніне қатысушылардың назарын аударды. «Ғарыш қызметі Қазақстанның ұлттық басымдықтарының біріне айналды және республиканың 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясында әлемдік нарықта өз орнымызды алу жөнінде міндет қойылды», - деді сенатор.

Қорғаныс өнеркәсібін дамыту туралы айта келіп Д.Назарбаева қорғаныс өнеркәсібі кешені құрылған өңірлердегі экономика құрылымын құрайтын діңгекке айнала алатынын, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға ықпал ететін атап өтті. «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерінің толық реттелуіне Қарулы Күштерді қайта жарақтандыру қарқыны ғана емес, аймақтардың әлеуметтік дамуы мен мемлекетіміздің жалпы өнеркәсібінің жағдайы да байланысты», деді Дариға Назарбаева.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасап, қорғаныс саласының қазіргі жағдайы мен ғарыш жобаларын іске асыру барысы туралы хабардар етті.

Ол қорғаныс өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының ішкі нарықты жабумен қатар, елеулі экспорттық әлеуеті де бар екенін айтты. Келешекте қорғаныс өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын ұзақ мерзімді шарттармен қамтамасыз ету және жаңғырту жоспарланып отыр. Мемлекеттік қорғаныс саласының тапсырыстарын қалыптастыру, орналастыру және орындау жұмыстары жалғасын тауып, осы саладағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту көзделіп отыр.

Министрлік ғарыш қызметі саласында еліміздің орбиталық ғарыш жабдықтарын жасау, ғарыш саласының ғылыми-технологиялық базасын дамыту және еліміздің экономикалық міндеттерін шешу үшін осы заманғы ғарыштық инфрақұрылымын тиімді пайдалануды арттыру жөніндегі жұмыстарды жүргізіп келеді.

Талқылау барысында бірқатар өткір мәселелер қозғалды. Атап айтқанда Д.Назарбаева еліміздің Әскери-теңіз күштері қазіргі заманғы кемелерге зәру болып отырғанда «Зенит» (Орал қаласы) кеме жасау зауытының толық күшінде жұмыс істей алмай отырғанын (30 пайыз) атап өтті.

Сенаторлар Т. Мұсабаев, Н.Нұрсипатов, С.Жақсыбеков қорғаныс өнеркәсібі өнімдерінің, әскери техниканы жөндеудің және жаңғыртудың өзіндік құны жоғары екенін, авиация индустриясының дамытудағы олқылықтардың, корпоративтік басқару шығындарының көптігіне байланысты салалық министрлік пен «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының» атына сын айтты.

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Д.Назарбаева әріптестеріне «Қазақстан инжиниринг» қызметі, мемлекеттік материалдық резервті қамтамасыз ету, кибер қауіпсіздік мәселелерін егжей-тегжейлі қарауды ұсынды.

Сенаторлар өздерінің ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдарға жіберетін болды.

Ваш отзыв и предложение по сайту