Медиа орталығы

Жаңалықтар

Сенатта «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру мәселесі талқыланды

Парламенттің жоғарғы Палатасында сенатор Михаил Бортниктің төрағалық етуімен «Өңір» депутаттық тобының дөңгелек үстел отырысы болды. Онда еліміздің аймақтарында «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов дөңгелек үстел отырысына қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Төраға орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асқан «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының әлеуметтік маңызын атап өтті.

С.Громов ипотекалық несиелерді ипотекалық қарыздар арқылы субсидиялау, жеке құрылыс компанияларын ынталандыру, әкімдіктегі тұрғын үй кезегіндегілерге және Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі жүйесі арқылы несиемен алынатын, оның ішінде салымшыларға арналған үйлердің құрылыстары көлемі ұлғайғанын атап өтті. Бағдарламаға сәйкес, Қазақстанда халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына сатып алу құқығы жоқ жалға берілетін тұрғын үйлер мен коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілетін жеке тұрғын үйлер құрылысы дамитын болады.

Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Роман Скляр еліміздегі «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының орындалу нәтижелері туралы хабардар етті. Ол 2017 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 744,8 млрд. теңге инвестиция жіберілгенін, оның ішінде 120,0 млрд. теңге мемлекеттік инвестиция болғанын хабарлады. 8,8 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 76,7 мың тұрғын үй, оның 24,1 мыңы жеке тұрғын үйлер (пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемінің 31,5 пайызы) және көп пәтерлі үйлердегі 52,6 мың пәтер (68,5 пайызы) құрылысы салынды. Бағдарлама аясында барлығы 10,1 млн. шаршы метр немесе 99 мың тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Министр орынбасарының айтуынша еліміздің азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі нысаналы мемлекеттік саясат елеулі нәтиже берді және 26 ылда 126,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік берді, шамамен 1,2 миллион отбасы пәтермен қамтамасыз етілді.

Отырыста «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Қайырбек Өскенбаев, «Қазақстан тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов, «ЦентрКредит Банкі» АҚ бөлшек бизнес департаментінің директоры Айжан Есілбаева, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары «Нұрлы жер» бағдарламасын орындау үшін қабылданған шаралар туралы хабардар етті.

Дөңгелек үстел отырысы туралы әзірленген ұсыныстар атқарушы билік органдарына, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына және екінші деңгейдегі банкілерге жіберілетін болды.

Ваш отзыв и предложение по сайту