Медиа орталығы

Жаңалықтар

Сенатор Д.Назарбаева: «Жастардың арасында рухани-патриоттық қасиеттерді қалыптастыру мақсатты және үйлестірілген жұмысты талап етеді»

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен Қазақстан Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскери-патриоттық жұмысты жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық кездесу өтті.

Жиында сөйлеген сенатор Д.Назарбаева жастар арасында патриоттық тәрбие жүргізу арқылы жоғары рухани - патриоттық қасиеттерді, Отан алдындағы міндеттерін терең сезіну мен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру – мемлекеттік органдардың, жастар ұйымдарының, отбасы мен қоғамның мақсатты және жұмыла әрекет етуін талап ететінін атап өтті.

«Оқушылардың ақыл-ой, рухани және күш-қуат әлеуетін іске асыра алатын мектептердегі әскери-патриоттық клубтар осы бағыттағы маңызды миссияны атқарады. Мектеп ішіндегі осындай құрылымдар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл болашақ патриоттар тәрбиелеуге өте жақсы мүмкіндік және оны барынша пайдалануға болады», - деді Сенат комитетінің төрағасы. Д.Назарбаева әскери жас ұландар құрылымдарын қолдау мен дамыту бойынша бірыңғай республикалық бағдарлама құруды ұсынды.

Бүгінгі күні еліміз бойынша 101 кадет сыныптары жұмыс істейді, онда 2800-ден астам бала оқиды. Кадет сыныптарының оқушылары әскери мамандық негіздерін, ментальдық арифметиканы, бал билерін, жекпе-жек әдістерін, шет тілдерін, этиканы үйренеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында, сондай-ақ ағымдағы жылдың ақпан айындағы кездесуіміздің ұсынымдарын назарға ала отырып, біз мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен жүйелі жұмыс ретін қалыптастырдық. Кезекті кездесудің өтіп жатқаны – осы табысты ынтымақтастықтың жарқын мысалы бола алады. Бүгін жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысына ардагерлер ұйымдарын және әскери қызметкерлердің отбасыларымен жұмыс істеу жөніндегі қызметтерді белсенді түрде тартамыз. Аймақтағы және бүкіл елдегі әскери жас ұландар қозғалыстарын шоғырландыруда барлық осы органдар пікірлесу алаңдары рөлін атқарып отыр», - деп атап өтті Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов.

Шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының басшылары, әскери-патриоттық клубтар мен кадет сыныптарының тәрбиеленушілері қатысты.

Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Дариға Назарбаеваға «Eл қорғаны» бірінші дәрежелі ведомстволық медалін тапсырды.

Шараның қорытындысы бойынша қатысушылар еліміздегі әскери-патриоттық жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша ынтымақтастық пен өзара әрекеттестік туралы Меморандумға қол қойды.

Ваш отзыв и предложение по сайту