Медиа орталығы

Жаңалықтар

Сенат комитетінде бірқатар заң жобалары қаралды

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісімнің мақсаты автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрес мәселелері бойынша құқықтық негіздерді жасау болып табылады.

Қосымша баяндама жасаған Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Владимир Волков Қазақстанда 1993 жылдан бастап бүгінге дейін 60 мыңнан астам автокөлік ұрланғанына отырысқа қатысушылардың назарын аударды. Іздестіріліп, табылған 43 мыңға жуық көліктер иелеріне қайтарылған көрінеді. Бұл ұрланған көліктің 70 пайызы болып отыр. Өткен 12 жылда Қазақстаннан ұрланған және шетке әкетілген 200 автомобиль ТМД елдерінен табылған. Олардың 66-сы қайтарылды. Осы кезеңде ТМД елдерінен ұрланған 222 автокөлік біздің елімізден табылса, олардың 77-сі қайтарылыпты.

Келісім аясында автокөлік құралдарын жымқыруға байланысты қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру, іздестіру және оларды қайтару жөнінде тараптардың ынтымақтасуы көзделіп отыр. Тараптардың бірінің аумағында жымқырылған автокөлік құралы табылған кезде осы Келісімде белгіленген рәсімдерге сәйкес автокөлік құралдарын қайтару жөніндегі шаралар жүзеге асырылады.

Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасының тұжырымдамасы адамның конституциялық құқықтарын қорғауды нығайту, тергеу мен тараптар тартыстылығының тиімділігін арттыру, сот бақылауын одан әрі кеңейту, бұйрықтық іс жүргізу институтын енгізу арқылы тергеу рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ қылмыстық қудалау, прокуратура және сот органдары арасындағы қосарлануды жою мен өкілеттіктерді нақты бөлу жөніндегі міндеттерді іске асыруды көздейді.

Заң жобасымен еліміздің Қылмыстық-процестік кодексіне, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.

Ваш отзыв и предложение по сайту