Медиа орталығы

Жаңалықтар

Н. Төреғалиевтің депутаттық сауалы

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Сізге депутаттық сауал жолдауымызға бүгінгі күнге дейін өз шешімін таппаған, балет, цирк, хореография және би өнерімен айналысатын әртістердің зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі себеп болып отыр.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес:

Біріншіден, аталған әртістердің зейнеткерлікке шығуы жалпы талаптарға сәйкес болып келеді, яғни ерлерге 63 жасқа, әйелдерге 58 жасқа толғаннан бастап. Сондай-ақ, 2018 жылғы 1 қаңтардан 2027 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлік жасы 63 жасқа дейін бірте-бірте ұлғаятыны өзіңізге мәлім.

Екіншіден, қажетті сома жиналған жағдайда, лайықты демалысқа бекітілген мерзімге дейін шығуға болады, алайда аталған әртістердің жалақысы жоғары деңгейде еместігі айдан анық.

Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әртістердің жекелеген санаттарының, сондай-ақ жұмыстары белгілі бір тәуекелмен байланысты басқа да мамандықтар қызметкерлерінің зейнеткерлікке неғұрлым ертерек шығу проблемасы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің шеңберінде шешілетінін атап өтуде.

Алайда, 20 жыл бойы айтарлықтай физикалық жүктемелер мен ерекше өмір салты аталған әртістердің 40 жасқа келгенде рөлдері мен міндеттерін тиісті деңгейде орындай алмауын (әр түрлі аурулар, жарақаттар, организмнің тозуы және т.б.) және балет әртістерінің мамандығы зиянды мамандықтардың тізіміне қосылғанын ескере отырып, жоғарыда аталған әртістердің зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі олардың зейнеткерлік жасын төмендету бөлігінде қайта қаралуы тиіс деп есептейміз.

Мысалы, Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 17 маусымдағы «Қазақстан Республикасында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына, сәйкес, қазір ол күші жойылған, мемлекеттік зейнетақылар еңбек және әлеуметтік зейнетақыға бөлінген. Ал еңбек зейнетақылары жасына, мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және еңбек сіңірген жылдары үшін тағайындалатын зейнетақыларға бөлінген.

Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлікке құқығы бар қызметкерлердің қатарына авиация жұмыскерлерінің жекелеген санаттарынан, локомотив бригадасы қызметкерлерінен, механизаторлардан басқа, 20 жылдан 30 жылға дейін шығармашылық қызмет өтілімен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлікке шығу құқығына Үкімет бекітетін тізбе бойынша театрлардың және басқа театр-ойын-сауық ұйымдары мен ұжымдардың әртістері ие болды. Кейін, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес, жоғарыда аталған норма алынып тасталды және бүгінгі қолданыстағы Заңға да енген жоқ.

Парламент депутаттары осы мәселені Палаталар отырыстарында да, басқа алаңдарда да бірнеше рет көтергенін атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген болатын.

Демек, әлемдік маңызы бар мәдени іс-шараларға, түрлі сайыстар мен конкурстарға қатыстып, еліміздің атын шығарып, халықаралық аренада Қазақстанды дүние жүзіне де танытып жүрген осы әртістер болып табылады.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, әртістердің зейнеткерлікке шығу жасын төмендетуге қолдау көрсетіп, олардың зейнеткерлікке ертерек шығу мәселесін қарауыңызды сұраймыз.

Құрметпен,

Н. ТӨРЕҒАЛИЕВ

С. БЕКТҰРҒАНОВ

М. БАҚТИЯРҰЛЫ

С. ЕРШОВ

Б. ЖҰМАҒҰЛОВ

Ваш отзыв и предложение по сайту