Медиа орталығы

Жаңалықтар

Сенаттың Бюро отырысында заң жобалары комитеттерге бөлініп берілді және Палатаның кезекті отырысының күн тәртібі белгіленді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының Бюро отырысы болды.

Бюрода Мәжілістен түскен заң жобалары комитеттерге бөлініп берілді.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің жобасы және заңнамаға жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша түзету енгізетін заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша ұсыныстарын жинақтап, қорытынды әзірлеу тапсырылды.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң жобасына түзетулер енгізу бойынша Қаржы және бюджет комитеті бас комитет болып белгіленді.

Бюрода Палатаның 2017 жылы 7 желтоқсанда өтетін кезекті отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар да енгізілді және саяси-қоғамдық және экономикалық маңызы зор заң жобалары талқыланды.

Сенаторлар: Қазақстан Р мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы (Оңтүстік-Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы: Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі) қарыз туралы келісім-хатты ратификациялау туралы заң жобасын; Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын; Заңнамаға құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасын; «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің жобасын; Заңнамаға салық салу мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заңының жобасын қарайтын болды.

Ваш отзыв и предложение по сайту