Медиа орталығы

Жаңалықтар

Сенатта діни қызмет туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды

Парламент Сенатында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды іске асыру барысына арналған дөңгелек үстел отырысы болды.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова діни саладағы тұрақтылықты сақтау, конфессияаралық келісім мен толеранттықты нығайту, діни экстремизм мен радикализмнің кез-келген түріндегі идеологиядан жергілікті халықтың қорғанысын қалыптастырудағы мемлекет нақты шаралар қабылдағанын атап өтті.

Б. Әйтімова 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң діни бірлестіктердің қызметін құқықтық реттеуде маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Сенатордың пікірінше, Қазақстан Республикасының 2017-2020 жылдарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы осы саладағы нормативтік-құқықтық актілер, әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқару шаралары жүйесін одан әрі жетілдірудің негізіне айналуы тиіс.

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров өз сөзінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданғаннан бергі уақытта елімізде және әлемде елеулі өзгерістер болғанын, жаңа қатерлер мен қауіптердің пайда болғанын атап өтті. Қазіргі кезде Парламент алдында дін туралы заңнаманы уақыттың талабына сәйкес келтіру міндеті тұр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кеткені» туралы маңызды идеяны айтқан болатын. Сонымен бірге Б. Бекназаров қоғамды іштен бұзатын діни радикализм толықтай жойылды деп айта алмаймыз, деп санайды. Парламент жоғарғы Палатасы Төрағасының орынбасары жаңа заңда қоғамды радикалды дүниетанымнан және кез-келген бүлдіргіш іс-қимылдан қорғауға көмектесетін шараларды қарастыруға шақырды.

Б. Бекназаров «Діни қызмет туралы» заңдағы «Мемлекет дін және діни бірлестіктерден бөлек» деген 3 бапты қайта қарау қажеттігі туралы ұсыныс айтты. Сенат Төрағасының орынбасары мемлекеттің діннен бөлінісі туралы мұндай үзілді-кесілді анықтама кеңестік кезеңнен туындаған деп санайды. «Егерде мемлекетте діни сенімге бой ұратындар, діни бірлестіктер мен діни қызметшілер және сыйыну орындар саны күн сайын ұлғайып келе жатқанда, олардың қызметін реттеу үшін мемлекет арнайы министрлік құрылып, заң қабылданса, оны бөлек деп айтуға бола ма?». Қазақстан Республикасының 2017-2020 жылдарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасының қабылдануы да мемлекеттің діни салаға назары туралы айғақтап отыр.

Осыған байланысты Б. Бекназаров шараға қатысушыларға «Діни қызмет туралы» заңның 3 бабын өзгерту мүмкіндігін талқылауды ұсынды.

Дін істер және азаматтық қоғам министрі Нурлан Ермекбаев сенаторларға өз мекемесі қызметінің қорытындылары туралы баяндап, діни қызмет туралы заңнамаға енгізу ұсынылып отырған түзетулер туралы айтты.

Министрдің айтуынша, талқылауға 12 заңнамалық актіге 50-ге жуық өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Барлық түзетулерді үш бөлікке топтастыруға болады.

Алғашқы бөлік дінді бүлдіргіш мақсатқа пайдалануға жол бермеуге бағытталған. Атап айтқанда, заңнамаға «бүлдіргіш діни ағымдар» мен «діни радикализм» секілді құқықтық ұғымдар енгізіледі. Заң жобасы бүлдіргіш ағымдардың белгілері мен сыртқы көріністерін пайдалануға және жария түрде көрсетуге, олардың идеологиясын таратуға тыйым салумен қатар бірқатар шараларды қарастырады. Екінші бөлікте мемлекеттік органдар қызметін нақтылауға қатысты ережелер бар. Мемлекеттік қызметшілердің діни бірлестіктердің мүддесіне қызмет бабын пайдалану мүмкіндігіне жол бермеуге қатысты талаптар нақтыланды. Діни қызметке мониторинг жүргізуге қатысты жергілікті мемлекеттік органдардың (ең алдымен аудандық әкімдіктердің) міндеттері ұлғайтылады.

Үшінші бөлікте діни бірлестіктердің жұмысын оңайлатуға және түсінікті етуге бағытталған. Ол, мәселен, аймақтық діни бірлестіктерді тіркеуге қатысты талаптарды оңайлатуға қатысты.

Талқылауға ақпарат және коммуникация министрінің орынбасары Алан Әжібаев, ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттің бастығы Атығай Арыстанов, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі Наурызбай Өтпенов, Қазақстан Православ шіркеуі Астана шіркеу округінің қызметкері архимандрит Сергий (Карамышев), Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Анатолий Косиченко және басқалар қатысты.

Өзекті тақырып бойынша сенаторлар Серік Бектұрғанов, Сергей Ершов, Бақытжан Жұмағұлов, Нариман Төреғалиев, Динар Нөкетаева, Төлеубек Мұқашев, Нұржан Нұрсипатов, Ерік Сұлтанов және дөңгелек үстелге басқа да қатысушылар өз ойларын ортаға салды.

Пікірсайыс барысында дін және құқық тәртібін қолдану тәжірибесі саласында бірқатар нақты ұсыныстар айтылып, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болды.

Ваш отзыв и предложение по сайту