Медиа орталығы

Жаңалықтар

М. Бақтиярұлының депутаттық сауалы

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Іргетасы 1928 жылдың қараша айында қаланған еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны – бүгінгі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне 90 жыл толғалы отыр. Сондықтан да бұл оқиғаны бір университеттің ғана мерейтойы емес, бүкіл жоғары білім беру жүйесінің ортақ мерекесі деп білуіміз керек.

Жоғары білім маман даярлау мақсатында алғаш университет деңгейінде ашылған осы оқу ордасынан өткен ғасырдың 30-шы жылдары Алматы мемлекеттік медицина институты, Қазақ ауылшаруашылық институты, Зоотехникалық-малдәрігерлік институты, қазіргі Қазақ Ұлттық университеті бөлініп шығып, өз алдарына отау тіккенін еліміздің әрбір азаматы жақсы біледі.

Бүгінде әлемнің ең үздік 500 университетінің қатарына енген Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің жүріп өткен жолына бір сәт назар аударсақ, бастапқыда Қазақ АКСР Оқу-ағарту халық комиссары Ораз Жандосовтың қаулысымен дүниеге келген оқу орны ғасырлар бойы ілім-білімге сусап келген қазақ елін өркениетке бастаған қасиетті шаңырақ болды.

Алғашқы ректор, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендияровтың іскер ұйымдастырушылығының арқасында Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Құдайберген Жұбанов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов сынды ұлт зиялыларын, ұлағатты ұстаздарды топтастырған ҚазПИ аз уақытта зор абырой-беделге ие болып, білікті мұғалімдер даярлаудын алтын ұясына айналды. ХХ ғасырдағы Қазақстанның зиялы қауымы осынау қасиетті қара шаңырақта білім алып қалыптасты.

Арада өткен 90 жылда Абай атындағы университет 250 мыңға жуық мұғалім, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер үшін 3 мыңнан астам білікті ғылыми кадрлар даярлап шығарды.

Бүгінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті еліміздің ең ірі білім беру орталығына, педагогикалық оқу орындарының көшбасшысына айналды. Қазіргі таңда университетте Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының 14 академигі мен корреспондент-мүшелері, қоғамдық ғылым академияларының 45 академигі, 500-ден аса профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттары, доценттер, 100-ден аса PhD докторлары қызмет атқарады.

Қорыта айтқанда, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы – Тәуелсіз мемлекетіміздегі бүкіл білім жүйесінің, әсіресе республика жоғары білімінің мерейтойы ретінде мемлекеттік деңгейде атап өту үшін кешенді іс-шаралар жасауға ықпал етуіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

Б. Әйтімова,

С. Бектұрғанов,

Б. Жұмағұлов,

Д. Нөкетаева,

С. Ершов,

Н. Төреғалиев,

М. Бақтиярұлы

Ваш отзыв и предложение по сайту