Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Сенат регламенті

Регламентті

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты

1996 жылғы 8 ақпанда қабылдады

 

 

 

 

 

Парламент Сенатының 13.05.1996; 03.06.1998; 17.05.2000; 06.06.2002; 17.01.2006; 29.06.2006; 26.06.2007; 20.09.2007; 11.12.2009; 24.03.2016 қаулыларымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

МАЗМҰНЫ

 

1-БӨЛІМ.Жалпы ережелер
2-БӨЛІМ.Парламент Сенатының отырыстарын өткізу тәртібі
1-тарау.Парламент Сенатының отырыстары
2-тарау.Дауыс беру және шешімдер қабылдау тәртібі
3-тарау.Парламент Сенатының заң шығару қызметі
3-1-тарау.Мәжіліс өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын тоқтатылуынан туындаған оның уақытша болмауы кезеңінде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау жөніндегі функциясын атқару
4-тарау.Кодекстерді, оларға өзгерістер мен толықтыруларды қараудың тәртібі
5-тарау.Республикалық бюджетті бекіту және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылау тәртібі
6-тарау.Халықаралық шарттарды ратификациялау және олардың күшін жою
 
7-тарау.Парламент Сенатының ерекше қарауына жатқызылған мәселелерді қарау тәртібі
1-параграф.Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы мен Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және қызметтерінен босату, олардан ант қабылдау
 
2-параграф.Республика Президентінің Республика Ұлттық Банк Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім беру
3-параграф.Республиканың Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сот судьяларын ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыру
8-тарау.Парламент Сенатының өзі дербес қарауына жатқызылған мәселелерді қарау тәртібі
 
1-параграф.Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшелерін қызметке тағайындау
 
3-параграф.Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне кандидатураны қарау бойынша консультациялар беру
 
4-параграф.Конституцияның 47-бабы 1-тармағында көзделген жағдайда, Парламент құратын комиссия мүшелерін жіберу
5-параграф.Палаталардың бірлескен комиссияларын сайлау
 
6-параграф.Депутаттардың өкілеттіктерін тоқтату және оларды ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыру
7-параграф.Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің есептерін тыңдау және Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініштер қабылдау
 
8-параграф.Парламенттік тыңдаулар өткізу
 
3-БӨЛІМ.Парламент Сенатының органдарын құру және олардың қызметін ұйымдастыру
 
9-тарау.Парламент Сенатының Бюросы және оның құзыреті
10-тарау.Парламент Сенатының жұмыс органдары
 
4-БӨЛІМ.Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттіктерін іске асыру тәртібі және олардың жауапкершілігі
 
11-тарау.Заң шығару бастамасы құқығын іске асыру
 
12-тарау.Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттіктері және олардың жауапкершілігі
13-тарау.Депутаттық сауалдар мен сұрақтар
 
14-тарау.Депутаттық бірлестіктер
 
5-БӨЛІМ.Парламент Сенатының лауазымды адамдары және олардың өкілеттіктері
15-тарау.Парламент Сенатының Төрағасы
 
16-тарау.Парламент Сенаты Төрағасының орынбасарлары
16-1-тарау.Парламент Сенатының шет мемлекеттер парламенттерімен және халықаралық парламенттік ұйымдармен ынтымақтастығы
6-БӨЛІМ.Қорытынды ережелер
 

 

 

1-БӨЛІМ. Жалпы ережелер

 

1. Сенаттың Регламенті Сенат отырыстарын өткізу, оның органдарын құру және олардың қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ Сенат депутаттары мен лауазымды адамдарының өкілеттіктерін жүзеге асыру шарттары мен тәртібін белгілейді.

Сенат Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар Палата отырыстарында Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және Сенат қаулысымен ресімделеді.

 

2. Сенат отырыстары ашық жүргізіледі. Осы Регламентте көзделген жағдайларда Палата жабық отырыстар өткізуге құқылы.

 

3. Сенаттың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, басқа да заңнамалық актілерде және осы Регламентте белгіленеді.

Сілтеме. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

4. Сенатта жұмыс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Отырыстар, әдетте, мемлекеттік тілде өткізіледі.

Сілтеме. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары. 

 

 

2-БӨЛІМ. Парламент Сенатының отырыстарын өткізу тәртібі

Сілтеме. 2-бөлімнің тақырыбына өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы. 

 

1-тарау. Парламент Сенатының отырыстары

Сілтеме. 1-тараудың тақырыбына өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

5. Палатаның отырысын, әдетте, Палата депутаттарын отырыс өткізілерден жеті күн бұрын хабардар ете отырып, Сенат Төрағасы шақырады. Жекелеген жағдайларда Сенат Төрағасы Палата отырысын өзге мерзімдерде шақыра алады. Жоғарыда көрсетілген мерзімдерде депутаттар қажетті материалдармен қамтамасыз етіледі.

Сенат отырыстары сағат 12-ден 12 сағат 30 минутқа және сағат 14-тен 16-ға дейін үзілістер жасала отырып, сағат 10-нан 18-ге дейін өткізіледі. Төрағалық етуші отырыстарда өз бастамасы бойынша немесе Сенат отырысына қатысып отырған депутаттар саны көпшілігінің ұсынысы бойынша үзілістер жариялайды.

Сенат отырысты өткізудің өзге де уақыты туралы шешім қабылдай алады.

Қажет болған жағдайда, депутаттардың басқа мәселелер бойынша сөз сөйлеуі үшін отырыстың соңында 30 минутқа дейін уақыт бөлінеді.

Сілтеме. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 13.05.1996; 17.05.2000; 20.09.2007; 11.12.2009  № 526-IV ПС қаулылары.

 

6. Палатаның отырыстары депутаттардың дербес тіркелуінен басталады. Егер Сенат отырысына Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, ол заңды деп саналады. Отырыстың заңдылығын анықтау үшін әрбір үзілістен кейін депутаттардың қайта тіркелуі өткізіледі.

Сілтеме. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

7. Отырыстың күн тәртібі алдын ала Сенат Бюросында қаралады және Палатаның талқылауына енгізіледі.

Бюро ұсынған күн тәртібіне депутаттар өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.

Бірінші болып кезектілігімен Бюро енгізген мәселелер, сонан соң – депутаттар енгізген ұсыныстар келіп түсу тәртібімен қаралады және дауысқа қойылады.

Сенат отырысының күн тәртібі Палата депутаттары жалпы санының көпшілігімен ашық дауыс беру арқылы бекітіледі.

Сілтеме. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

8. Жабық отырыс өткізу туралы шешім Сенат депутаттары жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады. Сенаттың жабық отырыстарының мазмұны туралы деректерді, мемлекеттік, қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді Сенат депутаттары Парламенттегі қызметі үшін ғана пайдалана алады.

Сілтеме. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000; 11.12.2009  № 526-IV ПС қаулылары.

 

9. Сенат отырыстарында сөз сөйлеудің мынадай түрлері көзделеді: талқыланып жатқан мәселе бойынша баяндама, қосымша баяндама, қорытынды сөз, талқыланып жатқан мәселенің мазмұны, талқыланатын кандидатуралар бойынша жарыссөздер, дауыс беру жағдаяттары жөнінде, отырысты жүргізу тәртібі жөнінде ұсыныстар енгізу кезінде сөйленетін сөздер, сондай-ақ сауалдар, сұрақтар, сұрақтарға жауаптар, анықтамалар, ақпараттар, мәлімдемелер, үндеулер.

Сенат отырысында заң жобасының бастамашысы уәкілеттік берген лауазымды адамдар заң жобасы бойынша баяндама жасайды.

Заң жобасы бойынша баяндамашыларды ауыстыруға ерекше жағдайларда жол беріледі.

 Баяндамашы ауыстырылған жағдайда, заң жобасының бастамашысы Сенат отырысына дейін, әдетте, екі жұмыс күнінен кешіктірмей Сенатқа тиісті хат ұсынады. Ерекше жағдайларда хат баяндамашыны ауыстыруды талап ететін мән-жайлар туындағаннан кейін бірден жіберіледі.

Ерекше жағдайларда (заң жобасын қараудың конституциялық мерзімдерінің аяқталуы) қаралатын заң жобасы бойынша баяндамашының қатысуға мүмкіндігі болмаған кезде, Палата мәселені оның қатысуынсыз қарау туралы шешім қабылдай алады, бұл ретте, заң жобасы бастамашысының баяндамасы Мәжіліс ұсынған материалдар бойынша назарға алынады.

Сілтеме. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000; 29.06.2006; 11.12.2009  № 526-IV ПС қаулылары.

 

10. Баяндамалардың, қосымша баяндамалар мен қорытынды сөздің ұзақтығын Сенат отырысында төрағалық етуші баяндамашылармен және қосымша баяндамашылармен келісе отырып белгілейді, оның ұзақтығы баяндама үшін 30 минуттан, қосымша баяндама үшін – 15 минуттан аспауға, жарыссөзде сөйлеу үшін – 7 минутқа және қорытынды сөз үшін 10 минутқа дейін болуға тиіс.

Сұрақтарға жауап қайтару үшін бір сағаттан аспайтын, ал жарыссөздер үшін – бір жарым сағаттан аспайтын уақыт бөлінеді.

Дауыс беру жағдаяттары, отырысты жүргізу тәртібі, талқыланатын кандидатуралар жөнінде сөз сөйлеу үшін, мәлімдемелер, сұрақтар, ұсыныстар, хабарлар, анықтамалар үшін 3 минутқа дейін уақыт беріледі.

Сенат отырысқа қатысып отырған Палата депутаттары санының көпшілік даусымен сөз сөйлеу бойынша өзге де уақыт шектерін белгілеуге құқылы.

Баяндамалар мен қосымша баяндамалардың мәтіндері (қазақ және орыс тілдерінде) ілеспе аударма үшін алдын ала, отырыс басталардан кемінде екі сағат бұрын Сенат Аппаратына беріледі.

Сенат депутаттары мінберден немесе отырған орындарынан сөйлейді. Белгіленген уақыт өткеннен кейін төрағалық етуші бұл туралы сөз сөйлеушіге ескертеді және осыдан кейін оның сөзін үзіп жіберуге құқылы.

Талқыланып отырған мәселе бойынша депутаттың әрі кеткенде екі рет сөз сөйлеуге құқығы бар.

Сенат отырысында төрағалық етушінің рұқсатынсыз ешкім де сөз сөйлеуге құқылы емес. Бұл қағиданы бұзған адам сөзден айрылуы мүмкін.

Жарыссөздің аяқталуына байланысты сөз сөйлей алмай қалған Сенат депутаттары өз сөздерінің қол қойылған мәтіндерін Сенат отырысының стенограммасына қосуға құқылы.

Отырыстар өткізіліп жатқан уақытта отырыс залында ұялы телефондарды, радиотелефондарды, пейджерлерді және басқа да байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынады.

Сілтеме. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

11. Сенат пен оның жұмыс органдарының отырыстарына қатысушылардың сөйлеген сөздерінің мазмұнында Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.

Сенатта сөз сөйлеуші өз сөзінде Парламент депутаттары мен басқа да адамдардың ар-ожданы мен қадір-қасиетіне кір келтіретін дөрекі, қорлайтын сөздер айтуға, заңсыз әрекеттерге шақыруға, көрінеу жалған ақпаратты пайдалануға, кімнің болсын атына негізсіз айып тағуға құқылы емес. Сөз сөйлеуші осы нұсқамаларды бұзған жағдайда, төрағалық етуші бұл жөнінде оған әуелі ескерту жасайды, ал жоғарыда аталған нұсқамаларды қайталап бұзған кезде, ол ескерту жасамай-ақ оны сөзден айырады.

 

12. Мыналарды:

- сөз сөйлеу уақыты немесе алдын ала келісілген уақыт өткен;

- талқыланып жатқан мәселе тақырыбынан көрінеу ауытқыған;

- 11-тармақта көзделген талаптар бұзылған жағдайларды қоспағанда, сөз сөйлеушіні төрағалық етуші де, басқа депутаттар да сөзден айыра алмайды.

Сілтеме. 12-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

13. Жарыссөз барысында төрағалық етуші талқыланып жатқан мәселе бойынша әралуан пікірлердің анықталуын қамтамасыз етеді.

 

14. Талқыланып жатқан мәселе бойынша жарыссөз уақыт өткеннен кейін не Сенат отырысына қатысып отырған депутаттар санының көпшілік даусымен қабылданған Сенат шешімі бойынша тоқтатылуы мүмкін.

Жарыссөзді тоқтату туралы шешім қабылдаудың алдында төрағалық етуші сөз сөйлеуге жазылып, бірақ сөз сөйлемегендердің қайсысы сөз беруді талап ететінін анықтайды және қатысып отырғандардың көпшілігінің келісуі бойынша оған сөз береді.

Баяндамашы мен қосымша баяндамашының қорытынды сөз сөйлеуге құқығы бар.

Сілтеме. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

15. Қазақстан Республикасы Президентінің, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Мемлекеттік хатшының, Республика Президенті Әкімшілігі Басшысының ашық отырыстарға да, жабық отырыстарға да қатысуға және сөзін тыңдатуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасының Президентіне оның өтініші бойынша кез келген уақытта сөз беріледі.

Жоғарғы Соттың Төрағасы, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Сенаттың шешімі бойынша Палатаның кез келген отырыстарына қатысуға құқылы.

Басқа адамдар Сенаттың жабық отырыстарына Сенат Төрағасының немесе оның тапсыруымен Сенаттың басқа лауазымды адамының қолы қойылып берілетін арнайы шақыруы бойынша ғана қатыса алады.

 

16. Отырысқа қатысуының қажеттігі туралы жай көпшілік дауыспен Палатаның шешімі қабылданған мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдары Сенатқа келіп, өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті түсініктемелер беруге міндетті.

Күн тәртібінің қаралып отырған мәселелері бойынша Сенаттың отырысына лауазымды адамдар Бюроның, Палатаның тұрақты комитеттерінің шешімі бойынша шақырылуы мүмкін.

Сенаттың отырысына шақырылатын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының, сарапшылар мен мамандардың дербес құрамын тиісті комитет белгілейді.

Республика Президенті жөнінде Палата мұндай шешімдер қабылдауға құқылы емес.

Шақырылған адамдар Сенат қызметіне араласуға құқылы емес, олар оның жұмысын мақұлдауды немесе мақұлдамауды көрсетуден тартынуға, белгіленген тәртіпті сақтауға және төрағалық етушінің билігіне бағынуға міндетті, ол бұл туралы оларға ескертеді.

Шақырылған адамдардың Сенат отырыстары залына келу тәртібін Сенат Аппаратының Басшысы белгілейді.

Шақырылған адамдарды Сенат отырыстарының өткізілетін күні мен уақыты туралы хабардар ету Сенат Аппаратына жүктеледі.

Депутаттар қызметін қамтамасыз ету мақсатында Аппараттың мемлекеттік қызметшілері Сенат Аппаратының Басшысы белгілейтін тәртіппен Палата отырыстарына қатысады.

Сілтеме. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000; 11.12.2009  № 526-IV ПС қаулылары.

 

17. Отырыстарға стенограмма жасалады. Стенограммаға отырыста төрағалық етуші қол қояды. Парламент және Сенат отырыстарының стенограммаларын Сенат депутатының талап етуі бойынша Сенат Аппараты береді.

Сілтеме. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 және 20.09.2007 қаулылары.

 

18. Төрағалық етуші Сенат отырысы барысында:

отырыстың жалпы барысында басшылық етеді, осы Регламент ережелерінің сақталуын қадағалайды;

күн тәртібіне, осы Регламенттің талаптарына сәйкес не Сенат шешімдерінде айқындалған өзге де тәртіппен тіркелген өтінімнің келіп түсу кезектілігі тәртібімен сөйлеу үшін сөз береді;

Сенат депутаттарының әрбір ұсынысын (түзетуін) келіп түсу ретіне қарай дауысқа қояды;

дауыс беру мен дауыстарды санауды ұйымдастырады, дауыс беру нәтижелерін жария етеді;

Сенаттың ұйымдық шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

осы Регламенттің ережелерін бұзған жағдайда, Сенат депутатына ескертпе жасауға құқылы, ал қайталап бұзған жағдайда, оны сөзден айыра алады;

Сенат жұмысына кедергі жасаушы шақырылған адамдарды отырыс залынан шығарып жібере алады;

рәсімдік мәселелер бойынша кезектен тыс сөз береді.

Сілтеме. 18-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

19. Сенат отырысында төрағалық етуші отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздеріне түсініктеме беруге, сөз сөйлеушілерге мінездеме беруге құқылы емес.

Егер Сенат Төрағасы (төрағалық етуші) қандай да бір мәселені талқылауға қатысуды қажет деп есептесе, ол (талқыланып жатқан мәселе бойынша шешім қабылданғанға дейін) төрағалық етуші міндетін өзінің орынбасарына (басқа төрағалық етушіге) бергеннен кейін сөз алады.

Электрондық жүйе пайдаланылмай жүзеге асырылатын ашық дауыс беруге қатысқан кезде, төрағалық етуші ең соңынан дауыс береді.

Төрағалық етуші 18 және 19-тармақтардың талаптарын бұзған жағдайда, талқыланып жатқан мәселені қарау аяқталғанға дейін Сенат өз шешімімен оның міндетін басқа төрағалық етушіге беруге құқылы.

 

20. Сенат отырыстарында электрондық жүйе:

Сенат депутаттарын тіркеу;

сөз сөйлеу, ұсыныстар мен түзетулер енгізу үшін Сенат депутаттарын жазу;

дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін анықтау;

отырыстардың барысы туралы анықтамалық және статистикалық ақпаратты жинақтау және жедел беру;

тізімдер мен басқа да құжаттарды жасау және басып шығару; 

Палата отырыстарын ақпаратпен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.

Электрондық жүйені пайдалану техникалық жағынан мүмкін болмаған жағдайда Сенат депутаттарын тіркеу, депутаттарды сөз сөйлеу, ұсыныстар мен түзетулер енгізу үшін жазу, дауыс беру нәтижелерін анықтау тәртібін Палата отырысында сайланатын Хатшылық жүзеге асырады.

Сілтеме. 20-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

21. Сенат отырыстарында электрондық жүйенің пайдаланылуына және оның қызмет көрсетуші адамдарының жұмысына бақылау жасауға байланысты мәселелерді шешу үшін Палата депутаттар арасынан комиссия құруға құқылы.

22. Электрондық жүйенің пайдаланылуына бақылау жасау жөніндегі комиссия мүшелерінің бақылауға қажетті барлық ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуге құқығы бар.

Комиссияның өз қарауына жатқызылған мәселелер бойынша шешімі Сенат Аппаратының барлық қызметкерлері мен Сенаттың электрондық жүйесіне қызмет көрсетуші техникалық жұмыскерлер үшін міндетті.

 

23. Электрондық жүйенің пайдаланылуына бақылау жасау жөніндегі комиссия Сенат депутаттарының дербес дауыс беру нәтижелері тізіміндегі қателер, сөйлеген сөздер жазбасының бұрмалануы және электрондық жүйе жұмысындағы басқа да қателер туралы мәлімдемелерінің негізділігін қарап, тексереді.

Комиссия өз жұмысына мамандарды, сарапшыларды тарта алады.

 

24. Тіркеу нәтижелері, сөз сөйлеуге және сауалдар енгізуге берілген жазбалар, дауыс беру және Сенат отырысының барысы туралы цифрлық деректер, тізімдер түріндегі басқа да деректер стенографиялық есепке қосылуға жатады.

Барлық деректер электрондық жүйенің жадында сақталады.

 

25. Электрондық жүйенің жадында сақтаулы ақпаратты алуға рұқсатты Сенаттың Төрағасы береді.

 

2-тарау. Дауыс беру және шешімдер қабылдау тәртібі

 

26. Сенат өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар қабылдайды. Сенат үндеулерді, декларацияларды, мәлімдемелер мен заң сипатында болмайтын өзге де актілерді Сенат Төрағасының, Сенаттың тұрақты комитетінің немесе Палата депутаттары жалпы санының бестен бір бөлігінің ұсынуымен қабылдайды. Олардың қабылдануы Регламентте белгіленген шарттар мен талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

 

27. Осы Регламентте дауыс беру нәтижелерін анықтау үшін пайдаланылатын мынадай ұғымдар қолданылады:

а) Сенат депутаттарының жалпы саны – өкілді органдар сайлаған және Республика Президенті тағайындаған депутаттар саны;

б) отырысқа қатысып отырғандардың саны – әрбір отырыстың алдында және дауыс беруді өткізудің алдында тіркеуден өткен Сенат депутаттары;

в) жай көпшілік дауыс – қаралып отырған мәселеге байланысты Сенат депутаттары жалпы санының, отырысқа қатысып отырған депутаттар санының жартысынан асатын дауыстар саны;

г) айқын басым көпшілік дауыс – қаралып отырған мәселеге байланысты Сенат депутаттары жалпы санының төрттен үшін, не үштен екісін құрайтын дауыстар саны.

Сілтеме. 27-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

28. Конституциялық заңдар Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен қабылданады.

Заңдар, Сенаттың қаулылары және өзге де актілері, егер Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

Конституциялық заңның және заңның жобаларын тұтастай қабылдамауды Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырады.

Сілтеме. 28-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

29. Рәсімдік мәселелер бойынша Сенаттың шешімдері отырысқа қатысып отырған депутаттар көпшілігінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады, жеке қаулы қабылданбай, хаттама арқылы отырыстардың стенограммасында жазылады.

Сілтеме. 29-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

30. Рәсімдік мәселелер: үзіліс, отырысты кейінге қалдыру туралы, отырысты жүргізу тәртібі туралы, мәселелерді талқылаудың кезектілігі туралы, жарыссөзді тоқтату туралы, сөз сөйлеу уақытын шектеу немесе ұзарту туралы, дауыс беру тәсілі туралы, кворумға көз жеткізу және дауыстарды қайта санау туралы, бұрын қабылданған шешімдерге қайта оралу және (немесе) қаралып отырған заң жобалары бойынша қайтадан дауыс беруді өткізу туралы мәселелер.

Сілтеме. 30-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

31. Дауыс беру басталар алдында төрағалық етуші дауысқа қойылған ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың тұжырымдамаларын нақтылайды, депутаттардың қайсысы өз түзетуін алып тастайтынын анықтайды, қандай көпшілік дауыспен (депутаттардың жалпы санының, қатысып отырғандары санының жай көпшілік даусымен, айқын басым көпшілік даусымен) шешім қабылдануы мүмкін екендігін еске салады.

Депутат бір дауысқа ие болады және дауысын ұсынысты жақтау, оған қарсы болу үшін береді не дауыс беруден қалыс қалады.

Дауыстарды санау аяқталғаннан кейін төрағалық етуші дауыс беру нәтижелерін хабарлайды.

 

32. Сенат өз шешімдерін дауыс беру арқылы қабылдайды. Оны өткізу үшін Сенатта дауыс берудің электрондық жүйесі пайдаланылады.

Дауыс беруді өткізу үшін Палата дауыс берудің басқа тәсілдерін қолдануы мүмкін. Бұл ретте Сенат дауыстарды санау үшін Санақ комиссиясын құруға құқылы.

Дауыс беру кезінде болмаған Сенат депутаты өз дауысын дауыс беру аяқталғаннан кейін осы мәселе бойынша дауыс беру үшін Сенат қабылдағаннан өзгеше тәсілмен беруге құқылы емес.

Дауыс беруді өткізу үшін депутаттардың қажетті саны болмаған жағдайда төрағалық етуші кворумды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады. Кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда төрағалық етуші дауыс беруді келесі отырысқа ауыстырады.

Сілтеме. 32-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

33. Мәселелерді қарау кезінде, қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданған Сенаттың шешімі бойынша жасырын дауыс беру қолданылуы мүмкін.

Жасырын дауыс беру бюллетеньдер пайдалану арқылы өткізіледі. Жасырын дауыс беруді өткізу және оның нәтижелерін анықтау үшін Сенат депутаттар арасынан Санақ комиссиясын сайлайды. Кандидатуралары сайланатын органдардың құрамына немесе лауазымды адамдардың қызметіне ұсынылған депутаттар Санақ коммиссиясына кіре алмайды. Сенат Санақ комиссиясын сайлау туралы қаулы қабылдайды.

Санақ комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды. Санақ комиссиясының шешімдері комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауысы тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші дауыс болып табылады.

Дауыс беру бюллетеньдері Санақ комиссиясының бақылауымен ол белгілеген нысанда және мөлшерде әзірленеді. Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерде дауыс беру үшін қажетті ақпарат болуға тиіс.

Дауыс берілетін уақыт пен орынды, оны өткізу тәртібін Санақ комиссиясы белгілейді және оны Санақ комиссиясының төрағасы хабарлайды.

Сілтеме. 33-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

34. Сенат қарап отырған мәселе бойынша дауыс беру үшін әрбір депутатқа бір бюллетень беріледі. Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді депутаттарға Санақ комиссиясының мүшелері Сенат депутаттарының тізіміне сәйкес олар депутаттық куәліктерін көрсеткеннен кейін береді.

Депутат бюллетеньдерді жасырын дауыс беруге арналған кабинада өзі қарсы дауыс беретін кандидаттың бюллетеньдегі тегін сызып тастау арқылы, ал шешім жобасы жөніндегі бюллетеньде «жақтап» не «қарсы» деген сөзді сызып тастау арқылы толтырады.

Сілтеме. 34-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

35. Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер, сондай-ақ лауазымды адамдарды сайлау кезінде:

– Санақ комиссиясы мүшесінің қолы қойылмаған;

– бір кандидаттан артық қалдырылған;

– дауыс берушілердің еркін білдіруін анықтау мүмкін болмаған бюллетеньдер жарамсыз деп саналады.

– толтырылмаған бюллетеньдер;

– барлық кандидаттардың тектері сызылып тасталған бюллетеньдер;

– оң және теріс шешімдер бірдей сызылып тасталған бюллетеньдер жарамды деп танылады, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайды.

Сілтеме. 35-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

36. Жәшікті ашу комиссияның барлық мүшелерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Жасырын дауыс беру нәтижелері туралы Санақ комиссиясы хаттама жасайды, оған Санақ комиссиясының барлық мүшелері қол қояды. Санақ комиссиясының баяндамасы бойынша Сенат ашық дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшілік даусымен Санақ комиссиясының хаттамасын бекітеді.

Өткізілген дауыс беру рәсімінде қате кеткендігі анықталған жағдайда Сенаттың шешімімен қайтадан дауыс беру өткізіледі.

 

37. Сенаттың бұрын қабылданған шешімдерінің күшін жою, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бұрын қалай қабылданса, сондай жолмен дауыс беру арқылы жасалады.

 

 

3-тарау. Парламент Сенатының заң шығару қызметі

 

38. Мәселелер Мәжілісте қаралғаннан кейін Парламент Сенаты конституциялық заңдар және заңдар қабылдайды, соның ішінде:

1) республикалық бюджетті бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;

2) мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді және жояды;

3) Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелерін шешу тәртібін белгілейді;

4) Республиканың мемлекеттік наградаларын тағайындайды, құрметті, әскери және өзге де атақтарын, сыныптық шендерін, дипломатиялық дәрежелерін белгілейді, Республиканың мемлекеттік рәміздерін айқындайды;

5) мемлекеттік заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешеді;

6) рақымшылық жасау мәселелерін шешеді;

7) Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды;

8) Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының  3-тармағында көрсетілген өзге де қатынастарды реттейді.

Сілтеме. 38-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 және 20.09.2007 қаулылары.

 

39. Мәжіліс қарап, мақұлдаған заң жобасы Парламент Регламентінің талаптарына сәйкес Сенатқа жіберіледі.

Сілтеме. 39-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

40. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын алғаннан кейін Сенат Аппаратында, белгіленген тәртіпке сәйкес, бірақ екі жұмыс күнінен кешіктірмей, оның толықтығына және оған қосымшалардың дұрыстығына тексеру жүргізіледі және тіркеледі.

Халықаралық шартты ратификациялау немесе оның күшін жою туралы Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын алған кезде, заң жобасымен бірге халықаралық шарттың және оған қосымшаның тиісті уәкілетті орган куәландырған көшірмесі ұсынылады.

Егер халықаралық шартты ратификациялау немесе оның күшін жою кезінде қазақ және (немесе) орыс тілдеріндегі мәтіндеріне қол қойылмаса, онда заң жобасымен бірге оның аталған тілдерге аударылған, тиісті уәкілетті орган куәландырған теңтүпнұсқалы аудармасы қоса беріледі.

Қажет қосымшалар болмаған жағдайда Сенат Аппараты белгіленген талаптарды орындау үшін құжаттарды тіркеместен Мәжіліске қайтарады.

Мәжілістен келіп түскен заң жобасы Сенат Аппаратында тіркелген күннен бастап, Парламент сессияларының аралығындағы уақытты есептемегенде, Сенатта алпыс күннен кешіктірілмей қаралады.

Сілтеме. 40-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000; 06.06.2002; 20.09.2007; 11.12.2009 ж. № 526-IV ПС қаулылары.

 

41. Мәжілістен келіп түскен заң жобасы Сенатта тіркелгеннен кейін Сенат Бюросы әзірлеу мерзімін және Палатаның жоба бойынша қорытынды әзірлеуге жауапты бас комитетін белгілейді және Сенат Аппараты арқылы заң жобасын комитеттер мен Парламент Сенаты Аппаратының бөлімдеріне жібереді.

Бас комитет заң жобасы бойынша жинақтап қорыту үшін Сенат комитеттерінің және Сенат Аппаратының тиісті құрылымдық бөлімшелерінің қорытындылар ұсынуының мерзімін белгілейді, егер Палата Бюросы өзгеше белгілемесе, заң жобасы Сенатта тіркелген күннен бастап он күннен кем болмауға және он бес күннен аспауға, ал кодекс бойынша, жиырма күннен аспауға тиіс.

Сенат Бюросы заң жобасы бойынша бірнеше бас комитетті белгілеуге құқылы.

Қазақстан Республикасының Президенті арнайы жолдаумен заң жобасын қарауды жедел деп жариялаған жағдайда, қорытынды әзірлеу үшін қажетті мерзім күнтізбелік жеті күннен аспауға тиіс.

Сілтеме. 41-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

41-1. Палатаның шешімімен заң жобалары екі және одан да көп оқылымдарда қаралуы мүмкін.

Сілтеме. Толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

42. Талқылау қорытындылары бойынша Сенат мына шешімдердің бірін қабылдайды:

заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдансын;

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы қабылдансын;

Заң жобасына Сенат енгізген тиісті өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберілсін; бұл жағдайда Мәжіліс мақұлдаған, негізгі актінің қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген заңдардың жобалары да солармен бірге жіберіледі;

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы тұтастай қабылданбасын және ол Мәжіліске қайтарылсын.

Палатаның шешімі Сенаттың тиісті қаулысымен ресімделеді.

Заң жобасының жекелеген нормаларын қосымша зерделеу қажеттігі туындаған ерекше жағдайларда Сенат оны қарау үшін Палатаға бөлінген жалпы конституциялық мерзімдердің шеңберінде оны әзірлеуге арналған мерзімді белгілей отырып, осы мәселені кейінге қалдыруға не комитетке пысықтауға қайтаруға құқылы.

Сілтеме. 42-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000; 29.06.2006; 20.09.2007 қаулылары.

 

43. Сенат тұтастай қабылдамаған заң жобасы, шешім қабылданған сәттен бастап он екі күн ішінде қабылдамаудың дәлелді негіздемесімен және Сенат отырысының стенограммасымен Мәжіліске қайтарылады.

Заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Сенат қаулысы шешім қабылданған сәттен бастап екі аптадан аспайтын мерзімде оны қараудың нәтижелері бойынша тиісті салыстырма кестемен, Сенат отырысының стенограммасымен Мәжіліске қайтарылады.

Сілтеме. 43-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

44. Өзгерістермен және толықтырулармен Мәжіліске жіберілген Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдары мен заңдары, ол келіскен ретте, қабылданды деп есептеледі.

Осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген заңдарға және Сенат Конституцияға сәйкес қабылдаған басқа да заңдарға әрбір Палата Төрағалары виза қояды және олар он күн ішінде Сенат Төрағасының ілеспе хатымен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына жіберіледі.

Егер халықаралық шарт заңмен ратификацияланса, онда заңмен бірге осы шарттың расталған көшірмесі ұсынылады.

Конституциялық Кеңес Сенат Төрағасының не Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігін құрайтын Сенат депутаттарының өтініші бойынша Сенат қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін оларға Президент қол қойғанға дейін қарайды.

Мұндай өтініш жасалған жағдайда, тиісті актілерге қол қою мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.

Сілтеме. 44-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

45. Комитеттердің отырыстарындағы талқылаулар барысында айтылған, заң жобасына берілген барлық түзетулер бас комитетке ескертулер мен ұсыныстар түрінде ұсынылады және ол бұларды салыстырма кестеге енгізеді. Депутаттардың жеке өздері берген түзетулері негізделуге, оған олардың бастамашылары қол қоюға және онда абзацтардың, тармақшалардың, тармақтардың, баптардың, бөліктердің, тараулардың, бөлімдердің немесе тұтастай жобаның редакциясы қамтылуға тиіс.

Бас комитет түзетулерді қарайды, оларды комитет мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды немесе қабылдамай тастайды және оларды қабылдау не қабылдамай тастау жөніндегі ұсыныстарды негіздей отырып, салыстырма кестені, бас комитеттің қорытындысын және Сенат қаулысының жобасын Палата отырысының қарауына ұсынады.

Заң жобасы нормаларының құқықтық мазмұнын өзгертпейтін редакциялық сипаттағы, сондай-ақ заңнамалық актілердің ресми жарияланымдарының дереккөздеріне байланысты ескертулер бас комитеттің салыстырма кестесіне енгізілмейді және қол қойылатын құжат ресімделген кезде ескеріледі.

Бас комитеттің салыстырма кестесіне енгізілген, заң жобалары бойынша түзетулерді олардың бастамашылары ғана алып тастай алады.

Ұсынысы тұрақты және бас комитеттердің қолдауына ие болмаған депутат оларды Палата отырысының талқылауына енгізе алады. Бұл жағдайда депутат ұсынған түзету дауысқа бірінші қойылады.

Егер бас комитет тұрақты комитеттің ол (комитет) қабылдануын талап етіп отырған түзетуін қабылдамай тастауды ұсынса, онда осы түзету дауысқа қойылады.

Егер отырыста қараған кезде Сенат комитет немесе депутат ұсынған түзетуді қабылдамаса, онда абзац, тармақша, тармақ, бап, тарау, бөлім немесе тұтастай жоба бас комитет ұсынған редакцияда дауысқа қойылады.

Түзету енгізілмеген тармақ, бап, тарау, бөлім Мәжілістің редакциясында дауысқа қойылады.

Сенат отырыстарында бас комитеттің салыстырма кестесіне енгізілген түзетулер ғана қаралады. Ерекше жағдайларда, Палатаның шешімі бойынша, депутаттың салыстырма кестеге енгізілмеген ұсынысы қаралуы мүмкін. Мұндай жағдайда Сенат, әдетте, бұл ұсынысты бас комитетке жібереді және оны комитетте талқылағаннан кейін шешім қабылдайды.

Егер заң жобасының бір ғана тармағына, бабына бірнеше түзету енгізу ұсынылса, онда қабылдануы немесе қабылданбауы басқа түзетулер туралы мәселені шешуге мүмкіндік беретіндері Сенаттың шешімі бойынша алдымен талқыланып, дауысқа қойылуы мүмкін.

Палата отырысында шешім қабылдау барысында Сенат отырысы кезінде заң жобасына ауызша нысанда енгізілген түзетулерге дауыс беруге жол берілмейді.

Сілтеме. 45-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000; 06.06.2002; 20.09.2007; 11.12.2009 № 526-IV ПС қаулылары.

 

46. Заң жобасын енгізген бастамашы заң жобасын қараудың кез келген сатысында оны кері қайтарып алуға құқылы.

Заң жобасын кері қайтарып алу жазбаша түрде ресімделуге және Сенатқа енгізілуге тиіс. Заң шығару бастамасы құқығын бірнеше депутат пайдаланған жағдайда, заң жобасын кері қайтарып алу оның барлық бастамашыларының қол қоюымен бекітілуге тиіс.

Аса қажеттілік туындаған жағдайда Парламент Сенаты бас комитеттің ұсынысы бойынша Мәжіліске жіберілген заң жобасын кері қайтарып алу туралы шешім қабылдауға құқылы.

Сілтеме. 46-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 03.06.1998; 17.05.2000; 20.09.2007; 24.03.2016 № 980-V ПС қаулылары.

 

47. Сенат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылданбаған жоба Мәжіліске қайтарылады. Егер Мәжіліс депутаттардың жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен жобаны қайта мақұлдаса, ол қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін Сенатқа беріледі.

 

48. Мәжіліс қайта мақұлдаған заң жобасын қайтадан талқылау және дауысқа салу үшін Сенат Бюросы бастапқы талқылау кезіндегіден басқа бас комитетті белгілеуге құқылы.

Сенат қайтадан қабылдамай тастаған заң жобасын нақ сол сессия барысында қайта енгізуге болмайды.

Сілтеме. 48-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 06.06.2002 қаулылары.

 

49. Егер Мәжіліс заң жобасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен және конституциялық заңның жобасы бойынша кемінде үштен екісінің даусымен Сенат депутаттары ұсынған өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, тиісінше заң не конституциялық заң қабылданды деп есептеліп, оны он күн ішінде Республика Президентіне қол қоюға ұсыну үшін Сенатқа беріледі.

Сілтеме. 49-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

50. Егер Мәжіліс нақ сондай дауыс санымен Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға қарсы болса, олардың арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы (келісу комиссияларын құру жолымен) шешіледі.

Комиссия Палата депутаттары қатарынан тепе-теңдік негізде құрылады. Келісу комиссиясының мүшелерін Палата сайлайды. Сенат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусын алғандар сайланды деп есептеледі.

Сілтеме. 50-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

51. Келісу комиссиясы заң жобасының тиісті баптарының бірыңғай мәтіні түріндегі ұсыныстарды әзірлеуге ұмтыла отырып, заң жобасының Сенат пен Мәжіліс арасында келіспеушіліктер туғызған ережелерін ғана қарайды.

Шешім қабылдаған кезде келісу комиссиясының Сенаттан сайланған мүшелері қаралып отырған заң жобасының тиісті ережелерінің редакциясы бойынша Сенат ұсынғандардан өзгеше ұсыныстарды жақтап дауыс беруге құқылы.

Шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады және келісу комиссиясы мүшелерінің көпшілігі оны қабылдауды жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі, ал дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының даусы шешуші болып табылады.

Сілтеме. 51-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

52. Заң жобасының немесе оның жекелеген бөліктерінің келісу комиссиясының редакциясындағы нұсқасын Мәжіліс қарайды және ол мақұлдағаннан кейін осы Регламенттің 39-40-тармақтарына сәйкес Сенатқа енгізіледі.

Келісу комиссиясының қаулысына заң жобасының өзгерістер енгізілген баптарының салыстыру кестесі қоса тіркеледі.

Сілтеме. 52-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 қаулысы.

 

53. Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайтадан талқылау және дауысқа салу қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзім ішінде өткізіледі. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді.

Егер Мәжіліс Палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен заң бойынша бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, онда заң одан әрі қарау үшін Президент қарсылықтарымен бірге Сенатқа беріледі.

Сенаттың тиісті тұрақты комитеті қорытынды әзірлегеннен кейін заң немесе оның баптары Мемлекет басшысының қарсылықтарымен бірге Сенат отырысына шығарылады. Егер Сенат дауыс берудің қорытындысы бойынша Парламенттің заң бойынша бұрын қабылдаған шешімін растамайтын болса, онда заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.

Егер Сенат Палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен заң бойынша бұрын қабылданған шешімді растаса,  онда Президенттің заң бойынша қарсылықтары еңсерілді деп есептеледі. Бұл жағдайда заң немесе тиісінше оның баптары Парламент оны бастапқыда қабылдаған редакцияда қабылданды деп есептеледі және Президент осы заңға қол қоюға ұсынылған кезінен бастап бір ай ішінде қол қояды.

Егер Республика Президентінің қарсылықтары Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға енгізілсе, мұндай жағдайда қарсылықтар заңдарға қарсылықтарды қарау үшін көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығы Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің даусымен еңсеріледі.

Сілтеме. 53-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000; 20.09.2007; 11.12.2009 № 526-IV ПС қаулылары.

 

54. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысымен алып тасталды.

 

54-1. Республикалық референдумды тағайындау туралы бастама жасауды Сенат осы мәселені Мәжіліс қарағаннан кейін Палата отырысында жүзеге асырады және ол тиісті қаулымен ресімделеді.

Республикалық референдумды тағайындау туралы бастама жасау Сенаттың тиісті комитетінің отырысында алдын ала қаралып, талқылау қорытындысы бойынша ол Сенат отырысына осы мәселе бойынша қорытындыны және Сенат қаулысының жобасын енгізеді.

Сілтеме. Толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

55. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар Сенат отырысында бұл мәселе бойынша шешім қабылданбай қаралуы мүмкін.

 

3-1-тарау. Мәжіліс өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын  тоқтатылуынан туындаған, оның уақытша болмауы кезеңінде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен  заңдарды қабылдау жөніндегі функциясын атқару

 

Сілтеме. Регламент 3-1-тараумен толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 26.06.2007 қаулысы.

 

55-1. Сенат Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау жөніндегі функциясын атқарған кезеңде заң шығару бастамасы құқығының субъектісі конституциялық заң немесе заң жобасының мәтінін Сенатқа мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қағаз және электрондық жеткізгіштерде ресми түрде енгізеді.

Заң жобасына:

- заң жобасын Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған арнайы жолдау нысанында енгізу туралы шешім;

- заң жобасын Үкімет енгізсе немесе ол Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша енгізілсе, Үкіметтің қаулысы;

- егер заң жобасына Сенат депутаттары бастамашы болса, олардың ұсынуы;

- заңды қабылдау қажеттігі негізделіп, қабылданатын заңның мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері және болжамды экономикалық, әлеуметтік, заңдық, экологиялық салдарлары кеңінен сипатталған түсіндірме жазба;

- заңнамалық актілер Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілгеннен басқа жағдайларда, егер заңды іске асыру шығындарды қажет етсе, қаржы-экономикалық есеп;

- Сенат депутаттары бастамашы болған, мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобасы бойынша Үкіметтің оң қорытындысы;

- ғылыми сараптаманың қорытындысы;

- жобаны дайындауға жауапты мемлекеттік орган; жұмыс тобының құрамы (егер ол құрылса); заң жобасы бойынша баяндамашы туралы мәліметтер көрсетілген анықтама парақ;

- заңның қабылдануына байланысты өзгертілуге, толықтырылуға немесе күші жойылды деп танылуға тиіс заңнамалық актілердің тізбесі және заңды іске асыру үшін қажетті нормативтік актілерді әзірлеу туралы ұсыныстар;

- Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бойынша баптардың қолданыстағы және жаңа редакциясының салыстырма кестесі қоса беріледі.

Заң жобасымен бірге тәуелсіз сараптаманың қорытындысы ұсынылуы мүмкін.

Заң жобасы Сенатқа енгізілгеннен кейін Сенат Аппараты белгіленген тәртіпке сәйкес, бірақ он жұмыс күнінен асырмай, оның толықтығына және оған қосымшалардың дұрыстығына тексеру жүргізеді және оны тіркейді.

Қажетті қосымшалардың бірі болмаған, сондай-ақ олардың мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі мәтіндері теңтүпнұсқалы болмаған кезде Сенат Аппараты құжаттарды тіркемей, осы Регламентте белгіленген талаптарды орындау үшін заң жобасының бастамашысына қайтарады.

Сілтеме. 55-1-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

55-2. Заң жобасы Сенат Аппаратында тіркелгеннен кейін Сенат Бюросы бас комитетті айқындайды, қаралатын заң жобасы бойынша қорытынды дайындау мерзімін белгілейді және заң жобасын Сенаттың тұрақты комитеттері мен Аппаратына жібереді.

 

55-3. Заң жобаларын Сенатта қараудың тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.

 

55-4. Сенат Парламенттің функциясын атқарған кезеңде Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары, сондай-ақ Сенатқа заң шығару бастамасы құқығының субъектілерінен келіп түскен заң жобалары осы Регламентте белгіленген тәртіппен қаралады және талқылау қорытындысы бойынша Сенат мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

- Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен қабылдансын;

- заң қабылдансын;

- заң жобасы қабылданбасын.

 

55-5. Сенат Парламенттің функциясын атқарған кезеңде Сенаттың лауазымды адамдарының шешімі бойынша Сенат Аппараты Мәжіліс Аппаратынан:

- Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылғанға дейін сонда тіркелген, оның ішінде Мәжілістің бас комитеті қарауға қабылдаған не қабылдамаған немесе Мәжілістің отырысында бірінші оқылымда қаралған, сондай-ақ Мәжіліс отырысында заң жобасын екінші оқылымда қараудың нәтижелері бойынша бас комитетке пысықтауға қайтарылған;

- Сенат өзгерістермен және толықтырулармен Мәжіліске жіберген,  өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты Мәжіліс қарамаған;

- Сенат өзгерістермен және толықтырулармен Мәжіліске жіберген, Парламент Палаталарының арасындағы келісу рәсімдері сатысында болған заң жобаларын сұратып алуы мүмкін.

 

55-6. Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылғанға дейін сонда тіркелген заң жобалары Сенатқа келіп түскеннен кейін Сенат Аппаратында тіркеледі және Сенатта Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда және осы Регламентте белгіленген тәртіппен қаралады.

 

55-7. Сенат өзгерістермен және толықтырулармен Мәжіліске жіберген, сондай-ақ келісу рәсімдері сатысында болған заң жобалары Сенатқа келіп түскеннен кейін Сенат Аппаратында тіркеледі және тиісті  бас комитетке беріледі.

Бұл жағдайда заң жобасы бас комитетте қаралады және оларды Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен не келісу комиссиясының редакциясында, ал келіспеген жағдайда – Сенат ұсынған редакцияда қабылдау жөніндегі ұсыныстар негізделіп, Сенат отырысының қарауына енгізіледі.

Талқылау нәтижелері бойынша Сенат мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

- заң Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен қабылдансын;

- заң келісу комиссиясының редакциясында, ал келіспеген жағдайда – Сенат ұсынған редакцияда қабылдансын.

 

55-8. Сенат Парламенттің функциясын атқарған кезеңде Мәжілістің қарауында болған не Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларын Сенат қараған кезде, қажет болған жағдайда, Сенаттың бас комитеті заң жобасы бойынша баяндамашыны айқындай алады.

 

 

55-9. Сенат қабылдап, Сенат Төрағасының қолы қойылған заң 10 күн ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға жіберіледі.

 

55-10. Сенат Парламенттің функциясын атқарған кезеңде Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайталап талқылау және дауысқа салу Президент қарсылығы жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылығының қабылдануын білдіреді.

 

55-11. Республика Президентінің қарсылығымен қайтарылған заңдар немесе заңның баптары Сенат Бюросының шешімімен Сенаттың тиісті тұрақты комитетінің қарауына беріледі, ол Республика Президенті өкілінің қатысуымен қорытынды дайындайды және оны заңмен немесе тиісінше оның баптарымен және Президенттің қарсылықтарымен Сенаттың қарауына шығарады.

 

55-12. Егер қарсылықтарды Сенаттың тұрақты комитетінде және Сенаттың отырысында қарау нәтижелері бойынша Президент Сенат депутаттарының ұсыныстарын ескере отырып, қарсылығында тұтастай заңның не тиісінше оның жекелеген баптарының өзі ұсынған редакциясын өзгертсе, Сенат отырысында төрағалық етуші Президенттің өзгерістерімен қаралған қарсылықтарды бірден дауысқа қоюға құқылы.

 

55-13. Сенат отырысында қайталап талқылау бас комитет өкілінің сөз сөйлеуімен басталады. Бұдан кейін талқылау үшін сөз депутаттарға кезектілік тәртібімен беріледі.

 

55-14. Заңды немесе оның жекелеген баптарын Сенат отырысында қайталап талқылау және дауысқа салу кезінде, егер заң тұтастай Президенттің қарсылығын тудырған болса, дауысқа салу заң бойынша тұтастай не Республика Президентінің қарсылығын тудырған баптар бойынша жүргізіледі.

 

55-15. Егер Сенат депутаттардың жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен заң бойынша тұтастай немесе оның жекелеген баптары бойынша өзі бұрын қабылдаған шешімін растаса, Республика Президентінің қарсылығы еңсерілген болып есептеледі. Бұл жағдайда заң немесе оның баптары Парламент оны бірінші рет қабылдаған редакцияда қабылданған деп есептеледі және Президент бір айдың ішінде заңға қол қояды.

 

55-16. Егер Президенттің қарсылығы еңсерілмесе, заң Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.

 

55-17. Мемлекет Басшысының қабылданған конституциялық заңдарға қарсылығын Сенат Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда және Регламенттің осы тарауында көзделген тәртіппен қарайды. Бұл ретте Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын Сенат Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің даусымен еңсереді.

 

55-18. Мәжіліс депутаттары сайланып, жаңа шақырылым жұмысы басталғаннан кейін Мәжіліс өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын тоқтатылуынан туындаған, оның уақытша болмауы кезеңінде келіп түскен және Сенат қарамаған конституциялық заңдар мен заңдардың жобалары Парламент Мәжілісіне беріледі.

Сілтеме. Толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының  20.09.2007 қаулысы. 

 

 

4-тарау. Кодекстерді, оларға өзгерістер мен толықтыруларды қараудың тәртібі

 

Сілтеме. Регламент 4-тараумен толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 қаулысы.

 

56Кодекстерді, оларға өзгерістер мен толықтыруларды Сенат кемінде екі оқылымда қабылдайды.

Сілтеме. 56-тармақ жаңа редакцияда жазылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 қаулысы.

 

57. Кодекстер, оларға өзгерістер мен толықтырулар Сенат Регламенті 40-41, 117-118-тармақтарының талаптарына сәйкес қаралады.

Сілтеме. 57-тармақ жаңа редакцияда жазылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 қаулысы.

 

58. Бірінші оқылымда кодекстің, оған өзгерістер мен толықтырулардың жобалары тұжырымдамалық жағынан талқыланады. Талқылау нәтижелері бойынша Сенат бірінші оқылымда мақұлдау және оны екінші оқылымға әзірлеу немесе оны қабылдамау туралы қаулы қабылдайды. Бұл ретте дауыс беру Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Енгізілген заң жобасын Сенат бірінші оқылымда мақұлдаған жағдайда бас комитет оны екінші оқылымға әзірлейді.

Бас комитет бірінші оқылымнан кейін кодекстің, комитеттер мен депутаттар енгізген өзгерістер мен толықтырулардың, түзетулердің жобаларын қайта қарайды, оларды салыстырма кестеге енгізеді және қорытынды әзірлейді.

Кодекстің, оған өзгерістер мен толықтырулардың жобаларының екінші және қажет болған жағдайда одан кейінгі оқылымдарында бас комитеттің өкілі бас комитеттің отырысында қабылданған шешім туралы баяндама жасайды.

Кодекстің, оған өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын екінші және одан кейінгі оқылымдарда талқылау Сенат Регламентінің  45-47-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.

Сенат талқылау қорытындылары бойынша Сенат Регламентінің  42-тармағында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.

Сілтеме. 58-тармақ жаңа редакцияда жазылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 қаулысы.

 

 

5-тарау. Республикалық бюджетті бекіту және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылау тәртібі

 

Сілтеме. Тараудың тақырыбы өзгертілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 және 20.09.2007 қаулылары.

 

59. Мәжіліс мақұлдаған, Сенатқа келіп түскен тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы бойынша Сенат Бюросының шешімімен бас комитет айқындалады.

Республикалық бюджет туралы заң жобасын талқылау: республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы мен тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы бойынша Үкімет уәкілдік берген адамның, ақша-кредит саясаты бойынша Республика Ұлттық Банкі Төрағасының баяндамаларын және Сенаттың бас комитеті өкілінің қосымша баяндамасын қамтиды.

Әрбір сөз сөйлеушінің баяндамасы осы Регламенттің 10-тармағына сәйкес талқылануға жатады.

Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын қарау және оны бекіту осы Регламенттің 3-тарауында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Палатаның шешімі бойынша Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі Сенат отырысында Республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспары туралы баяндама жасайды.

Сілтеме. 59-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007; 11.12.2009 № 526-IV ПС қаулылары.

 

60. Республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарау және оны бекіту осы Регламенттің  59-тармағына сәйкес жүргізіледі.

Сілтеме. 60-тармақ жаңа редакцияда жазылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

61. Үкіметтің аяқталған қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі ол Мәжілісте қаралғаннан кейін талқыланады.

Үкіметтің аяқталған қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есебін қараумен бірге өткізіледі.

Осы мәселелерді талқылау: Қаржы министрінің, Республика Ұлттық Банкі Төрағасының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Төрағасының баяндамаларын және Сенаттың бас комитеті өкілінің қосымша баяндамасын қамтиды. Бас комитет шақырған тәуелсіз сарапшылардың баяндамалары да тыңдалуы мүмкін.

Әр сөз сөйлеушінің баяндамасы осы Регламенттің 10-тармағына сәйкес талқылануға жатады.

Талқылау қорытындылары бойынша Сенат Мәжіліске жіберетін қаулы қабылдайды. Сенаттың қаулысында: Сенаттан Парламент Палаталарының бірлескен отырысына есептер бойынша қосымша баяндаманы әзірлеу тапсырылған Сенат комитеті және сөз сөйлеу тапсырылған депутат көрсетіледі.

Сілтеме. 61-тармақ жаңа редакцияда жазылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 қаулысы.

 

6-тарау. Халықаралық шарттарды ратификациялау және олардың күшін жою

 

Сілтеме. 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 қаулысы.

 

62. Сенат Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялау және олардың күшін жою туралы заңдарды қабылдайды.

Халықаралық шарттарды ратификациялау және олардың күшін жою туралы заң жобаларын қарау осы Регламенттің 3-тарауында белгіленген тәртіпппен жүзеге асырылады.

Сілтеме. 62-тармақ жаңа редакцияда жазылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

63. Сенат Төрағасы Республиканың халықаралық шарттары ратификацияланғанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарау үшін Конституциялық Кеңеске өтініш жасауға құқылы.

Осы шарттың Республика Конституциясына сәйкестігі мәселесі жөнінде Конституциялық Кеңеске өтініш жасалған жағдайда тиісті актілерді ратификациялау мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.

Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігін құрайтын Сенат депутаттары Республиканың халықаралық шарттары ратификацияланғанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарау үшін Конституциялық Кеңеске өтініш жасауға құқылы.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған халықаралық шарттар ратификацияланбайды және қолданысқа енгізілмейді.

Сілтеме. 63-тармаққа өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

 

7-тарау. Парламент Сенатының ерекше қарауына жатқызылған мәселелерді қарау тәртібі

 

1-параграф. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы мен Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және лауазымдарынан босату, олардан ант қабылдау

 

Сілтеме. 7-тараудың 1-параграфының тақырыбына өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 қаулысы.

 

64. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы мен Жоғарғы Сот судьяларын Республиканың Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуы бойынша Сенат сайлайды және лауазымдарынан босатады.

Республика Президенті Палатаға тиісті жазбаша ұсыныс енгізеді, соның негізінде тиісті мәселені Сенаттың күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданады.

Сілтеме. 64-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

65.Сенат отырысында мәселені қарау кезінде лауазымға сайлау және лауазымынан босату үшін кандидатураны Республика Президенті немесе ол уәкілдік берген лауазымды адам ұсынады.

Сенат отырысында:

кандидатқа және кандидатты ұсынған адамға сұрақтар қойылуы;

депутаттар ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе оған «қарсы» пікірлер айтуы мүмкін.

Егер депутаттар талап етпесе, ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашылмауы мүмкін.

Сілтеме. 65-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

66. Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы мен Жоғарғы Сот судьялары лауазымына сайлау және лауазымдарынан босату үшін ұсынылған кандидатуралар, мәселе Сенат отырысында қаралғанға дейін Палата Бюросының шешімімен айқындалатын Сенаттың тиісті комитетінің отырысында талқылануға жатады.

Комитет кандидатураларды қарау нәтижесі бойынша олардың әрқайсысы жөнінде Сенат отырысында жарияланатын қорытынды жасайды.

Сілтеме. 66-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

67. Парламент Сенатының отырысында Сенат Жоғарғы Сот судьяларынан ант қабылдайды. Ондай отырысты өткізуді дайындаумен Сенаттың тиісті комитеті айналысады.

Сілтеме. 67-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

68. Жоғарғы Соттың Төрағасын, судьяларын тұтқындауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасалған жағдайларды қоспағанда, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

Сілтеме. 68-тармаққа өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

69. Сенаттың лауазымға сайлау және лауазымнан босату туралы шешімі Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

Егер Сенат дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, әрбір кандидатура жөніндегі шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Шешім Сенат қаулысымен әр кандидатура бойынша жеке-жеке ресімделеді.

Лауазымға сайлау және лауазымынан босату үшін Республика Президенті ұсынған кандидатуралар қабылданбай қалған жағдайда Сенаттың шешімінде қабылданбаудың жан-жақты дәлелі қамтылуға тиіс. 

 

 

2-параграф. Республика Президентінің Республика Ұлттық Банк Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім беру

 

Сілтеме. Толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

70. Республика Президенті лауазымға тағайындауға Сенаттың келісімін алу үшін Палатаға тиісті жазбаша ұсыныс енгізеді, соның негізінде тиісті мәселені Сенаттың күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданады.

 

71. Келісім беру кандидатуралар Сенаттың тиісті комитетінің отырысында алдын ала қаралғаннан кейін Сенат отырысында жүзеге асырылады. Талқылау қорытындысы бойынша комитет қорытынды жасайды және осы мәселе бойынша Сенат қаулысының жобасын әзірлейді. Отырысқа Республика Президентінің өкілі қатысады.

Сілтеме. Толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

72. Сенат отырысында мәселені қарау кезінде лауазымға кандидатураларды Республика Президенті немесе ол уәкілдік берген лауазымды адам ұсынады.

Сенат отырысында:

кандидатқа және кандидатты ұсынған адамға сұрақтар қойылуы;

депутаттар ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе оған «қарсы» пікірлер айтуы мүмкін.

Егер депутаттар талап етпесе, ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашылмауы мүмкін.

Талқылау қорытындысы бойынша комитет қорытынды жасайды және осы мәселе бойынша Сенат қаулысының жобасын әзірлейді.

 

73. Сенаттың лауазымға тағайындауға келісім беру туралы шешімі Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

Егер Сенат дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, әрбір кандидатура жөніндегі шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Шешім Сенат қаулысымен әр кандидатура бойынша жеке-жеке ресімделеді.

Лауазымға тағайындау үшін келісім беруге Президент ұсынған кандидатуралар қабылданбай қалған жағдайда Сенаттың шешімінде қабылданбаудың жан-жақты дәлелі қамтылуға тиіс.

 

 

3-параграф. Республиканың Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сот судьяларын ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыру

 

Сілтеме. 3-параграфтың тақырыбына өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

74. Бас Прокурорды ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыру оны қызметке тағайындаған кездегідей тәртіппен жүргізіледі. Шешім Сенаттың тиісті қаулысымен ресімделеді.

Республика Президенті Сенаттың келісімін алу үшін Палатаға тиісті жазбаша ұсыныс енгізеді, соның негізінде тиісті мәселені Сенаттың күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданады.

 

75. Жоғарғы Соттың Төрағасын және Жоғарғы Сот судьяларын ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыру оларды қызметке сайлаған кездегідей тәртіппен жүргізіледі. Шешім Сенаттың тиісті қаулысымен ресімделеді.

Республика Президенті Сенаттың келісімін алу үшін Палатаға тиісті жазбаша ұсыныс енгізеді, соның негізінде тиісті мәселені Сенаттың күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданады.

Сілтеме. 75-тармаққа өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

76. Сенат лауазымды адамды ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыру туралы шешім қабылдамаған жағдайда Президент бұл мәселе бойынша Сенатқа қайталап жазбаша ұсыныс енгізуге құқылы.

Сілтеме. 7-тараудың 4, 5, 6-параграфтары және 77, 78, 79, 80-тармақтар алып тасталды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы. 

 

 

8-тарау. Парламент Сенатының дербес қарауына жатқызылған мәселелерді қарау тәртібі

 

1-параграф. Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшелерін қызметке тағайындау

 

Сілтеме. 1-параграф толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

81. Сенат Палата Төрағасының ұсынуы бойынша Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Конституциялық Кеңестің екі мүшесін қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.

Сенат Төрағасы ұсынған кандидатураларды тиісті комитет өзінің отырысында алдын ала талқылайды. Кандидатураларды қарау қорытындылары бойынша комитет әрбір талқыланған кандидатура жөнінде қорытынды жасап, ол Сенат отырысында жария етіледі.

Қызметке тағайындау туралы мәселені Палата отырысында қарау кезінде қызметке кандидатураларды Сенат Төрағасы таныстырады.

Сенат отырысында:

кандидатқа және кандидатты таныстырған адамға сұрақтар берілуі;

депутаттар ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе «қарсы» пікір білдіруі мүмкін.

Ұсынылған кандидатура бойынша, егер депутаттар мұны талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкін.

Әрбір кандидатураны талқылау үшін 20 минутқа дейін уақыт бөлінеді. Сенат Палата депутаттарының ұсынысы бойынша өзге де уақыт белгілеуге құқылы. 

Егер Палата дауыс берудің өзге тәртібін белгілемесе, шешімдер әр кандидатура бойынша жеке, ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Шешімдер Парламент Сенатының қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке-жеке ресімделеді.

Егер Парламент Сенаты ұсынылған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындау туралы шешім қабылдамаса, Сенат Төрағасы Палатаға сол адамдарға немесе жаңа кандидатураларға жазбаша ұсыныстар енгізеді. Бұл жағдайда Парламент Сенатының шешімінде қабылдамаудың жан-жақты дәлелі болуға тиіс.

Сілтеме. 81-тармақ жаңа редакцияда жазылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

Сілтеме. 8-тараудың 2-параграфының тақырыбы және 81-1, 81-2, 81-3-тармақтар алып тасталды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

 

3-параграф. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне кандидатураны қарау бойынша консультациялар беру

 

Сілтеме. 3-параграфтың тақырыбына өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 29.06.2006 және 11.12.2009 № 526-IV ПС қаулылары.

 

82. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне кандидатураны қарау бойынша консультациялар тиісті комитеттің отырысында өткізіліп, оның нәтижесі бойынша қорытынды шығарылады.

Сілтеме. 82-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 және 11.12.2009 № 526-IV ПС қаулылары.

 

83. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне кандидатураны қарау рәсімі іс басындағы Уәкілдің өкілеттік мерзімі аяқталатын сәттен кемінде екі ай бұрын жүзеге асырылады.

Сілтеме. 83-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 және 11.12.2009 № 526-IV ПС қаулылары.

 

4-параграф. Конституцияның 47-бабы 1-тармағында көзделген жағдайда, Парламент құратын комиссия мүшелерін жіберу

 

84. Парламент Сенатынан комиссия мүшелерінің кандидатураларын тікелей Палата депутаттары ұсынады.

Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік дауысын алғандары сайланған болып есептеледі.

 

Сілтеме. 84-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы. 

 

5-параграф. Палаталардың бірлескен комиссияларын сайлау

 

85. Бірлескен комиссиялар Палаталардың бірлескен қызметіне қатысты мәселелерді шешу үшін құрылады.

Олардың құрылуы мен қызметі Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламентімен белгіленеді. 

 

 

6-параграф. Депутаттардың өкілеттіктерін  тоқтату және оларды ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыру

 

86. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға байланысты мәселелерді дайндауды Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Депутаттардың Сенат пен оның органдарының отырыстарына келуін, сондай-ақ депутаттың өз даусын басқаға беруіне болмайтындығын бақылауды Орталық сайлау комиссиясының мүшелері жүзеге асырады.

 

87. Бас Прокурор депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, тұтқындауға, сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға келісім алу үшін Сенатқа ұсыныс енгізген кезде Сенат ұсынысты Республиканың Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.

 

88. Ұсыныс депутатқа айып тағудың, тұтқынға алуға санкция берудің немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі сотқа жолдаудың алдында енгізіледі.

 

89. Бас Прокурордың ұсынысы мен Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы олар келіп түскен күннен бастап екі апта мерзімнен кешіктірілмей қаралады. Сенат тиісті лауазымды адамдардан қосымша ақпарат беруді талап етуге құқылы.

Сенат уәжді шешім қабылдайды және оны үш күн мерзім ішінде Бас Прокурорға, Республиканың анықтауды және алдын ала тергеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органының басшысына жолдайды.

Депутат өзіне ешкімнің тиіспеуі құқығы туралы мәселені Сенат қарағанда қатысып отыруға құқылы. Дәлелді себеппен келмей қалған жағдайда мәселені қарау Палатаның келесі отырысына ауыстырылады.

Сенат депутатына қатысты қылмыстық істі Республиканың анықтауды және алдын ала тергеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органының басшысы ғана қозғауы мүмкін және іс жүргізу аяқталғаннан кейін қадағалауды жүзеге асыру үшін ол Бас Прокурорға берілуге тиіс.

Орталық сайлау комиссиясы іс бойынша шешім қабылдаған тиісті соттан істі қарау нәтижелері туралы ақпаратты сұратып алады және айыптау үкімі шығарылған жағдайда Сенатқа депутаттық мандаттан айыру туралы ұсыныс енгізеді.

 

 

7-параграф. Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің есептерін тыңдау және Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініштер қабылдау

 

90. Сенат Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің қызмет мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда оны қызметінен босату туралы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Республика Президентіне өтініш қабылдауға құқылы.

Егер Республика Президенті мұндай өтінішті қабылдамаса, онда депутаттар бірінші өтініш жасалған күннен бастап алты ай өткен соң Республика Президентінің алдына Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Үкімет мүшесін қызметтен босату туралы мәселені қайталап қоюға құқылы. Бұл жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады.

Үкімет мүшесінің есебін тыңдау туралы шешім қабылданған жағдайда Сенат оны әзірлеу жөнінде арнайы уақытша комиссия құруға немесе Палатаның тиісті комитетіне мәселені әзірлеуді тапсыруға құқылы.

Сілтеме. 90-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

91. Сенат Үкімет мүшесінің есебін тыңдау туралы мәселе қабылдаған жағдайда Палата белгілеген мерзімде Сенат есебі тыңдалатын Үкімет мүшесіне Палатаның шешімі туралы және оның есебі тыңдалатын күн туралы жазбаша нысанда хабарлайды.

Үкімет мүшесі дәлелсіз себеппен Сенаттың отырысына келмеген жағдайда Сенат бұл мәселені оның қатысуынсыз қарауға құқылы

Үкімет мүшесі өзінің қызмет мәселесі бойынша тыңдауға негіз болған құжаттармен танысуға құқылы. Қажет болған жағдайда ол Сенатқа өзінің есебін тыңдау мерзімін өзгерту туралы өтініш жасауға құқылы.

Сілтеме. 91-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

92. Сенат отырысында Үкімет мүшесінің есебін тыңдау есеп беруді өткізудің бастамашысына сөз беруден басталады. Бұдан кейін тыңдалатын Үкімет мүшесіне сөз беріледі. Олардың сөз сөйлеу уақыты алдын ала келісіледі.

Сенат тыңдау қорытындылары бойынша тиісті қаулы қабылдайды.

Сілтеме. 92-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

8-параграф. Парламенттік тыңдаулар өткізу

 

93. Қазақстан Республикасы Конституциясы 57-бабының  5) тармақшасына сәйкес Парламент Сенаты өзінің құзыретіндегі мәселелер бойынша парламенттік тыңдаулар өткізеді.

Сенатта парламенттік тыңдауларды Сенат Бюросының шешімі бойынша тұрақты комитеттер өткізеді және олар ашық және жабық түрде өткізілуі мүмкін.

Парламенттік тыңдаулар Палаталардың бірлескен немесе бөлек отырыстары күндерінде өткізілмейді.

Сілтеме. 93-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

94. Парламенттік тыңдаулар Сенат қызметінің ұйымдық нысаны болып табылады, бұл қызметтің мақсаты заң жобаларының тұжырымдамаларын алдын ала талқылау, заңдардың іске асырылу, Үкімет, министрліктер мен ведомстволар қызметінің әртүрлі бағыттары бойынша жалпыұлттық және өңірлік бағдарламалардың орындалу барысы туралы жан-жақты және объективті ақпарат алу, сондай-ақ мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының түйінді мәселелеріне терең талдау жасау.

 

95. Парламенттік тыңдаулар өткізуді ұйымдастыру Сенат Бюросының шешімімен Сенаттың тиісті комитеттеріне жүктеледі.

Парламенттік тыңдауларға шақырылған адамдардың құрамын осы тыңдауларды өткізуді ұйымдастыру жүктелген комитет белгілейді. Сенат Төрағасы шақырылған адамдардың тізімін толықтыруға құқылы.

Парламенттік тыңдауларға шақырылған адамдарға комитет ресми хабарламалар жібереді.

 

96. Парламенттік тыңдаулар, әдетте, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жұртшылық үшін ашық болады.

Жабық парламенттік тыңдауларда мемлекеттік, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияларға байланысты мәселелер талқыланады. Баспасөздің және жұртшылықтың өкілдері жабық парламенттік тыңдауларға жіберілмейді.

 

97. Парламенттік тыңдаулар төрағалық етушінің 5 минутқа дейінгі кіріспе сөзімен басталады, ол талқыланатын мәселенің мәні, отырысты өткізу тәртібі, шақырылған адамдардың құрамы туралы хабарлайды. Содан соң талқыланатын мәселе бойынша мәлімдеме жасау үшін парламенттік тыңдауларды өткізетін комитет өкіліне сөз беріледі, бұдан кейін шақырылған адамдар мен тыңдауға қатысып отырған депутаттарға сөз беріледі.

Парламенттік тыңдаулардың ұзақтығы талқыланатын мәселелердің сипатына қарай белгіленеді. Комитет парламенттік тыңдауларға үзіліс жасау және оны басқа уақытта өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы.

 

98. Парламенттік тыңдауларға шақырылған адамдардың сөздерінен кейін оларға ауызша нысанда да, жазбаша нысанда да сұрақтар қойылуы мүмкін.

Сілтеме. 98-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

99. Парламенттік тыңдаулардың нәтижелері бойынша талқыланған мәселелер жөнінде тыңдауға қатысқан Сенат депутаттарының көпшілігімен ұсынымдар қабылдануы мүмкін.

Парламенттік тыңдауларда қабылданған ұсынымдар Палатаның барлық депутаттарының назарына жеткізіледі және Сенаттың отырыстарында мәселелерді талқылау кезінде пайдаланылуы мүмкін.

Сілтеме. 99-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

100. Парламенттік тыңдауларға стенограмма жасалып, олар хаттамамен ресімделеді. Стенограмма мен хаттамаға парламенттік тыңдауларға төрағалық етуші қол қояды.

Ашық парламенттік тыңдаулардың материалдары Сенат депутаттарына және мемлекеттік органдардың парламенттік тыңдауларға қатысқан өкілдеріне ғана арналады. 

 

 

3-БӨЛІМ. Парламент Сенатының органдарын құру және олардың қызметін ұйымдастыру

 

9-тарау. Парламент Сенатының Бюросы және оның құзыреті

 

101. Сенат Бюросы Парламент Сенатының үйлестіруші органы болып табылады, ол Сенат Төрағасының жанынан құрылады.

Бюроның құрамына Сенат Төрағасының орынбасарлары, Сенаттың тұрақты комитеттерінің төрағалары кіреді.

Сілтеме. 101-тармаққа өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

102. Сенат Бюросы:

Сенаттың комитеттері мен комиссияларының жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады;

Сенат үшін заң жобаларын және Сенаттың өзге де шешімдерін қараудың кезектілігі бойынша ұсыныстар әзірлейді;

Сенаттың тұрақты комитеттерінің ұсынысы бойынша басқа мемлекеттердің парламенттерімен (парламенттер палаталарымен) және халықаралық парламенттік ұйымдармен ынтымақтастық топтарын құрады, сондай-ақ Сенат депутаттарын халықаралық, мемлекетаралық парламенттік ұйымдардың және органдардың құрамына қосады (жібереді), олардың құрамына өзгерістер енгізеді;

бірнеше комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша комитеттердің бірлескен жұмысын ұйымдастыруға көмек көрсетеді;

Сенаттың тұрақты комитеттерінің парламенттік тыңдаулар өткізуі туралы шешім қабылдайды;

Сенат Аппаратының құрылымы мен штат санын бекітеді, сондай-ақ өз құзыреті шегінде өзге де актілерді қабылдайды;

Сенат талап қоюшы немесе жауапкер ретінде қатысатын органдарға депутаттар, Аппарат қызметкерлері мен мамандар арасынан Сенат өкілдерін тағайындайды;

азаматтардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастырады;

Палатаның тиісті комитеттерінің ұсынысы бойынша заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарының құрамын және олардың қызметін қаржымен қамтамасыз етуді бекітеді;

депутаттық топтарды тіркейді, бұл орайда тіркеу келу тәртібімен жүзеге асырылады және ақпараттық сипатта болады;

консультативтік-кеңесші органдарын құрады және осы органдар туралы ережелерді бекітеді;

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен Сенаттың басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған Сенат жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерін шешеді.

Сенат Бюросы өз құзыреті шегінде қаулылар қабылдайды, Парламент Сенаты олардың күшін жоюға құқылы.

Сілтеме. 102-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000; 06.06.2002; 20.09.2007; 24.03.2016 N 980-V ПС қаулылары.

103. Сенат Бюросының отырыстарын қажет болуына қарай Сенаттың Төрағасы шақырады. Бюро отырыстарының уақыты мен күн тәртібі туралы Сенаттың барлық депутаттары хабардар етіледі. Сенат Бюросының отырыстары оның мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болады.

Палата Бюросының шешімі оған оның мүшелері жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс бергенде қабылданады. Берілген дауыстар саны тең болған жағдайда Палата Төрағасының даусы шешуші болып есептеледі.

Сенат Бюросының отырысына Сенат депутаттары (кеңесші дауыс құқығымен), Президент пен Үкіметтің Парламенттегі өкілдері және Сенат Бюросының отырыстарына Сенат Төрағасы шақырған адамдар қатысуға құқылы.

Сенат Бюросының қарауына мәселе енгізудің бастамашысы Сенат Бюросы тиісті мәселелер бойынша бекіткен тізбеге сәйкес қажетті материалдарды әзірлейді және олар Сенат Бюросының отырысы басталардан кемінде үш күн бұрын Сенаттың Аппаратына берілуге тиіс.

Материалдары толық көлемде берілмеген мәселелер күн тәртібіне енгізілмейді.

Сенат Бюросы қараған мәселелер туралы және қабылданған шешімдер туралы Палата депутаттарына хабарланады.

Бюро отырысы хаттамамен ресімделеді. Отырыс стенограммасы қажет болған жағдайда жасалады.

Сенат Бюросы қараған мәселелер бойынша құжаттарды мәселені енгізу бастамашысы екі күн ішінде пысықтайды.

Сілтеме. 103-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000  және 06.06.2002 қаулылары.

 

104. Сенат Бюросының тапсыруы бойынша Сенат Аппараты депутаттарды Сенат пен Парламент қабылдаған құжаттармен, сондай-ақ Парламент пен оның органдары, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер ресми тарататын ақпараттық және анықтамалық материалдармен қамтамасыз етеді.

Сілтеме. 104-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

 

10-тарау. Парламент Сенатының жұмыс органдары

 

105. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 11-бабына сәйкес Сенат өзінің жұмыс органдарын – Палата депутаттарының арасынан тұрақты комитеттер құрады. Олардың саны жетіден аспауға тиіс. Сенаттың тұрақты комитеттері заң жобалары жұмысын жүргізу, Палатаның қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау және әзірлеу үшін құрылады. Тұрақты комитеттерді құрған кезде Сенат олардың тізбесі мен сандық құрамын белгілейді, содан соң Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы комитеттер төрағаларын және олардың мүшелерін сайлайды.

Сандық құрамды қалыптастыру кезінде депутаттардың белгілі бір комитетте жұмыс істеуді қалайтыны ескеріледі. Сандық шектен асып кеткен немесе басқа комитеттерде мүшелер жетіспеген кезде, депутаттар өз тілегі бойынша басқа комитеттерге ауыса алады немесе бұл Сенат Төрағасының ұсынуы бойынша Сенаттың қаулысымен жасалады.

Әр комитеттің сандық құрамын Сенат белгілейді, бірақ ол алты депутаттан кем болмауға тиіс.

Парламент Сенатының Төрағасы мен оның орынбасарлары Палата тұрақты комитеттерінің құрамына кіре алмайды.

Сенат депутаты Палатаның бір комитетінің ғана мүшесі бола алады.

Сілтеме. 105-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

106. Парламенттің кезекті шақырылымында Сенат депутаттарының жартысы сайланғаннан және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы оларды тіркегеннен кейін, Сенаттың бірінші отырысында Палата тұрақты комитеттердің саны мен атауы, тұрақты комитеттердің төрағаларын және тұрақты комитеттердің мүшелерін сайлау туралы мәселені қарайды.

Қажет болған жағдайда Сенат жаңа комитеттер құруға, бұрын құрылғандарын таратуға немесе оларды қайта ұйымдастыруды жүргізуге құқылы.

Сенаттың тұрақты комитеттерін құру туралы Палата қаулы қабылдайды.

Сілтеме. 106-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 және 20.09.2007 қаулылары.

 

107. Сенат тұрақты комитетінің төрағасы Палатаның отырысында Сенат депутаттарының арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Сілтеме. 107-тармаққа өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

108. Тиісті тұрақты комитет төрағасының қызметіне кандидатураларды Палата депутаттары ұсынады.

 

109. Сенаттың тұрақты комитеті төрағасының қызметіне кандидатқа Палата алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу уақыты 10 минутқа дейін.

Кандидат сөз сөйлегеннен кейін депутаттардың оған сұрақтар қоюға, кандидатура жөнінде өз пікірін айтуға құқығы бар.

Палатаның тұрақты комитеті төрағасының қызметіне кандидатқа депутаттардың сұрақтарына жауап беру үшін 15 минутқа дейін уақыт бөлінеді.

Кандидатураны талқылау үшін 20 минутқа дейін уақыт бөлінеді.

Кандидатураларды талқылау бөлінген уақыт біткеннен кейін немесе депутаттардың ұсынысы бойынша Сенаттың шешімімен тоқтатылады.

 

110. Тұрақты комитеттің төрағасы лауазымына екіден артық кандидат ұсынылған және олардың бірде-біреуі Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусын алмаған жағдайда ең көп дауыс санын алған екі кандидат бойынша қайтадан дауыс беру өткізіледі.

Қайтадан дауыс берген кезде ең көп дауыс санын алған кандидат тұрақты комитеттің төрағасы қызметіне сайланды деп есептеледі.

 

111. Сенат тұрақты комитеті төрағасының сайлануы туралы Палата қаулы қабылдайды.

 

112. Тұрақты комитеттің төрағасы:

тұрақты комитеттің жұмысына басшылық жасайды;

комитеттің жұмыс жоспарын және отырыстар күн тәртібінің жобасын жасайды;

 комитет мүшелеріне комитеттің жұмысына байланысты тапсырмалар береді.

 

113. Комитет мүшелері жалпы санының үштен екісінің ұсынуы бойынша комитеттер Сенаттың қарауына комитет төрағасын тиісті міндеттерін атқарудан босату туралы мәселе енгізуге құқылы. Сенат шешімді Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды.

Комитеттің төрағасы өз еркімен орнынан түсуге құқылы, ол Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

 

114. Сенат тұрақты комитетінің хатшысы комитет отырысында оның мүшелері арасынан комитет мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы сайланады.

Тұрақты комитет хатшысы лауазымына кандидатураны Палатаның тиісті тұрақты комитетінің мүшелері ұсынады.

Хатшы комитетте іс қағаздарының жүргізілуін және комитет отырыстарының хаттамаларын ресімдеуді ұйымдастырады, комитет төрағасы болмаған кезде оның міндетін атқарады.

Тұрақты комитет төрағасының ұсынысы бойынша, егер оған комитет мүшелері жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе, комитеттің хатшысы қызметтен кері шақырылып алынуы мүмкін.

Сілтеме. 114-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

115. Комитет өз қызметінің негізгі бағыттары бойынша өз ішінен кіші комитеттер құра алады.

Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар мен қорытындылар түрінде шешімдер қабылдайды.

 

116. Заң жобалары жұмысын жүргізу, Палатаның қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау мен әзірлеу үшін құрылған Сенат комитеттері:

Мәжілістен келіп түскен заң жобаларына қорытындылар әзірлеуді жүзеге асырады;

заң жобаларын әзірлейді және алдын ала қарайды;

парламенттік тыңдаулар өткізуді ұйымдастырады;

Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдары ережелерінің іске асырылуына жәрдемдеседі;

өз қызметі мен Палата қызметін ұйымдастыру мәселелерін шешеді;

Сенаттың қарауына жататын өзге де мәселелерді қарауға қатысады.

Заң жобалары бойынша қорытындылар комитет мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

Сілтеме. 116-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

117. Қорытындылар әзірлеу тапсырылған комитет Сенат Бюросы көрсеткен мерзім ішінде Сенаттың басқа комитеттерінің ескертпелері мен ұсыныстарын жинақтайды, Мәжіліс қабылдаған заң жобасын қарайды және ол жөнінде қорытынды қабылдайды.

Қорытынды әзірлеу мерзімін ұзарту қажет болған жағдайда комитет төрағасы Сенат Төрағасына мерзімді өзгерту жөнінде уәжді өтініш жасайды.

Заң жобасын комитеттің қарауы ашық өткізіледі. Комитет өз отырыстарына заң жобасының бастамашысын, оның өкілдерін, сарапшы ретінде мамандар мен ғалымдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақыра алады. Комитет, әдетте, кемінде үш күн бұрын депутаттар мен барлық мүдделі тараптарды отырысты өткізу уақыты мен орны туралы хабардар етеді.

Егер заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу бірнеше комитетке тапсырылса және бірыңғай қорытынды алынбаса, әрбір комитет өз қорытындысын береді.

Сілтеме. Толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының  20.09.2007 қаулысы.

 

118. Қазақстан Республикасы Конституциясының 54 және  55-баптарына сәйкес Сенаттың міндетті түрде қарауына жататын заңдар бойынша бас комитет мынадай шешімдердің бірін қабылдауға құқылы:

Сенатқа Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын қабылдауды ұсыну;

Сенатқа заң жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсыну;

уәжді қорытынды жасау арқылы Сенатқа заң жобасын қабылдамай тастауды ұсыну.

Қорытынды әзірлеуге жауапты комитеттің қорытындысы комитеттің пікірі бойынша заң жобасының мәтініне барлық қажетті өзгерістермен және толықтырулармен қоса Сенаттың Төрағасына беріледі. Комитет Сенаттың тиісті қаулысын да әзірлейді.

Сілтеме. 118-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

119. Комитет мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі болған жағдайда комитеттің отырысы заңды болады.

Комитеттің отырыстары қажет болуына қарай, бірақ айына кемінде екі рет өткізіледі.

Комитеттің төрағасы отырыстарды өз бастамасы бойынша да, комитет депутаттарының, Палата Төрағасының ұсынысы бойынша да шақырады.

Отырысты комитеттің төрағасы немесе хатшысы жүргізеді. Комитеттің шешімі комитет мүшелері жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады.

Сілтеме. 119-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000  және 20.09.2007 қаулылары.

 

120. Комитеттің Сенат отырысының күн тәртібі жөнінде ұсыныстар енгізуге құқығы бар, бұл құқықты ол Сенат Бюросы арқылы іске асырады. Сенат Бюросы күн тәртібін жасау жөніндегі ұсыныстан бас тартқан жағдайда комитет мұны Сенат отырысында жасауға құқылы.

Комитет өкілдерінің Сенат отырыстарында не басқа комитеттердің отырыстарында баяндамалар мен қосымша баяндамалар жасауға және жарыссөзде сөз сөйлеуге құқығы бар.

 

121Комитет отырыстарына осы комитеттің құрамына кірмейтін Сенат депутаттары кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады. Отырыстарға Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі, Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ комитет төрағасының келісімімен өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысуға құқылы.

 

122. Комитет қаралатын мәселелерді әзірлеу және парламенттік тыңдауларды ұйымдастыру үшін Сенат депутаттарын, министрліктердің, мемлекеттік комитеттер мен ведомстволардың, басқа да мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың, ғылыми мекемелердің өкілдерін, сондай-ақ мамандар мен ғалымдарды тарта отырып, Сенат Бюросы бекітетін жұмыс топтарын құра алады.

Комитет өз жұмысына сарапшылар ретінде түрлі сала мамандарын тартуға, сондай-ақ заң жобасының тәуелсіз сараптамасын тағайындауға құқылы. Комитеттер бірлескен отырыстар өткізуге құқылы.

Комитет азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің нақты заң жобасы бойынша келіп түскен ұсыныстарын пайдалануға құқылы.

Сілтеме. 122-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

123. Комитеттер өздерінің қызметі үшін қажетті материалдар мен құжаттарды мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан сұратып алуға құқылы. Сұратылған материалдар мен құжаттарды мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар Сенаттың комитеттеріне заңмен қорғалатын құпияны ескере отырып, қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті.

Сілтеме. 123-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 11.12.2009  № 526-IV ПС қаулысы.

 

124. Комитет өз қызметінің бағытына сәйкес парламенттік тыңдаулар өткізуді ұйымдастырады, оларға Парламенттің екі палатасының депутаттары, лауазымды адамдар, сарапшылар, әртүрлі мемлекеттік және қоғамдық органдар мен ұйымдардың, ғылыми мекемелердің өкілдері шақырылуы мүмкін.

Парламенттік тыңдаулар өткізу туралы ұсыныс Палатаның тиісті комитетінің мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және Сенат Бюросы арқылы іске асырылады.

 

125. Парламент Палаталарының бірлескен қызметіне қатысты мәселелерді шешу үшін Сенат пен Мәжіліс тепе-теңдік негізінде Парламенттің жұмыс органы болып табылатын бірлескен комиссиялар құруға құқылы, олардың сандық құрамы Палаталар арасындағы уағдаластық бойынша белгіленеді. Комиссиялар мүшелерін сайлауды әрбір Палатаның өзі дербес жүзеге асырады.

 

126. Республика Конституциясы 47-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті науқастануына байланысты өзінің міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі дендеген жағдайда қызметінен мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.

Бұл жағдайда Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиісті салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады.

Парламент Сенатынан комиссия мүшелерінің кандидатураларын Палатаның отырысында тікелей Сенат депутаттары, Сенат комитеттері ұсынады.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 47-бабының 2-тармағында, 57-бабының 5) және 6) тармақшаларында көзделген Сенат өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында Сенат уақытша арнаулы комиссиялар құрады.

Сілтеме. 126-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000  және 20.09.2007 қаулылары.

 

127. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың өкілеттіктері мен қызмет тәртібі заңмен және осы Регламентпен белгіленеді.

 

 

4-БӨЛІМ. Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттіктерін  жүзеге асыру тәртібі және олардың жауапкершілігі

 

11-тарау. Заң шығару бастамасы құқығын іске асыру

 

         128. Заң шығару бастамашылығына құқылы субъектінің Парламенттің қарауына міндетті заңның немесе Парламенттің өзге де заңнамалық актісінің жобасы мәтінін ресми түрде енгізуі заң шығару бастамасы болып табылады.

 

129. Заң шығару бастамашылығы құқығын Сенат депутаттары Мәжіліске заң жобалары мен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін өзгерту, толықтыру немесе олардың күшін жою туралы жобаларды енгізу нысанында жүзеге асырады.

Сілтеме. 129-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

130. Заң шығару бастамашылығына құқылы емес адамдар ұсынатын заң жобаларын Мәжіліске заң шығару бастамашылығына құқылы субъект, Сенат депутаты енгізуі мүмкін.

 

131. Мәжілістің қарауына заң жобасының мәтінімен бірге мынадай материалдар беріледі:

Сенат депутаттарының тектерін көрсете отырып, заң жобасы бастамашысының ұсынуы;

енгізу қажеттігі, соның ішінде заң жобасы қабылданған жағдайда болуы ықтимал болжамдар негізделген түсіндірме жазба;

қаржылық-экономикалық негіздеме, кірістердің қысқартылуын немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғайтылуын талап ететін заң жобалары Республика Үкіметінің оң қорытындысы болған жағдайда ғана енгізіледі;

осы заң жобасы қабылданған жағдайда өзгертілуге немесе күші жойылған деп танылуға тиіс заң актілерінің тізбесі;

жұмыс тобының құрамы.

Сілтеме. 131-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

132. Заң шығару бастамашылығы құқығын жүзеге асыру тәртібіне байланысты өзге мәселелер Мәжіліс регламентімен шешіледі. 

 

 

12-тарау. Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттіктері және олардың жауапкершілігі

 

133. Сенат депутаты Парламенттің, Палаталардың және олардың өзі құрамына сайланған органдарының жұмысына қатысуға міндетті.

 

134. Сенат депутаты Сенатта, сондай-ақ өзі мүшесі болып табылатын органда қаралатын барлық мәселелер бойынша шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

Сенат депутаты:

Парламенттің және Сенаттың жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;

отырыстың күн тәртібі, талқыланатын мәселелердің қаралу тәртібі мен мәні жөнінде ұсыныстар және ескертпелер енгізуге;

Парламент Сенаты сайлайтын, қызметінен босататын немесе тағайындайтын, не тағайындау үшін Парламент пен оның Сенаты келісім беретін лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша өз пікірін айтуға;

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында және Парламент Сенатының отырысында қарауға ұсынылып отырған мәселелер бойынша Палата Бюросына ұсыныстар енгізуге, ал өз ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Сенаттың отырысының қарауына енгізуге;

Парламент және Парламент Сенаты органдарының отырыстарында қарау үшін мәселелер ұсынуға;

Парламент Палаталарына есеп беретін лауазымды адамдардың есебін немесе ақпаратын Парламент Палаталарының бірлескен отырысында тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге;

заңда белгіленген тәртіппен депутаттық сауал салуға;

талқыланып отырған мәселе бойынша жарыссөзге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырыста төрағалық етушіге сұрақтар қоюға;

дауыс беру жағдаяттары бойынша өз ұсыныстарын негіздей отырып сөз сөйлеуге, анықтамалар беруге;

заңдардың, қаулылардың, Парламент қабылдайтын басқа да актілердің жобаларына түзетулер енгізуге;

Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар өтініштерімен таныстыруға;

депутаттардың сөйлеген сөздерінің Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы мәтіндерімен танысуға;

мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан өз қызметіне қажетті материалдар мен құжаттарды сұратуға құқылы; мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар Сенат депутаттарына сұратылған материалдар мен құжаттарды заңмен қорғалатын құпияны ескере отырып беруге міндетті;

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Парламент пен оның Палаталарының регламенттеріне сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.

Сілтеме. 134-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000  және 20.09.2007 қаулылары.

 

135. Депутаттық міндеттерді атқаруға кедергі жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай да болсын нысанда ықпал ету Республика заңнамасына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдында өз міндеттерін орындамайтын, оған көрінеу жалған ақпарат беретін, депутаттық қызмет кепілдіктерін бұзатын лауазымды адамдары Республика заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.

 

136. Сенат депутаты басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, ақы төленетін өзге де жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе бақылау кеңесінің құрамына кіруге құқылы емес. Осы ережені бұзу Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша депутаттың өкілеттіктерін тоқтатуға алып келеді.

Сілтеме. 136-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

137. Депутат өзінің дауыс беру құқығын тікелей жүзеге асырады. Жоқ депутат үшін дауыс беруге тыйым салынады.

Депутат Сенат пен оның органдарының отырыстарында өз даусын басқаға берген жағдайда Палата Бюросының шешімімен депутатқа даусын басқаға беруге жол берілген күнгі жалақысын төлеуден, ал даусын басқаға қайталап берген жағдайда айлық жалақысын төлеуден бас тартылады.

 

138. Депутаттық қызмет мәселелері бойынша депутат мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, мемлекеттік ұйымдарға кедергісіз бару құқығын, сондай-ақ олардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдарының кезек күттірмей қабылдау құқығын пайдаланады. Оның баруы депутаттық куәлікті көрсету арқылы жүзеге асырылады.

Қызметі мемлекеттік құпиялармен байланысты ұйымдарға депутаттың бару тәртібі заңмен белгіленеді.

 

139. Депутаттың Палата Төрағасының рұқсат етуімен ғана Парламенттің бірлескен отырысында, Сенаттың отырысында және олардың органдарының отырысында болмауы немесе одан кетуі мүмкін.

Сілтеме. 139-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 қаулысы.

 

140. Депутат өз өңіріне немесе өзге өңірге Сенат Төрағасының келісімімен Палата бекіткен кесте бойынша ғана іссапарға барады. Бұл орайда депутат өз өңірінде тоқсанында кемінде бір рет ұзақтығы 10 күннен аспайтын уақыт болуға құқылы.

Депутат Палаталардың, Палата Төрағасының шешімімен Парламенттің, Сенаттың және олардың органдарының тапсырмасын орындау үшін ресми делегация құрамында Республиканың өзге өңіріне немесе Республикадан тыс жерлерге іссапарға жіберілген жағдайда оған заңнамада белгіленген норма бойынша іссапар шығындары төленеді.

Бұл орайда депутаттарды іссапарға жіберу Парламент, Сенат және оның органдары отырыстарының кворумына әсер етпеуге тиіс.

 

141. Депутаттың ресми делегация құрамында немесе Парламенттің, Сенаттың, Сенат Төрағасының, Парламент пен Палатаның жұмыс органдарының тапсырмасымен кетуі салдарынан отырыста болмауы дәлелді себеп болып табылады.

 

142. Депутат Палаталардың және олардың органдарының отырыстарында дәлелсіз себептермен бір айдың ішінде үш реттен астам болмаған жағдайда, оған болмаған күндері үшін жалақы төлеуден бас тартылады.

Депутат Палаталардың және олардың органдарының отырыстарында дәлелсіз себептермен бір айдан астам уақыт болмаған жағдайда, ол өзі болмаған мерзімге «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 30-бабының 1, 3, 4, 5-тармақтарымен берілген материалдық, қаржылай және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету жағдайларының бәрінен:

- жалақы төлеуден;

- көлікпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алудан;

- іссапар шығындарын төлеуден;

- автомобиль көлігімен қызмет көрсетуден;

- емдеу-сауықтыру және санаторий-курорт қызметін көрсетуден айрылады.

Жазалау шаралары туралы шешімді Сенат депутаты Палаталардың бөлек немесе бірлескен отырыстарында болмаған кезде Сенат Төрағасы, ал Сенат немесе Парламент органдарының отырыстарында болмаған кезде – Сенат Бюросы қабылдайды.

Сілтеме. 142-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

143. Парламент пен Сенаттың регламенттерімен белгіленген депутаттық әдеп ережелерін бұзған жағдайда, Сенат Төрағасының шешімімен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:

парламенттік бетке басу; жұрт алдында кешірім сұрауға мәжбүр ету; Палаталардың бірлескен немесе бөлек бір отырысында сөз сөйлеуден айыру; Палаталардың бірлескен немесе бөлек үш отырысында сөз сөйлеуден айыру; Палаталардың бірлескен немесе бөлек бір отырысы кезінде отырыс залынан шығарып жіберу; Палаталардың бірлескен немесе бөлек үш отырысы кезінде отырыс залынан шығарып жіберу; бір күндік жалақысынан айыру.

Сілтеме. 143-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

144«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 33-бабында көзделген депутаттарға жазалау шараларын қолдануға байланысты мәселелер әзірлеуді Республиканың Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Палаталар мен олардың органдарының бірлескен және бөлек отырыстарына депутаттардың келуін, сондай-ақ депутаттардың өз даусын басқа біреуге беруіне жол берілмеуін бақылауды Орталық сайлау комиссиясының мүшелері жүзеге асырады. 

 

 

13-тарау. Депутаттық сауалдар мен сұрақтар

 

145. Депутаттық сауал Парламент Палаталарының бірлескен және бөлек отырысында Сенат депутатының мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына депутаттық сауал салынған Парламент Палаталарының тиісті отырысында сол органның немесе лауазымды адамның құзыретіне жататын мәселелер бойынша негізді түсінік беруін немесе көзқарасын баяндауын ресми талап етуі болып табылады.

Сенат депутаты Премьер-Министр мен Үкімет мүшелеріне, Ұлттық Банктің Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорға, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелеріне сауал салуға құқылы. Бұл орайда Бас Прокурорға салынған сауал қылмыстық қудалау міндеттерін жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты болмайды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына салынған сауал Палатаның жабық отырысында қаралады.

 

146. Сауал жазбаша түрде енгізілуі мүмкін және Парламенттің немесе Палатаның отырысында жария етілуге тиіс.

Сауал салынған адам сол кезде отырыс залында отырған болса, сауал соның өзіне (немесе оның өкіліне) тікелей беріледі. Басқа жағдайлардың бәрінде депутат отырыста жариялаған сауалды Сенат Аппараты ол жарияланған күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мемлекеттік органның тиісті лауазымды адамына жібереді.

Сілтеме. 146-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 және 20.09.2007 қаулылары.

 

147. Сауалға қайтарылған жауап бойынша жарыссөз өткізілуі мүмкін. Депутат сауалға қайтарылған жауапқа өзінің көзқарасын білдіруге құқылы.

Сауалға қайтарылған жауап пен оны талқылау нәтижелері бойынша Парламенттің немесе Сенаттың қаулысы қабылданады.

Егер Парламенттің немесе Сенаттың қаулысымен өзгеше шешім қабылданбаса, депутаттық сауал салған депутаттың өтініші бойынша сауал мен жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкін.

 

148. Сенат депутаты Палаталардың бірлескен және бөлек отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Үкімет мүшелеріне, Ұлттық Банкінің Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелеріне ауызша сұрақ қоюға құқылы. Жауап осы отырыста, ал жауап қайтаруға қосымша дайындалу қажет болған жағдайда – үш күн мерзімде қайтарылады.

Сұрақтар бойынша жарыссөз өткізілмейді және түсініктеме берілмейді. 

 

 

14-тарау. Депутаттық бірлестіктер

 

149. Сенат депутаттары, партияда болу принциптері бойынша топтарды қоспағанда, депутаттық топтар түріндегі депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.

Сілтеме. 149-тармақ жаңа редакцияда жазылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

150. Депутаттық топ – депутаттардың өз  өкілеттіктерін  жүзеге асыруға арналған бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында Парламенттің кемінде он бес депутаты болуға тиіс.

Сенат Бюросында тіркелген депутаттық бірлестіктер өздерінің шешімдері туралы Сенат Төрағасына хабарлайды.

Сілтеме. 150-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

151. Депутаттық топтарды тіркеу Палата Бюросында жүзеге асырылады, келу тәртібімен жүргізіледі және ол тек қана ақпараттық сипатта болады.

Депутаттар депутаттық бірлестіктен шыққан жағдайда (және, егер оның құрамында тіркелу үшін қажетті мүшелердің саны аз болса) мұндай депутаттық бірлестік Палата Бюросының қаулысымен өз қызметін тоқтатады. Депутаттық бірлестікке мүшелігін өзгерткен депутат бұл туралы оның бұрынғы және жаңа бірлестігі тіркелген Палатаның Бюросына он күн ішінде хабарлайды.

Сілтеме. 151-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

152. Депутаттық бірлестіктер өздері тіркелген Палатаның Бюросы арқылы өздері әзірлеген материалдарды Парламент депутаттарының арасында таратуға құқылы. Депутаттық бірлестіктердің мүшелері бірлестіктердің тапсыруымен жарыссөз тоқтатылған кезде, өз өкіліне сөз беруді талап етуге құқылы. Бұл жағдайда төрағалық етуші оған сөз беруге міндетті.

Депутаттық бірлестіктердің ішкі қызметін олар дербес ұйымдастырады.

Сенаттағы депутаттық бірлестіктердің өкілеттіктері, ұйымдастырылуы мен қызметі, олардың жұмысы Парламенттің Регламентімен және осы Регламентпен белгіленеді.

Сілтеме. 152-тармаққа өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы. 

 

 

5-БӨЛІМ. Парламент Сенатының лауазымды адамдары және олардың өкілеттіктері

 

15-тарау. Парламент Сенатының Төрағасы

 

153. Сенаттың Төрағасы мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін Сенат депутаттарының арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы Палатаның отырысында сайланады.

Сілтеме. 153-тармаққа өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

154. Сенат Төрағасы қызметіне кандидатураны Республика Президенті ұсынады.

 

155. Сенат Төрағасы қызметіне кандидатқа Палатаның алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу уақыты – 10 минутқа дейін.

Кандидат сөз сөйлегеннен кейін депутаттар оған сұрақ қоюға, кандидатура жөнінде өз пікірін айтуға, ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе оған «қарсы» үгіт жүргізуге құқылы.

Сенат Төрағасы қызметіне кандидатқа депутаттардың сұрақтарына жауап қайтару үшін 15 минутқа дейін уақыт бөлінеді.

Кандидатураны талқылауға 20 минутқа дейін уақыт бөлінеді.

 

156. Кандидатураны талқылау бөлінген уақыт біткеннен кейін немесе депутаттардың ұсынысы бойынша Сенаттың шешімімен тоқтатылады.

 

157. Парламент Сенатының Төрағасы қызметіне ұсынылған кандидатура жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге енгізіледі, оны төрағалық етуші жария етеді.

Кандидатты жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге енгізу туралы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Сенат қаулысы қабылданады.

 

158. Палата жасырын дауыс беруді өткізу және оның нәтижелерін айқындау үшін Сенат депутаттарының арасынан бес адамнан тұратын Санақ комиссиясын сайлайды. Палата Санақ комиссиясын сайлау туралы Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен қаулы қабылдайды.

 

159. Санақ комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды. Санақ комиссиясының шешімдері комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.

 

160. Бюллетеньдер Санақ комиссиясының бақылауымен нысан бойынша және белгілі бір мөлшерде әзірленеді. Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерде дауыс беруге қажетті ақпарат болуға тиіс.

Дауыс берілетін уақыт пен орынды, оның өткізілу тәртібін Санақ комиссиясы белгілейді және оны Санақ комиссиясының төрағасы хабарлайды.

Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді Сенат депутаттарына Санақ комиссиясының мүшелері Палата депутаттарының тізіміне сәйкес олар депутат куәлігін көрсеткеннен кейін береді.

Сенат депутаты бюллетеньдерді жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады.

Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер жарамсыз деп есептеледі. Бюллетеньге қосымша жазылған тектер дауысты есептеген кезде ескерілмейді.

Жасырын дауыс беру нәтижелері туралы Санақ комиссиясы хаттамалар жасайды, оған Санақ комиссиясының барлық мүшелері қол қояды. Санақ комиссиясының баяндамасы бойынша Сенат ашық дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру нәтижелері туралы Санақ комиссиясының хаттамасын бекітеді.

Дауыс беру кезінде болмаған Парламент Сенатының депутаты кейіннен дауыс беруге құқылы емес.

Сілтеме. 160-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

161. Егер кандидат жасырын дауыс беру нәтижесінде Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусын алса, ол Парламент Сенатының Төрағасы қызметіне сайланды деп есептеледі.

 

162. Сенат қабылдамай тастаған кандидатураның орнына жаңа кандидатураны Республика Президенті енгізеді.

 

163. Сенат Төрағасының сайланғаны туралы Палата қаулы қабылдайды, оған отырыста төрағалық етуші қол қояды.

Сілтеме. 163-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

164. Сенат Төрағасы сайланғаннан кейін Палатаның отырысын Парламент Сенатының Төрағасы жүргізеді.

Сілтеме. 164-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 және 20.09.2007 қаулылары.

 

165. Сенаттың Төрағасы:

Сенат отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;

Сенаттың қарауына енгізілетін мәселелердің әзірленуіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

Палатаға Палата Төрағасының орынбасарлары қызметіне сайлауға кандидатуралар ұсынады, сондай-ақ олардың арасындағы міндеттерді бөледі;

Сенат Регламентінің сақталуын қамтамасыз етеді;

Сенаттың үйлестіру органының қызметіне басшылық етеді;

Сенат шығаратын актілерге қол қояды;

Палаталарға Конституциялық Кеңестің екі мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін қызметке тағайындау үшін кандидатураларды ұсынады;

Сенаттың кезекті отырысы күн тәртібінің жобасын әзірлейді;

Сенаттың кезектен тыс отырыстарын шақырады;

Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қарау үшін Сенаттың комитеттеріне жібереді;

Сенат қабылдаған заңдарды қол қою үшін Қазақстан Республикасының Президентіне жібереді;

Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, сондай-ақ шет мемлекеттердің парламенттерімен өзара қатынастарда Парламент Сенатынан өкіл болады;

Мәжіліс Төрағасымен бірге Палаталардың кезектен тыс бірлескен отырысын шақыру туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді;

Парламент Сенатының Конституциялық Кеңестегі өкілдерін белгілейді;

Заң шығарушылық жұмыстың тұжырымдамалық жоспарын келіседі;

жеке мәселелер бойынша азаматтардың хаттарын, шағымдарын және басқа да өтініштерін қарауды Палата Аппаратына тапсырады;

мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ азаматтардың заң шығарушылық жұмыс мәселелері бойынша өтініштерін комитеттердің шешуіне береді;

өзіне Сенат Регламентімен жүктелген басқа да міндеттерді атқарады;

осы Регламентке және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес Сенат қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелерін шешеді.

Сенатта дауыс берген кезде депутаттардың даусы тең бөлінген жағдайда Сенат Төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

Сенат Төрағасы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады.

Сілтеме. 165-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000; 20.09.2007; 11.12.2009 № 526-IV ПС және 24.03.2016 № 980-V ПС қаулылары.

 

166. Егер Сенат депутаттары жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе, Сенат Төрағасы қызметінен кері шақырылып алынуы мүмкін, сондай-ақ орнынан түсуге құқылы.

Сенат Төрағасын атқаратын қызметінен босату туралы мәселені Сенат Қазақстан Республикасы Президентінің Сенат Төрағасына ұсынысы, Сенат Төрағасының өз арызы түскен жағдайда қарайды. 

 

 

16-тарау. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасарлары

 

Сілтеме. 16-тараудың тақырыбына өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

167. Сенат Төрағасының орынбасарлары Сенат Төрағасының ұсынуы бойынша Палата депутаттары арасынан Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы Сенаттың отырысында сайланады.

Сілтеме. 167-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

168. Сенат Төрағасының Орынбасары қызметіне кандидатқа Палата алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу уақыты 10 минутқа дейін.

Кандидат сөз сөйлегеннен кейін депутаттар оған сұрақ қоюға, кандидатура жөнінде өз пікірін айтуға, ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе оған «қарсы» үгіт жүргізуге құқылы.

Сенат Төрағасының Орынбасары қызметіне кандидатқа депутаттардың сұрақтарына жауап қайтару үшін 15 минутқа дейін уақыт бөлінеді.

Кандидатураны талқылауға 20 минутқа дейін уақыт бөлінеді.

 

169. Кандидатураны талқылау бөлінген уақыт біткеннен кейін немесе депутаттардың ұсынысы бойынша Сенаттың шешімімен тоқтатылады.

 

170. Сенат Төрағасының Орынбасары қызметіне кандидат сайлану үшін талап етілетін дауыс санын алмаған жағдайда Сенаттың Төрағасы жаңа кандидатура ұсынып, ол талқыланады және дауысқа салынады.

 

171. Сенат Төрағасы Орынбасарының сайлануы туралы Палата қаулы қабылдайды.

 

172. Сенат Төрағасының Орынбасары атқарып жүрген қызметінен Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданатын Сенат шешімімен босатылуы мүмкін.

Сенат Төрағасының орынбасарларын атқарып жүрген қызметінен босату туралы мәселе Сенат Төрағасының ұсынысымен, Сенат Төрағасы орынбасарларының өз арызы бойынша қаралады.

 

173. Сенат Төрағасының орынбасарлары Сенат Төрағасының уәкілдік беруімен оның жекелеген қызметін атқарады, ол болмаған немесе оның өз міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндігі болмаған кезде Төрағаның міндетін атқарады, осы Регламентке сәйкес Сенат қызметінің ішкі тәртібі мәселелері бойынша басқа да өкілеттіктерді атқарады.

Сілтеме. 173-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы. 

 

 

16-1-тарау. Парламент Сенатының шет мемлекеттер парламенттерімен және халықаралық парламенттік ұйымдармен ынтымақтастығы

 

Сілтеме. Регламент 16-1-тараумен толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

173-1. Парламент Сенаты шет мемлекеттер парламенттерімен және халықаралық парламенттік ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асырады.

Сілтеме. Толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

173-2. Парламент Сенаты басқа мемлекеттердің парламенттерімен (парламенттер палаталарымен) және халықаралық парламенттік ұйымдармен парламентаралық ынтымақтастық туралы келісімдер жасасуға құқылы.

Сілтеме. Толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының  20.09.2007 қаулысы. 173-2-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 11.12.2009 № 526-IV ПС; 24.03.2016 № 980-V ПС қаулылары.

 

173-3. Сенат Төрағасы:

парламентаралық алмасу шеңберінде жүзеге асырылатын ресми және жұмыс сапарлары туралы, сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттарын шет елге іссапарға жіберу туралы өкімдер шығарады;

басқа мемлекеттердің парламенттерімен (парламенттер палаталарымен) және халықаралық парламенттік ұйымдармен парламентаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды не бұл актіні жасауға Сенаттың өзге тұлғасына өкілеттік береді;

Парламент Сенатының шет елге жіберілетін делегациясының құрамын, қажет болған кезде осы делегациялардың басшыларын, олардың орынбасарларын және олармен ілесе жүретін адамдарды бекітеді.

Сілтеме. Толықтырылды – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының  20.09.2007 қаулысы. 173-3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Парламенті Сенатының 11.12.2009 № 526-IV ПС қаулысы.

 

 

6-БӨЛІМ. Қорытынды ережелер

 

174. Парламент Сенатының Регламенті Палатаның тиісті қаулысы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.

 

175. Сенат Регламентін өзгерту мен толықтыру туралы Сенаттың Төрағасы, Сенат Төрағасының орынбасарлары, Сенаттың Бюросы, Палатаның комитеттері, депутаттық топтар, Палата депутаттары Сенат Төрағасына ұсыныстар жасай алады, олар қаралғаннан кейін Сенаттың Төрағасы оларды Сенат қарайтын мәселелердің жоспарына қосады және Палата отырысының қарауына енгізеді. Сенат Төрағасы Регламентті өзгерту мәселесін отырыстардың күн тәртібіне енгізбеген жағдайда, оны енгізуге бастамашы бұл мәселені Палатаның алдына қоюға құқылы.

Сілтеме. 175-тармаққа өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 қаулысы.

 

176. Осы Регламенттің ережелерін түсіндіруді Сенат жүзеге асырады.

 

177. Сенат депутаттарының өзінің конституциялық  өкілеттіктерін  жүзеге асыруды мақсат ететін кез келген отырысы регламенттермен белгіленген шарттар мен рәсімдер сақталмай өткізілсе, ол заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актілер жарамсыз болады.

 

178. Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің Сенаттағы өкілдерінің Палатаның, оның комитеттерінің, комиссияларының отырыстарына, парламенттік тыңдаулар өткізу кезіндегі отырыстарға қатысуға және сөзін тыңдатуға құқығы бар. Өкілдерге Сенаттың, Сенат Бюросының және оның жұмыс органдарының отырыстарында қаралатын мәселелер бойынша қажетті материалдар беріледі.

 

179. Сенаттың қызметін тікелей қамтамасыз етуді Сенат Аппараты жүзеге асырады.

Сенат Аппаратының негізгі міндеттері:

Сенаттың, оның органдары мен депутаттардың қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, құжаттамалық және ұйымдастыру-техникалық жағынан қамтамасыз ету;

шешімдер мен келісу рәсімдерінің алқалы түрде тұжырымдалуын қамтамасыз ету;

құжат айналымының бірыңғай жүйесін қалыптастыру мен қамтамасыз ету;

Сенат депутаттарын заң жобалары бойынша қазақ және орыс тілдерінде ақпараттық, ақпараттық-талдамалық материалдармен қамтамасыз ету;

Сенаттың жұмысын қамтамасыз ететін Сенат Аппараты бөлімшелерінің жұмысын үйлестіру болып табылады.

Сілтеме. 179-тармаққа өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 және 11.12.2009 № 526-IV ПС қаулылары.

 

180. Сенат Аппаратының құрылымы мен штат санын айқындауды, оны қалыптастыруды Сенат Бюросы жүзеге асырады.

Парламент өкілеттіктерінің мерзімі аяқталғаннан кейін Парламент таратылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайда Парламент Сенатының Аппаратындағы мемлекеттік қызметшілердің қызметі тоқтатылмайды.

Аппараттың қызметі мемлекеттік қызмет туралы нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Палата Бюросы бекітетін Сенат Аппараты туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

Сенат Төрағасының хатшылығы Сенат Аппаратының құрамына кіреді, ол тікелей Сенат Төрағасына бағынады.

Сенат Аппаратының жұмысына Сенат Аппаратының Басшысы басшылық етеді, оны Сенат Төрағасы тағайындайды.

Сілтеме. 180-тармаққа өзгерістер енгізілді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 қаулысы.

 

181. Сенат қызметіндегі жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында Сенаттың баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін аккредиттеуді және олармен жұмыс жүргізуді жүзеге асырады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері баспасөз орталығында орналасады.

Сенат бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін Сенаттың отырыс залында орналастыру туралы шешім қабылдауға құқылы. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Сенаттың отырыстары кезінде өздері үшін бөлінген жұмыс орнында болуға тиіс. Оларға депутаттардың жұмыс орнында болуға және Сенаттың отырыстары кезінде Сенат депутаттарынан сұхбат алуға рұқсат етілмейді.

 

182. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Сенаттағы өз қызметін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырады.