Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


26.03.2024

Ерлан Қошанов ресми сапармен Швейцарияға барды

Берн, 26 наурыз. Швейцария Конфедерациясына ресми сапары аясында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бернде Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы Эрик Нузбаумермен және Швейцария Конфедерациясының федералды кеңесшісі, Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесті. Федералды жиналыстың Ұлттық Кеңесінің төрағасымен кездесуде Ерлан Қошанов Эрик Нузбаумерге Швейцарияға ресми сапармен шақырғаны үшін алғыс айтты. Мәжіліс спикері Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцарияға 2021 жылғы қарашадағы алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа тарауын ашты. 2021 жылғы тамызда Қазақстанға Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің Төрағасы ресми сапармен келді. Біздің бүгінгі сапарымыз екі ел арасындағы парламентаралық диалогты нығайтуға септігін тигізеді деп ойлаймыз, – деді Мәжіліс төрағасы. Ерлан Қошанов өз әріптесіне Президент реформалары туралы айтып берді. Ол сондай-ақ VIII шақырылымдағы көп партиялы Мәжіліс жұмысы, оның ішінде қабылданған жаңа заңдар туралы мәлімет берді. Мәжіліс спикері қазақстандық тараптың Швейцариямен құқықтық саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниеті туралы айтты. Тараптар достық топтары, комитеттер мен партиялық фракциялар арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Сондай-ақ, сауда-экономика, көлік-логистика, экология, білім беру мен ғылым салаларында серіктестікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды. Өз кезегінде Эрик Нузбаумер Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар парламентаралық байланыстарды тереңдетуге дайын екенін жеткізіп, достық топтарының жұмысын белсене жалғастыруға мүдделі екенін айтты. Сондай-ақ Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін одан әрі дамытуға депутаттардың атсалысатынына назар аударды. Кездесу соңында Ерлан Қошанов швейцариялық швинген балуандарын («қазақ күресіне» ұқсас күрестің ұлттық түрі) Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды. Швейцария Конфедерациясының Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесуде Мәжіліс төрағасы Қазақстан мен Швейцарияның әріптестігі өзара құрмет, достық және сенім рухында, оның ішінде парламенттер бағыты бойынша нығаятынына сенім білдірді. Тараптар елдер арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту да талқылады. – Қазақстандық нарық – бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тиімді бастапқы алаң. Біз Швейцария ерекше жетістікке жеткен салаларда тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Ол – энергетика, қазба байлықтарын қайта өңдеу, фармацевтика, машина және аспап жасау, туризм және қаржылық қызмет көрсету салалары. Қазақстан бизнес жүргізу үшін оңтайлы жағдаймен қамтамасыз етуге дайын, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс спикері Швейцария тарапының халықаралық аренадағы Қазақстанның бастамаларын қолдауын жоғары бағалайтынын және БҰҰ алаңында кандидатураларды өзара қолдау бойынша ынтымақтасудың жоғары деңгейін атап өтті. Тараптар Қазақстан азаматтары үшін Шенген аймағының визалық режимін жеңілдету және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы өзара түсіністік жөнінде меморандум жасасу мәселелері бойынша да пікір алмасты.

13.03.2024

Мәжіліс төрағасы Швейцария Елшісімен кездесті

Астана, 13 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Швейцария конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Салман Балмен кездесті. Кездесуді ашқан Ерлан Қошанов Елшіге өткен жылдың күзінде басталған Қазақстандағы дипломатиялық жұмысына табыс тіледі. Мәжіліс спикері Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси-экономикалық серіктесі екенін және елімізге инвестиция салудан көшбасшылардың үштігіне кіретінін атап өтті. – Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жыл ішінде сенімді саяси диалог жолға қойылды. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық табысты дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар арта түсуде. Қазақстанның жаңа экономикалық бағыты шет елдермен іскерліктің кең мүмкіндіктерін ашады. Осыған байланысты біз Қазақстан нарығына швейцариялық серіктестерімізді шақырамыз, – деді Ерлан Қошанов. Палата спикері Елшіге Мемлекет басшысының саяси реформалары туралы айтып, соның нәтижесінде бүгінде Мәжілісте алты партия мен бір мандатты округтен сайланған депутаттар бар екеніне назар аударды. Елші Қазақстан мен Швейцарияның экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық білім беру саласындағы өзара іс-қимылының әлеуетін толығымен пайдалану керектігімен келісті. Оның айтуынша, парламентаралық ынтымақтастық біздің байланыстарымызды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда тараптар Мәжілісте және Ұлттық Кеңесте құрылған парламенттік достық топтарын, содай-ақ комитеттер мен саяси партиялардың фракцияларымен жұмыс істеуге уағдаласты. Елші екі елдің депутаттары тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей алатын бірқатар бағытты ұсынды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, суды үнемдеу, логистика және білім беру салалары бар. – Швейцария жоғары кәсіби техникалық қызметкерлерді даярлауға мүмкіндік беретін дуалды білім беру жүйесімен танымал. Біздің тәжірибеміз Қазақстанға пайдалы болар еді, – деді Салман Бал.

05.03.2024

Ерлан Қошанов Татарстан басшылығымен парламентаралық ынтымақтастықтың келешегін талқылады

Қазан, 5 наурыз. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ресей Федерациясына ресми сапары аясында Қазан қаласына барып, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен және Татарстан Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесті. Кездесуде Ерлан Қошанов Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановқа жуырда ғана Қазанда өткен «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің салтанатты ашылуына қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. – Бұл – шын мәнінде спортты, ғылымды және технологияны біріктіретін өте креативті шешім. Осы тәжірибені әртүрлі салада іс жүзінде қолдану зор мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан Президентіміз келесі «Болашақтың ойындарын» Қазақстанда өткізуді ұсынды, – деді Мәжіліс спикері. Ерлан Қошанов өңіраралық өзара іс-әрекет туралы айта келе, Татарстан Ресейдің жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі және біздің еліміз үшін маңызды серіктес екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда «Татнефть» (шина зауыты, бутадиен өндірісі), «ТЭМПО» (үлкен диаметрлі тік тігісті құбырлар өндірісі) және басқа да ірі компаниялар өз өндірістерін іске қосты. Тараптар ынтымақтастықты, әсіресе, жоғары технологиялар саласындағы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Мәжіліс спикері осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды «IT-мемлекетке» айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойғанын айтты. Өз кезегінде Рустам Минниханов Қазақстан Президентімен кездесуді ерекше ықыласпен еске алып, қазақ және татар халықтарының тарихи-мәдени деңгейдегі жақындығын атап өтіп, Қазақстан мен Татарстан IT-парктерінің әлеуетін біріктіруді ұсынды. Кездесу соңында Татарстан Раисы Қазақстан басшылығының биыл Астанада «Ұлы Дала Дүбірі» ұранымен өтетін Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақыруын ризашылықпен қабылдады. Сапар барысында Мәжіліс төрағасы Татарстан Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесіп, Қазақстан депутаттарының заң шығару жұмысы туралы айтып берді. Әсіресе, жаңа салық, бюджет, құрылыс және су кодекстеріне, халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету, лудоманиямен күрес, әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі заң жобаларына тоқталды. Сондай-ақ ол әріптестерін Мемлекеттік Кеңестің 30 жылдығымен құттықтап, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруда толағай табыс тіледі. – Бізге парламентаралық байланысты дамытып, жиған тәжірибемен алмасу өте маңызды. Депутаттар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асуына жан-жақты атсалысуға тиіс. Бүгінгі таңда Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының негізін өңіраралық ынтымақтастық құрайды. Қазақстан мен Ресей Федерациясы өңірлерінің басым көпшілігімен тікелей сауда-экономикалық байланыс белсенді түрде дамып келеді. Олардың ішінде Татарстан көш бастап тұр, – деді Ерлан Қошанов. Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдениет пен білім саласындағы ынтымақтастықты талқылады. – Біздің ортақ құндылықтарымыз көп – дініміз, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз бір, тіліміз де ұқсас. Мұхтар Әуезовтің шығармалары татар тіліне аударылған. Биыл татар тілінде қазақ халық ертегілерінің жинағы шығарылады. Біздің елімізде Ұлы татар ақындары Ғабдолла Тоқай мен Мұса Жәлелге ескерткіштер орнатылды. Қазақстанда жыл сайын Сабантой кеңінен атап өтіледі. Татарстан университеттерінде оқитын қазақстандық студенттер – біздің халықтар арасындағы алтын көпіріміз, – деді Ерлан Қошанов. Өз кезегінде Фарид Мухаметшин өзара мәдени және туристік байланысты нығайтуға шақырды. Ол сондай-ақ мәселелерді шешу және нақты жобаларды жүзеге асырудағы парламентшілердің тұрақты диалогының маңыздылығын атап өтті. Ресми сапар аясында Мәжіліс делегациясы Қазан Кремлінде болды, Б.Рамеев атындағы IT-парк жобаларымен, сондай-ақ IT мамандар даярлайтын «21 мектеп» жұмысымен және Ресейдегі химия өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – «Технополис Химград» инновациялық индустриялық паркінің өндірістік алаңдарымен танысты.

04.03.2024

Мәжіліс төрағасының Ресей Федерациясына ресми сапары басталды

Мәскеу, 5 наурыз. Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар делегациясы Мәскеуге келді. Ресей астанасында Федералдық Жиналыс Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинмен және Федералдық Жиналыс Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесулер өтті. Сапар барысында Ерлан Қошанов Мемлекеттік Думаның төрағасы Вячеслав Володинмен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Ол Ресей Қазақстан үшін әрдайым сенімді одақтас, стратегиялық әріптес, тату көрші екенін және солай болып қала беретінін атап өтті. – Елдеріміз арасында сенімді саяси диалог жолға қойылған. Тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс орнап, берік шарттық-құқықтық база қалыптасқан. Жыл өткен сайын бұл қарым-қатынастар тек нығайып келеді. Көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин оларды дамудың жаңа деңгейіне көтерді, – деді Мәжіліс спикері. Ерлан Қошанов Мәжілістің Мемлекеттік Думамен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға зор мән беретініне тоқталып, Вячеслав Володинді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Бүгінде екі ел парламентшілері достық топтары, әртүрлі халықаралық және аймақтық ұйым аясында белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Заң шығару мәселелері бойынша тәжірибе алмасады. Мәжіліс спикері Ресей мен Қазақстан шекарасындағы отандық жүк тасымалдаушылардың проблемаларын жедел шешу Парламент депутаттары арасындағы өзара іс-қимылдың нақты нәтижелерінің бірі екенін айтты. Сондай-ақ төраға өңіраралық және экономикалық байланыстың келешегі жөнінде сөз қозғады. Әлемдегі ең ұзақ шекара Қазақстан мен Ресей арасында екенін, Қазақстанның 8 облысы Ресейдің 12 аймағымен шектесетінін атап өтті. Тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекаралық саудаға тиесілі. Мұнда да сауда қатынастарын кеңейту мен өндірістік кооперацияны нығайту үшін әлеует зор. Сонымен қатар спикерлер мәдениет пен білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды. Ерлан Қошанов бүгінде Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының алты филиалы жұмыс істейтінін айтты. – Соңғы жылдары бізде инженерлік-техникалық саладағы мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан Мемлекет басшысы елімізде техникалық мамандықтар бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырды. Бұл тұрғыда біз жетекші ресейлік жоғары оқу орындарымен жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Мәжіліс Төрағасы. Кездесуді қорытындылай келе депутаттар парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту және екіжақты қарым-қатынасты нығайту жөніндегі жұмысты арттыру туралы уағдаласты. Сондай-ақ ресми сапар аясында Мәжіліс спикері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Ерлан Қошанов әріптесіне Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстандағы маңызды өзгерістер туралы айтты. – Былтыр өткен конституциялық реформаға байланысты заңнамамызды айтарлықтай жаңарттық. Біз еліміздің конституциялық заңдарына бірқатар маңызды түзету енгіздік. Мәжіліс алғашқылардың бірі болып «Ұлттық қор – балаларға» заңын қабылдады. Ол заң қазір қолданыста. Жаңа Бюджет, Салық, Су, Құрылыс кодекстерімен жұмыс басталды, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс спикері ресейлік сенаторларға күзде Санкт-Петербургте өтетін Төртінші Еуразиялық әйелдер форумына табыс тіледі. Өз кезегінде Валентина Матвиенко Қазақстан мен Ресей парламенттерін барлық мәселе бойынша берік достық пен өзара түсіністік байланыстыратынын атап өтті. Федералдық жиналыс басшысы Қазақстан депутаттарының заңнамалық бастамаларына қолдау білдіріп, осы бағытта белсенді түрде тәжірибе алмасуды ұсынды. Мәжіліс төрағасының ресми сапары одан әрі Казань қаласында жалғасады. Онда Ерлан Қошанов Татарстан Республикасының басшысы Рустам Миннихановпен және Республика Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесулер өткізеді.

29.02.2024

Мәжіліс спикері Ресейдің Қазақстандағы Елшісімен кездесті

Астана, 29 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады. Ерлан Қошанов Ресей мен Қазақстан Тату көрші әрі одақтастық туралы шартты негізге ала отырып, ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті. – Мемлекет басшылары біздің түрлі саладағы өзара байланысымыздың жоғары қарқынын айқындап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өңіраралық ынтымақтастық форумдары тұрақты түрде өткізіліп, нәтижесінде маңызды экономикалық жобалар қолға алынуда. Біздің елдер арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп келеді және 70 пайыз өңірлер арасындағы тікелей сауда арқылы қамтамасыз етіліп отыр, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс төрағасы парламентаралық ынтымақтастық Қазақстан-Ресей байланысының маңызды құрамдас бөлігі екенін айтты. Мемлекеттік Думадағы әріптестермен түрлі форматтағы – достық топтары және палатааралық парламенттік комиссия аясындағы ықпалдастық арта түсуде. Депутаттар ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, Парламентаралық одақ және басқа да көпжақты форумдар алаңында тұрақты түрде пікір алмасып келеді. – Биыл Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етуде. Маусым айында Алматыда ұйымның Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтеді деп жоспарланып отыр. Біз ресейлік әріптестерімізді Қазақстанда күтеміз, – деді Ерлан Қошанов. Өз кезегінде Елші Алексей Бородавкин Қазақстанмен қоғамдық-саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда дамып келе жатқан кең ауқымдағы ынтымақтастыққа Ресей үлкен көңіл бөлетінін айтты. Тараптар Мәжіліс төрағасының Ресейге ресми сапарына дайындық барысын, сондай-ақ Қазақстан депутаттарының Ресей Федерациясындағы Президент сайлауын бақылауға қатысуын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастық аясында дамытуға келісті.

20.11.2023

Қазақстан мен Армения депутаттарыпарламентаралық ынтымақтастық мәселелерінталқылады

Астана, 20 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжілісдепутаттары Армения ҰлттықАссамблеясының «Армения-Қазақстан» достықтобының делегациясымен кездесті. Меймандарды Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған депутаттар қарсы алды. Айгүл Құспан Қазақстан мен Армения арасындағы парламентаралық байланыс дәстүрлі түрде жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оған достық топтарымен қатар екі ел парламенттері спикерлерінің тұрақты кездесулері де ықпал етуде. Комитет төрайымы сайлау үдерістеріндегі парламенттердің жемісті жұмысына тоқталып, әріптестеріне Қазақстандағы Парламент сайлауын бақылауға қатысқандары үшін алғысын білдірді. – Қазақстан Армениямен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән береді және оны екіжақты ынтымақтастықтың барлық саласында одан әрі кеңейтуге ниетті. Заң шығару қызметі бойынша тәжірибе алмасу, тығыз әріптестік байланыс орнату елдеріміз арасындағы байланысты әрі қарайдамытуға ықпал етеді, – деді Айгүл Құспан. «Армения-Қазақстан» достық тобының жетекшісі Вагаршак Акобян Арменияның Ұлттық ассамблеясы екіжақты форматта да, халықаралық платформалар арқылы да Қазақстан Парламентімен белсенді және тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. – Қазақстан – Арменияның маңызды стратегиялық серіктесі. Бізді ортақ тарих біріктіреді. Елдеріміздің қарқынды дамуы үшін күш салуға дайынбыз. Жылы қарсы алғандарыңызға рахмет, бүгін Мәжіліске келгенімізге өте қуаныштымыз, – деді Вагаршак Акобян. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселесіне де тоқталды. Бүгінде Қазақстанда экономиканың түрлі саласында Армения капиталының қатысуымен 340-тан астам компания мен 76 Қазақстан-Армян бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. Сондай-ақ депутаттар екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың маңызды бөлігі ретінде мәдени-гуманитарлық бағытқа да назар аударды. Отырысқа Мәжіліс депутаттары Мұқаш Ескендіров, Мұрат Ергешбаев, Тілектес Адамбеков, Аян Зейнуллин, Асхат Рахымжанов ГауҺар Танашева, Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Армен Гевондян менделегацияның басқа да мүшелері қатысты. Талқылау нәтижесінде тараптар сауда-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға, достық топтары мен комитеттер аясында бірлесіп жұмыс істейтін болады.

16.11.2023

Мәжілісте Қазақстан мен Индонезия арасындағы ынтымақтастық бағыттары талқыланды

Астана, 16 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаттары Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанның жетекшілігімен Индонезия Республикасы Халықтық консультативтік конгресі ҚХА Парламентаралық ынтымақтастық комитетінің делегациясымен кездесті. Айгүл Құспан Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Тараптардың ұстанымдары ядролық қарусыздану және оны таратпау, конфессияаралық диалогты қолдау, тұрақты дамуға қол жеткізу жөніндегі міндеттеме секілді халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сәйкес келеді. – Сіздің сапарыңыз екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға септігін тигізетініне сенімдіміз. Қазақстан Индонезиямен өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі, – деді А.Құспан. Комитет басшысы екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыс ынтымақтастықты тереңдетуде ерекше рөл атқаратынын айтты. Осыған байланысты ол мықты құқықтық база құруды ұсынды. Инвестицияларды өзара қорғау мен ынталандыру, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерге қол қою екі ел үшін бизнес саласының іргелі негізі екеніне назар аударды. Өз кезегінде Индонезия делегациясының басшысы Гиланг Диелафарарес Индонезия халықтық консультативтік конгресі атынан Қазақстан Парламентіне пікір және тәжірибе алмасу құралы ретінде осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Оның екіжақты қарым-қатынасты парламенттік дипломатия арқылы нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Талқылауға Мәжілістегі Қазақстан-Индонезия достық тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанов, сондай-ақ Айдос Сарым, Еркебұлан Мәмбетов және Ерлан Әбдиев қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экономика және туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, парламентаралық топтар, мамандандырылған комитеттер, сондай-ақ көпжақты платформалар арқылы белсене өзара іс-әрекет жасауға келісті.

15.11.2023

Орталық Азия депутаттары Брюссельде әйелдер құқықтарын кеңейту мәселесін талқылады

Брюссель, 15 қараша. Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогы делегациясымен Брюссельге барды. Сапар барысында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін жүзеге асырумен, экономикалық жағдай және Еуропалық Одақтағы әйелдердің құқықтарын кеңейтумен айналысатын азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулер өтті. Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогы делегациясының құрамына өңірдегі барлық елдің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың өкілдері кірді. Сапар аясында «Еуропалық Одақ – Орталық Азия: әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтудегі ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар өз елдерінің әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік, зорлық-зомбылықпен күрес, климаттың өзгеруі және Еуропалық Одақпен парламенттік ынтымақтастық саласындағы саясаты туралы баяндама жасады. Сонымен қатар делегаттар Еуропарламенттің, Еуропалық комиссия мен Еуропалық қызмет жұмысымен танысты. Одақтың гендерлік және әралуандық жөніндегі елшісі Стелла Роннер-Грубачичпен, Еуропарламент вице-президенті Хайди Хауталамен, Еуропалық комиссияның халықаралық әріптестік жөніндегі бас директорының орынбасары Мириам Ферранмен, Бейбітшілікті нығайту жөніндегі Еуропалық байланыс бюросының директоры Соня Рэйнс-Дейвандеспен, «Әйелдер лоббиінің» жауапты хатшысы Мэри Колинзбен және т.б. кездесулер ұйымдастырылды. Бұл сапар Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терха Хакаланың қолдауымен БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадземен бірге ұйымдастырылды. Айта кетейік, Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогына биыл Қазақстан төрағалық етеді. Елімізде әйелдерді қорғау мен мүмкіндіктерін кеңейтудің түрлі бағытында аймаққа қатысты іс-шаралар жүргізілді. Қазіргі таңда Парламент Мәжілісі бірқатар тиісті заң жобасын әзірлеп жатыр. Сондықтан гендерлік теңдікті заңнамалық қамтамасыз ету мен гендерлік зорлық-зомбылықпен күресу салаларындағы Еуропалық Одақ тәжірибесі қазақстандық депутаттар үшін маңызды.

13.11.2023

Қазақстан-Беларусь депутаттары ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады

Астана, 13 қараша, Мәжіліс Үйі. Парламент Мәжілісі мен Беларусь Ұлттық Жиналысы Өкілдер палатасымен ынтымақтастық тобының депутаттары Павел Казанцевтің жетекшілігімен онлайн кездесу өткізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасуға арналды. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа нәтижелері туралы айтып берді. – Жаңа өзгерістер Ата заңның 35 бабына әсер етті. Яғни Конституцияның үштен бірі өзгерді. Одан кейін ұлттық заңнамаға да түзетулер енгізілді. Конституциялық реформаның мақсаты қазіргі саяси жүйеге кешенді трансформация жасау болғандықтан өзгерістер ең алдымен билік форматына қатысты болды, – деді депутат. Оның пікірінше, бұл суперпрезиденттік басқару моделінен президенттік республикаға біржола көшуге, Парламенттің билік жүйесіндегі рөлін арттыруға, халықтың елді басқаруға атсалысуын кеңейтуге және азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін кеңейтуге жол ашты. Сондай-ақ депутаттар ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттарды да талқылады. Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев ауылшаруашылық техникасын өндіру бойынша өнеркәсіптік кооперация, ветеринарлық дәрілер шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру, сүт өнеркәсібі мен мал шаруашылығын дамыту, қазақстандық өнімді Беларусь нарығына жеткізу бойынша екі жаққа да тиімді ұсыныстарын ортаға салды. – Ауыл шаруашылығы техникасын қалпына келтіру және онымен отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қамтамасыз ету тәсілдері айрықша қызығушылық тудырады. Беларусь елінде арнайы ұйымдар тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, күрделі жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізеді, содан кейін оны шаруаларға жеңілдетілген бағамен береді, – деді Мәжіліс депутаты. Серік Егізбаевтың айтуынша еліміздегі машина-трактор паркінің тозуы бүгінде 80 пайызды құрайды. Сондықтан бұл мәселе – Қазақстан үшін өте маңызды. Бұдан бөлек депутаттар өнеркәсіптік кооперация, инновация мен цифрландыру, денсаулық сақтау, ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

03.10.2023

Мәжіліске Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының делегациясы келді

Астана, 3 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс депутаттары Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Жер, инфрақұрылым және көлік комитеті делегациясымен кездесті. Вице-спикер Дания Еспаева төрағалық еткен жиынға «Қазақстан-Корея» достық топтарының мүшелері қатысты. Биыл Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастыққа 31 жыл толды. Осыған орай тараптар екі елдің парламентаралық байланыстағы басым бағыттарын талқылады. Дания Еспеава Кореяның Қазақстан үшін маңызды серіктес мемлекеттің бірі екенін атап өтті. – Корея Республикасы экономикасы дамыған, озық технологиялары бар әлемдегі көшбасшы елдердің қатарында. Жаһандық деңгейдегі мемлекет ретінде халықаралық аренадағы беделі жыл сайын артып жатқанына ерекше қуанамыз. Осы тұрғыда достығымыз бен өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамытуға ниетті екенімізді айрықша атап өткім келіп отыр, – деді вице-спикер. Өткен айда Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Ұлттық Ассамблеяның төрағасы Ким Джин Пёның шақыруымен Корея Республикасына ресми сапармен барған еді. Делегация басшысы Ким Чжонг Чжэ бұл кездесуден соң тараптардың парламентаралық ынтымақтастығы одан әрі нығая түсеріне сенім білдірді. – Екі елдің экономика, өнеркәсіп саласы бойынша ынтымақтастығынан зор үміт күтеміз. БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында Корея мен Қазақстан басшылары кездескен болатын. Осы кездесу барысында инфрақұрылым және өндіріс салаларындағы байланысты дамытуға келіскені қуантарлық жайт, – деді Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Жер, инфрақұрылым және көлік комитеті төрағасының орынбасары Ким Чжонг Чжэ. Қазақстан тарапы әріптестерін Корея ұлттық күнімен құттықтап, өркендеу жолында толайым табыс тіледі. Жиында тараптар достық топтары мен комитеттер деңгейіндегі байланысты одан әрі нығайтуға келісті. Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Фото Ж.Жұмабеков.

19.09.2023

Мәжіліс Төрағасы «Орталық Азия – Корея Республикасы» парламент спикерлерінің І кеңесінде сөз сөйледі

Сеул, 19 қыркүйек. Палата төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Мәжіліс депутаттары Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі парламент спикерлерінің I кеңесіне қатысты. Іс-шарада Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан парламенттерінің спикерлері сөз сөйледі. Ерлан Қошанов Қазақстан делегациясының атынан Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёге саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Ол Орталық Азия елдерімен жан-жақты ықпалдастықты арттыру және өңірдің әлеуетін нығайту Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі екенін атап өтті. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдық Орталық Азия өңірі үшін маңызды кезеңге айналады деп санайды. Бұл ретте бізге өз экономикалық мүмкіндіктерімізді, ортақ әлеуетімізді барынша пайдалану өте маңызды, – деді Ерлан Қошанов. Кездесудің негізгі отырысы Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың басымдықтарына арналды. Мәжіліс спикері өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты мәселенің бірі екеніне назар аударып, Қазақстан парламентшілері аймақтағы тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерін салып жатқанын айтты. – Ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған орта мен биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын, соның ішінде трансшекаралық ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғау болуға тиіс, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс төрағасы қазірдің өзінде Орталық Азия тұрғындары Арал теңізінің экологиялық апатының, мұздықтардың еруі және жердің тозуының теріс әсерін сезініп отырғанын атап өтті. Осы орайда Ерлан Қошанов корейлік жетекші мамандармен тәжірибе алмасуға шақырды. Талқылау арнаулы екі сессияда әрі қарай жалғасын тапты. Қатысушылар Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы үздіксіз өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен цифрлық трансформация саласындағы қарым-қатынас туралы пікір алмасты. Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының бастамасымен жуырдағы Жолдауында айтылған жаңа экономикалық модельді іске асыруға Қазақстанның кіріскенін атап өтті. Мұнда біздің еліміз Корея Республикасымен инновация, жасыл технологиялар, энергетика, өнеркәсіптік өндіріс, IT және банк секторындағы ынтымақтастықтың зор перспективаларын аңғарып отыр. Сөз соңында Ерлан Қошанов қазіргі уақытта Орталық Азия өңірінде экономика, саясат және мәдени байланыстар қарқынды дамып жатқанына назар аударды. Мұның бәрі Корея Республикасымен өңірлік ықпалдастықты арттыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Іс-шара қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы парламенттері төрағаларының «Болашаққа бағдарланған өзара тиімді қатынастарды дамыту» тақырыбындағы алғашқы кездесуінің бірлескен декларациясы қабылданды.

18.09.2023

Мәжіліс Төрағасы Кореяға ресми сапармен барды

Сеул, 18 қыркүйек. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ел басшылығымен кездесіп, «Samsung Electronics» және Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетінде болды. Қазақстан делегациясы өз жұмысын Мәжіліс спикерінің Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Док Сумен кездесуінен бастады. Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Кореяға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікке жол ашқанын атап өтті. Бүгінде Корея Қазақстан экономикасындағы ең ірі алты инвестордың қатарында. – Жуырда біздің Президентіміз халыққа жолдауын жариялады. Ол ел экономикасын жаңа модельге көшіру туралы міндет қойды. Өндіріс, энергетика, банк пен IT секторын дамытуға басымдық беріліп отыр. Корея осы салаларда әлемдік көшбасшы ел және бізге сіздердің тәжірибелеріңіз қызықты. Мұның бәрі Қазақстан мен Корей ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Мәжіліс Төрағасы. Ерлан Қошанов Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёмен кездесті. Мәжіліс спикері әріптесіне Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістер туралы мәлімет беріп, Конституциялық реформалардың нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейгенін айтты. – Біздің елдеріміздің Парламенттері арасында берік серіктестік қатынас орнаған. Парламенттік достық топтары белсене жұмыс істеп жатыр. Комитеттер деңгейінде сындарлы диалог пен заң шығару саласында тәжірибе алмасу арта түсуде, – деді Мәжіліс спикері. Сонымен қатар Қазақстан делегациясы «Samsung Electronics» компаниясының президенті Пак Сунг Химен кездесті. Онда компанияның Қазақстандағы қазіргі және алдағы ауқымды жобалары талқыланды. Сондай-ақ Ерлан Қошанов Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетінде болды. Бұл оқу орнының филиалын жақын арада Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде ашу жоспарланып отыр. Сеул техникалық университетінде оқитын қазақстандық студенттермен де кездесу өтті. Ертең Қазақстан делегациясының Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламент спикерлерінің кеңесіне қатысуы жоспарланған.

15.09.2023

Орталық Азияның көшбасшы әйелдері климаттың өзгеруі мәселелерін көтерді

Душанбе, 15 қыркүйек. Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруіне бейімделу жағдайында гендерлік теңдікке қол жеткізу» конференциясында климаттың өзгеруіне бейімделудегі өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын айтты. Жиын Тәжікстанның Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші консультативтік кездесуі аясында ұйымдастырылды. Дания Еспаева өз баяндамасында климат өзгерісіне бейімделуге, су тапшылығын еңсеруге, энергия тиімділігін арттыруға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігіне, гендерлік саясатқа қатысты Орталық Азия елдеріне бағытталған іс-шараларда аймақтық ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті. Отырыста Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдері Парламенттерінің, сондай-ақ БҰҰ өкілдері сөз сөйлеп, БҰҰ-ның аймақта жүзеге асырылып жатқан «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» стратегиясының маңыздылығын айтты. Тұрақты даму мақсатарын жүзеге асырудағы гендерлік және экология мәселелері бойынша панельдік сессияларда – ҚР Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен мен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның эколог-сарапшысы Айжан Сқақова сөз сөйледі. Айта кетейік, «Әйелдер диалогы» парламентаралық өзара іс-қимыл форматы БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының қолдауымен 2020 жылы жұмысын бастады. Өңірлік кездесулердің мақсаты – барлық мүдделі тарапты пікір, ақпарат және тәжірибе алмасу алаңымен қамтамасыз ету, сондай-ақ гендерлік теңдікке қол жеткізу және климаттың өзгеруі жағдайында әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту, экологиялық тәуекелдерді азайту бойынша стратегиялар мен бағдарламалар бойынша одан әрі ынтымақтастық бойынша ұсыныстар әзірлеу.

13.09.2023

Мәжілісте Қазақстан мен Корея ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Астана, 13 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Ерлан Қошанов Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Икпен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселесін талқылады. Мәжіліс Спикері Корея Республикасы Қазақстанның Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Былтыр елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толды. – Осы жылдарда Қазақстан мен Корея көп бағытты әріптестікті нығайтуда жоғары табыстарға қол жеткізді. Ол, бірінші кезекте, елдеріміздің басшыларының еңбегінің нәтижесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы Кореяға мемлекеттік сапары нәтижесінде екі ел Кеңейтілген стратегиялық серіктестікке қол жеткізді. Осы аптаның аяғында Ұлттық Ассамблеяның Төрағасы, әріптесім Ким Джин Пё мырзаның шақыруымен Корея Республикасына ресми сапармен барамын. Бұл сапардың басты мақсаты – екі ел басшылары уағдаластықтарын Парламент деңгейінде жалғастыру. Сонымен қатар Кореяның бастамасымен ұйымдастырылған «Орталық Азия – Корея Республикасы» Парламенттері спикерлерінің алғашқы конференциясына да қатысамын, – деді Е.Қошанов. Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Ик Палата Төрағасының Кореяға сапарына сәттілік тілеп, достас елдеріміздің арасындағы парламентаралық байланыстың дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді. – Өздеріңіз білесіздер, біздің еліміз 1950 жылдары өте кедей мемлекет болып, өнеркәсіп пен сауданың арқасында аяққа тұрды. Бүгінде дамушы және дамыған елдер арасындағы көпір секілді рөл атқарып келеді. Сіздің Кореяға сапарыңыз уақытылы болып жатыр деп ойлаймын. Сапар барысында Корея Премьер-министрімен, Парламент спикерлерімен кездесулер жоспарлануда, – деді Чжо Тэ-Ик. Сонымен қатар Спикер болашақта достық топтар мен бейінді комитеттер деңгейіндегі байланысты одан әрі нығайтуға шақырды.

25.08.2023

Мәжілісте Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы аясында әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесі айтылды

Астана, 25 тамыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Каха Имнадземен кездесті. Дания Еспаева мейманды жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, Өңірлік орталық пен Орталық Азия республикалары парламенттері арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамып, нығаюына тілек білдірді. – Біз аймақтық орталықтың мақсаты мен міндеттерін ескере отырып, оның жұмысын маңызды және сұранысқа ие деп санаймыз. Біз үшін орталықтың аймақтағы әйелдердің жағдайын жақсартуға және олардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үдерістеріне қатысуын кеңейтуге арналған Орталық Азия әйелдері диалогын құру жөніндегі бастамасы да маңызды, – деді вице-спикер. Дания Еспаева орталық басшысына Қазақстанның Әйелдер диалогына төрағалық ету аясындағы қызметі мен жоспарлары туралы баяндады. Ол биыл қараша айында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» жаһандық науқаны аясындағы шолу конференциясымен аяқталады. Ал қазан айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарары аясында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібіне арналған халықаралық конференция өтеді. – Біз әйелдер диалогы арқылы іс-шараларды ұйымдастыруда Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз. Орталық сондай-ақ «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді – бұл Қауіпсіздік кеңесі бір кездері қабылдаған маңызды қарарлардың бірі, – деді Каха Имнадзе.

12.07.2023

Мәжілісте әйелдер құқығын қорғау және гендерлік теңдік мәселелері талқыланды

Астана, 12 шілде, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте вице-спикер Дания Еспаева Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесті. Тараптар әйелдер құқықтарын қорғау және гендерлік теңдік мәселелерін талқылап, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға келісті. Талқылау барысында Дания Еспаева Тери Хакаланың қоғамдағы әйелдер мен қыздардың құқықтары мен рөлін ілгерілетудегі белсенді ұстанымы мен мүдделілігін атап өтті. Мәжіліс вице-спикері биыл Қазақстан Орталық Азиядағы әйелдер диалогына төрағалық етіп отырғанын айтты. – Қазақстан төрағалығының ашылуы аясында біз 19 маусымда Астанада «Инновациялар мен технологияларды дамытудағы әйелдердің рөлі» тақырыбында кездесу өткіздік. 15-16 қазанда Алматыда БҰҰ күн тәртібіндегі «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» конференциясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Диалог төрағасы ретінде мен сіздерді оған қатысып, өз көзқарастарыңыз бен тәжірибелеріңізбен бөлісуге шақырамын, – деді вице-спикер. Дания Еспаева өз сөзіне гендерлік теңдік еліміздегі басым бағыттардың бірі екенін айтты. Қазақстан әйелдердің өмір сапасын жақсартуға және бәріне бірдей мүмкіндіктер жасауға бағытталған саясат пен реформаларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. – Нәтижесінде гендерлік мәселелерді шешуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Гендерлік теңсіздік индексін 60 пайызға төмендетіп, Парламентте және жергілікті өкілді органдарда әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгіздік. Мемлекеттік компаниялардағы басшы әйелдердің үлесін осындай деңгейге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 2022 жылы 55,4 пайызға жетті, оның 39,2 пайызы басшылық қызметте. Кәсіпорын басшыларының 30,8 пайызы әйелдер, – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары. Өз кезегінде Тери Хакала әйелдер құқығы мен гендерлік теңдік мәселелерінің өте маңызды екеніне тоқталып, Қазақстанның Орталық Азиядағы әйелдер диалогына төрағалығына үлкен үміт артатынын жеткізді. – Менің ойымша, әлемдегі гендерлік мәселелерге қатысты жағдай оңай емес. COVID-19 отбасылық зорлық-зомбылықтың артқанын көрсетті. Әрбір ел әйелдер құқығы үшін күресуі керек. Сондықтан мен Орталық Азияда осындай мықты көшбасшы әйелдер тобын құрғаныма өте қуаныштымын, – деді Тери Хакала. Еуропалық делегация құрамында Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы саяси кеңесшісі Феликс Шейфер, Қазақстан Республикасындағы ЕО Елшісі Кестутис Янкаускас және Қазақстан Республикасындағы ЕО Тұрақты Өкілдігінің атташесі Эдвардас Александрас та келді. Қазақстан тарапынан кездесуге Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Савельева мен Мәжіліс Аппаратының халықаралық қатынастар және хаттама бөлімінің меңгерушісі Талғат Қасымбеков қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту және нығайту туралы келісті.

20.06.2023

Мәжіліс депутаттары «Әйелдер – саяси көшбасшылар» ұйымымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астана, 20 маусым. Мәжіліс үй. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева «Әйелдер – саяси көшбасшылар» ұйымының президенті әрі негізін қалаушы Сильвана Кох-Меринмен кездесті. Кездесуде Дания Еспаева Сильвана Кох-Меринге кеше ғана өткен Орталық Азия елдері әйелдері диалогының отырысына қатысқаны үшін алғысын білдірді. – Гендерлік теңдік тәуелсіздік алған күннен бастап біздің Үкіметіміз үшін маңызды басымдық болып саналады. Қазақстанда әйелдерге арналған және барлық азаматтың өмір сапасын арттыруға, тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған прогрессивті саясат пен реформалар дәйекті түрде жүргізілуде, – деді Мәжілістің вице-спикері. Өз кезегінде Сильвана Кох-Мерин Қазақстанның гендерлік теңдік мәселелерінде айтарлықтай ілгері басып келе жатқанын атап өтіп, ел басшылығының бастамаларының бүкіл өңір үшін маңыздылығы жоғары екеніне назар аударды.Тараптар Парламент Мәжілісі мен «Әйелдер – саяси көшбасшылар»  ұйымы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Соның ішінде әлеуметтік-демографиялық саясат саласындағы Еуропалық Одақтың және басқа елдердің, сондай-ақ әйелдердің осал топтарының құқықтарын қорғаудың озық тәжірибесін зерделеу жайы қаралды. Жоғары лауазымдардағы әйелдердің санын арттыруға және олардың әлемдік деңгейдегі халықаралық мәселелерді шешуге ықпалын кеңейтуге бағытталған «Women Political Leaders» халықаралық үкіметтік емес ұйымы саясаткер әйелдердің ең ірі желісі болып саналады.2013 жылдан бері ұйым саммиттері Эфиопия, Исландия, Руанда, Латвия, Жапония, Иордания және әлемнің басқа да елдерінде өтіп келеді.

19.06.2023

Ерлан Қошанов Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының төрағасын қабылдады

Астана, 19 маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Өзбекстан Республикасының Олий Мәжіліс Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Өзбекстан Сенатының басшысы Астанаға Орталық Азия елдерінің әйелдері диалогына қатысу үшін келді. Кездесуде Ерлан Қошанов Танзила Нарбаеваға Орталық Азия елдері әйелдері диалогындағы Қазақстан төрағалығының басталуына арналған іс-шараға жеке қатысқаны үшін алғысын білдірді. – Осы маңызды алаңды құрудың басы-қасында өзіңіздің болғаныңызды білемін. Ол әйелдердің өңірдегі экономикалық және әлеуметтік өмірге араласуын кеңейтуге бағытталған. Екі жылдан астам уақыт өтті. Қысқа мерзім ішінде Диалог Өзбекстанда ғана емес, біздің өңірдің барлық елінде жұмыс істей бастады. Қазақстанның Диалогқа төрағалығы аясында бірлесіп жұмыс істейміз деген үміттеміз, – деді Мәжіліс спикері. Тараптар гуманитарлық, білім беру, сауда және экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы аясында әйелдер көшбасшылығын қолдау мәселелерін талқылады. Ерлан Қошанов екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін парламентаралық ынтымақтастықтың әлеуетін белсене пайдалануға шақырды. – Парламент Мәжілісі мен Олий Мәжілістің Заң шығару палатасы арасында Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі құрылған. Біз үшін екі жақты кездесулер тәжірибесін жандандырып, заң шығару тәжірибесін зерделеу бойынша тиісті комитеттер деңгейінде өзара сапарлар алмасудың, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық базасын кеңейту бойынша бірлескен жұмыстың маңызы зор, – деді Мәжіліс төрағасы. Өз кезегінде Танзила Нарбаева Қазақстанның ірі халықаралық іс-шаралардың орталығына айналғанын атап өтті, сондай-ақ қазақстандықтарды Президент және Парламент сайлауларының сәтті өтуімен құттықтады. – Саяси жүйенің толық жаңғыруы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын Қазақстан халқы белсене қолдап отырғанын көрсетеді, – деді Өзбекстан Сенатының төрағасы. Сонымен қатар тараптар екі ел Парламенттері депутаттарының қатысуымен өтетін алдағы іс-шаралардың күн тәртібін талқылады. Олардың қатарында 2024 жылы Самарқандта Орталық Азия мемлекеттерінің екінші парламентаралық форумын өткізу, Қазақстан мен Өзбекстан әйелдерінің бизнес-форумын ұйымдастыру бар.

18.04.2023

Мәжіліс төрағасы мен «Шеврон» басшылығы компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мәселесін талқылады

Астана, 18 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнессті қабылдады. Тараптар компания жұмысындағы отандық үлесті арттыру және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөнінде пікір алмасты. Мәжіліс спикері корпорация басшылығын Қазақстандағы қызметінің 30 жылдығымен құттықтап, «Шеврон» еліміздегі ірі шетелдік инвестор екенін атап өтті. Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің, Үкімет пен Парламенттің басты міндеті – ұлттық мүдделердің сақталуын ескере отырып, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екенін айтты. Осыған байланысты «Шеврон» компаниясына бірқатар ұсыныс берді. Атап айтқанда, атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту, мұнай химиясын дамыту, мұнай мен газ өңдеуді күшейту. – Қазақстандық үлесті арттыруға баса назар аударып, жергілікті өнімді сатып алу маңызды. Жергілікті сервистік компанияларды тарту керек. Біздің елімізде дамыған және бәсекеге қабілетті бизнес бар. Олар озық халықаралық стандарттар деңгейінде жұмыс істей алады. Бүгінде бұл бағытта біраз жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, ауқымды резервтер бар. Бұдан барлық тарап ұтылмайды деп ойлаймын, – деді Мәжіліс спикері. Ерлан Қошанов жуырдағы сайлау науқаны кезінде депутаттардың Қазақстанның батыс облыстарындағы тұрғындармен өткен кездесуінде көтерген түйткілді мәселелерге де толығырақ тоқталды. Соның бірі – Атырау облысының Доссор елді мекеніндегі және Құлсары қаласындағы апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесі мен халықты әлеуметтік қолдау. Бұдан бөлек, қазақстандық жұмысшыларға лайықты жағдай жасап, әділ еңбекақы төлеу, вахта мерзімін қысқарту, жергілікті кадрларды даярлауды күшейту мәселесі де кеңінен қозғалды. – Бүгінде елімізде мұнай-газ саласында білікті мамандар жетерлік. Біраз жерлесіміз шетелдің беделді оқу орындарында білім алып, трансұлттық компанияларда тәжірибе жинақтады. Осыған байланысты жергілікті мамандарға шетелдік әріптестермен бірдей жалақы төлеп, оларға сенім артуларыңызды сұраймыз, – деді Палата төрағасы. Өз кезегінде, Дерек Магнесс компанияның ең басты ресурсы адам екенін атап өтті. Ол жергілікті кадрларды дамытуға инвестиция салуға, сондай-ақ компания орналасқан осы аймақтың дамуына қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. Ол Мәжіліс Төрағасына компанияның депутаттар тарапынан айтылған барлық ұсыныстарға мұқият қарайтынын жеткізді. Сөз соңында Ерлан Қошанов «Шеврон» компаниясының басшылығын жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге және аймақты дамытуға белсене атсалысуға шақырды. Кездесуге Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов (Атырау облысы), Еділ Жаңбыршин (Маңғыстау облысы) қатысты.

18.04.2023

Айгүл Құспан ТМД ПАА Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясын басқарады

Астана, 12 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының отырыстарына қатысты. ТМД ПАА елу бесінші жалпы отырысында ТМД елдерінің экология және табиғатты пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру мәселелері, сондай-ақ осы саладағы заңдардың жаңа үлгісі талқыланды. Кеңес отырысының тақырыбы 2022 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы мен 2023 жылдың наурызындағы парламент сайлауын бақылауға қатысқан Ассамблея халықаралық байқаушыларының нәтижелеріне арналды. Сонымен қатар жиынға қатысушылар ұйымның өткен жылғы жұмысын қорытындылап, тұрақты комиссиялардың төрағаларын сайлады. Дауыс беру нәтижесінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан ТМД ПАА Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясын басшысы болды.