Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.01.2020

Мәжіліс көптеген заң жобаларын жұмысқа алды


 

Нұр-Сұлтан, 15-қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырыс өтті. Осыған назар аударған Палата Спикері: - «Біздің жаңа жылдағы жұмысымыз әдеттегідей аймақтарды аралаудан басталды.

Барлық үш фракцияның депутаттары және Ассамблеядан сайланған депутаттар тек облыс орталықтарында ғана емес, аудандарда, қалаларда, алыс ауылдарда да болып, кеше ғана іссапардан келді.

Онда әрбір депутат жергілікті тұрғындарға елімізде, Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстар туралы жеткізді және түсіндірді.

Сонымен бірге аймақтарда әлеуметтік көмектің жаңа форматы туралы, Денсаулық сақтау кодексі туралы және жұмыспен қамту тағы да басқа мәселелер көтерілді.

Осы кездесулерде айтылған барлық ұсыныстарды, пікірлерді алдағы заң шығару жұмысымызда, әрине, есепке алатын боламыз»,-деді.

Қазіргі уақытта Мәжіліс қоржынында 61 заң жобасы бар.

Бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс соғыс жағдайы мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл елімізде қауіпсіздікке төнетін қатерге ден қою үшін мемлекеттің қорғаныс потенциалын қолдау қажеттігінен туындап отыр.

Оның негізгі мақсаты мемлекеттің соғыс жағдайы кезеңінде жұмыс істеу, сонымен қатар бейбіт уақытта оған дайындалу мәселесін құқықтық реттеу болып табылады. Сонымен қатар соғыс жағдайы кезеңінде жергілікті атқарушы органның өкілеттігін көздеу, оларға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың қорғаныс кеңестерін құруға өкілеттік беру ұсынылады.

Бұл ретте қорғаныс кеңестері әскери басқару органы ретінде соғыс жағдайы шарасының орындалуын қамтамасыз етеді. Олар тек соғыс жағдайы кезеңіне құрылады, сондықтан Қарулы Күштер құрылымына кірмейді. Сондай-ақ, осы күні Ресеймен «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тапты.  Бұл келісімнің нәтижесінде Байқоңыр қаласының тұтынушылары, оның ішінде шамамен 60 пайызы қазақстандық азаматтар, қолжетімді, қымбат емес және экологиялық таза отын – табиғи газбен тұрақты қамтамасыз етіледі, Сонымен қатар, Байқоңыр қаласында газ жеткізуді «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы жүзеге асырады, ол сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелерін қауіпсіз пайдалану үшін жауап береді және газ жеткізу шарттарын жасасу, баға белгілеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері тек Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс 16 заң жобасын жұмысқа алды.

Оның ішінде, Экологиялық Кодекс, асыл тұқымды мал шаруашылығы, мәдениет мәселелері бойынша, мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы басқа да өте маңызды заң жобалары қамтылған.

Осы күні Мәжіліс Ерлан Сламханұлы Дауылбаевты Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындады. Жалпы отырыс соңында бірқатар депутаттар құзіретті органдарға депутаттық сауалдар жолдады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі