Басты бет > Қазақстандағы парламентаризмнің даму тарихы
Қазақстандағы парламентаризмнің даму тарихы

Халықтық демократияны білдіру нысаны ретіндегі өкілді билік қазақстандық қоғамға ежелден тән.  Ол қалыптасқан саяси жүйеге байланысты өзгеріп отырды.

Қазіргі Қазақстан Парламенті бір палаталы өкілді органның –  алғаш рет  Қазақ КСР-інің 1937 жылғы Конституциясы, ал содан кейін  Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясы мен Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы негізінде құрылған Жоғарғы Кеңестің  орнына келді.

Жоғарғы Кеңес өзі жұмыс істеген кезде он үш рет сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы сайлауы 1938 жылғы 24 маусымда өткізілді. Сайлау  жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өткiзiлдi.

Ол уақытта депутаттар корпусын құру баламасыз негізде Коммунистік партияның қатаң бақылауымен жүргізілгенін атап өту керек. Депутаттыққа кандидаттар партия ұйымдары белгілеген таптық, партиялық, ұлттық, жыныстық-жастық және басқа да квоталар бойынша іріктелді. Сондықтан заң шығару органының құрамында қанша жұмысшы, колхозшы, қызметші, коммунист, комсомол мүшесі, қазақ, орыс, украин, сондай-ақ басқа да ұлт өкілдері, әйелдер, жастар және т.с.с. болатыны сайлау басталмастан бұрын белгілі болатын. Мемлекеттік органдардың жоғары шенеуніктері, партия, комсомол және кәсіподақ органдарының басшылары атқарып жүрген қызмет лауазымдарына сәйкес депуттатыққа кандидат болып ұсынылатын.

Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясы сайлау жүйесіне аз ғана өзгерістер енгізді. Еліміздің осы Негізгі заңына сәйкес Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік биліктің жоғары органы болып табылды. Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі КСРО Конституциясымен және Қазақ КСР Конституциясымен Қазақ КСР жүргізуіне жатқызылған мәселелердің барлығын шешуге өкілетті болатын. Жоғарғы Кеңестің жұмыс органы – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Жоғарғы Кеңестің сессиялары аралығында қажет болған жағдайда Қазақ КСР қолданыстағы заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізіп, оларды кейін кезекті сессияның бекітуіне ұсынатын. Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі, қажет деп санаған жағдайда, кез келген мәселе бойынша тексеру комиссияларын  және өзге де комиссияларды құратын. Барлық мемлекеттік және қоғамдық органдар, ұйымдар мен лауазымды тұлғалар тұрақты және өзге де комиссиялардың талаптарын орындауға, оларға қажетті материалдар мен құжаттарды беруге міндетті болатын. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің жүргізуіне жатқызылған кез келген мәселені қарап, шешуге уәкілетті еді.

1990 жылғы наурызда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтті.  Бұл әкiмшiл-әмiршiл жүйенің ықпалы әлі де болса жеткілікті болып тұрған жағдайдағы республиканың жоғары заң шығару органының алғашқы неғұрлым  демократиялық  сайлауы болатын. Сайлау алдындағы тартысқа 360 депутаттық мандат үшін екі мыңнан астам үміткер қатысты. Республикалық қоғамдық ұйымдардан 90 адамның сайланғаны да аталған сайлаудың бір ерекшелігі болып табылады. Бұл сайлау толыққанды саяси партиялар болмаған жағдайда өткенімен, тоталитарлық жүйенің  өзгеру процестеріне бұлжымас сипат берді.

Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес Қазақстан парламентаризмінің қалыптасу тарихында ерекше рөл атқарды. Бұл бірқатар аса маңызды құқықтық актілердің қабылдануында, мемлекеттің 90-шы жылдардағы саясатын заңнамалық жағынан қамтамасыз етуде көрініс тапты.

«Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР  Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 1990 жылғы 24 сәуірдегі Қазақ КСР-інің Заңымен Қазақ КСР Президентінің қызметі тағайындалып, еліміздің алғашқы Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі  «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады, онда тұңғыш рет  аумақтың бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмайтындығы бекітіліп, еліміз халықаралық құқық субъектісі ретінде айқындалды, азаматтық институт, сондай-ақ меншік нысандарының тең құқылығы енгізілді.

1991 жылғы тамыз бен желтоқсандағы оқиғалар – Мәскеуде іске аспай қалған бүлік және Беловежск келісімдері КСРО тарихының соңғы нүктесін қойып, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті.

Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес ымыраға келу жөніндегі екі жылдық ізденістерден кейін 1993 жылғы 28 қаңтарда Республика егемендігінің қалыптасуын заң жүзінде аяқтаған  және шынайы конституционализмнің орнығуын жалғастырған Қазақстанның кеңестен кейінгі алғашқы Конституциясын қабылдады. Соның негізінде республикада ұлттық қауіпсіздікті, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдіктерін, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды қамтамасыз етудің  жаңа сапалы кезеңіне көшу басталды.

1993 жылғы Конституция, бір партиялық саяси басқарудан, монополиялық экономикалық жүйеден, тарихи күш көрсету идеологиясынан бас тартып, Қазақстан қоғамы дамуының  оң серпіні үшін өріс ашты. 

Әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономикаға көшудің өтпелі кезеңінде Негізгі Заң Республиканы дүниежүзілік қоғамдастықтағы тәуелсіз мемлекет ретінде заңдастырды.  1993 жылғы Конституция Қазақстан өзін қазіргі заманғы өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде білдіреді, ол тату көршілік пен көптарапты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты қалайды, жалпы адамзаттық құндылықтардың жолын ұстанады деп жария етті. 

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясында, бұрынғысындағыдай, Жоғарғы Кеңеске өте көп өкілдік берілді, бұл биліктің бөліну принципін жүзеге асыру мен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін құруды қиындатып жіберді. Реформалардың одан әрі жүргізілуі республикалық билік органдарының, бірінші кезекте,  өкілді органдардың тиімсіздігін анықтады, өйткені олар жедел өзгеріп жатқан оқиғаларға шұғыл түрде әсер ете алмады және осыған орай баламалы шешімдер қабылдауға дәрменсіз болды. Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңестің тұрақты негізде істеген жекелеген органдарының жұмыс нәтижелері де кәсіби Парламент құрудың қажеттігін дәлелдеді. Тежемелілік пен тепе-теңдік тетіктерінің жұмыс істемеуі Жоғарғы Кеңеске Үкіметтің қызметіне араласуына немесе оны ауыстыруға дейін баруына мүмкіндік берді, бұл республиканың өкілді органының қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкеп соқты. 

Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңестің өзін-өзі таратуы биліктің жергілікті өкілді органдарының өкілеттіктерін   тоқтатуынан басталды. Алдымен Алматы қаласының Алатау аудандық Кеңесі, ал содан кейін республиканың аудандық және облыстық Кеңестері бірінен соң бірі өз сессияларында өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұған қоса, 43 халық депутаты өкілеттіктерін тоқтатқаны туралы мәлімдеме жасап, әріптестерін өздерінің жолына түсуге шақырды.  Он екінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 11-сессиясының  жұмысы аяқталар қарсаңында жергілікті Кеңестердің төрттен бірінен астамы өз жұмысын тоқтатты. Осындай жағдайда халық қалаулылары Парламент қабырғасында өткізген ұзақ пікірсайыстардан кейін Сайлау туралы кодекс, Республика Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiктер беру туралы заң және Жоғарғы Кеңестің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы заң қабылдады. Республиканың жоғары өкілді органының соңғы екі заңнамалық актіні қабылдауының маңызы іс жүзінде Конституцияға түзетулер енгізумен бірдей болды.

1994 жылғы 7 наурызда өткен сайлау республикада көп партиялылықтың қалыптасуына ықпал етті. Сайлауға сайлаушылардың 73,84 проценті қатысты. Небары 135 бір мандатты округтер бойынша 910 адам ұсынылып, тіркеу шарттарына 692 адам лайық болды, орташа алғанда – 5 үміткер бір депутаттық мандат үшін күресті.

Уақытша регламентке сәйкес партиялар өкілдіктері негізінде Жоғарғы Кеңесте мынадай фракциялар құрылды: Қазақстан Халық Бірлігі Одағы (ҚХБО – 32 адам), Қазақстан Халық Конгресі партиясы (ҚХК – 22 адам), Социалистік партия (12 адам) және Кәсіподақтар федерациясы (12 адам), сондай-ақ, негізінен кәсіби белгісі бойынша қалыптасқан 14 депутаттық топ болды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет саяси партиялар мен қозғалыстар биліктің нақты тұтқаларына қол жеткізіп, мемлекеттік бағдарламалардың қалыптасуына және қабылдануына ықпал ету мүмкіндігін алды.

1994-1995 жылдар кезеңі қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуындағы төтенше маңызды кезең болып табылады. 1994 жылғы сәуір – 1995 жылғы наурыз аралығында жұмыс істеген он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттар тұрақты негізде жұмыс істеген Қазақстанның тұңғыш кәсіби парламенті болды.

Алайда он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңестің тағдыры өте қиындау болып шықты. Ол өз құқығына билік тармақтарын бөлу тетігі логикалық тұрғыдан аяқталуға дейін жеткізілмеген, биліктің тежемелілігі мен тепе-теңдік жүйесі нақты мазмұнмен толықтырылмаған, Жоғарғы Кеңестің, Президенттің және Үкіметтің мәртебесі аяғына дейін айқындалмаған мемлекеттік құрылыстың ең бір күрделі кезеңінде кіріскен еді.

Сонымен бірге он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңестің Қазақстанда парламентаризмнің одан әрі дамуына алғышарттар негізін салғанын мойындаған жөн.  Он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Ә. Кекілбаев: «Кәсіби Парламенттің құрылуын, абзалы, ешбір қиналыссыз биылғы жылдың қоғамдық-саяси өміріндегі ең бір ірі оқиға деп атауға болатын шығар. Оның жұмысының басталуы жаңа мемлекеттілік пен демократияның қаз тұруындағы елеулі кезеңдердің бірі ретінде Қазақстанның тарихи күнтізбесіне кіретіні шүбәсіз... Кәсіби Парламент бізде ешқашан болған емес және біз сынап көрулер және қателіктер әдісімен жұмыс істеуге мәжбүр болдық... Жаңа мәртебе иеленген Жоғарғы Кеңес өкілеттіктерінің айқындалуы біртіндеп жүріп жатыр».

Он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес бір жылдан сәл азырақ жұмыс істеп, заңсыз деп танылды, өйткені Конституциялық сот сайлау заңнамасының кейбір нормалары Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды, депутаттарды сайлау соған сәйкес жүргізілген еді.

Ескі және жаңа саяси құрылыстың өзіндік тұрғыда ымыраға келуінің, ғасырлар бойы құрылған батыс демократиясының үлгісін кеңестен кейінгі кеңістікте енгізуге тырысудың көрінісі болған 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы әуелбастан-ақ қайшылыққа толы еді.

1995 жылғы 30 тамызда жүргізілген референдумның нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрылыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.

Жаңа Конституцияның жобасы жұртшылық арасында кеңінен талқыланды. Азаматтар 30 мыңға жуық ұсыныстар енгізді, ал Қазақстан Республикасы Президентінің басшылығымен құрылған арнаулы сарапшылық-консультациялық кеңес оларды зерделеді. Мәтінді пысықтау кезінде мыңнан астам түзету ескерілді, осының нәтижесінде Конституция жобасының 99 бабының 55-і елеулі өзгерістерге ұшырады.

1995 жылғы 30 тамызда референдумға қатысқан халықтың 81,9 проценті жаңа Негізгі Заңды қабылдауды жақтады.

Республика Конституциясы заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының тұрақтылығын, тиімді жұмыс істеуін және өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін билікті бөлу принципін жай ғана жариялап қойған жоқ – онда тежемелілік пен тепе-теңдіктің нақты жүйесі баянды етілді. Негізгі Заң адамның жоғары құндылықтары ретінде оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын бекітті.

Мемлекеттік билікті бөлудің принциптері оның бірлігіне қайшы келмейді, оның тармақтарының келісілген өзара іс-қимылын, бүкіл биліктің олардың біреуінде толық шоғырлану мүмкіндігі болмауын көздейді. Бірыңғай мемлекеттік билік тармақтарының диалектикалық өзара іс-қимылы осыдан көрінеді. Ал биліктің тежемелілігі мен тепе-теңдік тетігі елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Қазақстанды президенттік республика деп жариялаған 1995 жылғы  Конституция, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы»  Конституциялық заңдар биліктің әрбір тармағының мәртебесі мен функциясын реттеді.

1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында Парламенттің заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың жоғары өкілді органы болып табылатыны бекітілген.

Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.

Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екi адамнан, тиiсiнше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкiлдi органдары депутаттарының бiрлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенаттың жетi депутатын Сенат өкiлеттiгi мерзiмiне Республика Президентi тағайындайды. 

Мәжiлiс жетпiс жетi депутаттан тұрады. Алпыс жетi депутат республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi ескерiле отырып құрылатын және шамамен сайлаушылардың саны тең бiр мандатты аумақтық сайлау округтерi бойынша сайланады. Он депутат бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша және бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланады. 

Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.

1995 жылғы 30 тамызда жалпы халықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында «Парламент» ұғымы алғаш рет ресми түрде бекітілді. Осыдан кейін ғана ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Констициялық заң күші бар Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес қос палаталы Парламентке депутаттарды сайлау процесі 1995 жылдың соңында өткізілді.

  

БІРІНШІ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ: 1996-1999 жылдар

 Бірінші сайланған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің сайлауы 1995 жылғы желтоқсанда өтті.

Сенатқа 40 депутат – 19 облыстан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі-екі адамнан сайланды. Сенаттың жеті депутатын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындады.

Депутаттардың көпшілігі сайланғанға дейін басшы қызметтерде істеген, олардың ғылыми-педагогикалық, ғылыми-зерттеушілік және шығармашылық қызмет тәжірибесі, кәсіподақ және қоғамдық ұйымдардағы, кәсіпкерлік, өндірістік және әлеуметтік салалардағы жұмыс тәжірибесі болды. Сенат депутаттарының арасында 4 әйел, 60 жастан асқан 4 адам болды. Барлық депутаттар жоғары білімі бар дипломды мамандар болды. Олардың ішінде 10-ы – заңгерлер, 10-ы – экономистер, 9-ы – инженерлер,  8-і – ауыл шаруашылығы мамандары.

Депутаттық корпустың құрамында 4 ғылым докторы, 11 ғылым кандидаты жұмыс істеді. Көптеген депутаттар бұрын заң шығарушы органдарға сайланған еді, олардың арасында Қазақ КСР, КСРО халық депутаттары, кәсіби заң шығару қызметінде тәжірибесі бар, он екінші және он үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болды.

1996 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бірінші отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Өмірбек БАЙГЕЛДИ Сенаттың Төрағасы болып сайланды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 69-бабына сәйкес және екі жылға сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өкілеттіктерінің конституциялық мерзімінің аяқталуына орай 1997 жылғы 8 қазанда  Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутаттарды 4 жылға сайлау өтті. Бес облыстың таратылуына байланысты сайлау Республиканың  14 облысы мен Алматы қаласы бойынша өтті. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына 15 депутат сайланды. Олардың ішінде 11-і бұрын Сенат депутаттары болса, 4-і – алғаш рет сайланды.

Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы болып жариялануына байланысты 1998 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына Ақмола қаласы бойынша депутаттарды сайлау өтті. Сенат құрамына екі депутат сайланды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда болды. 67 депутат сайланды. Мәжіліс сайлауының нәтижелері бойынша ерлер басым-58, әйелдер-9 депутат болды. Палатаның барлық депутаттары жоғары білімді, оның ішінде 7-і ғылым докторы, 10-ы ғылым кандидаты.

Сайланған депутаттардың арасында жергілікті атқару органдарының және мәслихаттың басшылары мен қызметкерлері көбірек болды - олар 19 адам. Әрбір бесінші депутат кәсіпорынның, қауымдастықтың, фирманың, қордың және басқа құрылымдардың басшылары болып жұмыс істеген. 9 депутат ғылым, жоғары оқу орындары қызметкерлері, мұғалім болған. Әрбір оныншы депутат Президент Әкімшілігінің, министрліктер мен республикалық комитеттердің қызметкерлері болды. 4 депутат уақытша жұмыс істемеген. Аграрлық салада – 11 депутат, мәдениет саласында 3 депутат жұмыс істеген. Құқық қорғау органдарының қызметкері және инженер-экономист болып  әрқайсысында екі-екі депутат қызмет істеген. Бір депутат – заңгер, біреуі әскери қызметші және біреуі зейнеткер болған.

1996 жылғы 30 қаңтарда бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші отырысында Мәжіліс Төрағасы болып Марат Тұрдыбекұлы ОСПАНОВ сайланды.

 

ЕКІНШІ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ: 1999-2004 жылдар

 Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 1999 жылғы қыркүйектегі және 2002 жылғы қазандағы сайлауларда Сенат құрамының жартысы қайта сайланды. Қазақстан Республикасының бес облысы таратылуына байланысты екінші сайланған Сенат депутаттары 14 облыстан және Алматы мен Астана қалаларынан сайланды. Таратылған облыстардан сайланған депутаттар өкілеттік мерзімі біткенге дейін жұмыстарын жалғастырды, сондықтан 1999 жылғы желтоқсанға дейін Сенатта 44 депутат жұмыс істеді.

2003 жылы Сенатта 39 депутат болды. Олардың үшеуі әйел. Барлық депутаттардың жоғары білімі бар, соның ішінде 9 – заңгер, 6 – экономист, 11 – инженер, 7 – ауыл шаруашылығы маманы, 6 – педагог, саясаттанушы, журналист.

4 академик, 6 ғылым докторы, 3 профессор, 3 ғылым кандидаты Сенат депутаты болды. Палата депутаттары көпшілігінің заң шығару, дипломатиялық қызмет тәжірибелері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен мекемелеріндегі, өндірістік, әлеуметтік-мәдени және кәсіпкерлік салалардағы басшылық қызметтің тәжірибелері бар.

Көптеген сенаторлар бұрын Жоғарғы Кеңестің және бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болып сайланған.

Екінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағалары болып Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ (2004 жылғы 10 наурызда депутаттық өкілеттігі аяқталғанға дейін жұмыс істеді) және Нұртай ӘБІҚАЕВ (2004 жылғы 10 наурыздан бастап) сайланды.

 1999 жылдың күзінде енгізілген конституциялық өзгерістерге сәйкес алғаш рет Орталық Азия өңірінде аралас схема бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау өтті, бұл саяси партияларға тең өкілдік негізінде партиялық тізім бойынша Парламентке сайлану мүмкіндігін берді.

Осындай жаңалықтардың нәтижесінде бұл сайлау, парламенттік үлгідегі саяси партиялар құру процесін ынталандыра отырып, жоғары саяси мәнімен және баламалы түрде өтуімен ерекшеленді. Сайлауға 10 саяси партия қатысты. Мажоритарлық бір мандатты округтерде 547 кандидат тіркелді. Жалпы сайлау барысында сол кезеңде Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған кандидаттар саны – орташа есеппен бір орынға сегіз адам тіркелді. 

Парламент Мәжілісіне сайлау қорытындылары бойынша бір мандатты округтар бойынша 67 депутат және біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялардан 10 депутат сайланды. Олар жеті проценттік барьерді еңсерген төрт партияның – «Отан», Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партияның өкілдері болды.

Сайланған 77 депутаттың  8-і - әйел, 74-і – жоғары білімді, 30-ға жуығы екі жоғары оқу орындарын бітірген адамдар болды. Депутаттар арасында бір академик, жеті доктор және әртүрлі мамандықтары бар жиырма ғылым кандидаты болды.

Депутаттық корпустың басым көпшілігі инженерлер – 30, заңгерлер – 22, экономистер – 16, педагогикалық білімі барлар – 14, ауыл шаруашылығы ғалымдары мен мамандары – 8, журналист, дәрігер, тарихшы, менеджер, әскери қызметші, халықаралық қатынастар маманы және т.б.

Екінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып Жармахан Айтбайұлы ТҰЯҚБАЙ сайланды.

 

ҮШІНШІ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ: 2004-2007 жылдар

 1999 жылғы қыркүйекте алты жыл мерзімге сайланған 16 сенатордың сайлауы 2005 жылғы тамызда өтті.

Жаңадан сайланған сенаторларды қосқанда 2005 жылғы желтоқсанда Парламент Сенатында 39 депутат өз қызметін атқарды. Парламентшілердің орташа жас мөлшері – 57 жас, 37 ер адам, 2 әйел. Депутаттардың барлығы жоғары білімді, олардың 19-ы екі жоғары оқу орнын бітірген. Депутаттардың қатарында техникалық білімі бар – 13 адам, гуманитарлық білімі бар – 16 адам, заңгерлер – 10 адам болды.

Депутаттардың көпшілігі сайланғанға дейін мемлекеттік секторда жұмыс істеген, оның ішінде 28 парламентші басшы лауазымдарда қызмет істеген. Көпшілігінің заң шығару қызметіндегі, сондай-ақ өндірістік, әлеуметтік және кәсіпкерлік салалардағы, ғылыми-зерттеу, ғылыми-педагогикалық қызметтегі, қоғамдық ұйымдардағы жұмыс тәжірибесі бар.

2005 жылғы 1 желтоқсанда үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып Нұртай ӘБІҚАЕВ сайланды.

 Үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2007 жылғы 11 қаңтардағы отырысында жасырын дауыс беру арқылы Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Сенат Төрағасы болып сайланды.

 Үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін сайлау 2004 жылғы қыркүйекте болып өтті. Сайлауға 12 саяси партия қатысты, олардың ішінде 4-уі – екі сайлау блогының құрамында.

Сайлау нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 77 депутат сайланды.

67 депутат Республиканың әкімшілік-аумақтық бірлігі ескеріле отырып құрылған, шамамен сайлаушылардың саны тең  бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды.

10 депутат тең өкілдік жүйесі бойынша және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланды. Олардың ішінде 7 депутат «Отан» республикалық саяси партиясынан, бір-біреуден «Асар» республикалық партиясынан,  «Ақ жол» демократиялық партиясынан және Қазақстанның Аграрлық және Азаматтық партияларының «АИСТ» сайлау блогынан (Еңбекшілердің аграрлық-индустриялық одағы) сайланған.

Сайланған парламентшілердің жалпы санынан 59 депутатты саяси партиялар ұсынды:  «Отан» республикалық саяси партиясынан – 42, «АИСТ» сайлау блогынан - 11, «Асар» республикалық партиясынан – 4,  «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 1, Қазақстан Демократиялық партиясынан - 1. Өзін өзі ұсынғандар – 18 депутат.

Палатаның депутаттық құрамында 69 ер адам және 8 әйел бар. Үшінші сайланған  Мәжілістің депутаттық құрамының орташа жас мөлшері – 53 жас, ең жасы – 28 жаста, ең егдесі – 73 жаста.

Барлық депутаттар жоғары білімді. 37 парламентші екі жоғары оқу орнын бітірген.

28 депутаттың ғылыми дәрежесі мен атағы бар, олардың ішінде 13 ғылым кандидаты мен 15 ғылым докторы бар.

Парламентшілер арасында әртүрлі мамандықтағы инженерлердің саны едәуір, олар – 21, заңгерлер – 14, экономистер – 16.

Бұдан басқа, үшінші сайланған Мәжілісте ауыл шаруашылығы, халықаралық қатынастар мамандарының кәсіби біліктілігін иеленгендер, менеджерлер, дәрігерлер, педагогтар, әскери қызметшілер, журналистер, мәдениет қайраткерлері және т.б. бар.

Соңғы жылдар ішінде Палатада парламенттік стажы бар депутаттар саны өсті. Мәжілістің 29 депутаты осының алдындағы сайланымда жұмыс істеген, 3 – бірінші және екінші сайланымда, екеуі -  Сенатта, 12 депутат бұрын әртүрлі сайланған Жоғарғы Кеңестің депутаттары болған.  

Үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып Орал Байғонысұлы МҰХАМЕДЖАНОВ сайланды

 «Үшінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы»  Қазақстан Президенті Жарлығының қабылдауына байланысты 2007 жылғы 20 маусымда үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі өз қызметін аяқтады.

 

ТӨРТІНШІ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ: 2007-2011 жылдар

Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес төртінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау 2007 жылғы тамызда болып өтті.

 Парламент Сенатында Президент тағайындайтын депутаттар санының 15 адамға дейін ұлғаюын көздейтін өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, Мемлекет басшысы 2007 жылғы 28 тамызда қосымша 8 сенаторды тағайындады.

 Жаңартылған Конституцияға сәйкес Мәжіліс 107 парламентшіден тұрады.  Олардың 98 депутаты   біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы партиялық тізімдер бойынша сайланды. Қалған депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.

Жеті саяси партия қатысқан 2007 жылғы 18 тамызда өткен сайлауда    «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы ғана 7 пайыздық кедергіні еңсерді, оның қатарындағы депутаттар Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды иеленді. Палатадағы 9 орын 2007 жылғы 20 тамызда Қазақстан Халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттарға берілді.

Мәжілістің құрамына өткен сайланымдағы депутаттық корпустың
39 депутаты, мемлекеттік басқару органдарынан – 24 адам, жергілікті мемлекеттік басқару органдарынан – 19 адам, бизнес құрылымдарынан –
8 адам, білім, ғылым және мәдениет саласынан – 8 адам және басқа салалардан 9 адам кірді.

Палатада білімі бойынша әртүрлі мамандықтағы инженерлердің саны едәуір, олар – 42 депутат, заңгерлер – 34, педагогтар – 23, олардың бірқатары басқа мамандық бойынша екінші жоғары білім алған. 21 депутаттың экономикалық білімі бар, ауыл шаруашылығы мамандары  - 9.

Бұдан басқа, депутаттық корпуста дәрігерлер, халықаралық қатынастар мамандары, журналистер, мәдениет  және өнер қайраткерлері мен басқа да мамандықтың иелері бар.

Мәжілісте 15 ғылым докторы және 27 ғылым кандидаты бар,
35 парламентші екі жоғары білім алған.

 Палатада түрлі ұлттар өкілдерінің саны артты. Депутаттық корпустың құрамына 82 қазақ, 17 орыс, 2 неміс және бір-бірден белорус, балкар, кәріс, украин, өзбек және ұйғыр кірді.

 Әйелдердің саны екі еседен астам артты, олар  – 17 депутат.

Төртінші сайланған Мәжілістің депутаттық корпусының орташа жасы – 52 жас, бұл үшінші сайланымға қарағанда бір жасқа төмен. Жас шамасы бойынша ең көп топты 50 мен 59 жас аралығындағы депутаттар құрайды, олардың саны – 44, одан кейінгі орында 40 пен 50 жас аралығындағылар –
36 депутат, 60 жастан асқан депутаттар – 23 адам және ең аз топ 30 бен 40 жас аралығындағылар – 4 депутат.

Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып Аслан Есболайұлы МУСИН сайланды. Өкілеттігін 2008 жылғы қазанда тоқтатты.

2008 жылғы қазанда төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып Орал Байғонысұлы МҰХАМЕДЖАНОВ сайланды.

Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлық шығаруына байланысты  2011 жылғы 16 қарашада тоқтатты.

 

БЕСІНШІ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ: 2012 - 2016 жылдар

 

Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда қалыптастырылды.

Бесінші шақырылымда конституциялық нормаларға сәйкес 2008 және 2011 жылдары сайланған, 2007 және 2011 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған Сенат депутаттарының өкілеттіктері жалғастырылды.

Парламент Мәжілісінің сайлауына жеті саяси партия қатысты, олардың үшеуі қорытынды нәтижелер бойынша  сайлаушылар даусының 7%-дан  астамын жинады  және Парламент Мәжілісіне: «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы (80,99%), Қазақстанның «Ақ жол»  Демократиялық партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19 %) өтті.

Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясынан 83 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 8 депутат, ҚКХП-нан – 7 депутат жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан – 9 депутат. Мәжіліс құрамында барлығы 107 депутат бар.

Мәжілістің құрамына өткен сайланымдағы депутаттық корпустың 43 депутаты кірді.

Палатада  білімі бойынша біліктілігі әртүрлі инженерлер бар, олар – 30 депутат, педагогтар – 21, заңгерлер – 13 депутат. 21 депутаттың экономикалық білімі бар, ауыл шаруашылығы мамандары  - 10. 

Бұдан басқа, депутаттық корпуста дәрігерлер, философтар, тарихшылар, саясаттанушылар, әскерилер, журналистер, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері және басқа да мамандық иелері бар.

Мәжілісте 2 академик,  17 ғылым докторы мен  27 ғылым кандидаты бар, 60 парламентші екі жоғары білім алған.

         Палатада түрлі ұлттар өкілдерінің саны артты. Депутаттық корпустың құрамына 76 қазақ, 21 орыс, 3 украин, 2 неміс және бір-бірден татар, шешен, кәріс,  өзбек және ұйғыр кірді. 26 депутат - әйел адам.

Бесінші сайланған Мәжілістің депутаттық корпусының орташа жасы – 56 жас, бұл төртінші сайланымға қарағанда төрт жасқа жоғары. Жас шамасы бойынша ең көп топты 50 жастан  59 жасқа дейінгі депутаттар құрайды, олардың саны – 47, 60 жастан асқан депутаттар – 34 адам, одан кейін  40 жастан 49 жасқа дейінгі депутаттар  – 22 адам және ең аз топ 30 бен 39 жас аралығындағылар – 4 депутат.

Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы  болып Нұрлан Зайроллаұлы НЫҒМАТУЛИН сайланды. Өкілеттігін 2014 жылғы сәуірде тоқтатты.

2014 жылғы сәуірде бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып Қабиболла Қабенұлы ЖАҚЫПОВ сайланды.

Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің «Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлық шығаруына байланысты  2016 жылғы 20 қаңтарда тоқтатты.

 

 

 АЛТЫНШЫ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ: 2016-

 

Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы 2016 жылғы 20 наурызда өтті. Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. Олар: «Нұр Отан» партиясы (82,20%), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,18 %) және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (7,14 %).

«Нұр Отан» партиясынан Парламент Мәжілісінде 84, «Ақ жол» партиясынан 7, Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан 7 депутат қызмет етеді. 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. 

Алтыншы сайланған Мәжіліс құрамына алдыңғы шақырылымның 43 депутаты кірді. Жалпы депутаттық корпус 60 %- ға жаңарды.

Мәжілістің жаңа құрамында: ер адамдар – 78 (73%), әйел адамдар – 29 (27%).

Депутаттардың орташа жасы – 55 жас (2016 жылғы 31 наурыздағы күнге сәйкес). 40 жасқа дейін – 7 депутат, 40-тан 60-қа жасқа дейін – 77 депутат, 60 жастан асқандар – 23 депутат.

Мәжіліс депутаттарының 34-ы (32%) ғылым докторлары мен кадидаттары ғылыми атақтарына ие.

Мәжіліске дейін депутаттар әртүрлі салада еңбек еткен: мемлекеттік қызмет, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар, білім, ғылым және т.б.

Мәжілістің ұлттық құрамында қазақтар, орыстар, украиндықтар, сонымен қатар әзірбайжан, армян, дұнған, кәріс, өзбек, ұйғыр, шешен және т.б. этностардың өкілдері бар.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып Бақтықожа Салахатдинұлы ІЗМҰХАМБЕТОВ сайланды.  Өкілеттігін 2016 жылғы маусымда тоқтатты.

2016 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып НЫҒМАТУЛИН Нұрлан Зайроллаұлы сайланды.