Басты бет > Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

Географиялық орны, табиғи-климаттық жағдайы

 

Қазақстан Орталық Азияда, Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан.

Елдің аумағы  2724,9 мың шаршы километр болады, ол  батысында Волга өзенінің  төменгі сағасынан бастап - шығысында Алтай тауларына дейін және оңтүстігінде  Солтүстік Тянь-Шанның тауы Іле Алатауынан бастап -   солтүстігінде Батыс-Сібір  ойпатына  дейін созылып жатыр.

Қазақстан  жер  көлемі жағынан дүниежүзінде  Ресей, Қытай, АҚШ, Аргентина, Бразилия, Канада, Индия және Австралиядан кейін тоғызыншы орында тұр.  Республиканың құрлықтағы Мемлекеттік шекарасының ұзындығы  13 392,6 км. болады, оның  7 591 километрі – Ресей Федерациясымен, 2 351,4 километрі - Өзбекстан Республикасымен, 1 782,8 километрі -  Қытай Халық Республикасымен, 1241,6 километрі - Қырғыз Республикасымен, 425,8 километрі - Түркіменстан Республикасымен  шектеседі.

Еліміздің мұхиттардан шалғайда орналасуы және аумағының үлкен болуы климаттың қатаң  континентальды сипатталуына, түрлі табиғи аймақтардың  қалыптасуына және жауын-шашынның аз болуына ықпал етеді. Қаңтар айының орташа температурасы  – 19-дан – 4 градус С аралығында, ал шілде айының орташа температурасы +19-дан +26 градус С аралығында болады. Қыста ең төмен температура - 45 градусқа дейін, ал жазда ең жоғары температура +30 градусқа дейін жетеді.

Еліміздің аумағынан үлкенді-кішілі 8,5 мың өзен ағып өтеді.  Олардың ішіндегі ең ұзыны – Ертіс (республика шегіндегі ұзындығы – 1 698 км), Есіл (1 400 км), Жайық (10 082 км), Сырдария (1 400 км) өзендері болып табылады.

Қазақстанда  үлкенді-кішілі 48 000 көл бар. Олардың ішінде ең үлкендері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан, Алакөл, Теңіз, Селетеңіз. Қазақстанға Каспий теңізінің солтүстік жағалауының басым бөлігі және шығыс жағалауының жартысы тиесілі. Каспий теңізінің қазақстандық жағалауының ұзындығы  2 340 км құрайды.

Республикада  топырақ және өсімдік қабатының  көлденеңінен және тігінен  алғанда аймақтарға бөлінетіні анық байқалады.  Орманды-далалы және далалы аймақтарға барлық жердің 10 %-ы,  шөлейт және шөлді жерлерге – шамамен 60 %-ы,  таулы аймақтарға – шамамен 5%-ы тиесілі.

 

 Табиғи-ресурстық әлеуеті

 

Қазақстанның табиғи ресурстары бай әрі сан алуан.  Шикізат әлеуеті отын-энергетикалық, металл және  металл емес минералдық ресурстардың алуан түрімен ерекшеленеді.

 

Еліміздің жер қойнауында  темір, мыс, хром, марганец кенінің, түсті және сирек кездесетін металдардың, құрылыс пен сәндік тасты материалдардың  бай қоры жатыр.

Қазақстан  әлемде  мырыштың, вольфрамның  зерттелген қоры бойынша - бірінші орын,  күміс, қорғасын, хромит қоры бойынша – екінші орын,   мыс қоры бойынша – үшінші орын,  молибден қоры бойынша  төртінші орын алады.

Қазақстанның пайдалы қазбалар қорын геологиялық-экономикалық бағалау нәтижесі бойынша экономикалық маңызы жағынан мұнай, көмір, хромит, мыс, темір, қорғасын, мырыш, алтын және  марганец алдыңғы қатарда тұр.

Қазақстанның батыс өңірінде  мұнай мен газдың мол қоры шоғырланған.

 

Халқы

 

Қазақстан халқының саны 2011 жылдың басында 16 миллион 442 мың адамды құрады.  Республика халқының жалпы санына шаққанда қала тұрғындарының үлесі – 54,5 %-ды,  ауыл тұрғындарының үлесі 45,5 %-ды құрайды.  

2011 жылдан бастап 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін халықтың жалпы өсімі  233 мың адамға, оның ішінде  қалалық жерлерде - 153,5 мың адамға, ауылдық жерлерде – 79, 5 мың адамға артқан.

Аталған кезеңде халық саны, негізінен, табиғи өсім есебінен өскенін  атап өткен жөн (221,8 мың адам).  

 Қазақстанда 125 ұлт өкілі өмір сүреді. Халықтың этникалық құрамында  республикадағы ең ірі топтардың қатарына жеті ұлт өкілі – қазақтар, орыстар, өзбектер, украиндар, ұйғырлар, татарлар және  немістер жатады.   Ел халқының жалпы санының  95,5 %-ы солардың үлесіне тиеді.  Қазақстан халқының құрамында  қазақтар саны басым, олар 64,0 %-ды,  орыстар – 22,8  %-ды құрайды.

Республика халқының жалпы санына шаққанда өзбектердің үлес салмағы – 2,9 %, украиндар – 1,9%, ұйғырлар –  1,4 %, татарлар – 1,2 %, немістер – 1, 1% болады.

 

 

Мемлекеттік құрылымдар,

әкімшілік-аумақтық құрылым, қоғамдық-саяси қызмет

 

Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті – Мемлекет басшысы, жоғары лауазымды тұлға. Президент дауыс беру жолымен бес жыл мерзімге сайланады.

Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен  заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну,  тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

Республикада заң шығару қызметін жүзеге асыратын  жоғарғы өкілді орган Қазақстан Республикасының Парламенті болып табылады. Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан - Сенаттан (Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл ) және Мәжілістен (Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл) тұрады.

Қазақстан Үкіметі атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды.

Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты және Республиканың жергілікті соттары Республика соттары болып табылады.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Қазақстанның саяси жүйесінде ерекше  орын алады.  Ол өкілеттігі алты жылға созылатын  жеті мүшеден тұрады. Республиканың экс-президенттері құқығы бойынша Конституциялық Кеңестің өмір бойғы мүшелері болып табылады.

Бүгінгі таңда, республиканың  әкімшілік-аумақтық құрылымы жүйесіне 14 облыс, 2 республикалық маңызы бар қала, 175 әкімшілік аудан, 87 қала, 35 кент және 6 982 ауылдық елді мекен кіреді.

Қазақстанның елордасы – Астана қаласы (1997 жылғы
10 желтоқсаннан бастап).  Халқының саны – 697,1 мың адам.

Қазақстанның мемлекеттік тілі түркі тілдер тобына жататын қазақ тілі болып табылады. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті басқару органдарында мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.

Парламенттің 2002 жылы Қазақстан Республикасындағы партиялық құрылыстың барысын регламенттеп, реттеуге арналған, оларды нығайтуға кең жол ашатын «Саяси партиялар туралы» жаңа Заңды қабылдауына байланысты Қазақстан Республикасындағы саяси партиялар айрықша серпінмен дами бастады. Қазақстан Республикасында 10 саяси партия ресми тіркелген.  Оның ішінде 2012 жылғы қаңтардағы сайлаудың қорытындылары бойынша үш партия өкілі  депутат ретінде Мәжіліс құрамына енді.

Қазіргі таңда елде барлық әлеуметтік маңызды салалардағы жұмысты жүзеге асыратын 19000-нан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді.

2011 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында 2494 мерзімді баспа басылымдары, оның ішінде 1662 газет және 832 журнал тұрақты негізде шығарылады. Барлық  баспасөз басылымдарының жартысын ақпараттық БАҚ құрайды,  қоғамдық-саяси басылымдардың үлесі -  16 %, ғылыми басылымдар – 9 %, жарнамалық  басылымдар – 10,5 %, балалар, жастар, әйелдер басылымдары және діни бағыттағы басылымдар жиынтығында төрт пайызды құрайды. Мемлекеттік емес БАҚ шамамен  80% болады. Ақпараттық салада мемлекеттік сектор негізінен ведомстволық БАҚ  (орталық және жергілікті билік органдары, оқу орындары) арқылы көрініс тапқан. Өңірлерге шаққанда  мерзімді баспасөз басылымдарының таралымы 1000 - 3600 дана аралығында өзгеріп отырады.

Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасында 233 электрондық бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді, оның 50-ін телекомпаниялар, 43-ін радиокомпаниялар, 134-ін  кабельдік телевизия операторы және
6-ын  спутниктік хабар тарату операторлары құрайды.

«Қазтелерадио» АҚ деректері бойынша қазіргі уақытта аумақтың республикалық арналардың телевизиялық және радио бағдарламаларымен қамтылуы:

·              «Хабар» - 98, 7 %;

·              «Қазақстан» - 98,6 %;

·              «Ел арна» - 89 %;

·              «Бірінші арна - Еуразия» - 87,8 %;

·              Қазақ радиосы – 88,7 %.

«CaspioNet» ұлттық спутниктік арнасы Еуропа, Орталық Азия, Орталық Шығыс және Африканың солтүстік бөлігі елдерінің аумағына таралады. Арнаның ықтимал аудиториясы  - 99 миллион телекөрермен. Арна тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз хабар береді.

Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасында  13 ақпараттық агенттік жұмыс істейді.

2011 жылдың  желтоқсан айындағы жағдай бойынша  Қазақстанның ақпараттық нарығында шет мемлекеттердің 2786 бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде 2674 газет пен журнал және 112 теле- радиобағдарлама таратылады. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары аталымдарының жалпы санының 90 % - орыс тілінде, 5 % - ағылшын тілінде және 5 % басқа тілдерде (грек, неміс, голланд, испан, португал, швед, грузин, армян, француз, корей және басқа тілдерде) таралады.

Сонымен қатар, Қазақстанда Интернет, кабельді телевизия қарқынды түрде дамуда. 2011 жылдың  желтоқсан айындағы жағдай бойынша  Қазақстанның аумағында кабельдік және эфирлі-кабельді телевизия желілерінің 142-ден астам операторы жұмыс істейді.

 Республиканың ақпараттық нарығында қазіргі заманғы технологиялар кеңінен пайдаланылады.

 

 

Экономика және әлеуметтік сала

 

Қазақстанда нарықтық экономикаға өту ойдағыдай жүзеге асырылды. 2000 - 2006 жылдар  аралығында  экономиканың жыл сайын 10 пайыз өсуі  (ЖІӨ)  байқалды.

Қазақстан уақтылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында 2008-2009 жылдары ғаламдық дағдарыс кезінде әлем елдерінің ішінде экономикасының дамуы жалғасқан бірден бір ел болып табылады. 2010 жылы Қазақстан экономикасы өсуді қалпына келтіру сатысына аяқ басты (2009 жылы ЖІӨ өсуі 7,3% болды).

Қазақстан экономикасының тұрақтылығына және  әртараптандыру мен индустриялық даму жолына түскендігіне  өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету  секторы    қарқынды дамыған  2011 жылы ЖІӨ өсімінің қамтамасыз етілу фактісі айғақ болады.

Алдын ала бағалау бойынша 2011 жылы халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ 11 мың АҚШ долларынан асып түсті.

Республикада мұнай өндіруді дамытуда оң серпін байқалуда.  Мәселен,  2011 жылы  газ конденсатын қоса алғанда,    80 млн. тоннадан астам мұнай өндірілді.

Қазақстан Республикасын үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның негізгі басымдықтары  жаңа  экспортқа бағытталған жоғары технологиялық өндіріс құру, ұлттық инновациялық жүйені  дамыту және нығайту,  индустрияландыру процесіндегі  шағын және орта бизнестің рөлін күшейту,  еңбек өнімділігін арттыру болып табылады.

 Аталған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру  өз жемісін беруде.  Индустрияландыру картасы шеңберінде  2010-2011 жылдары  1,8 трлн. теңге сомасына  389 жоба іске қосылып,  90 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Республикада  инвестиция тарту,  жаңа өндірістер құру, қызмет көрсету мақсатында құрылған арнайы экономикалық аймақтардың  рөлі күшеюде. Мәселен,  осы арнайы экономикалық аймақтарды құрудың негізгі мақсаты: «Ақтау теңіз порты»  - химия, мұнай-химия және металлургия өнеркәсібін дамыту; «Оңтүстік» - тоқыма өнеркәсібін дамыту; «Астана – жаңа қала»  - машина жасау,  металлургияны, тамақ өнеркәсібін  дамыту және қазіргі заманғы  инфрақұрылым құру; «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» -  көмір сутегі  шикізатын тазалау, терең өңдеу бойынша  мұнай-химия өндірісі мен технологиясын жасау; «Бурабай» - туризмді,  туристік инфрақұрылымды,  әртүрлі туристік қызмет көрсетуді дамыту; «Ақпараттық технологиялар паркі» - телекоммуникация, байланыс,  мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу,  электроника мен аспап жасауды дамыту  саласында  технология құру;  «Сарыарқа» -  металлургияны және металл өңдеуді, химия өнеркәсібін дамыту; «Қорғас – Шығыс Қақпасы» - қосалқы көлік қызметін,  қойма шаруашылығын, химия, жеңіл өнеркәсібін дамыту; «Павлодар» - химия және мұнай-химия өнеркәсібін дамыту  болып табылады.

«Арнайы экономикалық аймақтар туралы» жаңа Заң  арнайы экономикалық аймақтарға кәсіби басқарушы компанияларды  тартуға мүмкіндік береді.

Республикада  электр энергетикасы, машина жасау, авиақұрылыс, локомотивтер мен вагондар  шығару, құрылыс индустриясы және т.б. жаңа салалар құрылып жатқанын атап өткен жөн.

Елде отандық кәсіпкерлер табы  қалыптасқан.   2012 жылдың 
1 қаңтарында  белсенді жұмыс істейтін 748,8 мың  шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері  2,6 млн. қазақстандықты жұмыспен қамтыған.

Бизнестің жаңа бастамаларына  «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының шеңберінде қолдау көрсетілуде, ал халықтың кәсіпкерлік бастамаларына  микрокредит беру және  Жұмыспен қамту – 2020 бағдарламасы шеңберінде  бизнес дағдыларын үйрету арқылы  мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Жаңа Салық кодексінің қабылдануы  кәсіпкерліктің  қарқынды дамуына  ықпал етті, онда салық ауыртпалығын азайту -  корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесін  20 пайызға дейін және ҚҚС мөлшерлемесін 12 пайызға дейін төмендету көзделген.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін оңайлатылған салық есептілігі (декларациясы)  мен төмендетілген салық мөлшерлемесі бар  арнайы салық режимдері көзделген.

Лицензиялар мен рұқсаттар санын азайту арқылы  бизнесті  дамытуда  кездесетін әкімшілік тосқауылдар азайтылды.

Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жөніндегі рейтингінде  Қазақстан 47-ші орында тұр.

Қазақстанның өңірлік және ғаламдық интеграциялық процестерге  қатысуының арқасында  қазақстандық бизнес пен қазақстандықтар үшін  кең мүмкіндіктер ашылған. Интеграциялық  процестердің пайдасы баршаға мәлім. Мәселен,  Кеден одағы жұмыс істеген бір жыл ішінде  Қазақстанның  оған қатысушы елдермен  өзара сауда-саттығы   2010 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 39,7%-ға   ұлғайған.

Бүгінгі таңда, Қазақстан, Ресей, Беларусь   Кеден одағынан   Бірыңғай  экономикалық кеңістікке  (бұдан әрі – БЭК) бастайтын  Еуразиялық жобаны іске асырудың жаңа кезеңіне қадам басты.

БЭК шеңберінде  өткізу нарығын кеңейту,  тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің  еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасалуда.

Республикада  инфрақұрылым (көлік, коммуникация және байланыс) нығая түсуде.  Стратегиялық тұрғыдан маңызды объект -   «Атасу – Алашанькоу» мұнай құбыры іске қосылды, ол мұнай компанияларының перспективалы өткізу нарықтарына шығуын  қамтамасыз етеді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»  трансконтинентальды автомобиль дәлізін  салу жөніндегі ауқымды жұмыс  қыза түсті.

Қазақстан нарығында сымсыз байланыс ойдағыдай дамып келеді.  Республикадағы  сымсыз байланыстың көшбасшысы ұялы байланыс болып табылады.  Ұялы байланыс абоненттерінің саны  2011 жылы  23,1  млн. бірлікті құрады.

Қалааралық, халықаралық телефонмен сөйлесу  саны өсуде.  Қалааралық, халықаралық телефонмен сөйлесу бойынша шығыс трафигі  2010 жылы 900,3 млн. бірлікті құрады.

2011 жылы  Интернет желісі абоненттерінің саны  1291,4 мың  бірлікке жетті.

 Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ету,  мемлекеттік бюджеттің шикізат тауарлары бойынша   сыртқы конъюнктураға  тәуелділігін төмендету үшін  ТМД елдерінің ішінде  тұңғыш рет Ұлттық қор құрды. Ұлттық қордың активтері  2011 жылдың желтоқсанында  шетел валютасымен алғанда  43,7 млрд. АҚШ долларын  құрады.

Жалпы Қазақстанның  халықаралық резервтері  Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда,  73 млрд. АҚШ долларын құрады.

Қолайлы ахуал жасаудың  арқасында  ел экономикасына  едәуір инвестиция тартылды.  1993 -  2010 жылдар аралығында және  2011 жылдың  қаңтар-қыркүйек айларында  Қазақстан экономикасына  шамамен  142,4 млрд. АҚШ долларын құрайтын тікелей шетел инвестициясы тартылды.

 Ел экономикасы дамуының оң үрдістері  Standard&Poor’s и Fitch Rating’s Ltd агенттіктерінің  егемен  рейтингілерін тиісінше «ВВВ+» және «ВВВ»  деңгейіне дейін  жақсартуға мүмкіндік берді.

Қазақстанда халықтың өмір сүру деңгейі жақсаруда. Соңғы  10 жыл ішінде  қазақстандықтардың  жан басына шаққанда орташа  номиналды ақшалай кірісі бір ай ішінде  6,3 есе өскен,  бір жұмыскердің  орташа айлық номиналды жалақысы 5,4 есеге артқан,  жалақының ең төменгі мөлшері  5,5 есе көбейді.

Тұтастай алғанда, ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз  табыс табатын халықтың үлесі 1996 жылы 34,6% болса, 2010 жылы 6,5 %-ға дейін азайған.

Елдегі Джини коэффициенті  (халық топтарының 10 % бойынша)   1993 жылғы 0,319-бен салыстырғанда, 2010  жылы 0,278-ді құрады.

Мемлекет демографиялық ахуалды жақсартып, балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында  2003 жылдан бастап  бала тууға байланысты  біржолғы жәрдемақы төлейді, ал 2006 жылдың шілдесінен бастап – баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы төлене бастады.

Республикада жұмыссыздық деңгейі төмен.  2011 жылғы желтоқсанда  жұмыссыздық деңгейі  5,4 % болды.  Жұмыспен қамту деңгейі  үнемі артуда. 2000 жылы 6,2 млн. адам жұмыспен қамтылса, 2011 жылғы желтоқсанда  жұмыспен қамтылған халық саны 8,4 млн. адамды құрады.

Қазақстанның үдемелі экономикалық өсуі  2001 - 2010 жылдар  аралығында  білім беруді қаржыландыруды - 7,7 еседен астам, денсаулық сақтауды қаржыландыруды   9,2 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Қазақстанның білім беру саласындағы маңызды жетістігі -  әлемде қабылданған «бакалавр – магистр – PhD докторы» үш сатылы даярлыққа көшуі және Болон процесіне қосылуы болып табылады.

Қазақстандағы «Болашақ» бағдарламасы еліміздің жаңа адами капиталға  қосқан  алғашқы үлесі болды.  Енді бұл бағдарлама  біліктілігі ең жоғары – магистр, PhD докторы мамандарын даярлауға бағытталатын болады.

Республикада зияткерлік мектеп желілері жұмыс істейді.

Сонымен қатар, республикада ана өлімінің азаюы байқалады, мәселен, 2001 жылы 100 000 тірі  туған аналардың арасында  48,6 оқиға тіркелсе,  2011 жылы (9 ай ішінде) 17,1 оқиғаға дейін немесе 2,8 есе азайған.

Жұқпалы аурулардың  вирусты гепатит түрімен ауыру жағдайларының  100 000 тұрғынға шаққанда  8,5 есеге азаюы (2001 жылмен салыстырғанда 2011 жылғы қаңтар-қараша),  тыныс алу органдары  туберкулезімен  ауырудың  2 есеге азаюы байқалуда.

Халықтың өмір сүру ұзақтығы 2001 жылы 65,8 жас болса, 2010 жылы 68,4 жасқа өскен, яғни 2,6 жасқа ұлғайған.

Адами даму индексі бойынша (бұдан әрі - АДИ) Қазақстан АДИ деңгейі жоғары елдер тізіміне енді (66-орын).