Қ±рметті Парламент депутаттары

Парламент палаталарының 2007 жылғы 10 қаңтардағы бірлескен отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауына келісім беру туралы» мәселе енгізілді.

8 қаңтарда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  Даниал Кенжетайұлы Ахметов басқарған Үкіметтің қызметін тоқтатыны туралы өтінішін қабыл алды.

Отырыста Қазақстанның Президенті сөз сөйлеп, жаңа Үкіметтің алдына бірқатар жаңа міндеттер қойды:

«Құрметті Парламент депутаттары!

Ең алдымен жаңа жылда өзінің алғашқы бірлескен отырысын өткізіп отырған қос Палата депутаттары – Сіздерді Жаңа жылмен құттықтап, ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін! Өздеріңіз біліп отырғандай Үкіметіміздің Премьер-Министрі Даниал Кенжетайұлы Ахметов өзін қызметтен босату жөнінде менің атыма өтініш берді. Мен ол өтінішті қанағаттандырдым. Енді еліміздің Конституциясына сәйкес Үкімет толық құрамда отставкаға кетеді. Даниал Кенжетайұлы ұзақ уақыт бойы менің жанымда түрлі қызмет атқарып келді. Қандай орында болса да тапсырған мақсат-міндеттерді өз дәрежесінде орындап, өте белсенді қызмет атқарды.

Оның еліміздің Премьер-Министрі ретіндегі жұмысы Сіздердің көз алдарыңызда өткендіктен осы жылдар ішінде атқарылған істерді санамалап шығудың қажеті жоқ деп есептеймін. Олардың нәтижелі болуына Даниал Ахметовтың да қосқан үлесі аз емес екенін атап айтқан жөн. Сондықтан осы залда отырған Сіздердің және өз атымнан оған осы атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, зор денсаулық пен табыстар тілеймін.

Жаңа Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынбас бұрын еліміздің алдында тұрған жаңа мақсат-міндеттерді саралап, оларды шешу жөніндегі өзімнің ой-пікірлерімді ортаға сала кеткенді жөн көріп отырмын.

Біріншіден. Менің Парламенттің дәл осы залында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруі жөніндегі стратегиялық мақсатын айқындап, халыққа жолдау арнағаныма бір жылға жуық уақыт өтті. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін тиісті заңдар қабылданып, өздеріңізге белгілі шешімдер шығарылды.

Еліміз дамуының алдағы кезеңдегі ең үлкен стратегиялық мақсаты саналатын осы белеске қол жеткізу үшін үйлесімді жұмыстың іс-шараларын белгілеп қоюмен шектелмей, нақты түрде Бәсекеге қабілеттіліктің тұрақты даму Стратегиясын қабылдауымыз керек.

Құрметті Парламент депутаттары!

Екіншіден, мен сіздердің назар­ла­рыңызды мына мәселеге аудар­ғым келеді, ол – әкімшілік рефор­масы.

Әкімшілік реформалары шең­берінде Үкіметке мемлекеттік жос­парлаудың жаңа тәсілдері мен тетік­терін ендіру қажет. Ең алды­мен, мемлекет деңгейіндегі көп­те­ген салалық бағдарламалардан бас тартып, жауапкершілікті мемлекет­тік органдардың өздеріне жүктеген жөн. Ағымдағы бюджет проблема­ла­рын да олардың өздері шешуі тиіс.

Сонымен қатар, Үкімет бекіт­кен барлық бағдарламалар іс жүзін­де мемлекеттік қаржыландыру көле­мі көрсеткіштері түрінде ғана бо­лып келеді. Мүмкіндігінше көп қар­жы алуға ұмтылу олардың негіз­гі міндеттері секілді әсер қал­дырады.

Оның үстіне бағдарламалар тиімділік пен нәтижеліліктің мақ­сатты көрсеткіш­терінен тыс жаса­лады. Мысал ре­тін­де белгілі бір дең­гейде ауру-сыр­қаудың пайызын төмендету, жол­дағы қауіпсіздік шараларын арт­ты­ру, білім беру, қыз­мет көрсету, нақты нысандарды іске қосу, жұмыс орындарын құру, тағы басқаларды жақсарту мәсе­ле­лерін айтуға бо­лады. Сондықтан ешкім белгілі бір нәтиже үшін нақ­ты жауап бер­мей­ді. Осы мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу тиісті мемлекеттік ор­ган­дар жұмысының міндеттері бо­луы тиіс. Бөлінген қаржыны жұм­сауға қатал бақылау жасалуы керек.

Үшіншіден, бюджеттік жоспар­лау­дың тиімділігін арттыру қажет. Қазіргі кезде бюджеттік шығын­дар­ды жоспарлауда жеткілікті мөлдір­ліктің жоқтығы өз алдына, бюд­жет­тік бағдарламалардың паспорттары да формальді сипатқа ие. Ондағы көрсеткіштерге жету үшін бөлінетін мемлекеттік қаржы мемлекеттік органдар жұмысының нәтижесі емес, тек қаржыландыру көлемі ғана болып табылады.

Сондай-ақ мемлекеттік орган­дардың ағымдағы және күрделі шығындарын қалыптастырудың объективтілігі жоғарылатылуы тиіс. Мемлекеттік ресурстарды бөлуге қатысты мәселеге келгенде ешқан­дай құпияға жол берілмеуі керек. Өйткені, салық төлеушілердің ақ­шалары қандай мақсаттарға, қандай көлемде бөлінетіні анық та ашық болғаны абзал. Сонда жемқорлық та азаяды, қаржыны мақсатсыз жұмсау да шектеледі.

Нәтижеге бағдарланған басқару­дың жүйесін енгізу стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге, Үкіметтің мақсатты көрсеткіштерге жету жолындағы қоғам алдындағы жауапкершілігін де арттырады.

Осы мәселелердің барлығын жаңа Үкімет бюджетара­лық қатынастың жаңа жүйесін жасаумен бір мезгілде шешуі тиіс.

Төртіншіден. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің өсуі өңір­лер­дің тұрақты дамуынсыз мүмкін емес. Атап айтқанда, менің Жар­лығыммен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейін­гі аумақтық дамуының стра­тегиясы» осы идеяда шешуші рөлге ие болады.

 Бүкіл әлемде, ірі мегаполистер мен өңірлерде жаңа технология­лар­ды енгізу мәселесі оң шешіліп жа­тыр. Барлық өңірлер бір мезгілде және тең дәрежеде дами алмай­ты­ны тағы түсінікті. Біз басқаларына қарағанда дамуға қабілеттірек өңір­лер­ді айқындап, солардың негізінде «өсу нүктесін» қалыптастыруымыз қажет.

Қазақстанда өңірлік лидерлерді – экономикалық өсім орталықтарын айқындап алып, осы үдерісті мем­лекет тарапынан басқаруды қамта­ма­сыз ету керек.

Жаңа Үкімет пен облыс әкімдері өн­дірістік кәсіп­орын­дар мен ин­дус­триялық ай­мақ­­тар­ды индус­трия­ны, сауда-сат­тық пен жоғары техно­логияларды да­мы­ту жөніндегі біздің жоспар­лары­­мызды есепке ала оты­рып, осы орта­лық­­тарда ор­на­ластыру бойын­ша нақты ұсыныс­тар енгізуі тиіс.

Аталған орталықтардың барлық қажетті әлеуметтік инфра­құрылымдармен қамтамасыз етілуі қажеттігін атап көрсетті. Мұнымен бірге салмақ мектепке дейінгі, орта және кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне түсірілуі керек.

Ерекше атап көрсететін жәйт, арзан тұрғын үй проблемасы да оң шешілуі қажет. Біздің тұрғын үй құрылысы туралы бағдарламамыз жетілдіруді талап етеді. Сонымен бір­ге, жер рыногын тәртіпке келті­ріп, баршаға түсінікті ұстанымдар мен ережелерді қалыптастыруымыз керек. Естуім бойынша, еліміздің кейбір өңірлерінде жер сату шенеу­ніктердің заңсыз баю жүйесіне айналған.

Даму орталықтарын нығайту жөніндегі барлық жұмыстар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын құрумен ұштастырылуы керек. Сөзден іске көшетін уақыт жетті және ӘКК пилоттық жобасын іске қосып, оның қажеттілігі мен пайдалылығын сынақтан өткізу керек.

Жоғарыда айтылған бәсекеге қабілеттілік стратегиясы, әкімшілік реформасы, бюджеттік жоспарлау, аумақтық даму секілді барлық бағдарламаларды жасау Үкімет және әкім­дермен бірлесіп жүзеге асы­рылуы тиіс.

Сондай-ақ, өңірлерді дамыту­дың бағдарламаларын ынталандыру мен қаржыландыру тетіктерін егжей-тегжейлі ойластыру керек.

Мен айтып өткендей, мемлекет­тік органдар, соның ішінде әкімдер жұмысын бағалау жүйесі толықтай мөлдір болуы қажет. Мемлекеттік органдар жетекшілерінің жұмыс нәтижелері мен қызметтерінің бағамы жарияланып тұруы және қоғам үшін қолжетімді болуы тиіс.

Бесіншіден. Біз әлеуметтік салада – әлсіз жіктерге қолдау көр­се­туде көп іс атқардық және атқа­рып келеміз. Зейнетақы жүйесі ырғақты даму үстінде.

Жаңа Үкімет біз жүзеге асырып келе жатқан әлеуметтік саясаттағы барлық жұмысты жалғастырумен қатар, жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсыныс әзірлеуі керек. Әлеуметтік атаулы көмек жүйесін де жетілдіре түсіп, қолдау тек мұқтаждарға ғана көрсетілетін болуы қажет. Жұмыс орындарын құру осы қызметте басты орын алуы тиіс.

Алтыншыдан. Өткен жылы сіз­дер­дің алдарыңызда сөйлеген ке­зім­де мен озық халықаралық тә­жіри­бе мыналарды айқындай­ты­нын, яғни елдің жоғары деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторлары мыналар екенін: ыңғайлы макроэкономикалық саясат, инвестициялық ахуал, баршаға тең бәсекеге қолайлы жағдай және ең маңыздысы – білім беру мен ден­сау­лық сақтаудағы қызмет көр­се­ту­дің жоғары сапасы болып табы­латынын айтқан болатынмын.

Өкінішке қарай, біздегі жоғары білім беру жүйесі мен диссертация қорғау жүйесі кеңестік кездегі қал­пы­нан мызғымай келеді. Жасанды кандидаттар мен ғылым докторларын қап­тата беруді тоқтататын уақыт жетті.

Жаһандық экономика талап­тарына жауап беретін, қазіргі за­ман­ғы біліктілігі жоғары жұмыс күшін даярлауға күш-жігер жұмсау қажет. Біз аталған салаларға ең жоғары стандарттарды енгізуге тиіспіз. Өкінішке қарай, әзірге бұл бағытта баяу жылжып келеміз.

Жетіншіден. Мемлекет соңғы жылдары автомобиль және темір жолдар, электр және жылу энер­ге­тикасы, коммуналдық қызмет тәрізді инфрақұрылымдарды да­мы­ту үшін көп жұмыс атқарды және ол одан әрі жалғасуда. Дегенмен, сапаның төмендігі және олардың бағаларының айтарлықтай жоғары болуы кәсіпкерлер мен халық та­ра­пынан айтарлықтай наразылықтар тудыруда.

Мемлекеттік органдар басшылары инфрақұрылым нысан­дары­ның құрылысы үшін ғана емес, басқару жүйесінің жақсаруы, мемлекеттік қызметке қазіргі за­ман­ғы сапа стандарттарының ен­гізілуі үшін де жауап беруге мін­дет­ті. Жалпы, жаңа Үкімет бұл мәсе­лелерге мұқият көңіл бөлуге тиіс, себебі мемлекеттік басқару сапасының төмендігі бизнестегі жоғары олқы­лық­тарға апарып соқтырады, ал оның соңы еңбек өнімділігінің төмендеуіне алып келеді.

Сегізіншіден. Экономиканың мемлекет­тік сек­торындағы корпоративтік бас­қару жүйе­сін жетілдіру үшін «Самұрық», «Қа­зы­на», «Каз­агро» ұлттық холдингтерін ай­­тар­лықтай кешеуілдеп болса да құрдық. Мемлекеттік ор­ган­дар­дағы корпоративтік бас­қару­дың озық қағидаларын енгізетін уақыт келді.

Мемлекеттік холдингтерді құрудың ұйымдастыру сатысы аяқталды, сондықтан біз осы биылғы жылдың өзінде-ақ ұлттық компаниялар, мемлекеттік кәсіп­орындар мен даму институттары қызметтерінің жақсару нәтижелерін сезінуге тиіспіз.

Мемлекеттік холдингтер жұмысы нәтижелеріне баға беру де баршаға түсінікті, анық әрі мөлдір болуы керек.

Тоғызыншыдан. Ойымды қорытындылай келіп эко­номиканы диверсификациялау ту­ралы айтпай кетудің жөні жоқ. Ин­дустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырудың екінші сатысы шеңберінде өндіріс­тің шикізатқа тәуелділігі төмен­деуі­нің шынайы нәтижелері алынуы қажет.

Бағдарламалық құжаттар әзір­леу сатысынан экономиканың құрылымдарын сапалық тұрғыда жақ­сартуға қабілетті ілгері бас­тыру­шы нақты жобаларға көшетін уақыт жетті.

Менің тапсырмама сәйкес өткен жылы Үкімет экономиканың, бірінші кезекте шикізаттық емес сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар заңдар легін дайындап, сіздер, құрметті депутаттар, оларды қабыл­дадыңыздар.

Перспективалы кластерлер қалыптастыру жөнінен бірнеше жыл қатарынан жүргізілген жұмыстан да тиімділік алынуға тиіс. Біз жаңа Үкіметтен нақтылы нәтижелер күтеміз.

Құрметті Парламент депутаттары!

Мен жаңа Үкімет бірінші ке­зек­ті көңіл бөлуге тиіс ең маңызды де­ген мәселелерді ғана атап көрсет­тім. Салық және кеден саясатын жетілдіру, халықтың табыстары мен шығындарына жалпы деклара­ция­лауды енгізу, БСҰ-ға кірудің сал­дары, табиғи монополиялар қыз­мет­терін реттеу және басқа да көп­те­ген мәселелерді қозғаған жоқпын.

Мен қысқа үлгіде айтқан жаңа, күрделі міндеттерді шешу үшін, ең алдымен, сабақтастық, жаңа кадр­лар, жаңа күш-қуат пен білім қа­жет. Менің Үкіметті орнынан түсі­ру туралы шешімім де Үкімет жұ­мы­сына басқарушылардың жаңа буы­нын тартуға деген ниеттен туын­дап отыр.

Осы проблемалардың бәрін, сондай-ақ менің 2006 жылдың 1 наурызындағы Қазақстан халқына Жолдауымды Кәрім Мәсімовпен бірнеше рет талқыладым, оның қызметтің барлық бағыттары бойынша айқын түсінігі және іс-қимыл жоспарлары бар. Үкіметтің жаңа бағдарламасында проблема­лар­дың бүкіл кешені бойынша көзқарас көрініс табуға тиіс.

Мен Кәрім Қа­жым­­­қанұлы Мәсімовтің білімі мен тәжірибесінің жеткілікті еке­ніне, жаңа Үкіметтің Қазақстанның та­быстарын нығайтуға әрі дамытуға жағдай жасайтынына, сондай-ақ өнімділіктің өсуін ынталандырудың және басқа да факторлардың есе­бінен мен алға қойған страте­гия­лық міндеттерді қамтамасыз ететін бағдарлама ұсынатынына сенімді­мін.

Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов 1965 жылы Целиноград қала­сында туған, қазақ. Мәскеудегі Халықтар достығы университеті және ҚХР-дағы Ухань универ­си­те­тінің заң институтын бітірген. Эко­номист, халықаралық құқық мама­ны – заңгер, эко­номика ғылым­дары­ның докторы. Ағылшын, қытай және араб тілдерін (орыс және қазақ тіл­дерінің сыртында) еркін меңгерген. Еңбек жолын Еңбек министр­лігінде бас эконо­мист болып бастаған. Халықтық жи­нақ банк басқармасының төраға­сы, Көлік және коммуникациялар министрі, Президенттің көмекшісі болып істеді. Соңғы жұмыс орны – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары. Сіздер оны жақсы білесіздер. Ол қазіргі за­манғы білімдерді және басқару­дың жақсы тәсілдерін меңгерген. Оң мінездемеге ие.

Саяси реформалар шеңберінде біз саяси партиялардың рөлін табан­дылықпен нығайта беретін боламыз. Парламент сайлауында жеңіске жеткен партия Үкімет құру ісіне белсенді атсалысатын болады. Іс жүзінде біз оған кірісіп те кеттік. «Нұр Отан» халықтық-демокра­тия­лық партиясы бүгінде Парламентте көпшілік дауысқа ие. Сондықтан да мен таяуда партия басшылығымен кездесіп, Премьер-Министр канди­датурасына қатысты консультация өткіздім.

Сол сияқты кеше «Нұр Отан» партиясы парламенттік фрак­ция­сының отырысы өтіп, онда Кәрім Мәсімовтің кандидатурасы талқыланып, қолданды.

Осы жәйттерді айта келіп, Пре­зидент Парламент депутаттарынан Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовті Қазақстан Респуликасының Пре­мьер-Министрі қызметіне тағайын­дау үшін келісімдерін беруді сұ­рады.