Басты бет > Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті
Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Регламентi

 

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң 1996 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен бекітілген

 

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы,

1996 ж., № 6-7, 227-құжат

 

(Қазақстан Республикасы Парламентінің

2012 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен енгізілген

өзгерістер мен толықтыруларды қоса)

 

М А З М Ұ Н Ы

 

I Бөлiм. Жалпы ережелер

II Бөлiм. Парламент палаталарының бiрлескен отырыстарын өткiзу жағдайлары мен тәртiбi

1-тарау. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары

2-тарау. Парламент Палаталарының кезектен тыс бiрлескен отырыстары

3-тарау. Парламент Палаталарының бiрлескен отырыстарында  дауыс беру және шешiмдер қабылдау тәртiбi

III Бөлiм. Парламент Палаталарының бiрлескен отырыстарында қаралатын мәселелер

4-тарау. Республика Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар қабылдау

5-тарау. Алып тасталды

6-тарау. Үкiмет пен Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн бекiту тәртібі

7-тарау. Алып тасталды

8-тарау. Республика Президентiне заң шығару өкiлеттiгiн беру

9-тарау. Алып тасталды

10-тарау. Қазақстан Республикасының Үкіметіне сенімсіздік вотумын білдіру

11-тарау. Соғыс және бейбiтшiлiк мәселелерiн шешу

12-тарау. Республиканың Қарулы Күштерiн бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн пайдалану туралы мәселелердi шешу

13-тарау. Алып тасталды

14-тарау. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiнiң ант қабылдауы. Республика Конституциялық Кеңесiнiң жыл сайынғы жолдауларын тыңдау

IV Бөлiм. Әуелi Мәжiлiсте, содан соң Сенатта ретiмен қарау арқылы палаталардың бөлек отырыстарында Парламент қарайтын мәселелер

14-1-тарау. Конституциялық заңдарды қабылдау

15-тарау. Заңдарды қабылдау

16-тарау. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептердi талқылау

16-1-тарау. Республика Парламентінің Республика Президентiнiң қарсылықтарын қарауы

16-2-тарау. Республикалық референдум тағайындау туралы  бастама көтеру

17-тарау. Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылымы мәселелерiн шешу

18-тарау. Мемлекеттiк наградаларды тағайындау, құрметтi, әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендердi, Республиканың дипломатиялық дәрежелерiн белгiлеу, Республиканың мемлекеттiк нышандарын белгiлеу

19-тарау. Мемлекеттiк қарыздар және Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуi туралы мәселелердi шешу

20-тарау. Рақымшылық жасау мәселелерін шешу

21-тарау. Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялау және денонсациялау

V Бөлiм. Парламент Палаталарының бiрлескен комиссияларын құру және олардың қызметiн ұйымдастыру

VI Бөлiм. Парламент депутаттарының өкiлеттiгiн жүзеге асыру тәртiбi, депутаттық әдеп ережелерi және депутаттардың жауапкершiлiгi

22-тарау. Парламент депутаттарының өкiлеттiгiн жүзеге асыру тәртiбi

23-тарау. Депутаттық әдеп ережелерi

24-тарау. Парламент депутаттарының жауапкершiлiгi

VII Бөлiм. Республика Парламентiндегi депутаттық бiрлестiктер

VIII Бөлiм. Халықаралық, Парламентаралық ынтымақтастық

IX Бөлiм. Қорытынды ережелер

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң
Регламент
i

 

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Регламентi Палаталардың бiрлескен отырыстарын өткiзу жағдайы мен тәртiбiн, Сенат пен Мәжiлiс Регламенттерiнде реттелмеген мәселелердi қарау, Парламенттiң бiрлескен органдарын құру және олардың қызметiн ұйымдастыру, сондай-ақ Парламенттiң депутаттары мен лауазымды адамдарының өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде Палаталардың өзара қатынастары механизмiн белгiлейдi.

 

I Бөлiм. Жалпы ережелер

 

1-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламентi өз жұмысын сессия тәртiбiмен жүзеге асырады.

Парламент сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.

Парламенттiң бiрiншi сессиясын Қазақстан Республикасының Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен  кешiктiрмей шақырады.

Ескерту. 1-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

2-тармақ. Парламенттiң сессиясы Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырыстарында ашылып, жабылады. Парламенттiң сессиясын, әдетте, Республика Президентi ашады, ал ол болмаған кезде Мәжiлiс Төрағасы ашады.

Парламенттiң сессиясы ашылған және жабылған кезде Қазақстан Республикасының Гимнi орындалады.

Ескерту. 2-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

3-тармақ. Парламенттiң кезектi сессияларын Мәжiлiс Төрағасы шақырады және олар жылына бiр рет, қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен бастап  маусымның соңғы жұмыс күнiне дейiн өткiзiледi.

Парламент сессиясының ашылатын күнi, уақыты және орны туралы мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылады.

Ескерту. 3-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

4-тармақ. Заңда белгiленген мереке, демалыс күндерi мен парламенттiк каникул күндерi Парламенттiң жұмыс iстемейтiн күндерi болып табылады.

Егер парламенттiк каникул Парламенттің кезектен тыс сессиясы шақырылуына байланысты үзiлсе, ол кезектен тыс сессияның жұмысы аяқталғаннан кейiн қайта басталып, парламенттiк каникул мерзiмi бiткенге дейiн жалғастырылады.

Парламенттiк каникул Республика Парламентiнiң қаулысымен жарияланады.

Ескерту. 4-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

 

II Бөлiм. Парламент палаталарының бiрлескен отырыстарын өткiзу жағдайлары мен тәртiбi

1-тарау. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары

 

5-тармақ. Парламент Палаталарының бірлескен отырысын, Палаталардың депутаттарына алдын ала хабарлай отырып, Мәжiлiс Төрағасы шақырады. Бұл ретте Мәжiлiс Төрағасы Парламенттiң бірлескен отырысын шақыру туралы өкiм шығарып, оны Парламент депутаттарына хабарлайды.

Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары сағат 12-ден 12 сағат 30 минөтке дейiн және сағат 14-тен 16-ға дейiн үзiлiс жасай отырып, сағат 10-нан 18-ге дейiн өткiзiледi.

Парламент Палатаның бірлескен отырысын өткiзудiң өзгеше уақыты туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.

Төрағалық етушi отырыстарда өз бастамасы бойынша немесе Парламенттiң қатысып отырған депутаттары саны көпшiлiгiнiң ұсынысы бойынша үзiлiстер жариялайды.

Парламент Палаталарының бiрлескен отырыстары кезiнде Парламент пен оның Палаталары жұмыс органдарының отырыстары өткiзiлмейдi.

Ескерту. 5-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

6-тармақ. Парламенттің отырысы оған әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқықты болады.

Парламент отырысының заңдылығын анықтау үшiн әрбiр Палата депутаттарының дербес тiркелуi өткiзiледi. Әрбiр дауыс беру алдында депутаттарды қосымша дербес тiркеу өткiзiлуi мүмкiн. Рәсiмдiк мәселелер бойынша дауыс беру алдында депутаттарды қосымша дербес тiркеу өткiзiлмейдi.

Ескерту. 6-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

7-тармақ. Парламент отырысында Мәжiлiс Төрағасы:

- Парламенттiң сессиялары мен отырыстарын ашады, жабады;

- Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарында төрағалық етедi;

- жарыссөзде сөз сөйлеуге жазылғандар туралы мәлiметтердi жария етедi;

- Палаталардың депутаттарына талқыланып отырған мәселе бойынша сөйлеу үшiн кезекпен, бiрақ әрi кеткенде екi рет сөз бередi;

- сөйлеушi Регламенттi бұзған жағдайда – оған ескерту жасауға, ал қайталап бұзған ретте сөзден айыруға құқылы;

- депутатқа рәсiмдiк мәселелер бойынша кезектен тыс, бiрақ әрi кеткенде екi рет сөз бередi;

- заңдардың, қаулылардың, үндеулердiң, декларациялардың, мәлiмдемелердiң және Парламенттiң басқа да актiлерiнiң жобалары, депутаттардың отырыста қаралып отырған мәселелер бойынша түзетулерi жөнiнде дауыс берудi ұйымдастырады және дауыс беру нәтижелерiн жариялайды;

- Палаталардың бiрлескен отырысын өткізудің осы Регламентпен белгiленген тәртiбiн қамтамасыз етедi.

Парламент отырысында мәселелердi талқылау кезiнде төрағалық етушiнiң депутаттардың сөйлеген сөздерiне баға беруге және түсiнiктеме жасауға құқығы жоқ.

Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы отырысты жүргiзудi Мәжiлiс Төрағасы орынбасарларының біріне беруге құқылы.

Ескерту. 7-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

8-тармақ. Парламент отырысының күн тәртiбi мен жұмыс ретiн Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы енгiзедi және олар Палаталардың бiрлескен отырысында әрбiр Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен ашық дауыс беру арқылы бекiтiледi.

Күн тәртiбi мен жұмыс ретi жөнiндегi ұсыныстар мен ескертпелер әр ұсыныс бойынша әрбiр Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Республика Президентiнiң заң жобаларын қарау басымдығын анықтауға, сондай-ақ заң жобасын жедел қарау керек екендiгiн жариялауға құқығы бар, бұл Парламенттiң осы жобаны енгiзiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiс екендiгiн бiлдiредi. Парламент осы талапты орындамаған жағдайда Республика Президентi Конституцияда және заңнамада белгiленген тәртiп бойынша Парламент жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылатын заң күшi бар жарлық шығаруға құқылы.

Ескерту. 8-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен толықтыру енгізілді.

 

9-тармақ. Парламент отырыстарында баяндамалар үшiн – отыз минөт шегiнде, қосымша баяндамалар үшiн – жиырма минөтке дейiн, жарыссөзде сөйлеушiлер үшiн – он минөтке дейiн, жарыссөзде қайтадан сөйлеу кезінде – бес минөтке дейiн, депутаттық сауалдарын жария ету үшін – бес минөтке дейін, кандидатураларды талқылау кезiнде – үш минөтке дейiн, рәсiмдiк мәселелер бойынша сөз сөйлеу үшiн, анықтамалар беру мен сұрақтар қою үшiн – екі минөтке дейiн уақыт берiледi. Сұрақтарға жауап қайтару үшiн – бір сағаттан аспайтын, ал жарыссөзге бiр жарым сағатқа дейiн уақыт бөлiнедi. Жарыссөз тоқтатылғаннан кейiн баяндамашы мен қосымша баяндамашының он минөт шегiнде қорытынды сөз сөйлеуге құқығы бар.

Парламент депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусымен өзге де уақыт белгiлей алады.

Сөз мiнберден немесе отырған орыннан сөйленедi.

Сөз беру туралы өтiнiш отырған орыннан берiледi.

Республика Президентiне сөз сөйлеу үшiн оның өтiнiшi бойынша кез келген уақытта сөз берiледi.

Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, олардың орынбасарларының, Президент пен Үкiмет өкiлдерiнiң өтiнiшi бойынша оларға талқыланып отырған мәселе бойынша сөйлеу үшiн кезектен тыс сөз берiлуi мүмкiн.

Парламенттiң отырысында төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз ешкiмнiң де сөз сөйлеуге құқығы жоқ.

Ескерту. 9-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

10-тармақ. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары қазақ және орыс тiлдерiнде жүргiзiледi.

Депутат қазақ және орыс тiлдерiн бiлмеген жағдайда оның өзге тiлде сөйлеуге құқығы бар. Бұлайша сөйленген сөздiң қазақ және орыс тiлдерiне аудармасы қамтамасыз етiледi. Депутат өзiнiң кез келген басқа тiлде сөйлегiсi келетiнi туралы Мәжiлiс Төрағасына кем дегенде бiр тәулiк бұрын хабарлайды.

Баяндамалар мен қосымша баяндамалардың мәтiндерi Мәжiлiс Аппаратына iлеспе аударма үшiн алдын ала, бiрақ Палатаның бірлескен отырысы басталардан кем дегенде екi сағат бұрын қазақ және орыс тiлдерiнде берiледi.

Ескерту. 10- тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

11-тармақ. Парламент Палаталарының бiрлескен отырыстары ашық жүргiзiледi.

Палаталардың бiрлескен отырысына қатысуы қажеттiгi туралы Парламент шешiм қабылдаған мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының лауазымды адамдары Парламенттiң отырысына келуге және оның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қажеттi түсiндiрмелер беруге мiндеттi. Парламенттiң Республика Президентi жөнiнде мұндай шешiмдер қабылдауға құқығы жоқ.

Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының Парламент Палаталарының бiрлескен отырысына қатысуы келу сипатында болатын лауазымды адамдарын Палаталардың Төрағалары шақырады.

Сенат Аппаратының Басшысы алдын ала Мәжiлiс Аппаратының Басшысына Парламент Палаталарының бiрлескен отырысына шақырылған адамдар туралы тегiн, есiмiн, әкесiнiң атын, атқаратын қызметiн және оның кiм ретiнде шақырылып отырғанын көрсетiп хабарлайды.

Парламент Палаталарының бiрлескен отырысына шақырылған адамдардың келу тәртiбiн Палаталар Аппараттарының Басшылары белгiлейдi.

Парламент Палаталарының бiрлескен отырысын ұйымдық, құқықтық, құжаттық және ақпараттық-талдама жағынан қамтамасыз етудi Мәжiлiс Регламентiне және Мәжiлiс Аппараты туралы Ережеге сәйкес Мәжiлiс Аппараты жүзеге асырады.

Шақырылған адамдардың Парламент қызметiне араласуға құқығы жоқ, олар оның жұмысын мақұлдайтынын немесе мақұлдамайтынын бiлдiруден ұстануға, белгiленген тәртiптi сақтауға және төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынуға мiндеттi.

Ескерту. 11- тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

12-тармақ. Президенттiң не депутаттың ұсынысы бойынша, егер қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшiлiгi жақтап дауыс берсе, Парламент жабық отырыстар өткiзуi мүмкiн.

Республиканың Президентi, Премьер-Министрi мен Үкiмет мүшелерi, Ұлттық Банкi Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттiк хатшы мен Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы Парламенттiң кез келген отырысына қатысуға құқылы және өз сөзiн тыңдатуға құқығы бар.

 

13-тармақ. Парламенттiң отырыстары стенограммаға түсiрiледi. Стенограммаға отырыста төрағалық етушi қол қояды. Стенограмманы депутаттарға, Президент пен Үкiмет өкiлдерiне олардың өтiнiшi бойынша Палаталардың Аппараттары бередi.

 

14-тармақ. Парламент отырысында конституциялық құрылысты күштеп өзгертудi, Республиканың тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне iрiткi салуды, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бой ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге, сондай-ақ басқа адамдардың ар-ожданы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн сөздер айтуға жол берiлмейдi. Бұл талап бұзылған жағдайда төрағалық етушi сөйлеушiнi сөзден айырады.

Сөйлеушiнi өзiне берiлген уақыт iшiнде төрағалық етушi сөзден айыра алмайды, бұған:

- сөз сөйлеу уақыты бiткен;

- талқыланып отырған мәселе тақырыбынан ауытқыған реттер кiрмейдi.

 

15-тармақ. Жарыссөз барысында төрағалық етушi талқыланып отырған мәселе бойынша пiкiрлердiң әралуан болуын анықтауды қамтамасыз етедi.

Талқыланып жатқан мәселе бойынша жарыссөздер уақыттың бітуіне орай не Парламент Палаталарының бірлескен отырысына қатысып отырған әрбір Палата депутаттары санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданған Парламент шешімі бойынша тоқтатылуы мүмкін. Жарыссөздi тоқтату туралы мәселе қойылған кезде төрағалық етушi Парламент депутаттарына сөз сөйлеуге жазылған және сөз сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, сөз берудi кiмнiң талап ететiнiн анықтайды және қатысып отырған депутаттардың көпшiлiгi келiскен жағдайда оған сөз бередi.

Жарыссөздiң тоқтатылуына байланысты сөз сөйлей алмай қалған депутаттар өз сөздерiнiң қол қойылған мәтiндерiн Мәжiлiс Аппараты арқылы Парламент Палаталарының бірлескен отырысының стенограммасына қосуға құқылы.

Ескерту. 15- тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

2-тарау. Парламент Палаталарының кезектен тыс бiрлескен отырыстары

 

16-тармақ. Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президентi өз бастамасы бойынша, Палаталар Төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысы бойынша Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады.

Егер мәселелер Палаталардың бiрлескен отырысында қаралуға жататын болса, Республика Президентi өз жарлығымен Палаталардың кезектен тыс бiрлескен отырысын шақырады, соның негiзiнде отырыс Президент айқындаған мерзiм мен тәртiп бойынша өткiзiледi.

Парламент Палаталарының кезектен тыс бiрлескен отырысын шақыру туралы өзара бастама көтерген кезде Палаталардың Төрағалары Президентке тиiсiнше жазбаша ұсыныс енгiзедi.

Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша Президентке тиiсiнше жазбаша ұсыныс енгiзiледi, онда Парламент Палаталарының кезектен тыс бiрлескен отырысын өткiзу үшiн себеп болған мәселе ашып көрсетiледi.

Палаталардың кезектен тыс бiрлескен отырыстарында оларды шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралады.

Палаталардың кезектен тыс бiрлескен отырысын, әдетте, Республика Президентi ашады, ал ол болмаған жағдайда Мәжiлiс Төрағасы ашады.

Ескерту. 16-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында

 

3-тарау. Парламент Палаталарының бiрлескен отырыстарында
дауыс беру және шешiмдер қабылдау тәртiбi

 

17-тармақ. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары мен заңдары, Парламент қаулылары нысанында заңнамалық актілер, сондай-ақ жеке қаулылар  қабылдайды.

Парламент пен оның Палаталары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлiмдемелер, заңнамалық сипаты жоқ өзге де актiлер қабылдауға құқылы. Оларды қабылдау осы Регламентте және Палаталар Регламенттерiнде белгiленген шарттар мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.

Ескерту. 17-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында

 

17-1-тармақ. Парламент үндеуінің, декларациясының, мәлімдемесінің, заңнамалық сипаты жоқ өзге де актісінің жобасын оған бастамашы болған депутат (депутаттар) Парламенттің тиісті Палатасының Бюросына енгізеді.

Тиісті Палатаның Бюросы бұл мәселені Парламент Палаталары бірлескен отырысының күн тәртібіне енгізу туралы Мәжілістің Төрағасына өтініш жасайды.

Оны Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қараған кезде үндеудің, декларацияның, мәлімдеменің, өзге де актінің жобасын оның бастамашысы жария етеді. Үндеудің, декларацияның, мәлімдеменің, өзге де актінің жобасы бойынша жарыссөз ашылуы мүмкін. Қажет болған жағдайда Парламент оны пысықтау жөнінде бірлескен комиссия құрады.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 17-1 тармақпен толықтырылды.

 

18-тармақ. Парламенттiң заңнамалық актiлерi, егер Республика Конституциясында өзгеше көзделмесе, әрбiр Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.

Парламенттің өзге актілері әрбiр Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.

Парламент Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырысында заңнамалық және өзге де актiлердi қабылдаған кезде дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткiзiледi. Дауыс беру нәтижелерi электрондық таблоға бiр мезгiлде шығарылуға тиiс.

Ескерту. 18-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында

 

19-тармақ. Республика Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар әрбiр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үш көпшiлiк даусымен енгiзiледi.

 

20-тармақ. Республика Конституциясында көзделген мәселелер бойынша конституциялық заңдар әрбiр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екi көпшiлiк даусымен қабылданады.

 

21-тармақ. Парламент Палаталардың бірлескен отырыстарында шешiмдi дауыс беру арқылы қабылдайды.

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында дауыс беру:

- дауыстарды санаудың электрондық жүйесiн пайдалану арқылы;

- қол көтеру арқылы;

- бюллетеньдердi пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

Дауыс берудi өткiзу үшiн депутаттардың қажеттi саны болмаған жағдайда төрағалық етушi кворумды қамтамасыз етуге шаралар қолданады. Кворумды қамтамасыз ету мүмкiн болмаған жағдайда төрағалық етушi дауыс берудi Парламент Палаталарының келесі бірлескен отырысына қалдырады.

Өткiзiлген дауыс беру рәсiмi мен техникасында қате жiберiлгенi анықталған жағдайда Парламенттiң шешiмi бойынша қайта дауыс беру өткiзiледi.

Барлық мәселелер бойынша дауыс беру нәтижелерiн дауыс беруге қатысқандардың, жақтап, қарсы дауыс бергендердiң, қалыс қалғандардың санын және дауыс беру қорытындысын көрсете отырып төрағалық етушi жария етедi. Деректер Парламент Палаталарының бірлескен отырысы стенограммасына енгiзiледi.

Парламенттің бұрын қабылданған шешімдерінің күшін жою, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу солар қабылданған кездегідей дауыс беру арқылы жүргізіледі.

Ескерту. 21-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

 

22-тармақ. Парламенттiң рәсiмдiк мәселелер жөнiндегi шешiмдерi Палаталардың бірлескен отырысына қатысып отырған Парламенттің әрбір Палатасы депутаттарының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады, қаулы қабылданбай хаттамамен рәсiмделедi және жалпы отырыстардың стенограммасында көрсетiледi.

Рәсiмдiк мәселелерге:

- үзiлiс, жалпы отырысты кейiнге қалдыру туралы;

- жалпы отырысты жүргiзу ретi туралы;

- мәселелердi талқылау кезектiлiгi туралы;

- жарыссөздi тоқтату туралы;

- сөйленетiн сөздердiң уақытын шектеу немесе ұзарту туралы;

- кворумды куәландыру мен дауысты қайта санау туралы;

- бұрын қабылданған шешімдерге және (немесе) қайта дауыс берудi өткiзуге қайтып оралу туралы;

- дауыс беру әдiстерi туралы мәселелер жатады.

Ескерту. 22-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

 

23-тармақ. Дауыс беру басталар алдында төрағалық етушi дауысқа қойылатын ұсыныстардың санын көрсетедi, олардың тұжырымдалуын, түсу ретiн нақтылайды, депутаттардың қайсысы өз түзетуiн алып тастайтынын анықтайды, шешiмдi қандай көпшiлiк дауыспен қабылдауға болатынын еске салады.

Төрағалық етушi дауыс беру аяқталғаннан кейiн дауыс беру нәтижелерiн жариялайды.

 

24-тармақ. Парламент қарайтын мәселе бойынша бiрнеше ұсыныс енгiзiлген жағдайда төрағалық етушi енгiзiлген барлық ұсыныстар бойынша олардың түсу ретiне қарай дауыс беру өткiзедi.

Ұсыныстардың біреуі қабылданған жағдайда қалған балама ұсыныстар бойынша дауыс беру жүргізілмейді.

Ескерту. 24-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен  толықтырулар енгізілді.

 

25-тармақ. Әрбiр мәселе бойынша дауыс берген кезде депутаттың бiр даусы болады, оны шешiмнiң қабылдануын жақтап немесе оған қарсы, не шешiмнiң қабылдануынан қалыс қалып бередi.

Дауыс беру кезiнде болмаған депутаттың өз даусын кейiннен беруге құқығы жоқ.

 

26-тармақ. Бюллетеньдердi пайдаланып жасырын дауыс беру өткiзiлген жағдайда Парламент Палаталары депутаттар арасынан Санақ комиссиясын сайлайды. Әрбiр Палатадан депутаттар саны тепе-тең болатын Санақ комиссиясы мүшелерiнiң саны жұп болады. Сайланатын органның құрамына немесе лауазымды адамның қызметiне кандидатуралары ұсынылған депутаттар және ұсыныстары жасырын дауыс беруге салынатын депутаттар Санақ комиссиясына кiре алмайды. Санақ комиссиясын сайлау туралы Парламент әрбiр Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қаулы қабылдайды.

Санақ комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды. Санақ комиссиясының шешiмдерi комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең бөлiнген жағдайда комиссия төрағасының даусы шешушi дауыс болып есептеледi.

Дауыс беру үшiн қажеттi ақпарат бар бюллетеньдер Санақ комиссиясының бақылауымен ол белгiлеген нысанда және белгiлi бiр мөлшерде қазақ және орыс тiлдерiнде дайындалады.

Дауыс беретiн уақыт пен орынды, оны өткiзу тәртiбiн Санақ комиссиясы белгiлейдi және оны Санақ комиссиясының төрағасы хабарлайды.

Әр депутатқа бiр бюллетень берiледi.

Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер депутаттарға өздерiнiң депутат куәлiгiн көрсеткеннен кейiн берiледi.

Бюллетеньдердi депутат жасырын дауыс беруге арналған кабинада бюллетеньнен өзi қарсы дауыс беретiн кандидаттың тегiн сызып тастау, ал шешiмнiң жобасы жөнiндегi бюллетеньдерде өзi қарсы дауыс беретiн шешiмдер жобаларының мәтiндерiн сызып тастау арқылы толтырады.

Белгiленбеген нысандағы бюллетеньдер, ал лауазымды адамдарды сайлаған кезде – бiр қызметке екi және одан көп кандидатура қалдырылған бюллетеньдер де жарамсыз деп саналады. Бюллетеньде қосымша жазылған тектер дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды. Шешiмнiң бiреуден артық жобасы сызылмай қалдырылған бюллетеньдер жарамсыз деп саналады.

Толтырылмаған бюллетеньдер мен барлық кандидаттардың тектерi сызылып тасталған, сондай-ақ шешiмдер жобаларының жаңа мәтiндерi енгiзiлген бюллетеньдер жарамды деп танылады, бiрақ дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды.

Жәшікті ашу Санақ комиссиясының барлық мүшелерінің қатысуымен жүзеге асырылады.

Санақ комиссиясы жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасайды, оған Санақ комиссиясының барлық мүшелері қол қояды. Санақ комиссиясының баяндамасы бойынша Парламент ашық дауыс беру арқылы Парламент депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Санақ комиссиясының жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттамасын бекітеді.

Өткізілген дауыс беру рәсімінде қателіктер анықталған жағдайда Парламент депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы Парламенттің қабылданған шешімі бойынша қайта дауыс беру жүргізіледі.

Ескерту. 26-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

 

27-тармақ. Төрағалық етушiнiң, сондай-ақ депутаттардың ұсынысымен Парламент депутаттар арасынан қатысып отырған депутаттар көпшiлiгiнiң ашық дауыс беруi арқылы қаралып отырған мәселе бойынша әрбiр Палата депутаттарының тең санымен келiсiм комиссиясын сайлай алады.

Комиссия құру туралы Парламент қаулы қабылдайды.

 

28-тармақ. Парламенттiң қаулыларына Мәжiлiс Төрағасы қол қояды.

Ескерту. 28-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

III Бөлiм. Парламент Палаталарының бiрлескен отырыстарында қаралатын мәселелер

4-тарау. Республика Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар қабылдау

 

29-тармақ. Президенттiң Конституцияға өзгерiстер немесе толықтырулар жобасын енгiзу жөнiнде ұсыныстары түскен кезде Мәжiлiс Төрағасы оларды бiрiншi оқылымында қарау үшiн Парламент Палаталарының бiрлескен отырысын шақырады.

Президент ұсыныстарының Парламентте қаралу тәртiбiн Республика Президентi белгiлейдi.

 

30-тармақ. Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу мәселелерi бойынша кемiнде екi оқылым өткiзiлуi мiндеттi.

Ескерту. 30 тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгеріс енгізілді.

 

31-тармақ. Бiрiншi оқылымды өткiзген кезде төрағалық етушi Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар жобасын енгiзу бастамашысына немесе оның өкiлiне, содан соң белгiленген кезек ретiмен депутаттарға сөз бередi.

Бiрiншi оқылымында Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар жобасы тұжырымдамалық жағынан талқыланады.

Талқылау нәтижелерi бойынша Парламент Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жобасын бiрiншi оқылымында мақұлдау және оларды екiншi оқылымына дайындау немесе оларды қабылдамай тастау туралы қаулы қабылдайды. Бұл орайда дауыс беру әрбiр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшiлiк даусымен өткiзiледi.

Ескерту. 31-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен толықтырулар енгізілді.

 

32-тармақ. Түпкiлiктi оқылымда дауыс беру қорытындылары бойынша Парламент әрбiр Палата депутаттары жалпы санының төрттен үш көпшiлiк даусымен Конституцияға өзгерiстер мен толықтыруларды қабылдайды. Дауыс бергенде белгiленген дауыстар саны алынбаған жағдайда Президенттiң Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi ұсыныстары қабылданбады деп есептеледi.

 

32-1-тармақ. Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 1-тармағында белгіленген жағдайда және тәртіппен Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстан Республикасының Парламенті әрбір Палата депутаттарының жалпы санының кемінде бестен төртінің көпшілік даусымен қабылдауы мүмкін.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 32-1 тармақпен толықтырылды.

 

5-тарау. Конституциялық заңдарды қабылдау, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу

 

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 5-тарау алып тасталды.

 

6-тарау. Үкiмет пен Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн бекiту тәртібі

 

39-тармақ. Үкiмет пен Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн бекiту оларды ретiмен әуелi – Мәжiлiсте, содан кейін Сенатта талқылағаннан кейiн Палаталардың бiрлескен отырысында жүргiзiледi.

Ескерту. 6-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

40-тармақ. Талқылау қаралып отырған мәселе бойынша қорытындылары бар Үкiмет, Есеп комитетi өкiлдерiнiң баяндамалары мен Палаталардың қосымша баяндамаларынан басталады. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептерді бекiткен кезде Палаталар депутаттарының сөз сөйлеу кезегi сақталады.

Ескерту. 40-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

41-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

42-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

43-тармақ. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіргенін танытады.

Ескерту. 43-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

7-тарау. Республика Президентiнiң қарсылықтарын талқылау

 

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 7-тарау алып тасталды.

 

8-тарау. Республика Президентiне заң шығару өкiлеттiгiн беру

 

51-тармақ. Президенттiң бастамасы бойынша Парламент әрбiр Палата депутаттары жалпы санының үштен екi даусымен Палаталардың бірлескен отырысында оған бiр жылдан аспайтын мерзiмге заң шығару өкiлеттiгiн беруге құқылы.

Ескерту. 51 тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

52-тармақ. Президенттiң өзi белгiлеген мерзiмге оған заң шығару өкiлеттiгiн беру туралы бастамасы Мәжiлiс Төрағасына берiледi, ол Парламент Палаталарының бiрлескен отырысын шақырады.

Республика Президентi өз бастамасы қаралатын мерзiмдi белгiлеуге құқылы.

 

9-тарау. Республиканың Премьер-Министрi мен Ұлттық Банкiнiң Төрағасын тағайындауға келiсiм беру

 

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 9-тарау алып тасталды.

 

10-тарау. Қазақстан Республикасының Үкіметіне сенімсіздік вотумын білдіру

 

Ескерту. 10-тараудың тақырыбы ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының  редакциясында.

 

58-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

59-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

60-тармақ. Үкiметке сенiмсiздiк вотумын бiлдiру Палаталардың бірлескен отырысында:

1) Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселенi қойған жағдайда;

2) осы Регламенттің 43-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Ескерту. 60-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

61-тармақ. Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Палаталардың бiрлескен отырысында Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселе қоюға құқылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенiм бiлдiру туралы мәселе қойылған кезден бастап кемінде қырық сегіз сағат өткен соң өткiзiледi.

Егер сенiмсiздiк вотумы туралы ұсыныс әрбiр Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледi. Алайда, Үкiмет бұл құқықты жылына екi реттен артық пайдалана алмайды.

Ескерту. 61-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

11-тарау. Соғыс және бейбiтшiлiк мәселелерiн шешу

 

62-тармақ. Парламент соғыс және бейбiтшiлiк мәселелерiн Палаталардың бiрлескен отырысында шешедi.

 

12-тарау. Республиканың Қарулы Күштерiн бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн пайдалану туралы мәселелердi шешу

 

63-тармақ. Республиканың демократиялық институттарына, тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, оның азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнiп, мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған жағдайда Республика Президентi Республиканың Премьер-Министрiмен және Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми түрде консультациялар алысқаннан кейiн, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзудi, Республика Қарулы Күштерiн пайдалануды қоса, аталған мән-жайлар талап ететiн шараларды қолданып, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды.

 

64-тармақ. Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген жағдайда Республика Президентi Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде соғыс жағдайын енгiзедi, iшiнара немесе жаппай мобилизация жариялайды және бұл туралы Парламентке дереу хабарлайды.

 

65-тармақ. Республика Қарулы Күштерiн бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн пайдалану туралы Республика Президентiнiң ұсынысын ол Парламент Палаталарының бiрлескен отырысына енгiзедi. Бұл мәселенi қарау шұғылдығын Президент белгiлейдi.

Шешiм Парламенттiң әрбiр Палатасы депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.

 

13-тарау. Республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру

 

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 13-тарау алып тасталды.

 

14-тарау. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiнiң ант қабылдауы. Республика Конституциялық Кеңесiнiң жыл сайынғы жолдауларын тыңдау

 

68-тармақ. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiнен өздерi сайланғаннан кейiн Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Республика Президентi салтанатты жағдайда мынадай мазмұнда ант алады: «Өзiме жүктелген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы (мүшесi) мiндеттерiн адал атқаруға, әдiл болуға және Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана бағынуға, одан басқа ешкiмге және ешнәрсеге бағынбауға салтанатты түрде ант етемiн».

 

69-тармақ. Республика Конституциялық Кеңесiнiң Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйi туралы жыл сайынғы жолдаулары Палаталардың бiрлескен отырысында тыңдалады және назарға алынады.

 

IV Бөлiм. Әуелi Мәжiлiсте, содан соң Сенатта ретiмен қарау арқылы палаталардың бөлек отырыстарында Парламент қарайтын мәселелер

14-1-тарау. Конституциялық заңдарды қабылдау

 

69-1-тармақ. Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентiне, Парламент депутаттарына, Үкiметке тиесiлi және тек қана Мәжiлiсте жүзеге асырылады.

 

69-2-тармақ. Мәжiлiс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң даусымен мақұлданған конституциялық заң жобасы мақұлданған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Сенатқа берiледi. Бұл ретте, Мәжіліс Сенатқа осы Регламенттің 74-тармағында белгіленген материалдарды жібереді.

Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжiлiс өз депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен жүзеге асырады.

Қажетті қосымшалары болмаған жағдайда Сенат Аппараты белгіленген талаптарды орындау үшін құжаттарды тіркеместен Мәжіліске қайтарады.

Мәжілістен келіп түскен конституциялық заң жобасы Сенат Аппаратында тіркелген күннен бастап, Парламент сессиялары аралығындағы уақытты есептемегенде, Сенатта күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей қаралады.

Сенат келіп түскен заң жобасын Сенаттың Регламентіне сәйкес қарайды.

 

69-3-тармақ. Сенат депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң даусымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және күнтізбелік он күн iшiнде Республика Президентiне қол қоюға ұсынылады.

69-4-тармақ. Егер Сенат өз депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң даусымен конституциялық заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізсе, онда Сенат Төрағасы бұл туралы қаулыны, Мәжіліс мақұлдаған жоба редакциясы және түзетулер редакциясы бар салыстырма кестені шешім қабылданған кезден бастап күнтізбелік он төрт күннен аспайтын мерзімде Сенат Аппараты арқылы Мәжіліске қайтарады.

Қайтарылған заң жобасы Мәжіліс Регламентіне сәйкес Мәжілісте қайтадан қаралады.

Егер Мәжіліс өз депутаттарының кемінде үштен екісінің даусымен Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеліп, Мәжіліс Төрағасының қолымен бекемделеді және ол Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде Сенатқа жіберіледі. Мәжілістің Сенат ұсынған өзгерістермен және толықтырулармен келіскені жөнінде Мәжіліс қаулы қабылдайды. Сенат қабылданған конституциялық заң келіп түскен күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оны Республика Президентінің қол қоюына жібереді.

Егер Мәжіліс Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезінде депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен олармен келіспесе, онда Палаталар арасындағы келіспеушіліктер осы Регламенттің 76-1 – 76-5-тармақтарында белгіленген  тәртіппен келісу рәсімдері арқылы шешіледі.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 14-1-тараумен толықтырылды.

 

15-тарау. Заңдарды қабылдау

 

70-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

71-тармақ. Республика Парламенті депутатының (депутаттарының) тарапынан заң шығару бастамасы жасалған кезде заң жобасы тиісті құжаттарымен Мәжіліс Регламентіне сәйкес қаралады.

Ескерту. 71-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

72-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

73-тармақ. Республика Президенті не Үкiметi тарапынан бастама болған кезде заң жобасы тиiстi құжаттарымен қоса Мәжiлiстiң Регламентiне сәйкес қаралады.

Егер Мәжіліс заң жобасын қарауға қабылдаса, онда оның мәтіні үш күн мерзімде Сенат депутаттарына танысу үшін жіберіледі.

Ескерту. 73- тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

 

74-тармақ. Мәжiлiс депутаттары қараған және олардың жалпы санының көпшiлiк даусымен мақұлданған заң жобасы мақұлданған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Сенатқа берiледi.

Бұл ретте, Мәжіліс Сенатқа мынадай материалдарды:

1) Мәжілістің заң жобасын мақұлдау туралы қаулысын;

2) бастамашысы Мәжіліс Регламентіне сәйкес ұсынған қосымшаларымен қоса бастамашының редакциясындағы заң жобасын;

3) Мәжiлiс мақұлдаған редакциядағы заң жобасын;

4) Мәжiлiс отырысының стенограммасын;

5) құқықтық нормалардың бұрынғы және жаңа редакциясының салыстырма кестесін;

6) заң жобасына Мәжіліс депутаттары енгізген және мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін түзетулер бойынша Үкіметтен алынған қорытындыларды;

7) ілеспе хатты жібереді.

Осы тармақтың екінші бөлігінде санамалап көрсетілген материалдар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады.

Халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заң жобасы жіберілген кезде, заң жобасымен бірге халықаралық шарттың және оған қосымшаның тиісті уәкілетті орган куәландырған көшірмесі ұсынылады.

Қазақ және (немесе) орыс тілдеріндегі мәтініне қол қойылмаған халықаралық шартты ратификациялаған немесе денонсациялаған жағдайда заң жобасымен бірге оның аталған тілдерге аударылған, тиісті уәкілетті орган куәландырған теңтүпнұсқалы аудармасы қоса беріледі.

Қажеттi қосымшалар болмаған жағдайда Сенат Аппараты белгiленген талаптарды орындау үшiн құжаттарды тiркеместен Мәжiлiске қайтарады.

Мәжілістен келіп түскен заң жобасы Сенат Аппаратында тіркелген күннен бастап, Парламент сессиялары аралығындағы уақытты есептемегенде, Сенатта күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей қаралады.

Сенат келіп түскен заң жобасын Сенаттың Регламентіне сәйкес қарайды.

Ескерту. 74-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

75-тармақ. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданған жоба заңға айналады және күнтізбелік он күннiң iшiнде Республика Президентіне қол қоюға ұсынылады.

Ескерту. 75-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

75-1-тармақ. Сенат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылданбаған жобаны Сенат Төрағасы шешім қабылданған кезден бастап күнтізбелік он екі күн ішінде Сенаттың қаулысымен, қабылдамаудың дәлелді негіздемесімен және Сенат отырысының стенограммасымен бірге Сенат Аппараты арқылы Мәжіліске қайтарады.

Қайтарылған заң жобасы Мәжіліс Регламентіне сәйкес Мәжілісте қайтадан қаралады.

Егер Мәжіліс депутаттардың жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен жобаны қайта мақұлдаса, ол қайтадан талқылап, дауыс беру үшін Сенатқа беріледі.

Егер Мәжіліс депутаттардың осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген дауыс санын жинай алмаса, заң жобасы қосымша дауысқа салынбай, қабылданбады деп есептеледі және  жалпы отырыс өткізілген кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде бастамашысына қайтарылады.

Сенат заң жобасы бойынша қайтадан талқылап, дауыс беруді Сенаттың Регламентіне сәйкес жүргізеді.

Сенат қайтадан қабылдамай тастаған заң жобасын сол сессия ішінде қайта енгізуге болмайды.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 75-1 тармақпен толықтырылды.

 

76-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

76-1-тармақ. Егер Сенат  депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізсе, онда Сенат бұл туралы қаулыны Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының редакциясы және баптардың жаңа редакциясының салыстырма кестесі бар және стенограммамен бірге шешім қабылданған кезден бастап күнтізбелік он төрт күннен аспайтын мерзімде Сенат Аппараты арқылы Мәжіліске қайтарады.

Қайтарылған заң жобасы Мәжiлiс Регламентiне сәйкес Мәжiлiсте қайтадан қаралады.

Егер Мәжіліс депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен ұсынылған өзгерiстермен және толықтырулармен келіссе, заң қабылданды деп есептеліп,  Мәжiлiс Төрағасының қолымен бекемделеді және  Мәжiлiстiң жалпы отырысында қабылданған күннен бастап бес күн iшiнде Сенатқа жiберiледi. Сенат ұсынған өзгерiстер мен толықтыруларға Мәжiлiстiң келiскенi туралы Мәжiлiс қаулы қабылдайды. Сенат қабылданған заң келiп түскен күннен бастап бес күн iшiнде оны Республика Президентiне қол қоюға жiбередi.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 76-1 тармақпен толықтырылды.

 

76-2-тармақ. Егер Сенат енгiзген өзгерiстер мен толықтыруларға Мәжiлiс сондай көпшілік дауыспен қарсылық білдірсе, онда Парламент Палаталарының арасындағы келіспеушіліктер келiсу рәсімдері арқылы шешіледі.

Туындаған келіспеушіліктерді еңсеру үшін Мәжіліс пен Сенат әрбiр Палатадан саны теңдей депутаттардың қатысуымен келiсім комиссиясын құрады. Келiсім комиссиясының жұмысына заң шығару бастамасы құқығының субъектісі (ол уәкілеттік берген адам)  кеңесшi дауыс құқығымен қатыса алады.

Палаталар келісім комиссиясының мүшелерін сайлауды Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен дербес жүзеге асырады.

Келiсім комиссиясының мүшелерi өз құрамынан комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен төрағаны сайлайды.

Палаталар арасындағы келіспеушіліктерді туындатқан Сенаттың өзгерістері мен толықтыруларын қарау жөніндегі келісім комиссиясының төрағасын сайлауды алдыңғы отырыстағы Палата өкілінің төрағалық ету кезектілігін ескере отырып, комиссия мүшелері бірінші отырыста  жүзеге асырады.

Келісім комиссиясы тиiстi заң жобасының бiрыңғай мәтiнiн жасауға ұмтыла отырып, заң жобасының Сенат пен Мәжіліс арасындағы келіспеушіліктерді туындатқан ережелерін ғана қарайды.

Келiсім комиссиясының жұмысына Парламент депутаттары кеңесшi дауыс құқығымен қатыса алады.

Комиссия шешiмдi ашық дауыс беру арқылы қабылдайды. Келiсім комиссиясының шешiмi оның мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. «Жақтап» не «қарсы» берiлген дауыстар саны тең мөлшерде болған жағдайда, комиссия төрағасының даусы шешушi болып есептеледi.

Жұмыс нәтижелерi бойынша келiсім комиссиясы келiспеушiлiктердi еңсеру жөнiндегi ұсыныстар қамтылған қаулы қабылдайды, ол Мәжіліс Бюросы арқылы Мәжiлiстiң жалпы отырысының қарауына енгiзiледi.

Өзгерістер енгізілген заң жобасы баптарының салыстырма кестесі келісім комиссиясының қаулысына қоса беріледі.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 76-2 тармақпен толықтырылды.

 

76-3-тармақ. Мәжіліс заң жобасын қайтадан қараған кезде келісім комиссиясының қаулысында қамтылған ұсыныстар ғана талқыланады. Мәжіліс осы ұсыныстардың шегінен шығатын ешбір түзетуді қарамайды.

 Мәжiлiс келiсім комиссиясының ұсыныстары бойынша Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен шешiм қабылдайды.

Мәжiлiс келiсім комиссиясының ұсыныстарымен келiсуi немесе келiспеуi мүмкiн.

Егер Мәжiлiс заң жобасын келiсім комиссиясының редакциясында депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусымен мақұлдаса немесе Мәжiлiс бұрын қабылдаған редакцияда заң жобасын көпшiлiк дауыспен қайта  мақұлдаса, онда  тиiстi қаулы қабылданып, ол келісім комиссиясының материалдарымен бірге жалпы отырыс өткiзiлген кезден бастап күнтізбелік жетi күн iшiнде Сенатқа жiберiледi.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 76-3 тармақпен толықтырылды.

 

76-4-тармақ. Сенат келiсім комиссиясының ұсыныстары және Мәжілістің шешімі бойынша Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен шешiм қабылдайды.

Сенат келiсім комиссиясының ұсыныстарымен және Мәжілістің шешімімен келiсуi немесе келiспеуi мүмкiн.

 Сенат келiскен жағдайда заң жобасы заңға айналады және күнтізбелік он күн iшiнде Президентке қол қоюға ұсынылады.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 76-4 тармақпен толықтырылды.

 

76-5-тармақ. Палаталардың бірі келісім комиссиясының ұсыныстарымен келіспеген жағдайда, Палаталар өз Регламенттеріне сәйкес келісім комиссияларының жаңа құрамын сайлайды және Сенат пен Мәжіліс мақұлдайтын шешім шығару үшін қайтадан келісу рәсімдерін өткізеді.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 76-5 тармақпен толықтырылды.

 

77-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

16-тарау. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептердi талқылау

 

78-тармақ. Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді ретімен әуелі – Мәжілісте, содан кейін Сенатта қарау арқылы  Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайды.

Парламент Мәжілісі Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есебін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебімен бірге талқылайды.

Бұл мәселелерді талқылау мынадай баяндамаларды:

Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкілеттік берген адамдардың республикалық бюджеттің атқарылуы және тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған елдегі салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы баяндамасын;

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндамасын;

бас комитет өкілінің қосымша баяндамасын қамтиды.

Әрбір сөз сөйлеушінің баяндамасы Мәжіліс Регламентіне сәйкес талқылануға тиіс.

Талқылау қорытындылары бойынша Мәжіліс есептер бойынша қосымша баяндама жасау тапсырылған комитетті және Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Мәжілістің атынан сөз сөйлеу тапсырылған депутатты көрсете отырып, қаулы қабылдайды және оны Сенатқа жібереді.

Сенатта Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылаудың сәйкес рәсімдерінен кейін Сенат қаулы қабылдайды, онда есептер бойынша қосымша баяндама жасау тапсырылған Палата комитеті және Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Сенаттың атынан сөз сөйлеу тапсырылған депутат көрсетіліп, осы қаулыны Мәжіліске жібереді.

Үкімет пен  Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде және Сенатында талқыланғаннан кейін осы Регламенттің 6-тарауында белгіленген тәртіппен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында бекітіледі.

Ескерту. 16-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

16-1-тарау. Республика Парламентінің Республика Президентiнiң қарсылықтарын қарауы

 

78-1-тармақ. Республика Президентiнiң қарсылықтарын туындатқан заңдар немесе заң баптары бойынша Парламент қарсылықтар жiберiлген күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде қайтадан талқылау мен дауыс беруді жүргізеді. Осы мерзiмнiң сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын бiлдiредi.

 

78-2-тармақ. Мәжіліс Төрағасы Республика Президентінің қарсылықтарымен қайтарылған заңды немесе оның баптарын Республика Президенті өкілінің қатысуымен, оларды қарау үшін Мәжілістің тиісті тұрақты комитетіне жібереді. Мәжілістің тиісті тұрақты комитеті қорытынды әзірлегеннен кейін Республика Президентінің қарсылықтарымен қайтарылған заң немесе оның баптары Палатаның шешім шығаруы үшін Мәжілістің жалпы отырысына шығарылады.

Қарсылықтарды Мәжілісте қарау барысында Республика Президенті депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, өзі қарсылықтарында ұсынған заң редакциясын тұтастай не оның жекелеген тиісті баптарын өзгертуге құқылы. 

 

78-3-тармақ. Егер Мәжiлiс дауыс беру қорытындылары нәтижесінде заң бойынша Парламент бұрын қабылдаған шешiмдi растамайтын болса, онда Президент қарсылықтарын Парламент Палаталарының одан әрi қарауы тоқтатылады және заң қабылданбады деп немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледi.

Егер Мәжiлiс Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсінің көпшiлiк даусымен заң бойынша бұрын қабылданған шешiмдi растайтын болса, онда заң Президент қарсылықтарымен бірге одан  әрi қарау үшiн Сенатқа берiледi.

 

78-4-тармақ. Сенаттың тиiстi тұрақты комитетi қорытынды әзiрлегеннен кейiн заң немесе оның баптары Мемлекет басшысының қарсылықтарымен бірге Сенаттың жалпы отырысына шығарылады. Егер Сенат дауыс беру қорытындылары нәтижесінде заң бойынша Парламент бұрын қабылдаған шешiмдi растамайтын болса, онда заң қабылданбады деп немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледi.

Егер Сенат Палата депутаттарының жалпы санының үштен екiсінің көпшiлiк даусымен заң бойынша бұрын қабылданған шешiмдi растайтын болса, онда Президенттiң заң бойынша қарсылықтары еңсерiлдi деп есептеледi. Мұндай жағдайда, заң немесе тиiсiнше оның баптары Парламент бiрiншi рет қабылдаған редакциясында қабылданды деп есептеледi және Президент осы заңға ол қол қоюға ұсынылған кезден бастап бiр ай iшiнде қол қояды.

 

78-5-тармақ. Парламент Палаталарының отырыстарында заң немесе оның жекелеген баптары қайтадан талқыланып, дауыс берілген жағдайда, егер Президенттiң қарсылықтары тұтастай заңға туындаған болса,  тұтастай заң бойынша не Республика Президентiнiң қарсылықтарын туындатқан баптар бойынша дауыс беру өткiзiледi.

 

78-7-тармақ. Егер Республика Президентiнiң қарсылықтары Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға енгiзiлген болса, онда мұндай жағдайда,  қарсылықтар заңдарға қарсылықтарды қарау үшiн көзделген тәртiппен қаралады. Бұл ретте, Парламент Президенттiң конституциялық заңдарға қарсылықтарын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң даусымен еңсередi.

 

78-8-тармақ. Парламент Палаталарының әрқайсысының Президенттің қарсылықтарын қарау мерзімі күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 16-1 тараумен толықтырылды.

 

16-2-тарау. Республикалық референдум тағайындау туралы  бастама көтеру

 

78-9-тармақ. Республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеруді Парламент мәселелердi  ретімен әуелі – Мәжiлiсте, содан кейiн Сенатта қарау арқылы Палаталардың бөлек отырысында жүзеге асырады.

 

78-10-тармақ. Мәжіліс республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру туралы мәселені Палатаның отырысында қарайды және ол Парламент Сенатына жіберілетін тиісті қаулымен ресімделеді.

 

78-11-тармақ. Республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеруді Сенат осы мәселені Мәжіліс қарағаннан кейін Палатаның отырысында жүзеге асырады және ол қаулымен ресімделеді.

Парламент Палаталары қабылдаған республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру жөніндегі қаулы күнтізбелік үш күннің ішінде Республика Президентінің қарауына беріледі.

 

78-12-тармақ. Парламент республикалық референдум тағайындау туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша көтеруі мүмкін.

Конституцияға енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың жобасы, егер Президент оны Парламенттiң қарауына беру қажет деп ұйғарса, республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда, Парламенттiң шешiмi осы Регламенттің 4-тарауында белгіленген тәртіппен қабылданады.

Егер Республика Президентi Конституцияға енгізілетін өзгерiстер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк даусымен Парламент осы өзгерiстер мен толықтыруларды Конституцияға енгiзу туралы заң қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда, Республика Президентi осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлдi деп есептеледi.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 16-2 тараумен толықтырылды.

 

17-тарау. Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылымы мәселелерiн шешу

 

79-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстанның әкiмшiлiк-аумақтық құрылымы мәселелерiн шешу тәртібін заң қабылдау арқылы белгілейді.

Ескерту. 17-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

18-тарау. Мемлекеттiк наградаларды тағайындау, құрметтi, әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендердi, Республиканың дипломатиялық дәрежелерiн белгiлеу, Республиканың мемлекеттiк нышандарын белгiлеу

 

80-тармақ. Парламент Палаталардың бөлек отырыстарында мәселелердi әуелi Мәжiлiсте, содан соң Сенатта ретiмен қарау арқылы мемлекеттiк наградаларды тағайындайды, құрметтi, әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендердi, Республиканың дипломатиялық дәрежелерiн белгiлейдi, Республиканың мемлекеттiк нышандарын белгiлейдi.

 

81-тармақ. Мемлекеттiк награда тағайындаған, құрметтi, әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендi, дипломатиялық дәреженi белгiлеген жағдайда Парламент заң қабылдайды.

 

82-тармақ. Парламенттiң Қазақстан Республикасы азаматтарын («Алтын Қыран» орденiнен басқа) мемлекеттiк наградалармен марапаттауға, ұсынуға құқығы бар.

Бұл орайда:

-  Парламент Сенаты мен Мәжiлiсiнiң Төрағалары;

-  Парламент Сенаты мен Мәжiлiсiнiң тұрақты комитеттерi;

- Парламент депутаттарының 10 адамнан кем емес тобы, депутаттық топтар мен фракциялар бастамашылар бола алады.

Республика Президентіне тиісті ұсыныс енгізіледі.

Ескерту. 82 тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

19-тарау. Мемлекеттiк қарыздар және Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуi туралы мәселелердi шешу

 

83-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті мемлекеттiк қарыздар және Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуi туралы мәселелердi шешуді заң қабылдау арқылы жүзеге асырады.

Ескерту. 19-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

20-тарау. Рақымшылық жасау мәселелерін шешу

 

84-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті рақымшылық жасау мәселелерін шешуді заң қабылдау арқылы жүзеге асырады.

Ескерту. 20-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

21-тарау. Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялау және денонсациялау

 

86-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті Республиканың халықаралық шарттарын заңдарды қабылдау арқылы ратификациялайды және денонсациялайды.

Ескерту. 21-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

V Бөлiм. Парламент Палаталарының бiрлескен комиссияларын құру және олардың қызметiн ұйымдастыру

 

87-тармақ. Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжiлiс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға құқылы. Бiрлескен комиссиялардың сан құрамы Палаталар арасындағы келiсiм бойынша белгiленедi.

Бiрлескен комиссия құру туралы бастаманы, егер Палаталар бiрiнiң депутаттары жалпы санының көпшiлiгi жақтап дауыс берсе және басқа Палатаның сондай көпшiлiгi қолдаса, Парламент депутаттары көтередi.

Бiрлескен комиссия мүшелерiн өздерiнiң жалпы отырыстарында Палаталардың депутаттары ұсынады және депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданатын Палаталардың қаулыларымен бекiтiледi.

Палаталарда бiрлескен комиссияның мүшелерiн бекiткеннен кейiн Палаталардың бiрлескен отырысында Парламент әрбiр Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен осындай бiрлескен комиссия құру туралы қаулы қабылдайды.

Бiрлескен комиссиялар Парламенттiң жұмыс органдары болып табылады және тiкелей соның алдында есеп бередi.

 

88-тармақ. Бiрлескен комиссияның төрағасын сайлау Палаталардың бiрлескен отырысында Парламенттiң әр Палатасы депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен жүзеге асырылады. Комиссия Парламентке бiрлескен комиссия төрағасының кандидатурасы туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.

Парламенттiң әр Палатасы депутаттары жалпы санының ең көп дауыс санын алған кандидат бiрлескен комиссияның төрағасы болып сайланды деп есептеледi.

 

89-тармақ. Бiрлескен комиссиялардың шешiмдерi комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тепе-тең бөлiнген жағдайда комиссия төрағасының даусы шешушi дауыс болып есептеледi.

Комиссияда Мәжiлiс пен Сенат депутаттарының бөлек-бөлек дауыс беруi өткiзiлмейдi.

Комиссияның отырысы, егер оған бiрлескен комиссия мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды болады.

 

90-тармақ. Бiрлескен комиссияның төрағасы, егер Парламенттiң әр Палатасы депутаттары жалпы санының көпшiлiгi жақтап дауыс берсе, қызметiнен керi шақырылып алынуы мүмкiн.

 

91-тармақ. Бiрлескен комиссиялар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулылар шығарады.

 

92-тармақ. Республика Конституциясының 47-бабының 1-тармағында (Республика Президентiн науқастануына байланысты өз мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босату) көзделген Парламент пен оның Палаталары өкiлеттiгiн жүзеге асыру мақсатында Парламент арнаулы уақытша комиссия құрады.

Комиссия мүшелерi мен оның төрағасын сайлау осы Регламенттiң 87, 88-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады. Медицинаның тиiстi салаларындағы мамандар арасынан комиссия мүшелерiн сайлау Палаталардың тиiстi комитеттерiнiң ұсынысы бойынша Палаталардың бiрлескен отырысында Парламенттiң әр Палатасы депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен жүзеге асырылады.

Комиссия шешiмi осы Регламенттiң 89-тармағына сәйкес қабылданады және комиссияның қорытындысы түрiнде ресiмделедi.

Республика Президентiн мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысы мен Конституциялық Кеңестiң белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғандығы туралы қорытындысы негiзiнде олардың әр Палатасы депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үш көпшiлiгiмен қабылданады.

 

VI Бөлiм. Парламент депутаттарының өкiлеттiгiн жүзеге асыру тәртiбi, депутаттық әдеп ережелерi және депутаттардың жауапкершiлiгi

 

22-тарау. Парламент депутаттарының өкiлеттiгiн жүзеге асыру тәртiбi

 

93-тармақ. Депутат Парламенттiң және оның өзi құрамына сайланған органдарының жұмысына қатысуға мiндеттi.

 

94-тармақ. Депутат Парламенттiң сессияларында және оның өзi құрамына енетiн органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешушi дауыс құқығын пайдаланады.

 

95-тармақ. Парламент депутаты:

1) Парламент пен оның Палаталарының үйлестiрушi және жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;

2) Сессияның күн тәртiбi, талқыланатын мәселелердi қарау тәртiбi мен олардың мәнi жөнiнде ұсыныстар мен ескертпелер енгiзуге;

3) Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не олардың тағайындалуына Парламент Палаталары келiсiм беретiн лауазымды адамдардың кандидатуралары жөнiнде өз пiкiрiн айтуға;

4) Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында қарау үшiн ұсынылатын мәселелер бойынша Палата Бюросына ұсыныстар енгiзуге, ал өз ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Палаталардың жалпы отырыстарының қарауына енгiзуге;

5) Парламент пен оның Палаталары органдарының отырыстарында қарау үшiн мәселелер ұсынуға;

6) Парламент Палаталарына есеп беретiн лауазымды адамдардың есебiн немесе хабарламасын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгiзуге;

7) заңда белгiленген тәртiппен депутаттық сауалдар салуға;

8) жарыссөзге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырыста төрағалық етушiге сұрақтар қоюға;

9) дауыс беру себептерi бойынша өз ұсыныстарын негiздеп сөз сөйлеуге, анықтамалар беруге;

10) Парламент қабылдайтын заңдардың, қаулылардың, басқа да актiлердiң жобаларына түзетулер енгiзуге;

11) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар үндеулерiмен таныстыруға;

12) Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы депутаттардың сөйлеген сөздерiнiң мәтiндерiмен танысуға;

13) «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, осы Регламентке және Парламент Палатасының регламентіне сәйкес басқа да өкiлеттiктi жүзеге асыруға құқылы.

Ескерту. 95- тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

96-тармақ. Депутаттық мiндеттерiн орындауға кедергi жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болса да ықпал жасау Республика заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

Мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз мiндеттерiн орындамаған, оған көрiнеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтiң кепiлдiктерiн бұзған лауазымды адамдары Республика заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиiс.

 

97-тармақ. Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн өзге қызмет атқаруға, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.

 

98-тармақ. Депутаттық сауал Парламент Палаталарының бiрлескен немесе бөлек жалпы отырысында депутаттың мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына сол органның немесе лауазымды адамның құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде Парламент сессиясында негiзделген түсiндiрме беруiн немесе өз айқындамасын баяндауын ресми түрде қойған талабы болып табылады.

Парламент депутатының Республиканың Премьер-Министрi мен Үкiметi мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына; республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне сауал салуға құқығы бар. Бұл орайда Бас Прокурорға салынған сауал қылмыстық қудалау мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды.

Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына салынған депутаттық сауалды қарау Палаталардың жабық отырысында жүргiзiледi.

 

99-тармақ. Депутаттық сауал жазбаша түрде енгiзiлуi мүмкiн және Парламент Палаталарының бiрлескен немесе бөлек жалпы отырысында жария етiлуге тиiс.

 

100-тармақ. Депутат сауал салғанда өзi жолданып отырған нақты лауазымды адамды және күтетiн жауабының нысанын (ауызша немесе жазбаша) көрсетуге мiндеттi.

Сауал салған депутат құрамына кiретiн Палатаның Аппараты салынған сауалды жалпы отырыста оқылған кезден бастап үш күн мерзiмде оны мемлекеттiк органның тиiстi лауазымды адамына жiбередi.

 

101-тармақ. Егер депутаттық сауалға лауазымды адам Парламент Палаталарының бірлескен немесе Палатаның бөлек отырысында ауызша жауап қайтаруға тиiс болса, сауалға жауап ол жолданған адамға келiп түскен күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей Парламент Палаталарының бірлескен немесе Палатаның бөлек отырысында қайтарылуға тиiс.

Депутаттық сауал Парламент Палаталарының бірлескен немесе Палатаның бөлек отырысында мынадай тәртiппен қаралады:

1) депутаттың сауал салып сөз сөйлеуi (5 минөтке дейiн);

2) депутаттық сауал салынған лауазымды адамның жауабы (20 минөтке дейiн).

Жауап тыңдалып болғаннан кейiн депутаттық сауалдың авторы, сондай-ақ басқа да депутаттар сауалда қойылған проблемалар бойынша сұрақтар қоя алады. Депутаттық сауал салынған лауазымды адамға депутаттардың сұрақтарына жауап қайтару үшiн 30 минөтке дейiн уақыт бөлiнедi. Салынған сауалға жауап бойынша жарыссөз ашылуы мүмкiн.

Ескерту. 101-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

102-тармақ. Лауазымды адам сауалға Парламент Палаталарының бірлескен немесе Палатаның бөлек отырысында жауап қайтаруға мiндеттi. Депутаттық сауал авторының келiсуiмен сауалға жауап қайтарылатын күнi сауал салынған адамның мiндетiн атқаруға ресми тағайындалған лауазымды адамның да сауалға жауап қайтаруы мүмкiн. Егер сауал салынған адам қызмет мiндеттерiн атқаруға байланысты Парламент Палаталарының бірлескен немесе Палатаның бөлек отырысына қатыса алмайтын болса, сауалға жауап қайтарылуын кейiнге қалдыруға болады, бiрақ ол бiр айдан аспауы керек.

Ескерту. 102-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

103-тармақ. Депутаттық сауалға қайтарылған жауап және оны талқылаудың нәтижелерi бойынша Парламенттiң немесе оның Палатасының қаулысы қабылданады. Сауал мен оған қайтарылған жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкiн.

 

104-тармақ. Депутаттар Палаталардың бiрлескен және бөлек жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкiметi мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне ауызша сұрақтар қоюға құқылы. Сұраққа жауап осы отырыста, ал жауап қайтаруға қосымша дайындық қажет болған жағдайда – үш күн мерзiмде қайтарылады.

 

105-тармақ. Депутат Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының Регламенттерiне сәйкес Республиканың кез келген өңіріне немесе одан тыс жерлерге iссапарға бара алады. Бұл ретте,  депутаттарды iссапарға жiберу Парламент Палаталары мен оның органдарының бірлескен және бөлек отырыстарының кворумына әсер етпеуге тиiс.

Ескерту. 105-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

23-тарау. Депутаттық әдеп ережелерi

 

106-тармақ. Республика Парламентi депутаттарының депутаттық әдеп ережелерi олар депутаттық өкiлеттiгiн жүзеге асырған кезде де, оны атқармаған кезде де басшылыққа алуға тиiс болатын тәртiп нормаларын белгiлейдi:

- Республика Парламентiнiң депутаттары бiр-бiрiне және Парламент Палаталарының, комитеттердiң, комиссиялар мен Парламент құрған басқа да депутаттық құрылымдардың жұмысына қатысушы өзге адамдардың бәрiне сыйластықпен қарауға тиiс;

- өз сөздерiнде Парламент депутаттарының және басқа адамдардың ар-ожданы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн орынсыз айыптауларды, дөрекi, қорлайтын сөздердi қолданбауға тиiс;

- заңсыз және күш қолданатын әрекеттерге шақырмауға тиiс;

- Парламент Палаталарының, оның үйлестiрушi және жұмыс органдарының қалыпты жұмысына кедергi келтiрмеуге;

- шешеннiң сөзiн бөлмеуге;

- бөгде карточканы пайдаланып дауыс бермеуге;

- iс-әрекетiмен намысқа тиетiн қимыл-ишарат жасауға, сес көрсетуге және қорлауға жол бермеуге тиiс.

 

107-тармақ. Парламент депутаты мемлекеттiк және өзге де заңмен қорғалатын құпиялары бар ақпаратты ондай құпияларды сақтаудың белгiленген тәртiбiн сақтай отырып пайдалануға мiндеттi.

Парламент депутатының депутаттық өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде өзiне белгiлi болған мәлiметтердi, егер ол мәлiметтердiң Парламент Палаталары мен оның үйлестiрушi және жұмыс органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысы болса, жария етуiне болмайды.

Парламент депутаты депутаттық бланкiлердi тек ресми сауал салу, хаттар, құжаттар үшiн ғана пайдаланып, оларға тiкелей өзi қол қоюға мiндеттi.

 

108-тармақ. Республика Парламентiнен өкiл болуға арнаулы өкiлеттiгi жоқ Парламент депутаты басқа мемлекеттердiң лауазымды адамдарымен және мемлекеттiк органдарымен тек өз атынан ғана қатынас жасай алады.

Бұл орайда депутат Қазақстан Республикасының мүдделерiн, оның азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерiн қорғауға, өз әрекеттерiмен республика мүдделерiне нұқсан келтiрмеуге, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң заңдарын бұзбауға, оларда мекендейтiн халықтардың ұлттық дәстүрлерi мен салттарын құрметтеуге мiндеттi.

 

109-тармақ. Парламент депутаты бұқаралық ақпарат құралдарында, баспасөз конференцияларында, митингiлерде, өзге де көпшiлiк алдында сөйлеген сөздерiнде немесе мәлiмдемелерiнде анық және тексерiлген фактiлердi ғана пайдалануға, қоғамдық пiкiрдi бұрмалайтын пайымдауларға жол бермеуге, кез келген азаматтың ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн қорлайтын сөздердi қолданбауға мiндеттi.

Сынап сөйлеген сөздерiнде шындыққа үйлеспейтiн не тексерiлмеген фактiлердi қасақана немесе абайсызда қолданып қалған жағдайда бұл орайда мүдделерi мен намысына нұқсан келген ұйымдардан, органдар мен адамдардан көпшiлiк алдында кешiрiм сұрау – Парламент депутатының парызы.

 

24-тарау. Парламент депутаттарының жауапкершiлiгi

 

110-тармақ. Депутат Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында бiр сессия iшiнде дәлелдi себептерсiз үш реттен артық болмаған жағдайда оған болмаған күндерi үшiн жалақы төлеуден бас тартылады.

Депутат Парламент Палаталарының бірлескен  және оның органдарының отырыстарында дәлелдi себептерсiз бiр айдан астам уақыт болмаған жағдайда депутатқа болмаған мерзiмi үшiн:

-   жалақы төлеуден;

- көлiкте жүру құжаттарын кезектен тыс сатып алудан;

- iссапарға шығудан;

- iссапар шығындарын төлеуден;

- автомобиль көлiгiмен қызмет көрсетуден;

- емдеу-сауықтыру және санаторий-курорт қызметiн көрсетуден бас тартылады.

Депутат Палатаның отырысында немесе Палаталардың бiрлескен отырысында болмаған жағдайда бұл туралы шешiмдi – тиiстi Палатаның Төрағасы, ал Палата органдарының отырыстарында болмаған жағдайда тиiстi Палатаның Бюросы қабылдайды.

Ескерту. 110-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

111-тармақ. Депутат өзiнiң дауыс беру құқығын тiкелей жүзеге асырады. Қатыспаған депутат үшiн дауыс беруге тыйым салынады.

 

112-тармақ. Осы Регламентпен және Палаталардың Регламенттерiмен белгiленген депутаттық әдеп ережелерiн бұзған жағдайда тиiстi Палата Төрағасының шешiмiмен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:

1) парламенттiк мiнеу;

2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету;

3) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр жалпы отырысы бойы сөзден айыру;

4) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш жалпы отырысы бойы сөзден айыру;

5) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр жалпы отырысы уақытында отырыс залынан шығарып жiберу;

6) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш жалпы отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;

7) бiр күндiк жалақысынан айыру.

Депутатқа қолданылатын аталған жазалау шараларының бәрi Палаталар Төрағаларының өкiмдерiмен ресiмделiп, Парламент Палаталары Аппаратының орындауына берiледi.

 

113-тармақ. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы Регламенттiң 110, 111-тармақтарының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерiн сақтауына, сондай-ақ депутаттар өкiлеттiгiнiң тоқтатылуына және оларды өкiлеттiгi мен депутатқа ешкiмнiң тиiспеуiнен айыруға байланысты мәселелердi дайындау Республиканың Орталық сайлау комиссиясына жүктеледi.

 

114-тармақ. Депутаттың Парламент пен оның органдары отырыстарына тек Палаталар Төрағаларының немесе Парламенттiң тиiстi органдары басшыларының рұқсатымен ғана қатыспауына болады.

 

114-1-тармақ. Мәжіліс депутаттарына осы тарауда көзделген жазалау шараларын қолдану туралы мәселеге саяси партиялардың Мәжілісте өкілдік ететін, құрамына депутаттар кіретін фракциялары бастама жасауы  мүмкін.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 114-1 тармақпен толықтырылды.

 

VII Бөлiм. Республика Парламентiндегi депутаттық бiрлестiктер

 

115-тармақ. Парламент депутаттары саяси партиялардың фракциялары және депутаттық топтар түрiнде депутаттық бiрлестiктер құруға құқылы.

Ескерту. 115-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

116-тармақ. Саяси партияның фракциясы – заңда белгiленген тәртiппен тiркелген, саяси партияның атынан өкiлдiк ететiн депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол Парламент Мәжілісінде тиiстi саяси партияның мүдделерiн бiлдiру мақсатында құрылады. Саяси партия фракциясының ең аз саны Парламент Мәжілісінiң регламентінде айқындалады. Саяси партия фракциясының құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары кiре алады. Депутаттың бір саяси партияның фракциясында ғана болуға құқығы бар.

Ескерту. 116-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

117-тармақ. Депутаттық топ – депутаттардың өз өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыруы үшiн құрылатын бiрлестiгi. Депутаттық топтың құрамында Парламенттiң кем дегенде он бес депутаты болуға тиiс.

Ескерту. 117-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

118-тармақ. Саяси партиялардың фракцияларын тiркеу Парламент Мәжілісінің Бюросында жүзеге асырылады, депутаттық топтарды тіркеу Парламент Палаталарының Бюросында жүзеге асырылады. Саяси партиялардың фракцияларын және депутаттық топтарды тiркеу келiп тiркелу ретiмен жүргiзiледі және тек қана хабарламалық сипатта болады.

Депутаттық топты тiркеудi Парламенттiң қай Палатасының Бюросы жүзеге асыратынын депутаттық топтың өзі дербес айқындайды.

Фракциялар мен депутаттық топтарды тiркеу үшiн Парламенттің тиісті Палатасының Бюросына жазбаша хабарлама жiберiлiп, онда оның атауы, мақсаттары, құрамы мен фракцияның немесе депутаттық топтың атынан сөйлеуге уәкiлдiк берiлген және Парламенттiң, Палаталардың отырыстарында, комиссияларда, мемлекеттiк органдарда, саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктерде оның өкiлi болатын адамдар белгiленедi.

Бюро Парламент депутаттарына, бұқаралық ақпарат құралдарына фракциялар мен депутаттық топтардың құрамы туралы мәлiметтер бередi.

Ескерту. 118-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

119-тармақ. Депутаттық бiрлестiктер тiркелген кезде олардың бiрде-бiреуiне кiрмеген Парламент депутаттары кейiннен олардың кез келгенiне кiре алады.

Фракция немесе депутаттық топ жаңа мүшелердi қосып алған немесе олардың құрамынан депутаттар шыққан кезде ол жөнiнде өзiн тiркеген Бюроға хабарлайды.

 

120-тармақ. Депутаттар депутаттық бiрлестiктен шыққан жағдайда оның сан құрамы оны тiркелген кезде болуға тиiстi мүшелер санынан азайып қалса, ол өз қызметiн тоқтатады.

 

121-тармақ. Парламент депутаттары бірнеше депутаттық топтың мүшесі бола алады.

Ескерту. 121-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

122-тармақ. Депутаттық бiрлестiктер өз шешiмдерi туралы Парламенттiң екi Палатасының Төрағаларына хабарлап отырады.

 

123-тармақ. Депутаттық бiрлестiктердiң өкiлдерi фракцияның, топтың атынан:

- Парламент пен Палаталар отырыстарының күн тәртiбi, талқыланатын мәселелердi қарау ретi мен олардың мәнi жөнiнде ескертпелер мен ұсыныстар енгiзуге;

- Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не Парламент Палаталары тағайындауға келiсiм беретiн лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша өз пiкiрін айтуға;

- Парламент пен оның Палаталары қабылдайтын заңдардың, қаулылардың және басқа да актiлердiң жобаларына түзетулер ұсынуға;

- Парламент депутаттарын азаматтардың өтiнiштерiмен, фракциялар, депутаттық топтар қабылдаған шешiмдермен таныстыруға;

- мемлекеттiк органдардан және лауазымды адамдардан депутаттық бiрлестiктiң қызметi үшiн қажеттi материалдар мен құжаттарды сұратып алдыруға міндетті.

Ескерту. 123-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

124-тармақ. Депутаттық бiрлестiктердiң iшкi қызметiн олар дербес ұйымдастырады.

Депутаттық бiрлестiктердiң қызметiн ұйымдық, құжаттық, ақпараттық-талдама және өзге жағынан қамтамасыз етудi Парламент Палаталарының Аппараттары жүзеге асырады.

 

VIII Бөлiм. Халықаралық, Парламентаралық ынтымақтастық

 

125-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламентi басқа мемлекеттердiң Парламенттерiмен және халықаралық парламенттiк ұйымдармен парламентаралық ынтымақтастық туралы келiсiм жасай алады, оларға Палаталардың Төрағалары не Палаталар Төрағаларының бірі қол қояды.

Ескерту. 125-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен толықтырулар енгізілді.

 

126-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

127-тармақ. Парламенттiң ресми делегацияларының, олардың басшыларының құрамы, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң парламенттерiмен ынтымақтастық жөнiндегi парламентаралық комиссиялардың (парламенттiк, жұмыс топтарының) қазақстандық бөлiктерiнiң құрамы Парламент  Палаталарының     регламенттеріне    және парламентаралық ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес айқындалады.

Ескерту. 127 тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

 

128-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

129-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

130-тармақ.

Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

 

131-тармақ. Мемлекеттер Парламенттерiнiң басшыларына, мемлекеттер мен Үкiметтердiң басшыларына, Парламенттiк делегациялардың басшыларына Сенат Төрағасымен келiсiлген Мәжiлiс Төрағасының шешiмi бойынша, олар Қазақстан Республикасының Парламентiнде болған кезде Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттарының алдында сөз сөйлеуге мүмкiндiк берiлуi мүмкiн.

 

IX Бөлiм. Қорытынды ережелер

 

132-тармақ. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Регламентi, оған енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар әрбiр Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Парламент қаулысымен қабылданады.

Парламент Регламентi қабылданған күннен бастап күшiне енедi.

Ескерту. 132-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

133-тармақ. Парламенттiң Регламентiн өзгерту мен толықтыру туралы ұсыныстарды Парламенттiң Палаталары, фракциялар, депутаттық топтар мен депутаттар Мәжiлiске енгiзе алады, олар қаралғаннан кейiн Мәжiлiстiң Төрағасы оларды Парламенттiң мәселелердi қарау жоспарына енгiзуге және Палаталардың жалпы отырысында Парламенттің бекітуіне шығарады. Парламенттiң Регламентiн өзгерту мен толықтыру туралы мәселелер Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қаралады.

Ескерту. 133-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

 

134-тармақ. Парламент депутаттарының оның конституциялық өкiлеттiгiн жүзеге асыруды мақсат етiп, Регламенттерде белгiленген ережелер мен рәсiмдер сақталмай өткiзiлетiн кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актiлер жарамсыз болады.

 

135-тармақ. Парламент жұмыс органын – Парламент Регламентi жөнiндегi бiрлескен комиссия құрады, ол түсiнiктеме бередi, депутаттардың Парламент Регламентiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi ұсыныстарын қарайды және оларды Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына енгiзедi.