Басты бет > Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы
Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы
Z950002529_.20131003.kaz

Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 16 қазандағы N 2529 Конституциялық заңы

 


 

МАЗМҰНЫ

      Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентiн ұйымдастыруды және оның қызметiн, оның депутаттарының құқықтық жағдайын белгiлейдi.
      Ескерту. Тақырыбы мен кiрiспе жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377 Заңымен.

I тарау
Жалпы ережелер

      1-бап. Республика Парламентiнiң мәртебесi

      Парламент - заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

      2-бап. Республика Парламентiнiң өкiлеттiк мерзiмi

      1. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл. Кезектi сайланған Парламенттiң өкiлеттiгi оның бiрiншi сессиясы ашылған кезден басталады және келесi сайланған Парламенттiң бiрiншi сессиясы жұмысының басталуымен аяқталады. Бұл орайда Парламент сайланымының кезектiлiгi Мәжiлiс сайланымының кезектiлiгiмен айқындалады. Парламенттiң өкiлеттiк мерзiмi кезектi сайланған Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмiмен айқындалады.
      2. Парламенттiң және Парламент Мәжiлiсiнiң өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377, 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      3-бап. Республика Парламентi қызметiнiң құқықтық  негiздерi

      Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Республика Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және Республиканың басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377 Заңымен.

      4-бап. Республика Парламентiнiң құрамы мен құрылымы

      1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан:
      Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.
      2. Сенат конституциялық заңда белгiленген тәртiппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екi адамнан өкiлдiк ететiн депутаттардан құралады. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбiр үш жылда қайта сайланады.
      3. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулi мүдделерiнiң бiлдiрiлуiн қамтамасыз ету қажеттiлiгi ескерiлiп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президентi тағайындайды.
      4. Мәжiлiс конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сайланатын жүз жетi депутаттан тұрады.
      Мәжiлiстiң тоқсан сегiз депутаты саяси партиялардан партиялық тiзiмдер бойынша бiрыңғай жалпыұлттық сайлау округiнен жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжiлiстiң тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.
      5. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
      6. Сенат пен Мәжiлiс депутаттарын сайлау тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377, 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

II тарау
Республика Парламентiнiң құзыретi және оны
жүзеге асырудың ұйымдық нысандары

      5-бап. Республика Парламентiнiң құзыретi

      Парламенттiң Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен және бөлек отырыстарындағы құзыретiн, Палаталардың ерекше құзыретiн Республика Конституциясы белгiлейдi және Парламенттiң сессияларында, Парламент Палаталарының, оның органдары мен депутаттардың қызметiнде жүзеге асырылады.

      6-бап. Республика Парламентiнiң сессиялары

      1. Парламенттiң сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.
      2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.
      3. Парламенттiң бiрiншi сессиясында, Сенат Төрағасы мен Мәжiлiс Төрағасы сайланғанға дейiн, Сенат пен Мәжiлiс отырыстарында тиiсiнше Республика Президентi және Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы төрағалық етедi.
      4. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен бастап, маусымның соңғы жұмыс күнi бiткенше өткiзiледi.
      Жұмыс күндерi деп демалыс немесе мереке (ұлттық және мемлекеттiк мерекелер) күндерi болып табылмайтын күндердi түсiну керек.
      5. Парламенттiң сессиясы Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырыстарында ашылып, жабылады. Парламенттiң сессиясын, әдетте, Республика Президентi ашады, ал ол болмаған кезде Мәжiлiстiң Төрағасы ашады.
      6. Парламенттiң сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президентi өз бастамасымен, Палаталар Төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысымен Парламенттiң кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкiн.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - ҚР 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз); 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық заңдарымен.

      7-бап. Республика Парламентiнiң сессияларындағы кворум

      Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы болады.

      8-бап. Республика Парламентi сессияларының жариялылығы

      1. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн.
      2. Республиканың Президентi, Премьер-Министрi мен Үкiмет мүшелерi, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттiк Хатшысы мен Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы кез келген, ашық, сондай-ақ жабық отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге хақылы.
      3. Мемлекеттiк органдардың және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының лауазымды тұлғалары, олардың сессияға қатысу қажеттiгi туралы Парламенттiң немесе оның Палаталарының шешiмi қабылданса, Парламентке келiп өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қажеттi түсiнiктер беруге мiндеттi. Парламент пен оның Палаталарының Республика Президентiне қатысты осындай шешiмдер қабылдауға хақы жоқ.

      9-бап. Республика Парламентi Палаталарының Төрағалары

      1. Палаталарды мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжiлiс сайлаған Төрағалар басқарады.
      2. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Республика Президентi ұсынады. Сенат қабылдамаған кандидатураның орнына жаңа кандидатура енгiзудi Республика Президентi жүзеге асырады.
      3. Мәжiлiс Төрағасының қызметiне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
      4. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы.
      5. Парламент Палаталарының төрағалары:
      1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етедi;
      2) Палаталардың қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеуге жалпы басшылық жасайды;
      3) Палаталар қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi;
      4) Палаталардың үйлестiру органдарының қызметiне басшылық жасайды;
      5) Палаталар шығаратын актiлерге қол қояды;
      6) Палаталарға Конституциялық Кеңестiң екi мүшесiнiң, Орталық сайлау комиссиясының екi мүшесiнiң, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң үш мүшесiнiң қызметiне тағайындау үшiн кандидатуралар ұсынады;
      7) өздерiне Парламент Регламентiмен жүктелетiн басқа да мiндеттердi атқарады.
      6. Егер тиiстi палатада дауыс беру кезiнде депутаттардың дауыстары екiге тең бөлiнген жағдайда Палаталардың төрағалары шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
      7. Мәжiлiс Төрағасы:
      1) Парламент сессияларын ашады;
      2) Палаталардың бiрлескен кезектi отырыстарын шақырады, Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарына төрағалық етедi.
      8. Сенат Төрағасы мен Мәжiлiс Төрағасының Палата төрағасының ұсынуымен Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен тиiстi Палата сайлаған екi-екiден орынбасарлары болады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының уәкiлдiк беруiмен олардың жекелеген функцияларын атқарады, сондай-ақ төрағалар орнында болмаған немесе өз мiндеттерiн жүзеге асыруы мүмкiн емес жағдайда олардың мiндетiн атқарады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының ұсынысы бойынша, егер бұл үшiн тиiстi Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн.
      9. Палаталардың төрағалары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      10-бап. Республика Парламентiнiң үйлестiрушi органдары

      1. Парламенттiң үйлестiрушi органдары Палаталар төрағаларының жанынан құрылатын Сенаттың Бюросы және Мәжiлiстiң Бюросы болып табылады.
      2. Палаталар Бюроларының құрамына Палаталар төрағаларының орынбасарлары, Палаталардың тұрақты комитеттерiнiң төрағалары кiредi. Мәжiлiс Бюросының құрамына Мәжiлiсте өкiлдiк ететiн саяси партиялар фракцияларының жетекшiлерi де енедi.
      3. Палаталардың Бюролары:
      1) Палаталардың комитеттерi мен комиссияларының жұмысын үйлестiрудi жүзеге асырады;
      2) Палаталар үшiн заңдардың жобаларын және Парламент пен оның Палаталарының өзге де шешiмдерiн қараудың кезектiлiгi жөнiнде ұсыныстар дайындайды;
      3) бiрнеше комитеттердiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша комитеттердiң бiрлескен жұмысын ұйымдастыруға көмек көрсетедi;
      4) Осы Конституциялық заңмен Парламенттiң басқа органдары мен лауазымды тұлғаларының құзыретiне жатқызылмаған Палаталар жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерiн шешедi.
      4. Палаталар Бюроларының отырыстарын Палаталардың төрағалары қажетiне қарай шақырады және олар өз мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377, 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      11-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс органдары

      1. Парламенттiң жұмыс органдары Сенат пен Мәжiлiстiң тұрақты комитеттерi, сондай-ақ Палаталардың бiрлескен комиссиялары болып табылады.
      2. Палаталардың тұрақты комитеттерi заң жобалары жұмысын жүргiзу, Палаталардың құзырына қатысты мәселелердi алдын-ала қарап, дайындау үшiн құрылады. Тұрақты комитеттер құрылған кезде Палаталар олардың тiзбесi мен сандық құрамын белгiлейдi, содан кейiн тұрақты комитеттердiң мүшелерiн сайлайды. Сенат пен Мәжiлiс құратын тұрақты комитеттердiң саны әр Палатада жетiден аспауға тиiс.
      3. Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжiлiс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы, олардың сандық құрамы Палаталар арасында келiсу бойынша белгiленедi. Комиссиялардың мүшелерiн сайлауды әр Палата өздiгiнен жүзеге асырады.
      4. Парламент пен оның Палаталарының Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында, 57-бабының 5) және 6)-тармақшаларында көзделген өкiлеттiктерiн жүзеге асыру мақсатында Парламент Палаталары арнаулы уақытша комиссиялар құрады.
      5. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың отырыстары олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады.
      6. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулылар шығарады.
      7. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың өкiлеттiктерi мен қызметiнiң тәртiбi заңмен белгiленедi.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 200 Заңымен (ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).

       11-1-бап. Республика Парламентi жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдар

      1. Парламенттiң және оның Палаталарының құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстарды талдап жасау үшiн Республика Парламентi мен оның Палаталарының жанынан шешiмдерi ұсынымдық сипатта болатын консультативтiк-кеңесшi органдар құрылуы мүмкiн.
      2. Консультативтiк-кеңесшi органдарды құру тәртiбi Парламенттiң және оның Палаталарының регламенттерiмен айқындалады.
      3. Парламент Палаталарының аппараттары Республика Парламентi мен оның Палаталары жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың жұмыс органдары болып табылады.
      Ескерту. 11-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының Конституциялық 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      12-бап. Парламенттiк тыңдаулар

      1. Парламент Палаталары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Парламенттiк тыңдаулар өткiзедi.
      2. Парламенттiк тыңдауларды Палаталар Бюроларының шешiмдерi бойынша Палаталардың тұрақты комитеттерi өткiзедi әрi олар ашық және жабық нысанда өткiзiлуi мүмкiн.
      3. Палаталардың бiрлескен немесе бөлек пленарлық отырыстары болатын күндерi Парламенттiк тыңдаулар өткiзiлмейдi.

      13-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң актiлерi

      1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, соның iшiнде Конституциялық заңдар, Парламенттiң қаулылары түрiндегi заң актiлерiн қабылдайды. Сенат пен Мәжiлiс өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулыларды қабылдайды.
      2. Парламент пен оның Палаталары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлiмдемелер және заң сипаты болмайтын өзге де актiлер қабылдауға хақылы. Оларды қабылдау Парламент пен оның Палаталарының регламенттерi белгiлеген шарттар мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
      3. Парламент Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырысында заңдар мен өзге актiлердi қабылдаған ретте дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткiзiледi.
      4. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Республика Конституциясына қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
      5. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгiзу және жариялау тәртiбi арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 377, 2006.12.11. N 200 (ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық заңдарымен.

      14-бап. Республика Парламентi мен оның Палаталарының  Регламентi

      1. Парламент Регламентi, оның Палаталарының регламенттерi:
      1) Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен және бөлек отырыстарын өткiзудiң шарттары мен тәртiбiн;
      2) Парламенттiң және оның Палаталарының жұмыс органдарын құру тәртiбiн;
      3) Парламенттiң және оның Палаталарының, олардың жұмыс органдарының қызметiн ұйымдастыруды;
      4) Парламент депутаттарының және лауазымды адамдарының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруының шарттары мен тәртiбiн белгiлейдi.
      Мәжiлiс Регламентi, осы тармақта көзделген ол реттейтiн мәселелерден басқа, саяси партиялардың фракцияларын ұйымдастырудың және жұмыс тәртiбiнiң ерекшелiктерiн айқындайды.
      2. Парламенттiң Регламентi, Сенат пен Мәжiлiстiң регламенттерi тиiсiнше Парламенттiң қаулысымен, оның Палаталарының қаулыларымен бекiтiледi.
      3. Парламент депутаттарының оның конституциялық өкiлеттiгiн жүзеге асыруды мақсат етiп, регламенттермен белгiленген шарттар мен рәсiмдер сақталмай өткiзiлетiн кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актiлер жарамсыз болып табылады.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

III тарау
Республика Парламентiндегi заң шығару процесi

      15-бап. Заң шығару бастамашылығы

      1. Заң шығару бастамашылығы құқығы субъектiнiң Парламент қарауға мiндеттi заң жобасының және Парламенттiң өзге заң актiсiнiң мәтiнiн ресми енгiзуi заң шығару бастамашылығы болып табылады.
      2. Заң шығару бастамашылығы құқығы тек Мәжiлiсте ғана жүзеге асырылады және ол:
      1) заңнамалық актiнiң жобасын Мәжiлiске енгiзу туралы шешiмiн арнайы жолдаумен ресiмдейтiн Республика Президентiне;
      1-1) заңнамалық актiнiң жобасын Мәжiлiске енгiзу туралы шешiмiн тиiстi ұсынумен ресiмдейтiн Парламент депутаттарына;
      2) заң құжатының жобасын Мәжiлiске енгiзу туралы шешiмiн Үкiметтiң тиiстi қаулысын шығару жолымен қабылдайтын Республика Үкiметiне берiледi.
      3. Республика Президентi, депутаттар және Үкiмет енгiзген заң актiлерiнiң жобалары Мәжiлiс қаулысымен Мәжiлiстiң тиiстi тұрақты комитеттерiне қарауға жiберiледi әрi бұлар жөнiнде Мәжiлiстiң тұрақты комитеттерiнiң тұжырымдары болған ретте ғана оның пленарлық отырысында қаралуы мүмкiн.
      4. Мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты арттыруды көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкiметiнiң оң тұжырымы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн. Республика Президентiнiң заң шығару бастамасы тәртiбiмен Парламент Мәжiлiсiне енгiзiлген заңнамалық актiлердiң жобалары үшiн мұндай қорытындының болуы талап етiлмейдi.
      5. Заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асыру тәртiбiне байланысты өзге мәселелердi Мәжiлiс Регламентi шешедi.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      16-бап. Парламенттiң заңдар қабылдау жөнiндегi құзыретi

      1. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:
      1) жеке және заңды тұлғалардың құқықтық субъектiлiгiне, азаматтық құқықтар мен бостандықтарға, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне;
      2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;
      3) мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттiк және әскери қызметтiң негiздерiне;
      4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;
      5) республикалық бюджетке;
      6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiне;
      7) бiлiм беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;
      8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;
      9) айналадағы ортаны қорғауға;
      10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;
      11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.
      2. Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.

      17-бап. Республика Парламентiнiң заң актiлерi жобаларын қарауының кезектiлiгi мен мерзiмiн белгiлеу

      1. Заңдар мен Парламенттiң өзге актiлерiнiң жобаларын қараудың кезегiн Парламент, оның Палаталары, сондай-ақ Конституцияда белгiленген реттерде Республика Президентi белгiлейдi.
      2. Республика Президентi Парламентке арнаулы жолдауы арқылы:
      1) заң жобаларының қаралу басымдығын белгiлеуге;
      2) Заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламенттiң осы жобаны енгiзiлген күнiнен бастап бiр ай iшiнде қарауы қажет екенiн бiлдiредi. Парламент осы талапты орындамаған ретте Республика Президентi Парламент Конституция мен заңдарда белгiленген тәртiппен жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылатын Заң күшi бар Жарлық шығаруға хақылы.

      18-бап. Заңдарды қабылдау

      1. Мәжiлiс депутаттары қараған және жалпы санының көпшiлiк дауысымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа берiледi, ол онда жобаны Сенат алған күннен бастап әрi кеткенде алпыс күннiң iшiнде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданған жоба заңға айналады және Президенттiң қол қоюына берiледi. Тұтас алғанда Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданбаған жоба Мәжiлiске қайтарылады. Егер Мәжiлiс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылау және дауысқа салу үшiн берiледi. Сенат қайта қабылдамаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгiзуге болмайды.
      2. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен заң жобасына енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар Мәжiлiске жiберiледi. Егер Мәжiлiс депутаттарының жалпы санының көпшiлiк даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келiссе, заң қабылданды деп саналады. Егер Мәжiлiс нақ сондай көпшiлiк дауыспен Сенат енгiзген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келiспеушiлiк келiсу рәсiмдерi арқылы шешiледi.
      2-1. Мәжiлiс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң даусымен мақұлданған конституциялық заң жобасы Сенатқа берiледi, онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Сенат депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң даусымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және он күн iшiнде Республика Президентiне қол қоюға ұсынылады. Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжiлiс немесе Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен жүзеге асырады. Қабылданбаған Конституциялық заң жобасы оның бастамашысына қайтарылады.
      Сенат депутаттарының кемiнде үштен екiсiнiң даусымен конституциялық заң жобасына енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар Мәжiлiске жiберiледi. Егер Мәжiлiс депутаттардың кемiнде үштен екiсiнiң даусымен Сенат енгiзген өзгерiстермен және толықтырулармен келiссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледi.
      Егер Мәжiлiс, Сенат енгiзген өзгерiстер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезiнде олармен депутаттардың кемiнде үштен екiсiнiң даусымен келiспесе, онда палаталар арасындағы келiспеушiлiктер келiсу рәсiмдерi арқылы шешiледi.
      3. Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауысқа салу сенiм бiлдiру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегiз сағат өтпейiнше өткiзiлмейдi. Егер сенiмсiздiк бiлдiру туралы ұсыныс Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп саналады. Алайда Үкiмет бұл құқықты жылына екi реттен артық пайдалана алмайды.
      «Жыл» деген уақыт кезеңi деп осы тармаққа қатысты алғанда ағымдағы жылды (1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығы) түсiну керек.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - ҚР 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз); 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық заңдарымен.

      19-бап. Республиканың заңдарын Республика Президентiне  қол қоюға ұсыну

      1. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.
      2. Парламент қабылдаған заңдар қабылданған күнiнен бастап он күннiң iшiнде Парламент Палаталарының әрқайсысы Төрағасының қолдарымен, сондай-ақ егер заң жобасын Үкiмет енгiзсе, Премьер-Министрдiң қолымен алдын ала бекемделiп, Республика Президентiнiң қол қоюына ұсынылады, ол Парламент Сенаты ұсынған заңға бiр ай iшiнде қол қояды, оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылау және дауысқа салу үшiн Парламентке қайтарады. Қазақстан Республикасы Президентiнiң заңдарға қол қоюы үшiн берiлетiн бiр айлық мерзiм Қазақстан Республикасының Президентi заңды алған күннен бастап есептеледi және келесi айдың тиiстi күнiнде (күн санында) аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келетiн болса, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде аяқталады.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мерзiмнiң iшiнде қайтарылмаған заң қол қойылды деп саналады.
      4. Егер Парламент сессиясы заңды Президенттiң қайтаруы ықтимал мерзiм бiткенше жабылған болса, Президент заңды Парламенттiң кезектi сессиясының алғашқы күнi қайтарады.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - ҚР 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз); 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық заңдарымен.

      20-бап. Республика Парламентiнiң Республика  Президентiнiң қарсылықтарын қарауы

      1. Республика Президентiнiң қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайта талқылау және дауысқа салу бiр ай мерзiм iшiнде өткiзiледi, бұл мерзiм қарсылықтар жiберiлген күннен басталады және келесi айдың тиiстi күнiнде (күн санында) аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келетiн болса, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде аяқталады. Қазақстан Республикасы Конституциясы 59-бабының 4-тармағында және 61-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бiр айлық мерзiм, егер ол уақыты жағынан Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 3-тармағында белгiленген Парламент жұмысының сессия өтетiн кезеңiмен сәйкес келмейтiн болса, үзiледi.
      Бұл мерзiмнiң сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын бiлдiредi.
      2. Республика Президентiнiң қарсылықтарымен қайтарылған заң немесе оның баптары Мәжiлiстiң тиiстi тұрақты комитетi қорытынды әзiрлегеннен кейiн Палатаның шешiм қабылдауы үшiн Мәжiлiстiң жалпы отырысына шығарылады.
      Егер Мәжiлiс дауыс беру қорытындылары негiзiнде заң бойынша Парламент бұрын қабылдаған шешiмдi растамайтын болса, онда Президент қарсылықтарын Парламент Палаталарының одан әрi қарауы тоқтатылады және заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледi.
      Егер Мәжiлiс Палата депутаттарының жалпы санының үштен екi көпшiлiк даусымен заң бойынша бұрын қабылданған шешiмдi растайтын болса, онда заң Президент қарсылықтарын қоса әрi қарай қарау үшiн Сенатқа берiледi.
      Сенаттың тиiстi тұрақты комитетi қорытынды әзiрлегеннен кейiн заң немесе оның баптары Мемлекет басшысының қарсылықтарын қоса Сенаттың жалпы отырысына шығарылады. Егер Сенат дауыс беру қорытындылары негiзiнде заң бойынша Парламент бұрын қабылдаған шешiмдi растамайтын болса, онда заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледi.
      Егер Сенат Палата депутаттарының жалпы санының үштен екi көпшiлiк даусымен заң бойынша бұрын қабылданған шешiмдi растайтын болса, онда Президенттiң заң бойынша қарсылығы еңсерiлдi деп есептеледi. Бұл жағдайда заң немесе тиiсiнше оның баптары Парламент бiрiншi рет қабылдаған редакциясында қабылданды деп есептеледi және Президент осы заңға ол қол қоюға ұсынылған кезден бастап бiр ай iшiнде қол қояды.
      3. Қарсылықтарды Мәжiлiсте қарау барысында Республика Президентi депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, өзi қарсылықтарда ұсынған заңның тұтастай не оның тиiстi жекелеген баптарының редакциясын өзгертуге құқылы.
      4. Парламент Палаталарының отырыстарында заң немесе оның жекелеген баптары қайтадан талқыланған және дауысқа салынған кезде дауысқа салу, егер Президенттiң қарсылықтары заңға тұтастай туындаған болса, - заң бойынша тұтас, не Республика Президентiнiң қарсылықтарын туғызған баптар бойынша өткiзiледi.
      5. Егер Республика Президентiнiң қарсылықтары Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға енгiзiлген жағдайда, онда бұл қарсылықтар заңдарға қарсылықтарды қарау үшiн көзделген тәртiппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттiң конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң даусымен еңсередi.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен; өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық заңымен.

IV тарау

Парламент Палаталарының Президентке Республиканың лауазымды
адамдарын қызметке тағайындауға келiсiм беру, оларды
қызметке сайлау, тағайындау және қызметтен босату жөнiндегi
өкiлеттiгiн жүзеге асыруы

      Ескерту. IV-тарау жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының Конституциялық 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

     21-бап. Парламент Палаталарының келiсiмiмен Президент  қызметке тағайындайтын, Парламент Палаталары   қызметке сайлайтын, тағайындайтын және қызметтен босататын лауазымды адамдар

      Парламент Палаталарының келiсiмiмен Республика Президентi қызметке тағайындайтын, Парламент Палаталары қызметке сайлайтын, тағайындайтын және қызметтен босататын Республика лауазымды адамдарының тiзбесi Республика Конституциясында айқындалады.

      22-бап. Парламент Палаталарының Республиканың лауазымды адамдарын қызметке тағайындау, қызметке сайлау және қызметтен босату жөнiнде  Республика Президентiне келiсiм беру тәртiбi

      1. Республика Президентi Премьер-Министрдi қызметке тағайындауға Парламент Мәжiлiсiнiң келiсiмiн, сондай-ақ Республиканың Ұлттық Банк Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын қызметке тағайындауға Сенаттың келiсiмiн алу үшiн, Сенаттың Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын қызметке сайлауы және қызметтен босатуы үшiн Парламент Палаталарына тиiстi жазбаша ұсынулар енгiзедi, солардың негiзiнде тиiстi мәселенi Парламенттiң тиiстi Палатасының таяудағы отырысының күн тәртiбiне енгiзу туралы шешiм қабылданады.
      2. Премьер-Министрдi тағайындауға Парламент Мәжiлiсiнiң келiсiмi Палата отырысында берiледi.
      Республика Президентiнiң аталған лауазымды адамдарды тағайындауына Парламент Палаталарының келiсiмi алдын ала не соңыра ұсыну барысында алынады және Палата отырысында берiледi.
      3. Сенаттың Жоғарғы Сот Төрағасы мен судьяларын қызметке сайлауы мен қызметтен босатуы үшiн ұсынылған кандидатуралар мәселе Палатаның отырысында қаралғанға дейiн Сенат Бюросының шешiмiмен белгiленген Сенаттың тиiстi комитетiнiң отырысында талқылануға тиiс. Кандидатураларды қараудың нәтижелерi негiзiнде комитет әрбiр талқыланған кандидатура бойынша Палата отырысында жария етiлетiн қорытынды шығарады.
      4. Тиiстi Палата отырысында қызметке тағайындауға келiсiм беру туралы, қызметке сайлау және қызметтен босату туралы мәселе қаралған кезде қызметке кандидатураларды Республика Президентi немесе ол уәкiлеттiк берген Республиканың лауазымды адамы таныстырады.
      5. Тиiстi Палатаның отырысында:
      1) кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы;
      2) депутаттар ұсынылған кандидатты "жақтап" немесе "қарсы" пiкiрлер бiлдiруi мүмкiн.
      6. Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкiн.
      7. Егер Парламенттiң тиiстi Палатасы Президент ұсынған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындауға келiсiм беру туралы, қызметке сайлау туралы шешiмдер қабылдамаған жағдайда, Президент тиiстi Палатаға нақ осы адамдарға немесе жаңа кандидатураларға жазбаша ұсынулар енгiзедi.
      8. Егер Сенат Жоғарғы Сот Төрағасы мен судьяларын қызметтен босату туралы шешiм қабылдамаған жағдайда, Президент Сенатқа осы мәселе бойынша қайта ұсыну енгiзуге хақылы.

      23-бап. Парламент Палаталарының ұсынылған кандидатуралар бойынша шешiмдер қабылдауы

      1. Парламент Мәжiлiсi мен Сенаты қызметке тағайындауға, қызметке сайлауға және қызметтен босатуға келiсiм беру туралы шешiмдердi Парламенттiң тиiстi Палатасы депутаттарының жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылдайды.
      2. Егер тиiстi Палата дауыс берудiң өзгеше тәртiбiн белгiлемесе, шешiмдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      3. Шешiмдер тиiстi Палатаның қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке ресiмделедi.
      4. Қызметке тағайындауға, қызметке сайлауға және қызметтен босатуға келiсiм беру үшiн Президент ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда тиiстi Палатаның шешiмiнде қабылдамаудың толық дәлелдемесi болуға тиiс.

      23-1-бап. Парламент Палаталарының Республика  лауазымды адамдарын қызметке тағайындау  тәртiбi

      1. Парламенттiң әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз Конституциялық Кеңестiң екi мүшесiн қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екi мүшесiн, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң үш мүшесiн бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды қызметке тағайындау Палатаның отырысында жүзеге асырылады. Палатаның қызметке тағайындауы үшiн осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың ұсынылған кандидатуралары мәселе Палатаның отырысында қаралғанға дейiн Палата Бюросының шешiмiмен белгiленген Палатаның тиiстi комитетiнiң отырысында талқылануға тиiс.
      Кандидатураларды қараудың нәтижелерi негiзiнде комитет әрбiр талқыланған кандидатура бойынша Палата отырысында жария етiлетiн қорытынды шығарады.
      3. Тиiстi Палата отырысында қызметке тағайындау туралы мәселе қаралған кезде қызметке кандидатураларды тиiстi Палатаның Төрағасы таныстырады.
      4. Тиiстi Палатаның отырысында:
      1) кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы;
      2) депутаттар ұсынылған кандидатты "жақтап" немесе "қарсы" пiкiрлер бiлдiруi мүмкiн.
      5. Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкiн.
      6. Егер Парламенттiң тиiстi Палатасы ұсынылған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындау туралы шешiмдер қабылдамаған жағдайда, Төраға тиiстi Палатаға нақ осы адамдарға немесе жаңа кандидатураларға жазбаша ұсынулар енгiзедi.
      7. Парламент Мәжiлiсi мен Сенаты осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды қызметке тағайындау туралы шешiмдердi Парламенттiң тиiстi Палатасы депутаттарының жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылдайды.
      8. Егер тиiстi Палата дауыс берудiң өзгеше тәртiбiн белгiлемесе, шешiмдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      9. Шешiмдер тиiстi Палатаның қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке ресiмделедi.
      10. Қызметке тағайындау үшiн Палата Төрағасы ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда тиiстi Палатаның шешiмiнде қабылдамаудың толық дәлелдемесi болуға тиiс.

        V тарау Республика Парламентi депутаттарының мәртебесi

      24-бап. Республика Парламентiнiң депутаты

      1. Парламент депутатының өкiлеттiгi оны Республиканың Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретiнде тiркеген сәттен басталады. Парламенттiң бiрiншi сессиясында оның Палаталарының бiрлескен отырысында депутаттар Қазақстан халқына мынадай ант бередi: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсiздiгiн нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзiме жүктелген депутаттың мәртебелi мiндетiн абыроймен атқаруға ант етемiн". Антты Президент қабылдайды және ант беру Республика Үкiметi, Конституциялық Кеңесi мүшелерiнiң, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерiнiң қатысуымен салтанатты жағдайда өткiзiледi.
      2. Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмысты атқаруға, кәсiпкерлiк қызметпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
      3. Парламент депутатының өкiлеттiгi орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша депутат iс-әрекетке қабiлетсiз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен осы Конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
      4. Парламент Мәжiлiсiнiң Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған депутаттарының өкiлеттiгi оның шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      5. Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкiлеттiгi Республика Президентiнiң шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      Тиiсiнше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық мәслихаттары атынан өкiлдiк ететiн депутаттар болып табылатын таңдаушылардың бiрлескен отырысында сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкiлеттiгi осы таңдаушылардың шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      6. Парламент депутаты:
      1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
      2) оған қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
      7. Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты:
      1) депутат конституциялық заңға сәйкес өзiн сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
      2) конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметiн тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.
      8. Парламент депутатының өкiлеттiгi осы баптың 3 және 6-тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылған кезде Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутатының өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғатын негiздердiң басталу фактiсiн көрсетiп қаулы қабылдайды және Парламенттiң тиiстi Палатасына Парламент депутатының өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы ұсыну енгiзу туралы шешiм қабылдайды.
      Орталық сайлау комиссиясының ұсынуы негiзiнде Парламент Палатасы тиiстi Парламент депутатының өкiлеттiгiн тоқтатады.
      9. Парламент депутатының өкiлеттiгi осы баптың 4, 5 және 7-тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылған кезде Орталық сайлау комиссиясы тиiстi адамның Парламент депутатының өкiлеттiгiн жоғалтқаны жөнiндегi фактiнi көрсетiп қаулы қабылдайды.
      10. Парламент және Парламент Мәжiлiсi депутаттарының өкiлеттiгi тиiсiнше Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi таратылған жағдайларда тоқтатылады.
      Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының Конституциялық 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      25-бап. Республика Парламентi депутатының өкiлеттiгi

      1. Депутат Парламент сессиясында және өзi құрамына кiретiн оның органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
      2. Парламент депутаты:
      1) Парламент пен оның Палаталарының үйлестiрушi және жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
      2) сессияның күн тәртiбi, талқыланатын мәселелердi қарау тәртiбi мен олардың мәнi жөнiнде ұсыныстар мен ескертпелер енгiзуге;
      3) Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не Парламент Палаталары тағайындауға келiсiм беретiн лауазымды тұлғалардың кандидатуралары жөнiнде өз пiкiрiн айтуға;
      4) Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында қарау үшiн ұсынылатын мәселелер бойынша Палаталар Бюросына ұсыныстар енгiзуге, ал оның ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Палаталардың пленарлық отырыстарының қарауына енгiзуге;
      5) Парламент пен оның Палаталары органдарының отырыстарында қарау үшiн мәселелер ұсынуға;
      6) Парламент Палаталарына есептi лауазымды тұлғалардың есебiн немесе хабарламасын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгiзуге;
      7) заңда белгiленген тәртiппен депутаттық сұрау салуға;
      8) жарыссөздерге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырысқа төрағалық етушiге сауалдар беруге;
      9) дауысқа салу себептерi бойынша өзiнiң ұсыныстарын негiздеп сөйлеуге, анықтама беруге;
      10) Парламент қабылдайтын заңдардың, қаулылардың, басқа да актiлердiң жобаларына түзетулер енгiзуге;
      11) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар үндеулерiмен таныстыруға;
      12) Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы депутаттардың сөйлеген сөздерiнiң мәтiндерiмен танысуға;
      13) осы Конституциялық заңға, Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiне сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асыруға хақылы.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377, 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      26-бап. Депутаттың Парламент сессияларына, оның Палаталарының отырыстарына қатысуы

      1. Депутат Парламенттiң және өзi құрамына сайланған оның органдарының жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте дауыс берудi депутаттың жеке өзi ғана жүзеге асырады.
      2. Палатаның Төрағасы, не тиiсiнше депутат мүшесi болып табылатын органның басшысы регламентпен белгiленген мерзiмде депутатқа сессиялардың, орган отырыстарының өткiзiлетiн уақыты мен орны туралы, сондай-ақ олардың қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы депутатқа хабарлайды, оған осы мәселелер бойынша қажеттi материалдарды бередi.
      3. Депутат мәжiлiске келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда бұл туралы Палатаның Төрағасына не тиiсiнше Парламент органының немесе оның Палатасының басшысына күнiбұрын хабарлайды.
      4. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға беруi депутатқа осы Конституциялық заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
      5. Палаталар Бюроларының, олардың тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiретiн депутат кез келген мәселелер мен ұсыныстарды қарауға енгiзуге, мәселелердi қарауға әзiрлеуге, олар бойынша шешiмдердi талқылап, қабылдауға, сондай-ақ қабылданған шешiмдердiң жүзеге асырылуын ұйымдастыруға, олардың орындалуын бақылауға қатысуға хақылы.
      6. Өзi құрамына кiретiн Парламент органының шешiмiмен келiспеген депутат Парламент сессиясында өз көзқарасын баяндауға немесе ол туралы төрағалық етушiге жазбаша түрде хабарлауға хақылы.
      7. Палаталар Бюроларының, олардың тиiстi тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiрмейтiн депутат аталған органдардың отырыстарына қатысып, ұсыныстар енгiзе алады, қаралатын мәселелердi талқылауға және кеңесшi дауыс құқығымен шешiмдердi қабылдауға қатыса алады. Депутат Палаталар Бюроларының, тұрақты комитетiнiң немесе комиссиясының шешiмiмен келiспеген жағдайда өз ұсыныстарын заң жобасына, қаулы жобасына түзетулер ретiнде енгiзе алады. Депутат енгiзген түзетулер Парламент сессиясында қаралады әрi оларды дауысқа салу өткiзiледi.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377 Заңымен.

      27-бап. Депутаттық сұрау салу мен сауалдар

      1. Депутаттық сұрау салу Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында депутаттың мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларына осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде Парламент сессиясында негiзделген түсiнiктеме беруiн немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған талабы болып табылады.
      2. Парламент депутатының Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкiмет мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне сұрау салуға құқығы бар. Бұл ретте Бас Прокурорға салынған сұрау қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына салынған сұрау Палаталардың жабық отырысында қаралады.
      3. Сұрау салу жазбаша түрде енгiзiлуi мүмкiн және Парламент сессиясында жария етiлуге тиiс.
      4. Өздерiне сұрау салынған лауазымды тұлғалар Парламент сессиясында ол жөнiнде ауызша немесе жазбаша жауап қайтаруға мiндеттi. Сұрау салуға жазбаша жауап әрi кеткенде бiр ай мерзiмде табыс етiлiп, сессияда жария етiледi. Сұрау салуға қайтарылған жауап бойынша жарыссөз өткiзiлуi мүмкiн. Депутат салынған сұрауына қайтарылған жауапқа өз пiкiрiн бiлдiруге хақылы.
      5. Сұрау салуға қайтарылған жауап пен оны талқылаудың нәтижелерi бойынша Парламенттiң немесе оның тиiстi Палатасының қаулысы қабылданады. Сұрау салу мен оған берiлген жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкiн.
      6. Депутаттар Палаталардың бiрлескен және бөлек отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкiметi мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне ауызша сауалдар қоюға хақылы. Сауалға жауап осы отырыста, ал жауап беру үшiн қосымша даярлық қажет болған ретте үш күн мерзiм iшiнде қайтарылады.

      28-бап. Депутаттың лауазымды тұлғалармен кiдiрiссiз қабылдану құқығы

      1. Депутаттық қызмет мәселелерi бойынша депутат мемлекеттiк органдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекеттiк ұйымдарға бөгетсiз кiру құқығын, сондай-ақ олардың басшыларымен және басқа да лауазымды тұлғаларымен кiдiрiссiз қабылдану құқығын пайдаланады.
      2. Қызметi мемлекеттiк құпияларға байланысты ұйымдарға депутаттың кiрiп-шығу тәртiбi заңмен белгiленедi.

      29-бап. Депутаттардың қызметiн ақпараттық қамтамасыз ету

      1. Палаталар Бюролары депутатты Парламент қабылдаған құжаттармен, сондай-ақ Парламент пен оның органдарының, басқа да мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ресми таратылатын ақпараттық және анықтамалық материалдарымен қамтамасыз етедi.
      2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, олардың лауазымды тұлғалары депутатқа оның депутаттық қызметiнде туындаған мәселелер жөнiнде консультациялық көмек көрсетедi.

      30-бап. Депутаттардың қызметiн материалдық, қаржылық  және әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз   ету

      1. Депутаттар жалақысын Республика Конституциясының 44-бабының 9)-тармақшасында көзделген тәртiппен Республика Президентi белгiлейдi.
      2. Республика астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкiлеттiгi мерзiмiне тегiн пайдалану шартымен мемлекеттiк тұрғын-үй қорынан және заңдарда белгiленген нормалар бойынша тұрмысқа жайлы және жиhазбен жабдықталған тұрғын үй берiледi.
      3. Парламент депутатының өз сайлаушыларымен өзара қарым-қатынас жасауы, оларды Парламент қызметi туралы ұдайы хабардар етiп отыруы, Парламенттiң, оның Палаталары мен органдарының тапсырмаларын орындауы үшiн әрбiр депутатқа:
      1) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алу;
      2) сайлау округтерiне iссапарларға шығып тұру құқығы берiледi. Бұл ретте iссапар шығыстары Республика Конституциясы 44-бабының 9) тармақшасында белгiленген тәртiппен бөлiнетiн қаражаттан өтеледi.
      4. Парламенттiң, оның Палаталары мен олардың органдарының тапсырмаларын орындау үшiн депутат iссапарларға жiберiлген жағдайда оған заңдарда белгiленген нормалар бойынша iссапар шығыстары төленедi.
      5. Депутаттарға Қазақстан Республикасының астанасы шегiнде автомобиль көлiгiмен қызмет көрсету, оларға емдеу-сауықтыру және санаторийлiк-курорттық қызмет көрсету Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
      5-1. Парламенттiң депутатына оның өкiлеттiк мерзiмi аяқталған соң, сондай-ақ ол отставкаға кеткен немесе Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi таратылған жағдайда және ол жұмысқа орналасқан немесе зейнеткерлiк жасқа жеткен кезге дейiн ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерiнде, бiрақ өкiлеттiгi тоқтатылған немесе отставкаға кету туралы өтiнiш қанағаттандырылған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт жәрдемақы төленедi.
      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1997.04.11. N 91-I, 1999.03.12. N 348-I, 1999.05.06. N 377, 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      31-бап. Депутаттың өкiлеттiгiн жүзеге асыруының  кепiлдiктерi

      1. Депутаттық қызметiн атқаруына бөгет жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болмасын ықпал жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      2. Мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз мiндеттерiн орындамаған, оған көрiнеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтiң кепiлдiктерiн бұзған лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиiс.

      32-бап. Депутатқа ешкiмнiң тиiспеу құқығы

      1. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен белгiленген әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерден өзге, тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
      2. Депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға немесе сот тәртiбiмен белгiленген әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға келiсiм алу үшiн Бас Прокурор Сенатқа не Мәжiлiске ұсыныс енгiзедi, оны Палаталар тиiстi Палатаның отырысында қарауға әзiрлеу үшiн Орталық сайлау комиссиясына жiбередi. Ұсыныс депутатқа айып тағудың, оны қамауға алуға санкция берудiң немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi сотқа жiберудiң алдында енгiзiледi. Бас Прокурордың ұсынысы мен Орталық сайлау комиссиясының тұжырымы олар келiп түскен күннен бастап екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қаралады және Палата тиiстi лауазымды тұлғалар мен органдардың қосымша ақпарат тапсыруын талап етуге хақылы. Палата дәлелдi шешiм қабылдап, оны Республиканың Бас Прокурорына және анықтау мен алдын ала тергеудi жүзеге асыратын Республика мемлекеттiк органының басшысына үш күн мерзiм iшiнде жiбередi. Депутат өзiне ешкiмнiң тиiспеу құқығы туралы мәселенi Палата қараған кезде қатысуға хақылы.
      3. Депутатқа қатысты қылмыстық iстi анықтау мен алдын ала тергеудi жүзеге асыратын Республика мемлекеттiк органының басшысы ғана қозғай алады және ол iс жүргiзу аяқталысымен қадағалауды жүзеге асыру үшiн Бас Прокурорға тапсырылуға тиiс.
      4. Орталық сайлау комиссиясы iс бойынша шешiм қабылдаған тиiстi соттан iстi қарау нәтижелерi туралы ақпаратты сұратып алады және айыптау үкiмi шығарылған жағдайда тиiстi Палатаға депутаттық мандаттан айыру жөнiнде ұсыныс енгiзедi.

      33-бап. Депутатқа қолданылуы мүмкiн жазалау шаралары

      1. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспаған жағдайда оған қатыспаған күндерi үшiн жалақы төлеуден бас тартылады. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз бiр айдан артық қатыспаған жағдайда ол осы Конституциялық заңның 30-бабының 1, 3, 4, 5-тармақтарымен өзiне берiлген барлық материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз ету жағдайларынан айырылады. Бұл жөнiндегi шешiмдi депутат Палата отырысына немесе Палаталардың бiрлескен отырысына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Төрағасы, ал Палата органдарының отырыстарына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Бюросы қабылдайды.
      2. Депутат өзiнiң даусын басқа бiреуге берген жағдайда Палата Бюросының шешiмiмен оған дауысты басқа бiреуге беруге жол берiлген күн үшiн жалақы төлеуден, ал дауыс басқа бiреуге қайталап берiлген жағдайда айлық жалақысын төлеуден бас тартылады.
      3. Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленген депутаттық әдеп ережелерiн бұзған жағдайда тиiстi Палата Төрағасының шешiмiмен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
      1) парламенттiк мiнеу;
      2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету;
      3) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының бойында сөз бермеу;
      4) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысының бойында сөз бермеу;
      5) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
      6) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
      7) бiр күндiк еңбекақысынан айыру.
      4. Депутатқа аталған шараларды қолдануға байланысты мәселелердi әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Депутаттардың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына келуiн, сондай-ақ депутаттың өз даусын басқа бiреуге беруiне жол берiлмеуiн бақылауды Орталық сайлау комиссиясының мүшелерi жүзеге асырады.
      5. Мәжiлiс депутаттарына осы бапта көзделген жазалау шараларын қолдану туралы мәселеге Мәжiлiсте өкiлдiк ететiн, құрамына депутаттар кiретiн саяси партиялардың фракциялары бастамашы болуы мүмкiн.
      Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N N 377, 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      34-бап. Республика Парламентiндегi депутаттық  бiрлестiктер

      1. Парламент депутаттары саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтар түрiнде депутаттық бiрлестiктер құруға құқылы.
      2. Саяси партияның фракциясы - заңда белгiленген тәртiппен тiркелген саяси партиядан өкiлдiк ететiн депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол тиiстi саяси партияның мүдделерiн бiлдiру мақсатында Парламент Мәжiлiсiнде құрылады. Саяси партия фракциясындағы ең аз адам саны Парламент Мәжiлiсiнiң Регламентiмен айқындалады. Саяси партия фракциясының құрамына Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттары кiре алады. Депутаттың бiр ғана саяси партия фракциясының құрамында болуға құқығы бар.
      3. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкiлеттiктерiн бiрлесiп жүзеге асыруға арналған бiрлестiгi. Депутаттық топтың құрамында Парламенттiң кемiнде он бес депутаты болуға тиiс.
      4. Саяси партиялардың фракцияларын тiркеу - Парламент Мәжiлiсiнiң Бюросында, депутаттық топтарды тiркеу Парламент Палаталарының Бюроларында жүзеге асырылады. Саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтарды тiркеу келiп тiркелу тәртiбiмен жүргiзiледi.
      5. Парламент Мәжiлiсiндегi саяси партиялардың фракциялары мен Парламенттегi депутаттық топтардың өкiлеттiгi, ұйымдастырылуы мен қызметi, олардың жұмысын қамтамасыз ету Парламент пен оның  палаталарының регламенттерiнде айқындалады.
      Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының Конституциялық 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      35-бап. Депутаттық куәлiк және депутаттың омырауға  тағатын белгiсi

      1. Депутаттың депутаттық куәлiгi және депутаттың омырауға тағатын белгiсi болады, бұларды оған сайланған депутат ретiнде тiркелгеннен кейiн Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бередi. Депутат депутаттық куәлiк пен омырауға тағатын белгiнi өз өкiлеттiк мерзiмi iшiнде пайдаланады.
      2. Республика Парламентi депутатының куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi, олардың үлгiлерi мен сипаттамасы туралы ережелердi Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бекiтедi.

VI тарау
Қорытынды ережелер

      36-бап. Республика Парламентiнiң және Парламент  Мәжiлiсiнiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын  тоқтату

      1. Республика Президентi Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейiн Парламенттi немесе Парламент Мәжiлiсiн тарата алады.
      2. Парламенттi және Парламент Мәжiлiсiн төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңiнде, Президент өкiлеттiгiнiң соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейiнгi бiр жыл iшiнде таратуға болмайды.
      Республика Президентiнiң Парламенттi немесе Парламент Мәжiлiсiн тарату туралы актiсi қолданысқа енгiзiлген күн көрсетiлген бiр жылдық мерзiмнiң басталу кезi болып табылады. Бұл мерзiм келесi жылдың тиiстi айында және күн санында аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келетiн болса, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде аяқталады.
      3. Мәжiлiс таратылған жағдайда Парламенттiң конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөнiндегi қызметiн уақытша, Мәжiлiстiң жаңа құрамы сайланғанға дейiн Сенат атқарады.
      Мұндай жағдайда Сенаттың конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау тәртiбi Сенат Регламентiнде айқындалады.
      Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен; өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық заңымен.

      37-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс тiлдерi

      Парламент жұмысында тiлдердi пайдалану Республика Конституциясына және Республикадағы тiл туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

      38-бап. Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру

      Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

      39-бап. Республика Парламентi Палаталарының Аппараттары

      1. Парламент қызметiн ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзгедей қамтамасыз етудi Сенат пен Мәжiлiстiң бөлек аппараттары жүзеге асырады.
      2. Сенат пен Мәжiлiс аппараттарының құрылымы мен штат санын белгiлеудi, оларды жасақтауды Парламент қызметiн қаржыландыруға бөлiнген бюджет қаражаты шегiнде Палаталардың Бюролары жүзеге асырады.
      3. Сенат пен Мәжiлiс аппараттарының қызметi Республиканың мемлекеттiк қызмет туралы нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Парламенттiң немесе Парламент Мәжiлiсiнiң өкiлеттiк мерзiмдерiнiң аяқталуына байланысты, Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi таратылған және оның депутаттары жаңа құрамының сайлануы жағдайында Сенат пен Мәжiлiстiң аппараттарындағы мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысы тоқтатылмайды.
      5. Сенат пен Мәжiлiс аппараттарының қызметкерлерi жалақы мөлшерi, материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз етудiң өзге жағдайлары бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесiнiң тиiстi қызметкерлерiне теңестiрiледi.
      Ескерту. 39-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының Конституциялық 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      40-бап. Осы Конституциялық заңды күшiне енгiзу тәртiбi

      Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi