Н

Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті 2-ші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі

ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫ:

ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ЖАҢАРУ ЖӘНЕ ӨРКЕНДЕУ

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ

Қазақстан Республикасы Парламенті 2-ші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі

2005 жылғы 1 қыркүйекте Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің 2-ші сессиясын ашып, сөз сөйледі. Атқарылған істерге талдау жасалып, алдағы міндеттер тұжырымдалды.

Ең алдымен, осы шаңырақтың астына жиналған баршаңызды Парламенттің екінші сессиясының өз жұмысын бастауымен құттықтаймын.

Өздеріңіз білесіздер, биыл мемлекетіміздің өмірінде және қазақстандық парламентаризмнің дамуында бірнеше өте маңызды оқиғалар болды.

Осы орайда, мен Ата Заңымыздың 10 жылдық мерекесі және Қазақстан халықтары Ассамблеясының 10 жылдығын ерекше атар едім.

Жақын арада Парламент те өзінің 10 жылдығын атайтын болады. Бүгінгі күн белесінен пайымдасақ, елімізде бұрын кәсіби парламентаризмнің тәжірибесі болған емес. Біз қоғамдық мүдделердің үйлесімін іздестіріп, табуға ұмтылдық, мемлекеттік құрылымдағы тежемелік пен тепе-теңдік жүйесін түздік. Қолға алынған либералдық реформаларды ойдағыдай іске асыруға мүмкіндік берген заңнамалық негіздің де берік қаланғаны нақ осы кезең.

Сондықтан осында отырған депутаттармен, осы жылдар ішінде Парламентте қызмет атқарған барша жандармен жүздесу мен үшін қашанда сүйінішті жәйт.

Қазіргі депутаттарға, сондай-ақ бұрынғы шақырылымдарда депутат болғандардың баршасына Қазақстанның игілігі жолындағы істерінде табысты болуларына ізгі тілектестігімді білдіремін.

Міне, бұл 10 жыл да тарихтың еншісіне айналыпты.

* * *

І. Біз дұрыс жолмен келеміз: ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын бүкілхалықтық талқылау нәтижесінің кейбір бағалары мен халықаралық қоғамдастық тарапынан білдірілген пікірлер

Менің “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында” Жолдауым жарияланғаннан бері де жарты жылдан асар-аспас уақыт өткен екен. Соңғы кезде еліміздің көптеген өңірлерінде болып, қалалар мен ауылдарда, кәсіпорындар мен оқу орындарында ел-жұртпен кездескенім өздеріңізге мәлім. Сонда Жолдаудың ешкімді дерлік енжар қалдырмағанына көз жеткіздім.

Ендеше күнделікті тірлікте қазақстандықтарды бүгін қандай мәселелер алаңдатып отыр екен?

Біріншіден, әрине, әр адам өмір сапасының жақсаруын қалайды, өзінің болашағын, қоғамның тыныштығын ойлайды. Әлбетте, жүріп жатқан реформалардың пәрменділігін кез келген жан өз тұрғысынан – дастарқанының тоқшылығына, тапқан табысына, білім алу мүмкіндігіне, отбасының, айнала төңірегінің, күллі қоғамның тіршілігіне, ақыр соңы, базар бағасына қарай бағамдайды.

Жолдауды талқылау барысында айтылған ұсыныс-пікірлердің бәрін де атқарушы билік органдары бақылауға алды. Ескертпелер бойынша нақты шаралар белгіленіп, іске асырыла бастады, алғашқы нәтижелері де айтарлықтай.

Дегенмен, шешімін күткен проблемалар да баршылық. Алайда олардың бәрі де Үкімет пен Парламенттің, сондай-ақ жергілікті билік органдарының назарында болуы тиіс және болатынына мен нық сенімдімін.

Екіншіден, мен үшін ең маңыздысы сол: Жолдауды бүкілхалықтық талқылаудың барысында қалың жұрттың қызу ынтасы тақырып аясынан әлдеқайда кең болып, халықтың күнбе-күнгі тіршілігінің ауқымынан әлдеқайда асып кетті.

Олардың арасында небір сындарлы ұсыныстар мен ойландыратын мәселелер бар. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлікті қалай қолдау керектігі, әлеуметтік әділетті саясатты жүргізу жолдары, тұрғын үй проблемалары, үш деңгейлі зейнетақылық жинақтау жүйесінің жайы, балаларымызға білім беру, кадрларды қайта даярлау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту мен осы заманғы сот жүйесінің келбетіне дейінгі толып жатқан мәселелер қамтылған.

Сонымен қатар тұрақтылықты қамтамасыз ету және көрші туысқан мемлекеттерде орын алғандай жүгенсіздіктерге жол бермеу баршаның көкейіндегі ең бір өзекті мәселе екенін атап көрсеткен орынды.

Барлық ұсыныс-пікірлердің қыры мен сыры өзіміздің нақты жоспарларымызды жасау мен жүзеге асыру барысында барынша ескерілетін болады.

Мұндай ауқымды қоғамдық пікірлесу қазақстандықтардың өз жеке басының жағдайын бүкіл еліміз игілігінің және оның халықаралық беделінің өсуімен байланыстыратынын көрсетіп берді. Яғни, біз барлық уақытта да олардың қолдауы мен мүдделі қатысуына сене де, сүйене де аламыз.

Үшіншіден, біздің алдағы қоғамдық жаңғыртулар жайындағы жоспарларымызды халықаралық саяси және іскерлік қауымдастық алғаш рет дәл осылайша зерделеп, бағамдаған, ой елегінен өткізген болар. Қазақстанды жүйелі жаңарту идеялары сан түрлі халықаралық конференцияларда қызу пікір алмасу тақырыбына айналды, соның ішінде, Қазақстан жоспарлары Бостондағы Гарвард университетінде, АҚШ-тағы Азия қоғамының жазда Алматыда өткен конференциясында және басқа беделді форумдарда талқыланды.

Құрметті депутаттар!

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Қазір өздеріңізге мәлім болып отырғанындай, Жолдау жария етілгеннен кейін, біз әлемнің көптеген басшылары, халықаралық ұйымдар мен іскерлік дүниесінің жетекшілері тарапынан мақұлдау мен нақты ұсыныстар алдық.

Қазақстанның болашағына деген адал көңіл мен ақ тілеу білдірген олардың бәріне де мен шын жүректен ризамын, осы орайда Ресей Президенті Владимир Путинге, АҚШ Президенті Дж. Бушқа, бұрынғы президенттері үлкен Дж. Бушқа және Билл Клинтонға, сондай-ақ АҚШ конгрессмендері мен сенаторларына, Франция Президенті Жак Ширакқа, Австрияның Федералдық президенті Хайнц Фишерге, Испания Королі Хуан Карлосқа, Ұлыбритания Премьер-Министрі Тони Блэрге, Корея Президенті Ро Мун Х нге, Жапония Премьер-Министрі Коидзумиге тағы да алғыс сезімімді арнағым келеді. Олардың ақыл-кеңестері мен ұсыныстары біз үшін өте-мөте маңызды. Менің одан әрі жаңарту жөніндегі идеяларымды достық раймен қолдаған барлық адамдарға ыстық ілтипатымды білдіремін, түскен хаттардың көптігі соншалық, қазір олардың бәрінің есімдерін атап шығудың өзі қиын. Мен мұндай ыстық ықыласты, біздің бастамаларымызға көрсетілген қолдауды жоғары бағалаймын әрі осыншалық ізгі пейілдің біздің даусыз табыстарымыздың арқасында білдірілгенін де жақсы түсінемін.

Қазақстан келешегі кемел әрі сенімді серіктес ретінде барған сайын әлем назарын өзіне аудара бастады. Біздің жетістіктерімізді жіті қадағалап отырған халықаралық қоғамдастық бізден өңірлік және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікке бастайтын оңтайлы шешімдер тосады.

Қазақстандағы тарихи өзгерістердің жаңа кезеңінің негізіне айналған біздің бүгінгі табыстарымыздың негізі 1997 жылдың өзінде қаланғанын айтқан орынды. Біздің даму жолымызды айқындап берген әрі әлемге еліміздің жаһандану заманындағы мақсат-мұратын мәлім еткен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамуының Стратегиясын біз нақ сол кезде қабылдадық. Мемлекет дамуының 7 ұзақ мерзімді басымдығы да нақ сол кезде таңдап алынды. Оларды дәйекті түрде іске асыру сол кезде либералдық жаңғырулардың ойдағыдай жүргізілуін қамтамасыз етті. Сөйтіп, бұдан былайғы экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару үшін қажетті әрі жетерліктей бастапқы жағдай туғызды, ол уақыттың туғаны жайында мен биылғы ақпан айындағы Жолдауымда мәлім еттім.

 

* * *

ІІ. Біздің стратегиямыз және Қазақстанның дамуын қазіргі кезеңде жеделдетудің басты мәселесі – экономикалық, әлеуметтік және демократиялық өзгерістерді үйлесімді ұштастыру

2030 жылға дейінгі Стратегиямыздың қағидаларын орындай отырып, біз қазірдің өзінде көп іс тындырдық әрі озық қарқынмен тындырдық. Мұны барша қазақстандықтар көріп, сезініп отыр, мұны халықаралық қоғамдастық та танып отыр.

Президент Джордж Буштың жолдаған хатында атап көрсетілгендей, “Сіздің еліңіз қазір басынан кешіріп отырған тұрақтылық пен өркендеу өңірдегі басқа елдер үшін үйренерлік үлгіге айналды”.

Бұл ретте соңғы он бес жылдың ішінде әлемнің де адам танымастай өзгергенін, тура көз алдымызда өзгеріп бара жатқанын да ескеру керек.

Замана сынақтары елдер мен халықтардың саяси және рухани жетекшілерін қоғамдық дамудың, өздерінің тұрғысынан, ең оңтайлы үлгісі мен стратегиясын іздестіру мен таңдауға мәжбүр етіп отыр.

Қазақстан болса, өз таңдауын қазірдің өзінде айқындап алды. Менің Жолдауымда баяндалған міндеттер, сондай-ақ Қазақстанның даму философиясы да өзінің өміршеңдігі мен келешегінің кемелдігін қуаттап берді. Олардың басы ашық әрі баршаға түсінікті деген ойдамын.

Қазақстан осы заманғы бәсекелес экономиканың берік іргесіне сүйеніп, еркін адамдардың ашық, демократиялық және өркендеген қоғамын, халықаралық қоғамдастықтың құрметті де жауапкершілігі жоғары мүшесі құқықтық мемлекет орнату жолында еңбек етуде. Өзіміздің көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымыздың маңызды белгілері мен дәстүрлерін үйлесімді ескеретін мемлекет орнатып жатыр.

Қазіргі кезеңдегі біздің жедел дамуымыздың басты мәселесі – біздің халқымыз бен еліміз қауіпсіздігінің мүдделерін ескере отырып, экономикалық, әлеуметтік және демократиялық жаңғыруларды үйлесімді ұштастыра білу. Мұндай ұштастыру тәуелсіздігіміз бен дамуымызды одан әрі нығайту үшін саяси тұрақтылықты сақтап қалуға тиіс.

 

Ұзақ уақыт Бүкіл дүниежүзілік банкіне басшылық еткен Джеймс Вулфенсон маған былай деп жазыпты: “Таяу уақыттағы басты мәселе Жолдауды нақты іс жүзіне асыруға саяды әрі бұл шаруа Қазақстан Үкіметіне адам айтқысыз ауыр жауапкершілік жүктейді”.

 

Бүгін, алты ай өткеннен кейін, Жолдауды орындаудың іс жүзіндегі алғашқы қорытындыларын бірлесіп бағамдайтын уақыт та келді.

 

 * * *

ІІІ. Жолдауды іске асырудың экономика саласындағы практикалық қорытындылары және болашаққа арналған таяу арадағы жоспарларымыз: экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес салаларды дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, БСҰ-ға кіру

Экономика мәселелерінен бастағанымыз жөн шығар, өйткені менің кәміл сенімім бойынша, замана ағымынан артта қалған әлсіз әрі тәуелді экономиканың негізінде ашық, еркін, өркенді қоғам орнату және өз азаматтарымыз үшін өмірдің жоғары стандарттарын қалыптастыру мүмкін емес.

Біз бұған ұлтымыз бен экономикамыз бәсекеге қабілетті болған жағдайда ғана қол жеткізе аламыз.

Бұл кезеңдегі өзіміздің басты басымдықтарымыз ретінде біздің экономиканы жан-жақты әртараптандыруды, шикізаттық емес салаларды оздыра дамытуды, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды, БСҰ-ға кіруді таңдап алғанымыз өздеріңізге мәлім.

Үкімет қазірдің өзінде бекітілген 7 қанатқақты кластерлер жасау мен дамыту жөнінде тиісті қаулылар қабылдады. Мен еліміздің тоқыма өнеркәсібі кәсіпорындарын дамытуға қолайлы жағдайлар туғызылуын қамтамасыз ететін “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойдым.

2005 жылдың басынан бері жүргізіліп келе жатқан индустриялық саясаттың шеңберінде 64 жоба іске асырылды. Жыл аяғына дейін түрліше 169 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Индустриялық-инновациялық стратегия қолға алынған уақыттың ішінде даму институттары жалпы сомасы 2 миллиард АҚШ долларынан асатын 103 инвестициялық жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Қазір іс жүзінде 1 миллиард АҚШ доллары сомасындағы 62 жоба қаржыландырылып отыр.

Қазір біз шағын және орта кәсіпкерліктің бастамашылығы мен еркіндігін дамытуға және нығайтуға елеулі үміт артып отырмыз. Бұл бағыттағы біздің нақтылы іс-қимылымыз мынадай:

Біріншіден, Салық кодексіне шағын бизнес субъектілеріне деген арнаулы салық режимін жақсартатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазір заң жобасы Сенаттың қарауында.

Екіншіден, Үкімет “Кәсіпкерлік туралы” және “Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” екі заң жобасын әзірлеуді аяқтап келеді. Бұл заңдар барынша қысқа мерзімде Парламентке енгізіледі, ал Сіздер, құрметті депутаттар, қараша айында бұл жобалардың заңға айналуы үшін оларды қарауға барынша жауапкершілікпен кіріседі деген ойдамын.

Үшіншіден, Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорына, бұрын жоспарланғандай, бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінді. Мұның өзі шағын инновациялық бизнестің дамуына да жәрдемдесетініне сенімдімін.

Төртіншіден, мемлекеттік кәсіпорындардың өздеріне бейінсіз міндеттерін бәсекелі ортаға беру жөніндегі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 19 республикалық мемлекеттік кәсіпорынды қайта құру жөнінде шешім қабылданды. Облыстардың әкімдеріне коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың 800-ден астам бейінсіз міндеттерін бәсекелі ортаға беру ұсынылды.

Стратегиялық маңызды ұлттық компанияларға келетін болсақ, Экономикалық саясат жөніндегі кеңес қазірдің өзінде Мемлекеттік холдинг компаниясын құру тұжырымдамасын мақұлдап, бірінші кезеңде инфрақұрылымдық компаниялар соның басқаруына берілетін болады.

ХХІ ғасыр рыногының қисыны мен талаптарына сәйкес еліміздегі аграрлық бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін “Агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы” Заңды Парламент қабылдап, мен қол қойдым.

Осы орайда Қазақстанның БСҰ-ға кіруі жөнінде жүйелі, ойластырылған, сонымен қатар жедел іс-қимыл жасау қажеттігіне тағы да назар аударғым келер еді.

Мұның өзі, атап айтқанда, отандық ауыл шаруашылығы өнімінің мамандандырылуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға айрықша талаптар қояды. Біз бұған ауыл шаруашылығы шикізатын өндіру мен ұқсату саласындағы кластерлік бастамашылықтарды іске асыру арқылы аграрлық өндірісті индустрияландырған жағдайда ғана сәйкес келетін боламыз. Міне, нақ осыған жекеменшік сектордың назарын аудару, кредиттер мен инвестицияларды тарту керек.

 

* * *

ІV. Қазақстанның энергетикалық саясатын одан әрі оңтайландыру және еліміздің халықаралық энергетикалық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін нығайту

Біз Қазақстанның энергетикалық саясатын әзірлеу мен іске асыруға және өз экономикамыздың іргелі әрі жүйе құрайтын саласын одан әрі дамытуға зор маңыз береміз.

Бірінші. Бізде Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің ұзақ мерзімдік мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, дәйекті жүзеге асырылып жатыр. Мұнай мен газ өндірудің бұдан былайғы негізгі өсімін, ең алдымен, Каспий теңізі айдынынан алу көзделеді, оның жалпы әлемдік өнім өндірудегі көлемі таяудағы 10 жылда екі есе өсуі мүмкін.

Каспийдің Қазақстан секторындағы алғашқы шарт аса ірі Қашаған кен орны бойынша жасалып отыр, мұндағы коммерциялық өнім өндіруді 2008 жылы бастау күтілуде. “Бритиш Газ” компаниясының 8 пайыз үлесін сатып алған Қазақстан биылғы жылдың өзінен “Эксон Мобил”, “Аджип”, “Коноко Филипс” сияқты аса ірі трансұлттық компаниялармен және басқаларымен бірге жобаның қатар операторы болып отырғанын атап айтқым келеді.

Биылғы шілдеде Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі, “ҚазМұнайГаз” бен “Роснефть” компаниялары арасында Құрманғазы кен орны жобасы бойынша өнім бөлісі жөніндегі келісімге қол қойылды. Құрманғазы құрылымынан алынатын ресурстарды мамандар 980 миллион тоннаға бағалап отыр. Каспий қайраңын игеру бағдарламасы шеңберіндегі басқа дестелерге қатысты келіссөздер де жүргізіліп жатыр, мұнда Қазақстан таяудағы 10 жылдың ішінде жылдық мұнай өндіру деңгейін 100-150 миллион тоннаға жеткізуді көздейді.

Мұнайға бай елдердің тәжірибесі біздің шикізат ресурстарының барына тәуелді болмайтын экономика құруымыз керек екенін көрсетеді. Өйткені мұнай бағасының тым шығандап кетуінің әлемдік экономикада дағдарыс туғызуы да ықтимал. Сондықтан да біз осы факторды ескере отырып, сауатты макроэкономикалық саясат жүргізуіміз қажет.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру 2010 жылдың өзінде күніне 2 миллион, ал 2015 жылы 3 миллион баррель мұнайды экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Бұл тұста өндірілетін ілеспе газдың көлемі жылына шамамен 100 миллиард текше метрдей болады.

Екінші. Қазақстанның өзінің меншікті табиғи ресурстарын пайдалануда әрқашан ашық саясат жүргізгенін және тәуелсіздік алған сәтінен бастап елімізде жұмыс істеп келе жатқан трансұлттық компаниялармен ынтымақтастықта да айқын саясат жүргізгенін және алдағы уақытта да жүргізе беретінін атап көрсеткім келеді. Қазақстан Республикасы өзінің тұрақтылыққа және қол қойған келісімдерінің шарттарын сақтауға ықыласты екенін дәлелдеді. Міне, нақ осы жағдаят біздің шетел инвестицияларын тарту мен олардың ұдайы өсе түсуі үшін жақсы негіз қалауымызға мүмкіндік берді.

Үшінші. Қазақстан халықаралық энергетикалық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзінің жаңа рөліне зор жауапкершілікпен қарайды.

Біз еліміз ие болып отырған географиялық және транзиттік артықшылықтарымызды дәйекті іске асыруға зор маңыз береміз. Әлемдік рыноктарға қуат көздерін тасымалдау мәселесін шешпейінше, біздің ресурстарымыздың ешқандай құны болмақ емес.

Қазіргі кезде Қазақстанның энергия көздерін әлемдік рыноктарға жеткізу арналарын әртараптандыру мен олардың тұрлаулылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ірі инфрақұрылымдық жобалар белсенді түрде пысықталып жатыр.

 

* * *

V. Жолдаудың әлеуметтік саладағы міндеттерін мерзімінен бұрын орындау және алдағы жұмысымыздың бағыттары

Ақпандағы Жолдауымда осы заманғы нарық экономикасының негізінде біздің әлеуметтік бағдарланған мемлекет пен қоғам құрып жатқанымыз мәлім етілді.

Осы орайда соңғы жарты жылда қандай нақтылы қадамдар жасалды?

Бірінші. Ең алдымен, 1 шілдеден бастап 2007 жылға дейінгі кезеңге белгіленген әлеуметтік реформалардың дестесі толық көлемінде жүзеге асырыла бастады.

Биылғы жылдың бюджеті негізгі лауазымдық жалақыны өсіруге кепілдік берді және ол жүзеге асырылды. Ең төменгі зейнетақылық төлемдер 9 200 теңгені құраса, зейнетақылардың орташа мөлшері, негізгісімен қоса есептегенде, 12 000 теңгеден асып түсті. Бюджет саласы қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 32 пайыз өсті.

Екінші. Бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектердің, 16 жасқа дейінгі мүгедектердің жәрдемақысы арттырылды.

Үшінші. Соғыс мүгедектері мен қатысушыларының арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларының мөлшері арттырылып, Жеңістің 60 жылдығы күніне орай оларға 30 мың теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

Төртінші. Тұрғын үй проблемасы жедел шешіліп жатыр. Халықтың неғұрлым аз қамтылған топтарына арнап коммуналдық тұрғын жайлар салу үшін республикалық бюджеттен облыстарға 6,3 миллиард теңге бөлінді. Қазірдің өзінде азаматтардың осындай санаты үшін бір жарым мыңнан астам пәтер салынып жатыр. Бұған қоса республикалық бюджеттен ипотекалық кредиттеу бағдарламасы бойынша қолжетімді тұрғын жайлар салуға кредиттер беру үшін әкімдіктерге 42 миллиард теңге бөлінді.

Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру еліміздің 1,5 миллиондай азаматын пәтерлермен қамтамасыз етеді. Бүгінде бүкіл елімізде құрылыс жаппай жүріп жатыр, тұрғын үйді іске қосу қарқыны екі есе өсті.

Бесінші. Зейнетақы жинақтаудың үш деңгейлік жүйесі мен міндетті жеке медициналық сақтандыруға көшу келешекте егде жастағы азаматтардың тұрмысының сапасын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.

Алтыншы. 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.

Денсаулық сақтау жүйесінің сапасын жақсарту үшін ауруханаларды, балалар мен босануға жәрдем жасайтын ұйымдарды әлемдегі үздік медициналық техникамен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен жарақтауға айрықша ден қойылады.

Қазір 13 ірі денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылы денсаулық сақтауға жұмсалатын шығын 2004 жылмен салыстырғанда, үштің бірінен астам өсіп, оның ЖІӨ-дағы үлесі 2,7 пайызды құрады.

Жетінші. Макроэкономикалық саясатта еңбекке ақы төлеуді одан әрі арттыру өлшемдерін еңбек өнімділігінің артуымен және елдегі инфляцияның өсуіне ықпалымен ұштастыра отырып айқындау көзделіп отыр. Бұл маңызды жәйт, өйткені осындай жағдайда ғана кірістің өсуі ел халқының әл-ауқатын нақтылы арттыратын болады.

Осылайша мен бұл жөніндегі өзімнің барлық уәделерімді орындадым. Бұдан басқа да жоспарлар бар, олар да, сөз жоқ, орындалатын болады.

Менің саяси ерік-жігерім бұған әбден жетеді, оны өздеріңіз білесіздер.

 

* * *

VІ. Кадрларға осы заманғы білім беру мен қайта даярлау үшін жағдайлар туғызу бағыты – Қазақстанды жедел жаңарту стратегиясының табысты болуының шешуші факторы

Қазақстанды жаңарту стратегиясының түбегейлі табысқа жетуін айқындайтын шешуші фактор – осы заманға лайық білім беру және кадрларды даярлау мен қайта даярлау. Бұған ешкімнің де көзін жеткізіп жатудың қажеті жоқ.

Бірінші. Біздің студенттеріміздің дайындығына тың тұрғыдан келу керек.

Өздеріңіз білесіздер, биылдан бастап біздің жоғары оқу орындарымыздың үш мың үздік студенті әлемнің айтулы университеттерінде оқып, өздерінің білім деңгейлерін арттыру мүмкіндігіне ие болып отыр. “Болашақ” бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлінуде.

Біздің өзіміздің ҚМЭБИ мен ҚБТУ сияқты университеттеріміз де халықаралық стандарттарға сай келеді.

Ендігі жерде білім алуды Қазақстанда жалғастырғысы келетін жастарға үздік шетелдік профессорлардан дәріс тыңдау мүмкіндігі беріледі, өзімнің Жолдауымда айтқанымдай, олар Қазақстанға үнемі шақырылып тұратын болады. Екі университетке – Еуразия мен Қазақ ұлттық мемлекеттік университеттеріне ғана бұл мақсатқа 2 миллион доллар бөлінді.

Жоғары оқу орындарының студенттері мен орта кәсіби білім алушы шәкірттердің стипендиялары 2 еседен астам өсірілді.

Коммерциялық банктердің студенттерге кредиттеріне мемлекеттік кепілдік беру жүйесін іске асыруға, бұрын жоспарланғандай, қазірдің өзінде 600 миллион теңге бөлінді.

Үстіміздегі жылы студенттерді әлеуметтік қорғау жөніндегі қомақты шаралар дестесін іске асыруды қолға алдық.

Профессорлар мен оқытушылар құрамының кәсіби өсуі мен қайта даярлығы үшін жаңа қолайлы жағдайлар туғызыла бастады. Олардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін де шешетін боламыз.

Біздің қабілетті жас мамандарымыздың алған білімін барынша тиімді пайдалану жөніндегі мәселені бүгінгі күннің өзінде барынша оңтайлы шешу қажет деген ойдамын.

Екінші. Өзіміздің дербес ұлттық басқару мектебіміз болмайынша, біз ілгері баса алмаймыз, біз оны басқа елдердегі жақсы атаулының бәрін ала отырып, жасақтауымыз керек. Біздің өзімізде, айталық, Гарвардта немесе Вест-Пойнттағы сияқты елдің болашақ жетекшілерін дайындаудың ойластырылған жүйесі болуға тиіс.

Міне, сондықтан да елімізді осы заманғы жаһандық ауқымда кеңінен пайымдайтын менеджерлермен, ал экономикамызды жаңа біліммен қамтамасыз ету үшін мемлекет барған сайын көлемді шығын жұмсауға бара бастады.

2005 жылы білім беруге жұмсалатын шығындар 2004 жылмен салыстырғанда ширек шамада артып, олардың ЖІӨ-дағы үлесі 3,9 пайызды құрайтын болады.

Үшінші. Біздің кәсіби және мамандандырылған білім беру жүйесінің шеңберінде осы заманғы мамандар мен қызметкерлерді даярлау мен қайта даярлау үшін жағдай жасауды жақсарту жөнінде қолға алынған жұмысымызға мемлекет тарапынан ұдайы назар аударылып, қолдау көрсетілуін талап етеді.

Мұнай-газ саласы үшін мамандарды кәсіби даярлықтан өткізу және біліктілігін арттырудың алғашқы орталығы Атырау облысында құрылуда. Бұл тәжірибені экономиканың басқа да салаларына таратудың маңызы зор. Осы тұста мен біздің кәсіпкерлердің халықаралық еңбек бөлінісіне толығымен енуінің маңызды алғышарты ретінде олардың ағылшын тілін үйренуіне жағдай туғызу мәселесін тағы да алға тартқым келеді.

Төртінші және соңғы жәйт ретінде мен мынаны айтқым келеді. Бұл кезеңде осы заманғы білім және кадрларды кәсіби даярлау жүйесін құруда мемлекет қана емес, біздің іскерлеріміздің қоғамдастығы да айқын белсенділік танытуға тиіс.

Осыған байланысты Үкіметке де, Парламентке де таяуда ғана құрылған кәсіпкерлік жөніндегі кеңестің қатысуымен біздің ірі бизнесіміз үшін экономикалық, сондай-ақ қоғамдық жағынан да қосымша ынталандыру шараларын құру қажет деп санаймын. Адами капиталға, яғни іс жүзінде өзінің болашағына салған инвестициясы үшін бизнесті көтермелеу керек.

Сайып келгенде, мұның бәрі де еліміздегі білім беру мен кадрларды кәсіби даярлықтан өткізу жүйесін ХХІ ғасыр талаптарына сәйкес түбегейлі қайта құру жөніндегі толымды бағдарламаның бастауы ғана.

Үкімет бұл бағытта белсенді әрі осы заманғы талаптарға сай жұмыс істеуі керек.

 

 * * *

VІІ. Қолға алынған саяси реформалар – Қазақстанның демократиялық ілгерілеу қарқынын жеделдетудің қомақты негізі

Ақпандағы Жолдауымда мен біздің қоғамымызда демократияны одан әрі дамыту мен мемлекетіміздің саяси жүйесін тиісінше жаңартуға бағытталған бастамалардың тұтас дестесін ұсындым. Осы бағытта нақты жұмыстар, кең көлемдегі көпшілік талқылау басталды.

Біз бүгін оның тырнақалды тыңғылықты практикалық нәтижелері туралы айта аламыз.

Биылғы жылдың мамырында мен “Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан әрі пайдалану жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойдым. Соған сәйкес әлеуметтік-экономикалық саланың министрлері, дипломатиялық өкілдіктер басшылары, Есеп комитетінің төрағасы мен оның екі мүшесі олардың кандидатуралары Парламенттің бейіндік комитеттерінде алдын ала талқыланғаннан кейін ғана тағайындалатын болады.

1. Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасындағы кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар жасады. Онда Сайлау туралы конституциялық заңға таяуда ғана енгізілген өзгертулер мен толықтырулармен бірге өңірлердің, министрліктер мен ведомстволардың, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жаңа ұсыныстары ескерілді.

2. Атқарушы билікті реформалауға келсек, қазір Парламенттің қарауында мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді барынша тиімді ажыратуды қарастыратын заң жобасы жатыр. Мұнымен қатар, әлемдік тәжірибені ескере отырып, жергілікті өзін-өзі басқаруға оңтайлы жағдай туғызу үшін аталған мәселе жөнінде қабылданған шешімдерге талдау жасалуда.

3. Атқарушы биліктің қызметі мен есептілігінің айқындығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қолданылуда. Сәуірде мен әкімдердің халық алдында есеп беруін реттейтін Жарлыққа қол қойдым. Бұл жұмыс даусыз оң нәтижелер беруде әрі жалғастырылатын болады. Барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездерінде айтылған мәселелердің 80 пайызы қазірдің өзінде тиісті шешімін тапқанын атап көрсету керек.

4. Тамыз айында біз ауылдық аудан әкімдерінің тәжірибе жүзінде сайлауын өткіздік. Нақ қазіргі уақытта оның нәтижелілігіне баға беру, әрине, ертерек, бірақ кейінірек олар әкімшілік реформалардың осы бөлігіндегі жұмыс ырғағын айқындайтын болады.

5. Әділет министрлігі алқа билер соты институтын енгізу мен қалыптастыру мәселелерін реттейтін заң жобаларын әзірлеп, Үкіметтің қарауына енгізді, сондай-ақ сот өндірісін жүргізу шеңберінде және сот шешімдерінің орындау сатысында адвокатураның рөлін арттыру жөніндегі шаралар қолданылып жатыр.

6. Жаңарту мен саяси демократияландырудың белгіленген бағыты шеңберінде сот жүйесін реформалау мәселелері республика судьяларының ІV съезінде талқыланғанын айта кетуім керек. Сот өндірісін оңайлату мен оның объективтілігін қамтамасыз ету белсенді талқылау тақырыбына айналды. Наурыз айының өзінде Парламент қарауына “Соттылықты ажырату мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы ұсынылғанын өздеріңіз білесіздер. Қазір судьялар съезінің қорытындылары бойынша Жоғарғы Сот сіздермен бірге осы жобаны жұмыс жағдайында жетілдіріп, пысықтауға тиіс. Аталған Заңды Парламент осы сессияның өзінде қабылдайтынына сенімдімін.

7. Өздеріңізге мәлім, қазір Демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасы бойынша Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жобасы талқылану үстінде. Бұл жұмыс аяқталуға жақын, ал оның нәтижесі екінші Азаматтық форумда талқыланатын болады.

8. Менің Жолдауымда белгіленген реформаларды айқындау мен нақтылы жүзеге асыруда үкіметтік емес ұйымдар маңызды рөл атқаруға тиіс. Олар қазірдің өзінде азаматтық қоғамды дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, демократиялық үрдістерді, қайырымдылық жасауды, білім беруді және басқаларын дамытуға өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді.

Сөйтіп, демократиялық реформалар саласында жарты жыл ішінде ғана қолымыз жеткен алғашқы нақтылы нәтижелер де барынша қанық әрі Қазақстан қоғамында демократияны кеңейту бағытындағы одан әрі жасайтын алдағы қозғалысымыздың бағыт-бағдары барынша анық.

 

* * *

VІІІ. Қоғамдық пікірталасты кеңейту мен Демократиялық өзгерістердің жалпыұлттық бағдарламасын іске асыру

Мұның барлығы бүгін маған менің Жолдауымдағы “Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасына” қатысты қағидаларды жүзеге асырудың бұдан былайғы шараларын талқылау мен дәйекті іске асыру үшін ұсыныс жасауыма мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама 2006-2011 жылдар аралығындағы алты жылдық кезеңді қамтиды, ал оның іс жүзінде орындалуы 2006-2008 және 2009-2011 жылдар аралығындағы екі негізгі кезеңде дәйекті түрде жүзеге асырылатын болады.

Бұл бағдарламаның нақты өлшемдері кең түрдегі қоғамдық пікір алысу барысы негізінде кеңейтіле, нақтылана және жүргізіле беруге тиіс.

Жолдаудың қағидаларын нақты түрде дамыта отырып, қоғамымыздағы демократияны кеңейтудің қоғамның барлық мүшелерінің қатысуымен талқылауға, нақтылауға, жүзеге асыруға тиісті мына бағыттарын ұсынамын:

Бірінші. Біз жергілікті өзін-өзі басқаруды ұдайы дамыта беруге, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары арасындағы өкілеттіктің аражігін ажыратуға тиіспіз.

Біз жергілікті өзін-өзі басқарудың нормативтік базасын және “әлеуметтік тетіктерін” белсенді түрде дамытып, әкімдердің іргелік деңгейдегі өкілеттіктерін нығайта беретін боламыз.

- Алдағы уақытта бюджетаралық қатынастардың жаңа әрі әлдеқайда тиімді жүйесін жасақтауымыз керек.

- Сонымен қатар, бастапқы кезеңде біз мәслихаттардың өкілеттіктерін, әсіресе әкімдердің қызметтеріне бақылауды жүзеге асыруы жөнінен, едәуір кеңейте аламыз. Барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында өз жұмыстарының нәтижелері жөнінде жыл сайын есеп беріп отыруға тиіс.

Осы міндеттерге қол жеткізу үшін 2006 жылы жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң қабылдап, оны дамыту жөнінде мемлекеттік бағдарлама әзірленуі керек.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді енгізу үшін жұмысына халықаралық ұйымдардың сарапшылары тартылатын арнайы орган – Жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі комитетті құру туралы ойлануымыз керек.

Екінші. Өкілді органдардың өкілеттіктерін кеңейту шеңберінде біз Парламенттің құқықтары мен бақылау функцияларын, оның Үкімет пен басқа да конституциялық органдарды жасақтауға қатысуын күшейтеміз, Мәжіліс пен Сенат депутаттарының санын көбейту мүмкіндігін қарастырамыз.

Үшінші. Әкімдердің сайланбалылығын енгізу мемлекеттік билікті жасақтаудағы демократиялық тетіктерді нығайта түсетін орталықсыздандыру үрдісін лайықты түрде аяқтауға тиіс. Мұның өзі қазақстандықтардың күнделікті өмірінде туындап, шешімін тауып жататын проблемалар бойынша қағидатты жаңа қоғамдық бақылау мен оның есептілігін енгізуге жағдай жасайды.

Төртінші. Саяси партиялардың рөлі мен функцияларын одан әрі нығайту, партиялық фракциялардың рөлі мен өкілеттіктерін кеңейту жөнінде шаралар қолдану керек.

Бесінші. Үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақтардың және олардың қызметінің халықаралық деңгейде қабылданған демократиялық стандарттарға сәйкес нығайтылуы мен дамуына жағдай туғызылуы керек.

Алтыншы. Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін жетілдіру қажет.

Таяудағы үш жылдың ішінде:

- сот ісін жүргізу шеңберінде және сот шешімдерін орындау сатысында азаматтардың құқықтық кепілдіктерін күшейту жөнінде кешенді шараларды қабылдау;

- биліктің сот тармағының тәуелсіздігін күшейту және осы бағытта сот төрелігінің айқындығы мен тиімділігін арттыру үшін шаралар қабылдау;

- соттың қамауға алуды шешуге қатысуы ресімін кезең-кезеңімен енгізу;

- қылмыстық сот ісін жүргізуге алқа билер соты институтын іс жүзінде енгізу және тиісті заңдар қабылдау және т.б. шаралар қолдану қажет.

Жетінші. Бұқаралық ақпарат құралдарын нығайту және дамыту біздің елімізде сөз бостандығына кепілдік берудің негізгі бағыттарының бірі.

Бұл үшін журналистер қоғамдастығының кәсібилігін, тәуелсіздігі мен кәсіби этикасын жан-жақты дамыту қажет. БАҚ бостандығының кепілдігі сонымен қатар олардың Конституция талаптары мен заңдарды сақтаудағы жауапкершілігін де айқындауға тиіс.

Сегізінші. Қоғамымыздағы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың есептілігін қамтамасыз ету және олардың үстінен қоғамдық бақылауды күшейту үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламасын жасау мен іс жүзіндегі шаралардың жүйелік дестесін дәйекті жүзеге асыру туралы.

Соңғы айларда біз не істедік?

Осы жылдың сәуірінен бері Қазақстанда жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың кешенді жүйесін одан әрі дамтыуға бағытталған Жарлық жүзеге асырылып келеді. Аталған Жарлықты жүзеге асыру аясында үстіміздегі жылы 2006-2010 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленеді. Оның негізгі идеясы жемқорлыққа қарсы көпдеңгейлі ұлттық жүйені құру болып табылады. Біз мынадан бастадық:

1. Мамыр айында “Мемлекеттік қызметшілердің ар-ұждан кодексі туралы” Жарлыққа қол қойылды, онда мемлекеттік органдардың беделін арттыруға бағытталған мінез-құлықтың негізгі этикалық нормалары баянды етілді.

2. Шілде айында мен “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойдым, соған сәйкес жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылығы үшін қойылатын талап барынша қатайтылады.

3. Астана және Алматы қалаларында “жалғыз терезе” қағидаты бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру жөніндегі жұмыс басталды, бұған республикалық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Астаналық орталықтардың бірі мамыр айының өзінде жұмысын бастап кетті.

Бұған дейін атқарған істерімізге қосымша мыналарды жасау қажет:

1. Жекешелендіру үрдісінің, салық саясаты, жер қойнауларын пайдалану және жер қатынастары салаларында шешімдер қабылдаудың айқындығын қамтамасыз ету.

2. Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ жеке компаниялар қызметтерінің айқындығын қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

3. “Жалғыз терезе” қағидаты бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарын Қазақстанның барлық өңірлерінде ашу.

Мен қоғамдық ұйымдарды осы жұмысқа қосылуға және жариялы түрде мемлекеттік органдардың толық есептілігін және кең түрде қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге шақырамын.

Бұл “Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасының” талқылауға және кейіннен жүзеге асыруға ұсынылатын негізгі ережелерінің бірқатары ғана. Бұл бағдарлама кеңейтілуге, нақтылануға, қажет болған жағдайда дәлдендіріле түсуге тиіс. Ол, мен айтар едім, “халықтық сараптамадан” өтіп, біздің қоғамның басым бөлігінің қолдауына ие болуға тиіс. Сонымен қатар дамыған демократиясы бар елдердегі достарымыздың тәжірибесі мен кеңестері ескерілуі керек.

Өздеріңіз көріп отырсыздар, алдымызда үлкен әрі қауырт жұмыс тұр. Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия таяу болашақта пікірсайыстар қорытындыларын жинақтап, осы негізде Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасының заңнамалық бедерлері турасында ұсыныстар дестесін әзірлеуге тиіс. Әлбетте, бұған Парламенттің белсене қатысуы қажет.

Мұндай бағдарламаның қабылдануы – мейлінше сарабдал көзқарасты қажетсінетін мәселе. Оның нәтижесі біздің мемлекеттілігіміздің тағдыры мен қоғамның тұрақты дамуына ықпал ететін болады.

Сондықтан да мен өзімнің төрағалығыммен Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды жоспарлап отырмын. Оның құрамына Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін болады. Комиссия 2006 жылдың маусымында нақты ұсыныстарын беруге тиіс.

Тек осындай терең демократиялық өзгерістер ғана біздің экономикалық табыстарымызға сай келетін болады.

Әрине, басқа да пікірлердің, тіпті олардың осы залда қатысып отырған адамдардың арасында да болары анық. Кейбіреулер өңірдегі жағдай тұрақтанғанға дейін күте тұруымыз керектігі, біздің бұған дайын еместігіміз және “халықтың әлі де пісіп-жетілмегені” жайында кеңес береді. Бәзбіреулер бұл қоғамды тұрақсыздандыруға әкеп соқтыруы мүмкін әрі біздің дамуымызды баяулатады, тіпті батыстық түсініктегі демократия біздің қоғамның “дәстүрлеріне” сәйкес келмейтіндіктен біз үшін демократиялық өзгерістер онша өзекті емес деген пікірде. Басқа пікірлер сияқты бұларды да байыппен қарауымыз қажет.

Әлбетте, бізде орныққан демократиялық дәстүрлердің жоқ екені де рас және бізге “тәжірибе жасау мен қателік кешу” тәсілімен алға жүруге тура келеді. Бұл оңай жол бола қоймайды. Мұны да біз білеміз. Оңайлықпен келмейтін осы тарихи қайта құруды біз сол арқылы еліміздің болашағы үшін қазақстандықтарды одан әрі топтастыра түсеміз деген үмітпен жүргізуге тиіспіз.

ІХ. Қазақстанда жекеменшік институтын нығайту және қоғамдағы шарттық қатынастарға кепілдік беру үшін арнайы шаралар қолдану – қоғамдық өмірді жедел жаңарту кілті

Құрметті депутаттар, Үкімет мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

Экономикалық, әсіресе, саяси бағдарламаларымыздың табысты болуы енді қалыптасып келе жатқан орта тап саналатын еліміздегі жекеменшік топтың нығаюына байланысты. Демократиясы дамыған елдерде міне, нақ осы бар, сондықтан да нақ сол елдер биліктің ауысқанына қарамастан тұрақты қалпын сақтайды. Міне, мен сол үшін де еліміздегі орта және шағын бизнесті дамытумен ұдайы шұғылданып келемін. Біз атқарған іс аз емес, бірақ бұл басы ғана. Демократияландыру жайында айтқанымызда, алдымен осы мәселелерді екшеуге тиіспіз.

Осыған байланысты мен мынадай іргелі мәселелер бойынша түбегейлі әрі түпкілікті шешімдер қабылдауымызды жөн санаймын: Қазақстанның жан-жақты жаңаруын жеделдетудің сөз жоқ, кілті саналатын жекеменшік институттарын және Қазақстанда шарттық қатынастардың кепілдіктерін нығайтуымыз қажет.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикада мемлекеттік меншік басым болды. Нарықтық қатынастарды дамытудың заңнамалық негізі мүлде болған жоқ. Қолданыстағы заңдар жекеменшік пен кәсіпкерлік қызмет қатынасы хақында күш қолдану сипатында болды.

Аса қатаң тауар тапшылығы, шектен шыққан инфляция, адамдардың өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуі, міне, осының бәрі қоғамдық пікірдің және ел тұрғындарының басым бөлігінің көз алдында жекеменшіктің жағымсыз бейнесін сомдады.

Облыстарда көптеген бизнесмендермен кездесе жүріп осы жылдар ішінде мен жүргізген табанды әрі дәйекті саясаттың негізінен алғанда жас жекеменшік иелерінің тұтас жаңа буынының қалыптасуына жағдай туғызғаны жайында ойға қала бердім. Еңбегім зая кетпеген екен. Мен мұны мақтан тұтамын. Ашығын айтайық, жекеменшік адамға шынайы еркіндік береді, бірақ, сонымен қатар қоғам алдындағы жоғары деңгейдегі жауапкершілікті де жүктейді.

Бүгінде өнеркәсіп өнімі көлемінің 85 пайызы жұмыспен қамтылған халықтың 60 пайызы еңбек ететін жеке секторда өндіріледі. Шағын және орта бизнес дамып келеді. Орта тап жасақталып жатыр, жаңару үрдісі оларсыз мүлде мүмкін болмас еді.

Сондықтан да қазіргі басты мәселе жекеменшікке ие әрі өзінің сындарлы әлеуметтік мүдделерін жете сезінетін орта таптың тұрлаулы әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.

Жекеменшік институтын біздің Конституциямыз қорғайды. Алайда осы баптың сыртында бізде әзірге батыс елдеріне тән осы институтты құрметтеудің ғасырлар бойғы дәстүрі мен шарттық құқықты іске асыру тәжірибесі жоқтығын естен шығармауымыз керек. Мысалы, кәсіпорынның немесе жеке азаматтың тағдырын заң емес, шенеунік шешетін жағдай болдырмау қажет. Меншік иесі мен оның меншігін мемлекет те, азаматтық қоғам да қорғауға тиіс.

Мұның өзі бір мезгілде адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктеріне негіз қалау, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту деген сөз. Сондықтан да:

біріншіден, мен жекеменшік институты мен шарттық қатынастарды заңдық тұрғыда қамтамасыз ету жөнінде бұдан былайғы шаралар дестесін әзірлеуді ұсынамын. Бұл жерде кәсіпкерлердің қызметіне қатысты жүйе құрайтын қағидаттар мен ұстанымды бекіте түсетін кәсіпкерлік саласындағы біртұтас Заң маңызды рөл атқаруға тиіс. Жекеменшіктің заңдық тұрғыда қамтамасыз етілуі және шарттық құқықтың сақталуы даулардың тәуелсіз қаралуын және төрелік ету рәсімдер жүйесін де қамтуға тиіс;

екіншіден, бізге жекеменшік институты мен шарттық қатынастарға қоғамның барлық деңгейінде құрметпен қарау сезімін қалай тәрбиелеу керектігі жайында да ойланатын кез келді. Қазақстанның одан әрі жаңаруы қоғамның барлық деңгейінде, жеке заңды тұлғалар мен азаматтар арасындағы адал қарым-қатынастарды қоса алғанда, шарттық қатынастар мәдениеті болуын талап етеді.

Міне, нақ осы көптеген ұлттардың табысқа жетуіне себін тигізді.

Мен Қазақстанда жекеменшік институтын нығайтуға бағытталған арнайы шаралардың қабылдануы және қоғамда шарттық қатынастарға кепілдік берілуі біздің кідіріссіз алға басуымыздың берік іргетасын қалайтынына сенімдімін.

 

* * *

Х. Қазақстан халықаралық лаңкестікке, экстремизмге, есірткі трафигіне, СПИД-тің таралуына қарсы күрестің, өңірдегі және әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы күрестің алдыңғы шебінде

Халықаралық және өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары тұрғысында Қазақстан паш еткен біздің жауапты, салиқалы әрі теңгерімді саясатымызға бүкіл дүние жүзі куә.

Соңғы уақытта біздің сыртқы саясатымыздағы басымдықтарымыз жайында бірнеше рет айтуыма тура келді. Олар өзгеріссіз қала береді.

Біздің саперлік отрядтың ирак халқына көмек көрсету мақсатында қатысуын одан әрі жалғастыру туралы мәселені қарастыра келгенде, біз нақ осындай ұстанымды басшылыққа аламыз. Соңғы уақытта халықаралық коалицияға қатысушылар саны азая түскеніне қарамастан, бұл отряд онда адамдар өмірін құтқару мұратымен жүр. Дәл осылайша ҰҚШҰ, ШЫҰ-ның белсенді қатысушылары болу, жақын көршілерімізбен ынтымақтастық пен ықпалдастықты дамыту біз үшін айрықша маңызды деп санаймыз.

Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту біз үшін басым бағыттар болып табылады. Сонымен қатар Азия мен Таяу Шығыстың негізгі елдерімен өзара іс-қимылға үлкен мән беріледі.

Қазақстан ядролық қаруды тежеуге, халықаралық лаңкестікке, діни экстремизмге, есірткі саудасына және қазіргі заманның басқа да қатерлеріне қарсы күрестегі халықаралық ауқымды ынтымақтастықтың белсенді жақтаушысы болып келді және болып қала береді. Бұл біздің ұлттық мүдделерімізге сәйкес келеді.

Алайда, бүгін мен біздің өңірдің тұрақтылығының қамтамасыз етілуі мен қауіпсіздігі және орнықты дамуы жөніндегі басқа да елеулі проблемаға баса назар аударғым келер еді.

Өздеріңізге белгілі, халықаралық қоғамдастық Қырғызстан мен Өзбекстанда болған оқиғаларды барған сайын күшейе түскен алаңдаушылық сезіммен қадағалап отырды. Орталық Азияның бұл жедел дамып келе жатқан экономикасы, әлеуметтік және демократиялық қарышты дамуымен ұштасқан өңір болуы бір басқа. Ал енді Орталық Азияның ішкі қайшылықтары, этностық және діни қақтығыстары ушыққан, бір елдегі зорлық-зомбылықтың тұтануы келесі елге үлгі ретінде таралған, кедейшілік жайлаған өңір болуы бір басқа.

Бұл жарылыс қаупі бар қақтығыстарға жылдар бойы қордаланған ішкі әлеуметтік-экономикалық проблемалардың басты себеп болғанын мойындамауға да лаж жоқ. Қазақстан мұндай қатерлерден экономиканы дамыту мен халықтың әл-ауқатын жақсарту, конфессияаралық, ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі саясаттың нәтижесінде ғана “аман қалды”.

Сонымен қатар, менің ойымша, сіздер бұған келісерсіздер, біздің елдің де, халықаралық қоғамдастықтың да барша Орталық Азия өңірінде тұрақтылық пен өркендеуді сақтау жөніндегі мүдделері сәйкес келеді. Менің биылғы ақпан айында мәлімдегенімдей, Орталық Азия ықпалдастығы бастамасы дәл осылайша дүниеге келді. Бұл жерде “көрініп қалу” немесе көшбасшылық ету дегендей қандай да бір қазақстандық кеудемсоқтық жоқ. Бұл біздің өңірімізде өмір сүріп жатқан бауырлас халықтардың ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетініне сенімдімін.

Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру туралы идея сындарлы халықаралық үндестік туғызды. Осыған орай менің Жолдауыма байланысты хатында Франция басшысы Жак Ширак: “Өзіңіз білетіндей, менің елім Еуропалық мемлекеттер одағының іргесін қалаған мүше мемлекеттердің бірі ретінде Сіздің Орталық Азия мемлекеттері одағының жобасына тек қолдау білдіреді” деп атап көрсетті.

Таяу күндері, осы айдың соңына дейін Орталық Азия мемлекеттері одағы тұжырымдамасының жобасы толықтырылып, өңірдегі мемлекет басшыларының қарауына келісу үшін жіберіледі деген ойдамын. Егер осы Одақтың негізгі идеялары қабылданылып, қолдау табатын болса, бұл біздің барша өңір үшін тұрақты және орнықты дамудың маңызды факторына айналар еді деп санаймын.

 

* * *

ХІ. Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуге ниетін мәлімдеуі – біздің елімізді экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңарту жолындағы дәйекті бағытымыздың, халықаралық және өңірлік тұрақтылыққа, қауіпсіздік пен дамуға деген жауапты, әрі сарабдал көзқарасымыздың көрінісі

Мен Қазақстанның 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жөніндегі ниетін мәлімдеуін өзіміз таңдап алған қоғамдық дамудың стратегиясы мен елімізді жан-жақты дамытудың іс жүзіндегі бағытының көрінісі деп білемін. Біздің бұл ұмтылысымызда қандай да бір саяси конъюнктура да, былайша айтқанда “көрініп қалу” ниеті де жоқ.

Өзінің отыз жылдық тарихында ЕҚЫҰ ең ауқымды проблемалар шеңберінде өзінің халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етудегі бірегей әлеуетін әлденеше қайтара қуаттап берді.

Қазақстан Республикасы өз еркімен Хельсинки Қорытынды актісінің міндеттемелерін ала отырып, 1992 жылдан бері ЕҚЫҰ-ға қатысушы болып келеді.

Біз ЕҚЫҰ-ға Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуының күрделі кезеңінде тиісті көмек пен қолдау көрсеткені, демократиялық институттардың дамуына, азаматтық қоғам негіздерінің қалыптасуына ықпал еткені үшін ризамыз. Біз бұл ынтымақтастықты біздің еліміздің ең жоғары ұлттық мүдделеріне сәйкестігі тұрғысынан қарастыра отырып, ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық қарқынын алдағы уақытта одан әрі еселей түсуге ықтиярлымыз.

Мен өз кезегінде Қазақстанның еуропалық белгілері мен азиялық дәстүрлері бар ілтипатшылдығын, бейбітшілік пен тұрақтылықты, қоғамдағы конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайтуда жинақтаған бірегей тәжірибесі ЕҚЫҰ-ның осы заманғы әлемнің сан алуандығы мен ашық, демократиялық қоғам орнатудың түрлі жолдары жөніндегі түсінігін едәуір байытуға жәрдемдесетініне толық сенімдімін.

Бұл ЕҚЫҰ-ның осы заманның басты қатерлері мен сынақтарына неғұрлым серпінді әрі лайықты жауап қатуына мүмкіндік туғызар еді.

Біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі ниетімізді мәлімдеуімізді мен Қазақстанның ішкі саяси әрі сыртқы саяси мақсаттарына да, ең бастысы, ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы рөлін нығайту мен дамытуға сай келетін жүйелі міндет деп білемін.

Таяуда ғана Қазанда өткен ТМД саммитінде Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы ниетіне Достастық мемлекеттерінің басшылары ресми түрде қолдау білдірді. Бұл қолдау үшін біз ризашылығымызды білдіреміз.

Осыған орай, Президент Әкімшілігіне Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне дайындық жүргізетін әрі Үкіметке, мүдделі министрліктер мен ведомстволарға оның жүзеге асырылуы жөнінде тиісті міндеттер жүктейтін кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар бұл тақырып ЕҚЫҰ өкілдерімен пікірсайыстар өткізу мен кездесулердің негізгі орнына айналуға тиіс Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі комиссияның одан әрі қызметінде басым орын алады деп санаймын.

Әлбетте, біз ЕҚЫҰ аясындағы ықпалдастық үрдісіне белсене қатысушы ретінде өзімізге алған міндеттемелерді қуаттауға тиіспіз.

Парламент Мәжілісіне ең таяу уақытта адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы іргелі халықаралық-құқықтық құжаттар – “Азаматтық және саяси құқықтар туралы” және “Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы” пактілерді бекіту үрдісіне кірісуді ұсынамын. Мұны өздеріңіздің басым міндеттеріңіз деп біліңіздер. Қазақстанның оларға қосылуы туралы менің Жарлығымның 2003 жылдың өзінде жарияланғанын естеріңізге салайын.

Осы тақырыпты қорытындылай келе, мен Қазақстанның өз жерінде ЕҚЫҰ аясында ілтипатшылдылық, дінаралық төзімділік, қоғамдық және ұлтаралық келісім мәселелері жөнінде халықаралық форум өткізуге әзір болатыны және қуана ықылас көрсететіні жайында айтқым келеді. Бізде қазірдің өзінде АӨСШК елдері басшылары саммитінің, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезінің ойдағыдай өткізілуін, екінші съезге дайындық жөніндегі ұйымдастыру комитетінің лайықты ұйымдастыру жұмысын, сондай-ақ Қазақстан халықтары Ассамблеясының 10 жылдық жұмыс тәжірибесін қоса есептегенде, мұндай оң тәжірибелер баршылық. Қазақстан халықтары Ассамблеясы қызметінің арқасында БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннанның сөзімен айтқанда, Қазақстан “басқа елдер үшін ұлтаралық татулықтың, тұрақты әрі орнықты дамудың үлгісіне” айналды.

Құрметті депутаттар, Үкімет мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

Сонымен, біз сіздермен бірге еліміздің жан-жақты жаңаруы мен демократиялануы стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстардың алғашқы іс жүзіндегі нәтижелеріне баға бердік, таяу болашақта алдымызда тұрған барынша көкейкесті міндеттерді айқындадық. Біз алға басудың дұрыс бағытын таңдап ала білдік және қазірдің өзінде нақты іс-қимылдың жоғары қарқынына қол жеткіздік.

90-шы жылдары елімізден қоныс аударғандардың қазіргі уақытта қайта оралып жатқаны әрі осында ірге теуіп қалуы — көп жәйтті әйгілейтін дерек. Бұл біздің нақты табыстарымызды және Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолындағы стратегиясының тиімділігін тағы да бір рет айғақтай түседі.

Қазір ең бастысы – экономикада да, әлеуметтік салада да, саясатта да, демократияны кеңейтуде де осы ілгерілеушілік ырғағын сақтап қалу. Біз Қазақстанның болашағына кәміл сеніммен қараймыз. Ендеше баршамыз сол уақыттың неғұрлым ертерек тууы үшін қолдан келгеннің бәрін де істейік. Барлық қазақстандықтарды, барлық саяси күштерді осы мақсат жолында бірігуге шақырамын.

Сөзімді аяқтай келе, мен мына мәселе жайында да айтқым келеді. Біраз күндерден кейін, сіздер, құрметті депутаттар, Мемлекет басшысының кезекті сайлауын өткізу мерзімі туралы шешім қабылдайсыздар. Іс жүзінде, сол сәттен бастап елімізде “президент додасы” басталады. Бұл біздің алдымызға қойған және міндетті түрде қол жеткізуімізге тиіс басты мақсаттарымыздан көңілімізді басқа жаққа алаң етпеуіне сенім білдіремін.

Өздеріңізге мәлім, мен әрқашанда идеялардың, саяси жобалардың, көпшіліктің серпінді пікірталастарының Конституция мен заңдар шеңберіндегі ашық әрі әділетті бәсекелестігінің жақтаушысы болып келемін. Қазақстандықтардың айқын әрі саралы іс-қимыл стратегиясы бар және оны жүзеге асыруға қабілетті пікірлес ынтымақшыл командасы бар басшыға сенім білдіретініне ешқашанда күмән келтірмеймін.

Қазіргі Мемлекет басшысы ретінде мен өз міндетімді терең түсінемін әрі алдағы сайлаудың мейлінше еркін, адал әрі ашық өтуі үшін және де қорытындылары қазақстандықтардың да, халықаралық қоғамдастықтың да зәредей күмәнін туғызбауы үшін қолымнан келгеннің бәрін де жаcайтын боламын.

Құрметті депутаттар!

Кеше ғана он жылдығын атап өткен жаңа Конституциямыз бойынша сайланған кәсіби Парламентіміздің жұмыс істей бастағанына он жылға жуық уақыт өтіпті. Тарлан Тарих үшін бұл қас-қағым сәт болғанымен, туған Қазақстанымыз үшін бұл ғасырға бергісіз ұлан асу, ұлы белес болды.

Біз өз дамуымызда әрдайым қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін басты назарда ұстадық. Соның арқасында әлемдік қауымдастық алдында зор беделге ие болып, биік белестерді бағындырдық. Бұл істе республика Парламентінің де үлесі ерекше екендігін атап өткім келеді.

Алған белестеріміз қанша биік болса да, алдағы асулар да соншалықты көп. Егер сіздер өткен сессияда 78 заң қабылдасаңыздар, алдағы уақытта атқарылар шаруа да аз болмайтынын естеріңізге сала кеткім келеді. Өйткені қазірдің өзінде Парламент портфелінде 50-ден астам заң жобасы жатыр. Мен солардың ішінде Жолдауда көрсетіліп, елімізде басталған кең көлемді саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңаруды одан әрі тереңдетуге бағытталған заң жобаларына ерекше назар аударуды қалаймын.

Қуатты реформалардың ел игілігіне асуы, әлеуметтік-саяси ахуалдың орнықтылығы, бюджеттің уақтылы орындалуы қабылданған осы заңдардың сапасына тәуелді екенін ешқашан естен шығармаған абзал.

Бұл міндетті сіздердің абыроймен орындап шығатындықтарыңызға сенімдімін.

Сіздердің тәуелсіз Қазақстанымыздың қарыштап өсіп, қарқынды даму жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін.