Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.04.2015

МӘЖІЛІС ОТЫРЫСЫНДА БІРҚАТАР ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ ЕКІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАНДЫ


МӘЖІЛІС ОТЫРЫСЫНДА БІРҚАТАР ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ ЕКІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАНДЫ

Астана, 15 сәуір, Мәжіліс үйі.  

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен Палатаның кезекті жалпы отырысында мәжілісмендер бірқатар заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. Олардың қатарында ілеспе толықтыруларымен «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер туралы» және «Бітімгершілік қызмет туралы» заң жобалары бар.

Осы отырыста  2013 жылғы 23 желтоқсанда Мәжіліс қарауына бір топ Парламент депутаттарының бастамашылығымен енгізілген «Ең төменгі стандарттар мен кепілдіктер туралы» заң жобасы да мақұлданды.

Аталған құжат Мемлекет Басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының шеңберінде айтылған «Ең төменгі стандарттар мен кепілдіктер туралы»  Заңды әзірлеу тапсырмасына сәйкес орындалған.

Ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қолдану мақсаттары: азаматтардың еңбек және әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы конституциялық құқықтарын іске асыру; ең төменгі әлеуметтік стандарттар жүйесін қалыптастырудың бірыңғай құқықтық базасы мен жалпы қағидаттарын белгілеу; қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті Қазақстан Республикасы халқының өмір сүру деңгейі мен сапасының салалық стандарттарын қалыптастыру болып табылады.

Сонымен бірге, заң жобасында ең төмен әлеуметтік стандарттардың қолданылу салалары және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейіне сәйкестендіру мақсатында оларды қайта қарау мерзімділігі айқындалады.

 

Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлдаған «Бітімгершілік қызмет туралы» заң жобасының негізгі мақсаты Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес, Қазақстан Республикасы ұлттық контингентінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға (миссияларға) қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылады.

Заң жобасында негізгі ұғымдар ашық көрсетіліп, Қазақстан Республикасы бітімгершілік қызметінің қағидаттары, мақсаттары мен міндеттері айқындалады.

Мәжілісмендер екінші оқылымда сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасын талқылады.

Жалпы отырыста халық қалаулылары Болгария және Румыниямен  адамдарды ұстап беру туралы шарттарды, сондай-ақ, Румыниямен сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялауға қатысты заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін де нақтылады.

Сондай-ақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заң жобасы мен «Төрелік туралы» және  «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»    заң жобаларына ілеспелі түзетулермен бірге қорытынды әзірлеу мәселесін қарастырды.

Жалпы отырыста Палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісім берді.





 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі.

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі