Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.05.2015

МӘЖІЛІС «ЖЕКЕ ДЕТЕКТИВТІК ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫН ІЛЕСПЕЛІ ТҮЗЕТУЛЕРМЕН БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС «ЖЕКЕ ДЕТЕКТИВТІК ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫН ІЛЕСПЕЛІ ТҮЗЕТУЛЕРМЕН БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана. 13-мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, халық қалаулылары «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасын ілеспелі түзетулермен бірінші оқылымда мақұлдады.  

Заң жобасында осы қызметпен айналысуға үміттенетін адамдарға қойылатын талаптар, сондай-ақ жекеше детективтердің құқықтары мен міндеттері айқындалып, детективтік іс-шаралардың түбегейлі болып табылатын тізбесі (жеке әңгімелесу; анықтамалар, мінездемелер сұрату) енгізіледі.

Жеке детективтердің қызметі азаматтардың құқықтарын және бостандықтарын қозғайтындықтан, заң жобасында жекеше детективтік қызметті лицензиялауды енгізу ұсынылып отыр.

Осы заң жобасы бойынша Мәжіліс депутаттарынан, тұрақты комитеттері мен заңнама бөлімінен келіп түскен барлығы 240-қа жуық ескертпелер мен ұсыныстар қарастырылып, талқыланған.

Негізгі заң жобасында  жекеше детективтің адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына байланысты өкілеттіктері көзделгендіктен, ілеспе заң жобасында оларды теріс пайдаланғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Ол жекеше детективтің қылмыстық әрекеттерімен келтірілген зиянның дәрежесі бойынша ажыратылады.

Ілеспелі құжат  Салық кодексіне, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға тиісті толықтырулар енгізуді көздейді.

Жалпы отырыста мәжілісмендер  меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда қарап, оң бағасын берді.

Онда Азаматтық кодекстің заңсыз актілерді шығару салдарынан меншік иесіне келтірілген залалды, тиісті актіні шығарған мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның кінәсіна қарамастан өтеу туралы 267-бабының редакциясын нақтылау ұсынылады. Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау және кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы нормаларды екіұдай түсіну  жойылады.

Бұл құжат бойынша депутаттардың, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ұлттық Банк, Әділет министрлігі, мүдделі мемлекеттік органдар  және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 20 отырысы өткізілген.

Осы күні Мәжіліс депутаттары Болгария және Румыния елдерімен адамдарды ұстап беру туралы шарттарды, сондай-ақ, Румыниямен сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобаларын мақұлдады.

Ол құжаттар аталған елдердің құзыретті органдары арасындағы қатынастарды реттеуге бағытталған.   

Палата осы күні сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңға және конституциялық заңдарға азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістерге қатысты заң жобалары мен Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы, Ресеймен Байқоңыр қаласының білім беру ұйымдарын беру туралы келісімдерді ратификациялау туралы заң жобаларына байланысты бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындады.

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы - 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз  қызметі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі