Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.07.2015

МӘЖІЛІС МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана. 8-шілде. Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжілістің төртінші сессиясының соңғы жалпы отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібі бойынша барлығы 17 сұрақ қаралды.

Осы күні халық қалаулылары мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Депутаттар тарапынан түскен 100-ден астам түзетулерді есепке алған заң жобасында мүгедектердің әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірудің, оңалту саласында қызметтер көрсетудің тиімділігін арттырудың, басқа азаматтармен тең қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қолданудың, объектілер мен көрсетілетін қызметтерге деген айрықша қажеттіліктерін ескере отырып, туындайтын кедергілер мен тосқауылдарды жоюдың мүмкіндіктері қарастырылып отыр. Осыған орай 4 кодекске және 20 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап ететін ұсыныстар тиісті қорытынды алу мақсатында Үкіметке жолданған.

Жалпы отырыста Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартқа Армения Республикасының қосылуы туралы хаттама, сондай-ақ, қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы америкааралық конвенция ратификацияланды.

Осы күні мәжілісмендер баланың құқықтарын қорғауға, үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне, экологиялық мәселелерге, азаматтық заңнаманы жетілдіруге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты түзетулерді қамтитын заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы және Ресеймен Қазақстандық Балқаш торабын беру шарттары және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан әрі пайдалану тәртібі туралы үкіметаралық келісімді, қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияны ратификациялау бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы - 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз  қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі