Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.08.2015

Қ. ЖАҚЫПОВ: СЕРБИЯ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІК – ШЫҒЫС ЕУРОПАДАҒЫ КЕЛЕШЕК ЖӘНЕ МАҢЫЗДЫ ӘРІПТЕСІ


                Қ. ЖАҚЫПОВ: СЕРБИЯ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІК – ШЫҒЫС ЕУРОПАДАҒЫ КЕЛЕШЕК ЖӘНЕ МАҢЫЗДЫ ӘРІПТЕСІ

               

Астана, 29 тамыз, Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов елімізге тұңғыш рет ресми сапармен келген Сербия Президенті Томислав Николичпен кездесті.   

Тараптар қазақстандық-сербиялық көпқырлы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

                Мәжіліс Спикері Сербия Қазақстанның оңтүстік-шығыс еуропадағы келешек және маңызды әріптестерінің бірі екенін алға тарта келіп, бүгінде екі мемлекет арасында қалыптасқан сенімді әрі сындарлы үнқатысудың жыл сайын қанат жайып келе жатқанын атап өтті.  Оған мәртебелі мейманның Елбасымен кездесуі барысында қол жеткізілген келіссөздер дәлел деуге болады.

Сондықтан, біздің елдеріміз арасында ықпалдастықты одан әрі дамытудың, соның ішінде сауда-экономикалық байланысты нығайтудың әлеуеті зор.

Қ. Жақыповтың айтуынша, әсіресе, көлік, құрылыс, ауылшаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі мен туризм салалары екіжақты қатынасты кеңейтудің басым бағыттары болып табылады.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы іскерлік климатты жақсартып, инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында елімізде қабылданып жатқан заңдардың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу иелері халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге де айрықша көңіл бөлді. Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманды Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне қатысты келіссөздердің аяқталғандығынан хабардар ете келіп, Сербия Президентіне «ЭКСПО-2017» көрмесін Астанада өткізу құқығына ие болуға қолдау көрсеткені үшін өз алғысын білдірді және сербиялық компанияларды осы көрмеге белсене қатысуға шақырды. 

Өз кезегінде Сербия Президенті халықаралық әріптестіктің қажеттілігіне тоқтала келіп, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдайтынтығын жеткізді.

 Томислав Николич тәуелсіздіктің бар ауыртпалығын еңсерген біздің еліміздің қарқынды дамуына тәнті болғанын айтты. Сондай-ақ, барша қазақстандықтарды Ата Заңның 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. 

Жүздесу барысында парламентаралық байланысты тереңдету сұрақтары да назардан тыс қалмады.

Осы мақсатта Парламент Мәжілісінде Сербиямен ынтымақтастық және достық тобын құру жоспарланып отыр. Сербияда бұл топты Қазақстанның аталған елдегі құрметті консулы Миланка Карич басқарады.

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі