Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.10.2015

ҚАБИБОЛЛА ЖАҚЫПОВ: ЕАЭО ЖАҢА ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗГІ БӨЛІГІН ҚҰРАЙТЫН АУҚЫМДЫ ЖОБАҒА АЙНАЛАДЫ


ҚАБИБОЛЛА ЖАҚЫПОВ: ЕАЭО ЖАҢА ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗГІ БӨЛІГІН ҚҰРАЙТЫН АУҚЫМДЫ ЖОБАҒА АЙНАЛАДЫ

 

Астана. 6-қазан. Мәжіліс үйі. Бүгін Астанада Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Ресей  Федералдық  Жиналысы Мемлекеттік Думасының ұйымдастыруымен «Еуразиялық Экономикалық перспектива» тақырыбында халықаралық форум өтті. 

Қазақстан, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Ресей парламенттері өкілдерінің, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы мүшелерінің, жетекші университеттер ректорларының, саясаткерлер мен сарапшылардың, сонымен қатар Ұлы Жібек жолы өтетін аймақ басшыларының басын қосқан маңызды жиында  ЕАЭО пен Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісін ұштастыру, өзара іс-қимылдың әлеуетіне қатысты ортақ мәмілені қалыптастыру және Еуразия құрлығындағы ынтымақтастықты нығайтудың өзекті сұрақтары талқыланды.

Шараны Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов ашып, жиналғандар алдында баяндама жасады. 

Мәжіліс Спикері еуразиялық кеңістікте экономикалық интеграцияны дамытудың басым бағыттарына тоқталды. Осы ретте Мәжіліс Спикері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында халықаралық ынтымақтастықты жаңа белеске көтеретін, көптеген елдер үшін маңызды интгерациялық жобаларды ұсынғанын айта келіп, олардың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде:

-Бүгін осы форумда біз еуразиялық экономикалық интеграцияның перспективаларын талқылай отырып, ең алдымен заманымыздың көрнекті саясаткері Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған одақтың мақсаттары мен ұстанымдарын басты назарға алуға тиіспіз, -деп атап өтті Қабиболла Жақыпов.

Мәжіліс Спикері ЕАЭО жаңа әлемдік экономикалық құрылыстың негізгі бөлігін құрайтын барлық мүмкіндіктерге ие ауқымды жобаға айналатынына сенім білдірді. Осы ретте Қабиболла Жақыпов ЕАЭО пен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» қытайлық бастаманың түйіскен тұсына назар аударды.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Жібек жолы аймағының экономикасын қайта түлету бұл - Еуразияны тұтастай дамыту жоспары.

-Бұл жобаға еуразиялық кеңістіктегі 60 тан астам елдердің қатысуы төрт миллиардтан жоғары халықты қамтуға жол ашып, көптеген елдердің экономикалық белсенділігін арттырып, жер шарының айтарлықтай бөлігінде өзара тиімді және теңдестерілген экономикалық ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді деп болжануда. Шын мәнінде бұл Жібек жолы аймағында орналасқандар үшін экономикалық өрлеудің жаңа идеологиясы-деді, Мәжіліс Спикері.

Одан әрі  ЕАЭО пен «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» қытайлық жобаның ортақ түйінін сөз ете келіп, экономикалық өзара іс-қимылдың базалық негізін құрайтын үш басым бағытты атады.

Ол ең алдымен көліктік инфрақұрылымды дамыту мен оның халықаралық көліктік коммуникациялық коридорда интеграциялануы.

-Қазақстан қазірдің өзінде Қытайдың, Еуропаның, Таяу Шығыс пен Оңтүтстік Азияның нарығын байланыстыратын көліктік-транзиттік магистралдың маңызды бөлігі болуға дайын. Осы мақсатта «Нұрлы жол» еліміздің инфрақұрылымдық даму жоспары жүзеге асырылуда,-деп атап өтті Қ. Жақыпов.

Елдердің көліктік-инфрақұрылымдық әлеуетін біріктіру мақсатында Мәжіліс Төрағасы Қытай және ЕАЭО мүше- мемлекеттердің көліктік-коммуникациялық өзара іс-қимыл бағдарламасын дайындау туралы ұсыныс жасады.

Қ. Жақыпов атап өткен екінші маңызды бағыт-Қытай және ЕАЭО мүше-мемлекеттердің сауда-экономикалық, индустриалдық және инвестициялық ынтымақтастығын нығайту жөнінде кешенді шаралар қабылдау.

Мәжіліс Спикері Еуразиялық комиссия мүше-мемлекеттердің салалық министрліктермен бірлесіп, Қытаймен өзара іс-қимыл негізінде ЕАЭО елдерінің өнеркәсіптік даму бағдарламасын дайындауына болатындығын сөз ете келіп:

-Ол үшін біздің мемлекеттердің қаржылық мүмкіндіктерін ғана емес, сондай ақ Еуразиялық даму банкінің, Азиялық банкі инвестициялық құрылымдар және Жібек жолы қорын, басқа да халықаралық қаржылық институттар мүмкіндігін пайдалануымызға болады, -деді.

Мәжіліс Төрағасы атап өткен үшінші маңызды бағыт- инновация және технология саласы. Осы ретте Қ. Жақыпов ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының әріптестігін дамытуды жолға қою керектігіне назар аудара келіп:

-Бүгінгі күні Қытай инновациялық технологияларды әзірлеудің әлемдік орталықтарының бірі саналады. Қытай жыл сайын ғылыми зерттеу және конструкторлық жұмыстарға 200 млрд. доллардан астам қаржы жұмсайды. Ал, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы Жібек жолы экономикалық белдеуін жария еткен «Назарбаев Университеті» студенттерінің де инновациялық даму бағыты бойынша Ресей мен Қытайдың ғылыми зерттеу орталықтарымен, алдыңғы қатарлы университеттермен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе игеру мүмкіндігі зор,- деді. Мәжіліс Спикерінің атап өткеніндей,  ЕАЭО және Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасы аясында технологиялар, инновациялық тәжірибе алмасу жалпы алғанда, қатысушы-мемлекеттер экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, индустриялық дамуға ықпалы зор.

Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Қытай және ЕАЭО мүше-мемлекеттердің бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына сенім білдірді. Қ. Жақыпов Қазақстан Президентінің бес институтционалдық реформалар, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, сондай -ақ, ҮИИД бағдарламаларына тоқталды. Өз сөзінде:

-Қазіргі уақытта Қазақстан Парламенті реформаларды заңнамалық қолдау тұрғысынан ауқымды жұмыстар атқаруда. Біз институционалдық ортаны жаңғыртудың түрлі аспектілері бойынша 70-тей заң қабылдаймыз. Қолайлы инвестициялық климатты жақсарту әрқашанда біздің басты назарымызда. Біз Қытай және ЕАЭО мүше-мемлекеттермен инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асырамыз деп сенеміз,- деді.

Мәжіліс Төрағасы Қытай мен ЕАЭО елдерінің стратегиялық ынтымақтастығы өзаратиімді және перспективалы екенін алға тарта келіп, ЕАЭО және Жібек жолы экономикалық белдеуінің түйісуі жөнінде жол картасын әзірлеп, ел басшылары қарауына енгізу туралы көзқарасын білдірді.

-Бұл Еуразиялық кеңістіктің, жалпы алғанда бүкіл әлемдік экономикалық жүйенің дамуына серпін беретініне сенімдімін деп атап өтті,- Қ. Жақыпов.

Мәжіліс Спикері Қазақстан Президентінің БҰҰ Саммитінде ЕАЭО, ЕО және Жібек жолы экономикалық белдеуін бірыңғай интеграциялық жобаға қосатын Үлкен Еуразия идеясының айналасында бірігудің маңыздылығы туралы сөзін алға тарта келіп:

-ЕАЭО мүше-мемлекеттердің экономикалық мүмкіндігін Қытаймен біріктіре отырып, біз Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Азия елдерінің экономикаларын трансконтиненталдық көпірмен жалғап, мемлекеттер мен халықтарды жақындастыратын байланыстырушы буын бола аламыз,- деді.

Осыдан кейін сөз алған Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышикн форумға қатысушыларға Ресей Президенті Владимир Путиннің ыстық ықыласын жеткізе келіп, форум тақырыбының өзектілігі мен маңыздылығын жан-жақты сөз етті.

Ауқымды шара барысында Тәжікстан Республикасы Маджилиси Оли Маджилиси Намояндагонның Төрағасы, Ш. Зухуров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б. Сағынтаев, Еуразиялық Экономикалық комиссия алқасының төрағасы В. Христенко, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының қоршаған ортаны және ресурстарды қорғау жөніндегі комитетінің төрағасы Лу Хао, М. Ломоносв атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетінің ректоры В. Садовничий, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Ресейдің Челябинск облысының губернаторы Б. Дубровский, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Д. Мезенцев сөз сөйледі.

Шара соңында форумның қорытынды құжаты қабылданды.  

Айта кетейік, Еуразиялық Экономикалық  одақ құру  туралы идеяны 1994ж. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері кіретін экономикалық бірлестік өз жұмысын 2015 жылы бастады. Кейінннен Армения және Қырғызстан елдері қосылды.

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі