Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
24.11.2015

МӘЖІЛІС 2015-2017 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТКЕ ТҮЗЕТУЛЕРДІ МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС 2015-2017 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТКЕ ТҮЗЕТУЛЕРДІ МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана. 24-қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, Мәжіліс «2015 – 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға түзетулерді мақұлдады.

Бұл түзетулер мұнайға әлемдік бағаның қолайсыз серпініне және геосаяси ахуалдың күшеюіне байланысты еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жаңартуды көздейді. Осыған орай, 2015 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (трансферттер түсімдерін есепке алмағанда) 3 174 164 973 мың теңге сомасында айқындалып, 45 761 567 мың теңгеге азайды. Бюджет шығыстары нақтыланған   көлеммен салыстырғанда 66 500 991 мың теңгеге қысқарды.

Осы күні сот-сараптама қызметі туралы туралы Заң жобасы бірінші оқылымда депутаттар қолдауына ие болды.  Онда сот сараптамаларын жүргізу жөніндегі мемлекеттік функцияларды денсаулық сақтау жүйесінен Әділет министрлігіне беру арқылы бір ведомствода орталықтандыру, сот сараптамасы органдарын кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту, сот сарапшыларының ғылыми әлеуетін қалыптастыру үшін жағдайлар жасау, мемлекеттік емес (жеке) сот сараптамасы институтын одан әрі дамытуды ынталандыру, сот төрелігі процесіне қатысатын азаматтар мен ұйымдардың құқықтық қорғалуын, сот сарапшысы лауазымының беделін және оның әлеуметтік қорғалуын арттыру көзделген.

Сот медицинасы органдарын Әділет министрлігінің қарауына беруге байланысты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске өзгерістер енгізіліп, бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын қабылдау сот-сараптама қызметін жүзеге асыруға қатысты қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді үйлестіруге және біріздендіруге жәрдемдесетін болады.

Жалпы отырыста «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы»  заң жобасы ілеспе құжатпен екінші оқылымда мақұлданды.  Заң жобасында «асыл тастар», «аффинирленген алтын», «құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы зиянды қоспалар мен  бағалы тастардың шекті мәні» деген ұғымдарды енгізу, елімізде өндірілген және өткізілетін бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау міндеті, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Қазақстан аумағынан әкету үшін бағалы металдар өндірісінің барлық субъектілерінен тиісті бас тартуды алу, атаулы таңбаны уәкілетті ұйымда міндетті тіркеу атап көрсетілген.

Палата Жоғары сот кеңесі туралы заң жобасына  сонымен қатар Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Жоғары Сот Кеңесі, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді мақұлдап, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша түзетулерге қатысты жұмысты одан әрі жалғастыру жөнінде қаулы қабылдады.

Сондай-ақ, жалпы отырыста Чехиямен Заңсыз келген адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалып, рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша түзетулерге байланысты заң жобасы жұмысқа қабылданды.

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі