Әбенов
Мұрат
Абдуламитұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Парламент мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов: Дәстүрлі қазақ отбасы дағдарыста шыңдалады
Парламент мәжілісінің депутаты, мәжілістегі экономика және өңірлерді дамыту мәселелері комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов:

«Ақмешіт ақшамы» газеті

№ 1-3, 15 қаңтар 2009 жыл

 

Парламент мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа

және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов:

Дәстүрлі қазақ отбасы дағдарыста шыңдалады

 

Мұрат Абдуламитұлы, редакциямызға қош келдіңіз! Сіздің елге келген сапарыңызды пайдаланып, сұхбат жасағымыз келген ниетімізді қабыл алғаныңыз үшін оқырмандар атынан рахмет айтамыз. Әрі, сіздің сұхбатыңызды оқыған әрбір оқырман өзіне қажетті жақсы бір жағымды жаңалықпен танысу, тіпті күнделікті өміріне бір серпін алу мүмкіндігі болады деп ойлаймыз.

- Әуелгі сұрақ: Көпшілік өткен жылды қиын болды, дағдарыс деген басталды деп томсырайып жүр. Жалпы өткен жылды қалай қорытындылайсыз?

- Жасандылықтан арыла бастадық. Таза қалыпқа түсіп келеміз. Экономика, білім беру, денсаулық сақтау, қайсыбір сала болмасын көпірген бос әңгіме, негізсіз цифрлардан арылып келеміз - яғни жасандылықтың алысқа бармайтынын анық ұқтық. Әртүрлі оймен, баю жоспарымен, өтірік ақпар беру үшін "ауадан тұрғызылған әлем" нарық жағдайында өзінің іске алғысыз екенін байқатты. Құлады десе де болады. Қандай бір сан, мәлімет аз болсын, ащы болсын - бірақ шындық болсын - сол өміршең, сол қоғамға керек.

Екіншіден, нарық заманына көшкеннен кейін өз еркімізден тыс әлемдік ағынға кірдік - сол ағында жоғалып кетпеуге тырыстық. Өз мүмкіншіліктерімізді, қабілет-қарымымызды пайдаланып, әлемдік бизнестен, әлемдік саясаттан өз орнымызды таптық. Сондай-ақ, бір кездері кереметтей өзіміз әспеттеген дүниежүзілік нарық экономикасының да проблемасы бар екендігін білдік. Расында да нарық жүйесінің өзі соншалықты жетілген болмай шықты.

Мәселен, бұрын ақша - тауар - тауар - ақша болатын болса, қазір ақшаның өзі тауар болып кетті. Ең басты қателік ақшаны тауар түрінде сатып, ақша жасамақшы болған банк жүйесі бірден сыр берді. Ақша өсімімен күн көру экономиканы дамытпады. Ақша тауар емес, экономиканы дамыту рычагы болуы керек.

Дүниежүзі мемлекеттерінің барлық ақшаларын қосып санағанда ешқандай заңдылыққа көнбейтін ақшалар елді апай-топай етті. Мәселен, шығын шығармай-ақ тез баюды мақсат еткен алпауыттардың артық ақшалары қайтарымы баяу ауылшаруашылығына бармады, қайтарымы тез мұнайға жұмсалды. Алыпсатарлық нәтижесінде осыдан 10-15 жыл бұрын $10 тұратын мұнайдың бір баррелі қазір 10 есе өсті. Ал, оған қажеттілік 10 есе өскен жоқ. Демек, нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі бұзылды.

Одан бөлек қаржының күшімен қолдан жасалған соғыстар есебінен қару жасайтын сала өсті. Қайсыбір елдің болмасын азық-түлік қорын құрайтын ауылшаруашылығы тағы да бұл деңгейге жете алмады.

Оңай ақша жасауға ыңғайлы көрінген құрылыстар есебінен көтеріңкі тұрғын үйдің үстеме бағасы есебінен елдегі ақша өндіріске, әлеуметтік салаға жетпеді. Нәтижесінде, жұмыссыздық, кедейшілік төмендемеді.

Дағдарыстың қолайлы тұсы: мұнай бағасын күрт өсірген - керек емес фирмалар - ортадағы делдалдар, әлгі Қызылордаға Франциядан қолғап әкелетін сияқты, артық құрылымдар қысқарады. Ақшасы болғаннан кейін қазіргі кезде мұнай айналасында қажетті, қажетсіз, пайдалы, пайдасыз компаниялар жеткілікті. Енді осындай пайдасы төмен, қажетсіз компаниялар өз-өзінен жұмысын тоқтатып жатыр. Керісінше, ел үшін азық-түлік қажеттілігі артып отыр. Оны ауылшаруашылығы өндіреді. Сондықтан, елге тауар өндіретін өндіріс керек.

- Демек, сұрыпталу процесі жүріп жатыр дейсіз ғой.

- Барлық салада әділ баланс орнайды. Қолынан іс келетіндердің заманы болады. Бұған дейін көп ақылдың керегі болған жоқ, ана жақта нан бөлісіп жейтін адамың болса жететін. Соның арқасында мәселен, майлы мұнай саласында колбасаны Германиядан әкелдік, қолғапты Франциядан алдырттық - экономика заңдылығына қарсы алыпсатарлықтың бізге бергені көп болмады. Банкирлер де тез қайтарып беретін кәсіпке, әйтпесе танысы барларға беретін. Енді, берген қарызын кепілді тауармен қамтамасыз ету үшін өндірісі барға береді. Жалған себеппен қымбаттаған баға орнына түседі. Мына қараңыз ешкім қинамай-ақ бензин бағасы өзі түсуде. Кейбір ірі өндірістер өнім бағасын түсіргеннен гөрі өндіріс көлемін азайтып, жұмысшы қысқартып қамданғанымен алысқа бармайды. Себебі оның бәсекелес компаниялары, көлемін азайтпай-ақ арзан бағаға сатып, нарықты жаулап алады.

Адамдар арасындағы да жалғандық, алдау-арбау азаяды. Жасыратын несі бар, қолындағысына қарап өтірік дос болатындарды да білеміз. Тіпті, болашақтарын да, адами құндылықтардан гөрі, қағаз ақша құндылығымен есептегендерді де көріп жүрміз. Парақорға, мұнай байлығын ата-бабасынан қалған қазына ретінде жұмсап жүргендерге жақындау үшін солармен құда болу керек деп түсінетіндердің кезі өтіп барады.

- Орнына не келеді?

- Астамшылық арқылы ұмтылып кеткен еңбекқор, білімді, талантты адамдар алда жүреді. "Күлшелі бала сүймекке жақсы", "Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін" деген мақалдар қайта мысқыл мәнге ие болады. Өйткені, бірде-бір адам қиындықпен, маңдай термен келген ақшасын екінші біреуге оңайлықпен бере-бөлісе қоймайды. "Заманың түлкі болса, тазы болып шал" дегендей, күнделікті "сыйлық" ақша ұстайтын прокурор, мұнайдың майлы жілігін ұстап, бармағын жалағандар немесе банкир болғаннан гөрі - ауылды, өндірісті дамытар - өндірісшілердің, агротехниктердің - ауыр жүк көтерер нарлардың - уақыты бұл.

- Осы жыл қалай болады?

- Әртүрлі жорамалдарға көп сене бермеймін. Ғылыми зерттелген, статистикалық мәліметтері болмаса айтылғанның бәріне сене беруге болмайды. 2009 жыл - тазару, өсу жылы болады деп ойлаймын. Малы бар, кіші өндірісі бар адамдар үшін үлкен үміт жылы деп ойлаймын.

Алматыда 530 үй сататын делдал компаниялар бар екен. Осы компанияларда білімді заңгер, қаржыгерлер алыпсатарлықпен айналысты. Егер, олар өз білімдерін, қабілет-қарымдарын нақты секторға жұмсағанда елге пайдасы көп болған болар еді. Міне, осындай өкініштердің орны толатын жыл. Өйткені, әлгі делдал компаниялар қызметін тоқтатқаннан кейін білімді жастар нақты кәсіпке ойысатыны анық. Биыл өндірістің, ауылшаруашылығының күшейетін жылы. Өйткені, қаржы салымы күшейеді. Дүниежүзі тәжірибесінде бар, оңай ақша түсіп тұрған тұста қайсыбір салада болмасын реформа жүргізу қиын. Ал, қазір оңай, өйткені - төмендегілер тіршілігін өзгертеді. Бұрынғыдай таңертеңгілік асын ішіп алып, кепілсіз несие алу үшін банктерге жүгірмейді, бірнәрсе өсіруге, бірдеңе өндіруге ұмтылады. Демек, бастама бұрынғыдай жоғарыдан таңылмайды, төменнен сұраныс болады.

- Мұрат Абдуламитұлы, айтпақшы өткен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында алған "Ерен еңбегі үшін" медаліңіз құтты болсын!

Астанада жүріп, Сыр бойы проблемасынан бір елі ажырамағаныңыз белгілі. Мәжіліс депутаты ретінде мәжіліс мінберінде көтерген күріш пен балық шаруашылығының айтылмай қалып қойған тұстары...

- Бір балық демеймін, бүткіл Арал деймін. Арал осы өңірдің су, экология, ауылшаруашылығы, оның ішінде балық шаруашылығын дамыту проблемасы. Шынын айтқанда күріш пен балық ертеңгі күні мұнайдан да асып кететін болашағы зор сала.

Біріншіден, адам саны өскен сайын тамақ қажеттілігі көбейеді. Демек, экономикада өнім өндіруге сұраныс артады. Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі маңызды міндеттердің бірі болып тұрған уақытта балық шаруашылығын дамыту күттірмес шаралардың бірі болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, ашаршылық кезінде Лениннің өзі Арал балықшыларына арнайы көмек сұрап, хат жазған болатын.

Ғылымға жүгінсек, адам жылына 14 кг балық өнімдерін тұтыну қажет екен. Бұл норманы орындау үшін еліміз бір жылда 300 мың тонна балық өнімдерін өңдеу қажет. Қазір еліміздің азаматтары импортты есептегеннің өзінде жылына бар болғаны 3-4 кг балық өнімдерін тұтынып жүр.

Арал теңізі аймағында тұратын халықтың кәсібінің бірі балық өсіру мен аулау болып табылады. Бүгінде мемлекет тарапынан Арал теңізін қайта қалпына келтіру бағытында қыруар еңбек атқарылып жатыр. Ғасыр жобасы аталып кеткен "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Қазір теңіз деңгейі 42 метрге көтеріліп, Арал қаласына 85 шақырымға жақындады. Қайтадан балық өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік туды.

Дегенмен бұл жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру барысында экологиялық жағдайға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін айтарлықтай қателіктер жіберілді. Оның ішінде Ақлақ су тоспасының бүгінгі күнге дейін іске қосылмауы, Көкарал бөгетінде балықтардың өтуін бөгейтін және балықтардың кері өтуіне мүмкіндік беретін құрылғылардың салынбауы.

Аталған мәселелер және САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруға отандық компанияларды тарту, Сарышығанақ бұғазының құрылысы бойынша Үкімет басшысына жолдау жолдаған болатынмын.

Премьер-Министр өз жауап хатында бас мердігер ресейлік "Зарубежводстрой" компаниясы тарапынан Ақлақ су тоспасының құрылыс жұмыстары мерзімінде орындалмауын мойындап, бұл жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға жергілікті компаниялардың жинақтаған тәжірибесін ескере отырып оларды тартуды қарастыратынын жеткізді.

Қазіргі таңда бұл сауалдағы келтірілген фактілер бойынша ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, балық шаруашылығының құқықтық негіздерін жетілдіру бойынша жұмыстар да жүргізілуде. Бүгінгі күні парламент Мәжілісінде балық шаруашылығы мәселелері бойынша заң жобасы талқылануда.

Бұл заң жобасын қабылдаған жағдайда балық шаруашылығының өңдеуші саласын дамытуға, осы салада ғылыми зерттеулер жүргізуге, балық шабақтарын қолдан көбейту саласындағы бәсекелестікті реттеуге жағдай жасалады деп күтілуде.

Өңіріміздің республика балық шаруашылығындағы маңызды орнын ескере отырып, осы заң жобасын талқылау бойынша Арал балықшыларымен бірқатар кездесулер өткіздім. Жиын барысында жергілікті балықшылар өздерінің ұсыныс-тілектерін жолдап, бұл салада орын алып отырған проблемаларды көтерген болатын.

Мен өз тарпымнан аталған ұсыныстарға сүйене отырып, осы заң жобасына толықтырулар енгіздім. Бүгінгі күні олар қабылданды. Атап айтқанда, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында алып қою нормативтері мен лимиттерін бекітуді Үкіметтің құзыретінде қалдыру мәселесі. Өйткені, бұл өкілеттікті уәкілетті органға беру жануарлардың мекендеу ортасына теріс әсер етуі және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына негіз жасауы мүмкін деп таптық.

Сонымен қатар, балықшылардың өтінішімен үстіміздегі жылдың 20 қыркүйегінде Арал ауданы Қаратерең ауылында балық шаруашылығы саласындағы орын алып отырған мәселелерді талқылау үшін осы салаға жауапты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қ.Сүлейменовтың қатысуымен кездесу өткізуге ықпал еттім. Жиын барысында балықшылар қордаланып қалған проблемаларды ортаға салды.

Жалпы, қабылданып жатқан жаңа заңнан қарапайым балықшы мен мемлекеттің мүддесі қатар көрініс табатынына сенім білдіремін.   

Өткен жылдың көктемінде күріш шаруашылығы саласындағы проблемаларды жедел шешу қажеттігі жөнінде Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Бүгінгі күні республикада күріш шаруашылығы бойынша Қызылорда облысының алар орны ерекше. Өйткені, еліміздегі күріш алқаптарының 88%-ы біздің өңірімізде орналасқан және де әрбір үшінші Сыр бойы тұрғыны күріш шаруашылығына қандай да бір қатысы бар.

Биыл мемлекет тарапынан күріш шаруашылықтарына 1 миллиардқа жуық қосымша қаржы бөлініп, соның есебінен 1 гектар күріш үшін төленетін субсидия нормасы 7500 теңгеден 20000 мың теңгеге көбейтілді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы күріш бағасы да өсіп, бұл саланың еңбеккерлеріне қолайлы болып тұр.

Біздегі ең үлкен қиындық ауылшаруашылығында нарықтық реформа жүрмей жатыр. Ауылдағы елді нарыққа бейімдеу үшін субсидия өте қажет. Ең арысы ауылшаруашылық мамандарын өзімізден даярлау үшін де.

Екіншіден, Үкімет тарапынан бөлінген субсидия, көмек ауылдағыларға, ешбір делдалсыз, тікелей жетуі керек. Қазір мемлекет пен күрішшілер арасында делдал әртүрлі топтар пайда болып отыр. Осы топтар елдегі диһан қауымын ерте көктемнен-ақ қарызға кіргізіп, кіріптар етіп, күздегі жиналған өнімін өте арзан бағаға бағалап қояды. Қара күріштің рыноктағы бағасы 80-90 теңге болғанымен, биыл көп диқан оны бар болғаны 20-30 теңгеден өткізді. Бұндай заңдылық дүниежүзінде жоқ. Бізде өнім өндірушінің өз өнімін тікелей рынокқа шығара алатын нарық жүйесі дамымағаннан кейін де, ауылдағы күрішшілер қалталылардың арзан қара күшіне айналып отыр.

Соның әсерінен биыл субсидия 20 мыңға көтерілгенімен, кейбір компаниялар оған қол жеткізе алмай қалды. Өз қалтасын ойлайтын кей инвесторлардың әсерінен ауылшаруашылығында да үстеме ақы, жанама баға жетерлік. Мәселен, 3 мың теңгеге жыртуға болатын жер 4 мың теңгеге жыртылады. Инвестормен жұмыс істеген кейбір компаниялар қарызға батуда. Тіпті, елдің келесі жылы егетін тұқым күрішін де алып кеткен жағдайлар бар. Бұл ыңғайсыз, дұрыс емес деген жұмсақ сөзді айта алмаймын. Бұл - қылмыс. Осындай орын алған жағдайларды тиісті мемлекеттік органдар қатаң бақылауға алуға тиіс.

Мәселен, Шиелі ауданы еңбеккерлері бөлініп жатқан субсидия оларды айналып өтіп, тікелей инвесторлардың қалтасына түсіп жатыр деп шағымдарын жеткізді. Жуырда Президенттің Ауыл шаруашылық министрі А.Күрішбаевқа субсидияға бөлінген қаражаттың тиімді пайдалану қажеттілігін айтқаны текке емес. Осы мәселе бойынша компания басшылығы мен тиісті орындарға хат жаздым.

- Әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстанды сырт айналып кетпегені белгілі. Қаржы дағдарысы тұсындағы ел жағдайына қандай баға бересіз?

- Әлемдік қаржы дағдарысы азық-түлік тауарлары бағасының шапшаң көтерілуі мен шикізат ресурстарына, оның ішінде мұнай мен металлға әлемдік бағаның құлдырауына әсер етуде. Сонымен қатар, бұл жағдай отандық банктердің сыртқы қаржылық ресурстарды тарту мүмкіндіктерін төмендетуге, тиісінше ішкі экономикаға кредит беру көлемін қысқартуда.

Әлемдік қаржы дағдарысына орай азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан маңызды шаралар қабылдануда.

Жалпы, мемлекеттің дағдарысқа қарсы пакеті, салық жеңілдіктері мен банктер үшін резервтік талаптарды төмендетуді қоса алғанда, 2,2 триллион теңгені немесе шамамен ел ІЖӨ-сінің 14 пайызын құрайды.

Айта кету керек, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландырудың бірде-бірі қысқартылған жоқ.

Парламент тарапынан дағдарыстың салдарына қарсы тұру мақсатында құқықтық негіз жетілдірілуде. Қысқа мерзім ішінде, Салық және Бюджеттік кодекстер, бәсекелестік, қаржы тұрақтылығы туралы заңдар қабылданды және "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңға өзгерістер енгізілді. Бұл заңдар өндірістің дамуына мүмкіндіктер ашады.

Үкімет өз тарапынан дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеп, 5 негізгі бағыт бойынша жүзеге асыруда.

Бірінші. Қаржы секторын тұрақтандыру.

5 миллион теңгеге дейінгі халықтың салымдарын кепілдендіру арқылы банк жүйесіндегі барлық шоттардың 99%-ы қамтылды.

Бүкіл банк жүйесін тұрақтандыру мақсатында Қазақстанның жетекші төрт банкін жалпы сомасы 480 миллиард теңгеге мемлекет қосымша капиталдандыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, Стрестік активтер қоры құрылды.

Екінші. Жылжымайтын мүлік рыногындағы проблемаларды шешу.

Дағдарысқа қарсы жоспар аясында тұрғын үй құрылысы және ипотекалық несиелеу саласында пайда болған қиындықтарды еңсеруге 360 миллиард теңгеге дейін бөлінеді.

Үшінші. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге кем дегенде 120 миллиард теңге бөлінеді.

Төртінші. Агроөнеркәсіп кешенін ынталандыру.

Агроөнеркәсіп секторын дамытуға 120 миллиард теңге бөлінеді және де 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте 360 миллиард теңге қарастырылуда.

Бесінші. Индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру. Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары шеңберінде серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін 120 миллиард теңге қарастырып отыр.

Сонымен қатар, үш жылдық бюджетте бүкіл республика бойынша көлік инфрақұрылымын дамытуға 700 миллиард теңге қарастырылған. Келер жылдан бастап біз құны 800 миллиард теңге тұратын ең ірі "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" автомагистралінің қазақстандық учаскесін салу басталады.

- Мәжілісте үш жылдық бюджет бекіткендеріңіз белгілі. Үш жылдық бюджет бекітілуінде Қызылорда облысына қатысты мәселелер қаншалықты көрініс тапты?

- Келесі жылдан бастап еліміз үшжылдық бюджет негізінде өмір сүреді. Мемлекеттің барлық шығындары мен кірістері әдеттегідей бір жылға емес, үш жылға жоспарланады. Бұл өз кезегінде экономикалық тұрақтылық пен сабақтастықты қамтамасыз етеді.

Республикалық бюджеттен 2009-2011 жылдары Қызылорда облысында бірқатар ірі әлеуметтік нысандардың құрылысы қарастырылып жатыр.

Аталған мерзім ішінде Қызылорда қаласында 2 қалалық емхана, қалалық көп профильді аурухана, қалалық перинатальдық орталық, облыстық көп профильді балалар ауруханасы, Жосалы және Жалағаш кенттерінде аудандық поликлиникалар және 18 дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жүргізіледі.

Айта кету керек, Қызылорда облысының денсаулық сақтау мекемелерінің штаттық санын 595 бірлікке арттыру және ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге арналған дәрі-дәрмектерді сатып алуға қосымша қаржы бөлу жөнінде Қызылорда облысы депутаттарының жасаған ұсынысы Үкіметтен қолдау тапты.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласы Александровка кентінде науқас балаларға арналған интернат-үй және мүгедек жандарға арналған сауықтыру орталығы салынады.

Білім беру саласында Қызылорда қаласының "Саяхат" ауданы мен Титов қыстағында, Сырдария ауданының Қызылжарма және Қызылжарма ауылдарында 4 балалар бақшасы, Әйтеке би, Жаңақорған, Тереңөзек, Шиелі кенттерінде және Қызылорда, Байқоңыр қалаларында 7 орта мектеп, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған кентінде 2 кәсіптік-техникалық лицей құрылыстарын жүргізуге қаражат бөлінді.

"Ақтөбе облысының шекарасы - Арал-Қызылорда-Түркістан-Шымкент" көлік жолы қайта жөнделеді.

Көптен бері тұрғындарды толғандырып келген "Самара-Шымкент-Жаңақорған-Түгіскен-Келінтөбе" көлік жолы да осы жылдары қайта жөндеуден өтетін болады.    

- Мәжіліс депутатының басты жұмысы заң шығару. Осы рете қазіргі таңда қай заң жобасы бойынша жұмыс тобын жүргізесіз ?

- Алдағы уақытта региондар күшейеді. Бұған бір жағынан "Жергілікті өзін-өзі басқару туралы" Заңның қабылдануы да айтарлықтай ықпал етеді.

Сөз реті келгенде айта кететіні 1993 жылдан бері 3 рет кері қайтарылған осы заңды жаңа редакцияда дайындаған жұмыс тобын басқардым, әрі оны тез уақытта бүгінгі күн талабына сай етіп әзірлеп үлгердік.

Біздің халықтың 47% ауылда тұратындығына қарамастан реформа негізінен орталықта жүрді, қаржы да орталыққа салынды, құрылыс та осында қарқын алды. Ал, енді қазіргі жағдайда ақша табамын деп орталыққа келген жастар ауылдарға қайтады. Амал жоқ, облыс, қала, аудан күшейеді. Өйткені, жақсы өмірді көріп қалған жастар региондарда да жақсы тұрмыс болғанын өз өкілдері бар мәслихаттар арқылы талап ете бастайды. Демек, мәслихаттардың да қоғамдағы ролі күшейеді. "Жергілікті өзін-өзі басқару заңы" бойынша жергілікті жерлерде атқарушы орган болып табылатын әкімдіктердің мәслихаттарға тәуелділігі күшейеді. Енді жоғарыға жақсы көріну үшін ғана емес, халыққа жақсы жағынан көрінуге тырысады. Округтер бойынша сайланған депутаттар да жылына бір рет өз сайлаушыларына есеп беріп, аманатты қалай ақтап жатқанын баяндап отырады. Нақты сектордың негізгі көзі болып отырған ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсе бастайды. Салық төлей бастағаннан кейін ауылдағылар да өзіне қажеттіні бұрынғыдай тіленіп сұрамайды, қатаң талап ете бастайды.

2009 жыл - үлкен өзгерістердің, жаңалықтардың жылы болады. Аманшылық болса елді басқару жүйесінде халыққа жақын тұрып тікелей әсер ететін билікке жетеміз. Мәселен, алыс бір ауылға су жүргізу үшін Астанадағы министрлік тендер өткізеді. Ақша түгел жетті ме, жоқ па, су жетті ме, жеткен жоқ па, бақылап жатқан ешкім жоқ. Ал, егер сол ақшаны ауыл әкіміне ұстатса - жұмсайтын жеріне жақындатса - халық өзі бақылайды. Қиын тұс - атқарушы органнан талап ету, оның қызметін бақылау үшін халық қажетті салада сауатты болуы керек.

Рас, бүгінгі күні әлеуметтік, тұрмыстық жағынан ауыл неге қаламен бірдей емес деген сұрақ бар. Ауыл көшесінде қала көшелеріндегідей жарық болуы керек деген талап та бар. Алайда, бюджетке төлейтін салығы аз ауылдың талап етуге жағдайы жоқтығы да анық.

Ауылға жағдай жасамаудан не ұттық? Мына қараңыз, қазақ отбасы дәстүрі бұзылды. Үлкенді сыйлау, кесімді сөзге тоқтау, отбасы болып ортақ тірлік жасаудың жоқтығынан экономиканы тұрақты ететін кей кәсіп түрлерін жоғалттық.

Сыртта жүріп көп ақша табамын дегенменен, тапқаны далаға жұмсалды - қымбат пәтерақы, қымбат балабақша, ас ішу артық қор жинатпағаны анық. Негізі, миграция аз болса, мемлекеттің дамуы да тұрақты болады. Менің, ойымша тұрғын үйлерді Алматы, Астанаға салып, елге дұрыс белгі бермедік. Енді сол қателігімізді жөндеп, өңірлер дамуы үшін ауылшаруашылығын қолдау керек. Мұның алғышарттары да жасалуда. Мәселен, салық кодексінде ауылшаруашылығына, кіші бизнеске жеңілдіктер жасап, мұнайға көбейттік. Қымбат үйлердің де салығы қымбат.

ҚР Индустрия және сауда министру Школьникке сұрақ қойдым. Егер шенеуніктердің көбейгенін қаласақ, онда тұрғын үйлерді Астанаға, қаржы саласындағылардың көбейгенін қаласақ Алматыға салайық, әйтпесе, тұрғын үй бағдарламасын ауылға апарайық, ауыл тұрғындарына, жастарына баспана қолжетімді болуын неге қаламаймыз? Мысалы, кезінде Қызылорда облысында «1000 үй» бағдарламасы қандай жақсы болғанын білеміз.

Сонымен қатар, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік сала қызметкерлеріне мемлекет 2010 жылдан бастап құны 630 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын тұрғын үй сатып алу үшін пайызсыз несие беруді бастайды.

- Өзіңізді қашанда елінің жанашыр азаматы ретінде жақын тұтатын сырбойылықтарға жаңа жылдық тілегіңіз...

- Қазір қандайда дағдарыс кезеңі болмасын, барлығы адамның өзіне байланысты. Кейбірі оған пессимистік көңіл-күймен қараса, кейбірі одан өзіне жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Жаңа жылда сырбойылықтарға өз күштеріне, өз мүмкіншіліктеріне сенімін жоғалтпауға шақырамын. Тәуелсіз мемлекетіміздің қысқа тарихында бұдан да ауыр жағдайлар болды, біз оған төтеп бере алдық және шындалдық. Бұл кезеңнен де абыроймен, нығайып, жаңарып шығатындығымызға сенімдімін.

Барлық жерлестеріме ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбастарына бақ-береке тілеймін!

 

 

С.БИХОЖА