23.02.2012
Ең төменгі зейнетақы алып жүрген азаматтардың зейнетақы мөлшерін қайта қарау, көтеру мәселесін қарастыруды сұраймын
Астана, Мәжіліс үйі. 23 ақпан. Кешегі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігінде өткен Палатаның жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.
«Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде, сайлаушылармен кездескенде, халықтың тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің бірі – ең төменгі зейнетақы мәселесі.
Қазір елімізде ең төменгі зейнетақы алатындардың саны 500 мыңға жуық екен, олардың көпшілігі – мұғалімдер, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала қызметкерлері және қарапайым жұмысшылар.
Бүгінгі таңда еліміздегі ең төменгі зейнетақы мөлшері 17 491 теңге. Базалық зейнетақыны қосқанда 26211 теңге болады. Бұған қазір күн көру мүмкін болмай тұр.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына сәйкес Орталықтан зейнетақы төлемдерін есептеу еңбек стажы мен 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап, кез келген 3 жылғы жұмысы үшін орташа айлық табысы негізге алына отырып жүзеге асырылып келе жатыр.
Осы 3 жылғы орташа айлық табыстың мөлшерін есепке алу көптеген азаматтардың 25-40 жыл жасаған еңбегінің жемісін көруге кедергі болып отыр. Өйткені, елімізде 1992-1999 жылдар аралығында көптеген кәсіпорындар, мекемелер жабылып қалды, совхоздар мен колхоздар тарап кетті, осы жылдар ішінде инфляция шарықтап, 6404 % болды, көптеген адамдар жұмыссыз қалды, жалақы алмады, ал жұмыс істегендердің жалақылары өте төмен болды. Мысалы, Республикамызда орташа айлық еңбекақы мөлшері 1995 жылы - 4786 теңге, 1996 жылы – 6841 теңге, 1997 жылы - 8541 теңге болған.
Ең төменгі зейнетақы алып жүрген азаматтар да еліміздің өркендеуіне, өңірлердің дамуына өздерінің үлкен үлестерін қосты, аянбай адал еңбек етті. «Бейнет түбі – зейнет», - дейді халқымыз. Сондықтан да, азаматтардың алатын зейнетақы мөлшері де олардың өмір сүру деңгейіне сай болу керек. Әсіресе, өтпелі кезеңде ауырлықты көтере білген, бала тәрбиелеген әйел адамдардың еңбегі ақталу керек.
Осыған байланысты Сізден ең төменгі зейнетақы алып жүрген азаматтардың зейнетақы мөлшерін қайта қарау, көтеру мәселесін қарастыруды сұраймын»,-дейді депутат.
(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Суретті түсірген Сайлау Майлыбаев (SauleD@parlam.kz` Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратып отыр.)




