ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ РЕГЛАМЕНТІНЕН ҮЗІНДІ
3-БӨЛІМ. Парламент Сенатының органдарын құру және олардың қызметін ұйымдастыру
9-тарау. Парламент Сенатының Бюросы және оның құзыреті
101. Сенаттың Бюросы Парламент Сенатының үйлестіруші органы болып табылады, ол Сенат Төрағасының жанынан құрылады.
Бюроның құрамына Сенат Төрағасының орынбасарлары, Сенаттың тұрақты комитеттерінің төрағалары кіреді. <*>
Сілтеме. 101-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 ж. Қаулысы.
102. Сенаттың Бюросы:
Сенаттың комитеттері мен комиссияларының жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады;
Сенат үшін заң жобаларын және Сенаттың өзге де шешімдерін қараудың кезектілігі бойынша ұсыныстар әзірлейді;
Сенат депутаттарын халықаралық, мемлекетаралық парламенттік ұйымдарға және органдарға жіберу туралы ұсыныстарды, Сенат депутаттары құрамының жартысы қайтадан сайланған кезде оларға жіберілген депутаттардың құрамын жаңарта отырып, Сенаттың қарауына енгізеді;
бірнеше комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша комитеттердің бірлескен жұмысын ұйымдастыруға көмек көрсетеді;
Сенаттың тұрақты комитеттерінің парламенттік тыңдаулар өткізуі туралы шешім қабылдайды;
Сенат Аппаратының құрылымы мен штат санын бекітеді, сондай-ақ өз құзыреті шегінде өзге де актілерді қабылдайды;
Сенат талапкер немесе жауапкер ретінде қатысатын органдарға депутаттар, Аппарат қызметкерлері мен мамандар арасынан Сенат өкілдерін тағайындайды;
азаматтардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастырады;
Палатаның тиісті комитеттерінің ұсынысы бойынша заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарының құрамын және олардың қызметін қаржымен қамтамасыз етуді бекітеді;
депутаттық топтарды тіркейді, бұл орайда тіркеу келу тәртібімен жүзеге асырылады және ақпараттық сипатта болады;
консультативтік-кеңесші органдарын құрады және осы органдар туралы ережелерді бекітеді;
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен Сенаттың басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған Сенат жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерін шешеді.
Сенаттың Бюросы өз құзыреті шегінде қаулылар қабылдайды, Парламенттің Сенаты олардың күшін жоюға құқылы. <*>
Сілтеме. 102-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж., 06.06.2002 ж. және 20.09.2007 ж. қаулылары.
103. Сенат Бюросының отырыстарын қажет болуына қарай Сенаттың Төрағасы шақырады. Бюро отырыстарының уақыты мен күн тәртібі туралы Сенаттың барлық депутаттары хабардар етіледі. Сенат Бюросының отырыстары оның мүшелері жалпы санының кем дегенде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болады.
Палата Бюросының шешімі оған оның мүшелері жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс бергенде қабылданады. Берілген дауыстар саны тең болған жағдайда Палата Төрағасының даусы шешуші болып есептеледі.
Сенат Бюросының отырысына Сенат депутаттары (кеңесші дауыс құқығымен), Президент пен Үкіметтің Парламенттегі өкілдері және Сенат Бюросының отырыстарына Сенаттың төрағасы шақырған адамдар қатысуға құқылы.
Сенат Бюросының қарауына мәселе енгізудің бастамашысы Сенат Бюросы тиісті мәселелер бойынша бекіткен тізбеге сәйкес қажетті материалдарды әзірлейді және олар Сенат Бюросының отырысы басталардан кем дегенде үш күн бұрын Сенаттың Аппаратына берілуге тиіс.
Материалдары толық көлемде берілмеген мәселелер күн тәртібіне енгізілмейді.
Сенат Бюросы қараған мәселелер туралы және қабылданған шешімдер туралы Палата депутаттарына хабарланады.
Бюро отырысы хаттамамен ресімделеді. Отырыс стенограммасы қажет болған жағдайда жасалады.
Сенат Бюросы қараған мәселелер бойынша құжаттарды мәселені енгізу бастамашысы екі күн ішінде пысықтайды. <*>
Сілтеме. 103-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. және 06.06.2002 ж. қаулылары.
104. Сенат Бюросының тапсыруы бойынша Сенат Аппараты депутаттарды Сенат пен Парламент қабылдаған құжаттармен, сондай-ақ Парламент пен оның органдары, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер ресми тарататын ақпараттық және анықтамалық материалдармен қамтамасыз етеді. <*>
Сілтеме. 104-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. Қаулысы.





