Басты бет /  Сенат /  Сенат құрамы мен құрылымы / Сенаттың жұмыс органдары (Сенат Регламентінен)
Сенаттың жұмыс органдары (Сенат Регламентінен)

Р Е Г Л А М Е Н Т

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ РЕГЛАМЕНТІНЕН ҮЗІНДІ

 

3-БӨЛІМ. Парламент Сенатының органдарын құру және олардың қызметін ұйымдастыру

 

10-тарау. Парламент Сенатының жұмыс органдары

 

105. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 11-бабына сәйкес Сенат өзінің жұмыс         органдарын - Палата депутаттарының арасынан тұрақты комитеттер құрады. Олардың саны жетіден аспауға тиіс. Сенаттың тұрақты комитеттері заң жобалары жұмысын жүргізу, Палатаның қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарап, әзірлеу үшін құрылады. Тұрақты комитеттерді құрған кезде Сенат олардың тізбесі мен сан құрамын белгілейді, содан соң Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы комитеттер төрағаларын және олардың мүшелерін сайлайды.

Сандық құрамды қалыптастыру кезінде депутаттардың белгілі бір комитетте жұмыс істеуді қалайтыны ескеріледі. Сандық шектен асып кеткен немесе басқа комитеттерде мүшелер жетіспеген кезде, депутаттар өз тілегі бойынша басқа комитеттерге ауыса алады немесе бұл Сенат Төрағасының ұсынуы бойынша Сенаттың қаулысымен жасалады.

Әр комитеттің сан құрамын Сенат белгілейді, бірақ ол алты депутаттан кем болмауға тиіс.

Парламент Сенатының Төрағасы мен оның орынбасарлары Палата тұрақты комитеттерінің құрамына кіре алмайды.

Сенат депутаты Палатаның бір комитетінің ғана мүшесі бола алады.

<*>

Сілтеме. 105-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 ж. Қаулысы.

 

106. Парламенттің кезекті шақырылымында Сенат депутаттарының жартысы  сайланып, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы тіркегеннен кейін, Сенаттың бірінші отырысында Палата тұрақты комитеттердің саны мен атауы, тұрақты комитеттердің төрағаларын және тұрақты комитеттердің мүшелерін сайлау туралы мәселені қарайды.

Қажет болған жағдайда Сенат жаңа комитеттер құруға, бұрын құрылғандарын таратуға немесе оларды қайта ұйымдастыруды жүргізуге құқылы.

Сенаттың тұрақты комитеттерін құру туралы Палата қаулы қабылдайды. <*>

Сілтеме. 106-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 06.06.2002 ж. және 20.09.2007. ж. қаулылары.

 

107. Сенат тұрақты комитетінің төрағасы Палатаның отырысында Сенат депутаттарының арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Сілтеме. 107-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 ж. Қаулысы.

 

108. Тиісті тұрақты комитет төрағасының қызметіне кандидатураларды Палата депутаттары ұсынады.

 

109. Сенаттың тұрақты комитеті төрағасының қызметіне кандидатқа Палата алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу уақыты  10 минөтке дейін.

Кандидат сөз сөйлегеннен кейін депутаттардың оған сұрақтар қоюға, кандидатура жөнінде өз пікірін айтуға құқығы бар.

Палатаның тұрақты комитеті төрағасының қызметіне кандидатқа депутаттардың сұрақтарына жауап қайтару үшін 15 минөтке дейін уақыт бөлінеді.

Кандидатураны талқылау үшін 20 минөтке дейін уақыт бөлінеді.

Кандидатураларды талқылау бөлінген уақыт біткеннен кейін Сенаттың шешімімен немесе депутаттардың ұсынысы бойынша тоқтатылады.

 

110. Тұрақты комитеттің төрағасы қызметіне екіден артық кандидат ұсынылып, олардың бірде-біреуі Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусын алмаған жағдайда ең көп дауыс санын алған екі кандидат бойынша қайтадан дауыс беру өткізіледі.

Қайтадан дауыс берген кезде ең көп дауыс санын алған кандидат тұрақты комитеттің төрағасы қызметіне сайланды деп есептеледі.

 

111. Сенат тұрақты комитеті төрағасының сайлануы туралы Палата қаулы қабылдайды.

 

112.  Тұрақты комитеттің төрағасы:

тұрақты комитеттің жұмысына басшылық жасайды;

комитеттің жұмыс жоспарын және отырыстар күн тәртібінің жобасын жасайды;

комитет мүшелеріне комитеттің жұмысына байланысты тапсырмалар береді.

 

113. Комитет мүшелері жалпы санының үштен екісінің ұсынуы бойынша комитеттер Сенаттың қарауына комитет төрағасын тиісті міндеттерін атқарудан босату туралы мәселе енгізуге құқылы. Сенат шешімді Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды.

Комитеттің төрағасы өз еркімен орнынан түсуге құқылы, ол Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

 

114. Сенат тұрақты комитетінің хатшысы комитет отырысында оның мүшелері арасынан комитет мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы сайланады.

Тұрақты комитет хатшысының қызметіне кандидатураны Палатаның тиісті тұрақты комитетінің мүшелері ұсынады.

Хатшы комитетте іс қағаздарының жүргізілуін және комитет отырыстарының хаттамаларын ресімдеуді ұйымдастырады, комитет төрағасы болмаған кезде оның міндетін атқарады.

Тұрақты комитет төрағасының ұсынысы бойынша, егер оған комитет мүшелері жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе, комитеттің хатшысы қызметтен кері шақырылып алынуы мүмкін. <*>

Сілтеме. 114-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. Қаулысы.

 

115. Комитет өз қызметінің негізгі бағыттары бойынша өз ішінен комитеттер құра алады.

Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар мен қорытындылар түрінде шешімдер қабылдайды.

 

116. Заң жобалары жұмысын жүргізу, Палатаның қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау мен әзірлеу үшін құрылған Сенат комитеттері:

Мәжілістен келіп түскен заң жобаларына қорытындылар әзірлеуді жүзеге асырады;

заң жобаларын әзірлеп, алдын ала қарайды;

парламенттік тыңдаулар өткізуді ұйымдастырады;

Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдардың ережелері іске асырылуына жәрдемдеседі;

өз қызметі мен Палата қызметін ұйымдастыру мәселелерін шешеді;

Сенаттың қарауына жататын өзге де мәселелерді қарауға қатысады.

Заң жобалары бойынша қорытындылар комитет мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. <*>

Сілтеме. 116-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. Қаулысы.

 

117. Қорытындылар әзірлеу тапсырылған комитет Сенат Бюросы көрсеткен мерзім ішінде Сенаттың басқа комитеттерінің ескертпелері мен ұсыныстарын жинақтайды, Мәжіліс қабылдаған заң жобасын қарайды және ол жөнінде қорытынды қабылдайды.

Қорытынды әзірлеу мерзімін ұзарту қажет болған жағдайда комитет төрағасы Сенат Төрағасына мерзімді өзгерту жөнінде дәлелді өтініш жасайды.

Заң жобасын комитеттің қарауы ашық өткізіледі. Комитет өз отырыстарына заң жобасының бастамашысын, оның өкілдерін, сарапшы ретінде мамандар мен ғалымдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақыра алады. Комитет, әдетте, кемінде үш күн бұрын депутаттар мен барлық мүдделі тараптарды отырысты өткізу уақыты мен орны туралы хабардар етеді.

Егер заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу бірнеше комитетке тапсырылып, бірыңғай қорытынды алынбаса, әрбір комитет өз қорытындысын табыс етеді. <*>

Сілтеме. 117-тармақ толықтырылды - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының      20.09.2007 ж. Қаулысы.

 

118. Қазақстан Республикасы Конституциясының 54 және                   55-баптарына сәйкес Сенаттың міндетті түрде қарауына жататын заңдар бойынша бас комитет мынадай шешімдердің бірін қабылдауға құқылы:

Сенатқа Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын қабылдауды ұсыну;

Сенатқа заң жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсыну;

дәлелді қорытынды жасау арқылы Сенатқа заң жобасын қабылдамай тастауды ұсыну.

Қорытынды әзірлеуге жауапты комитеттің қорытындысы заң жобасының мәтініне комитеттің пікірі бойынша барлық қажетті өзгерістермен және толықтырулармен қоса Сенаттың Төрағасына табыс етіледі. Комитет Сенаттың тиісті қаулысын да әзірлейді. <*>

Сілтеме. 118-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. Қаулысы.

 

119. Комитет мүшелері жалпы санының кем дегенде үштен екісі болған жағдайда комитеттің отырысы заңды болады.

Комитеттің отырыстары қажет болуына қарай, бірақ айына кем дегенде екі рет өткізіледі.

Комитеттің төрағасы отырыстарды өз бастамасы бойынша да, комитет депутаттарының, Палата Төрағасының ұсынысы бойынша да шақырады.

 Отырысты комитеттің төрағасы немесе хатшысы жүргізеді. Комитеттің шешімі комитет мүшелері жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады. <*>

Сілтеме. 119-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. және 20.09.2007 ж. қаулылары.

 

120. Комитеттің Сенат отырысының күн тәртібі жөнінде ұсыныстар енгізуге құқығы бар, бұл құқықты ол Сенат Бюросы арқылы іске  асырады. Сенат Бюросы күн тәртібін жасау жөніндегі ұсыныстан бас тартқан жағдайда комитет мұны Сенат отырысында жасауға құқылы.

Комитет өкілдерінің Сенат отырыстарында не басқа комитеттердің отырыстарында баяндамалар мен қосымша баяндамалар жасауға және жарыссөзде сөз сөйлеуге құқығы бар.

 

121. Комитет отырыстарына осы комитеттің құрамына кірмейтін Сенат депутаттары кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.

Отырыстарға Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі, Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ комитет төрағасының келісімімен өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысуға құқылы.

 

122. Комитет қаралатын мәселелерді әзірлеу және парламенттік тыңдауларды ұйымдастыру үшін Сенат депутаттарын, министрліктердің, мемлекеттік комитеттер мен ведомстволардың, басқа да мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың, ғылыми мекемелердің өкілдерін, сондай-ақ мамандар мен ғалымдарды тарта отырып, Сенат Бюросы бекітетін жұмыс топтарын құра алады.

Комитет өз жұмысына сарапшылар ретінде түрлі сала мамандарын тартуға, сондай-ақ заң жобасының тәуелсіз сараптамасын тағайындауға құқылы. Комитеттер бірлескен отырыстар өткізуге құқылы.

Комитет азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің нақты заң жобасы бойынша келіп түскен ұсыныстарын пайдалануға құқылы. <*>

Сілтеме. 122-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. Қаулысы.

 

123. Комитеттер өздерінің қызметі үшін қажетті материалдар мен құжаттарды мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан сұратып алуға құқылы. Сұратылған материалдар мен құжаттарды мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар Сенаттың комитеттеріне заңмен қорғалатын құпияны ескере отырып табыс етуге міндетті.

 

124. Комитет өз қызметінің бағытына сәйкес парламенттік тыңдаулар өткізуді ұйымдастырады, оларға Парламенттің екі палатасының депутаттары, лауазымды адамдар, сарапшылар, әртүрлі мемлекеттік және қоғамдық органдар мен ұйымдардың, ғылыми мекемелердің өкілдері шақырылуы мүмкін.

Парламенттік тыңдаулар өткізу туралы ұсыныс Палатаның тиісті комитетінің мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және Сенат Бюросы арқылы іске асырылады.

 

125. Парламент Палаталарының бірлескен қызметіне қатысты мәселелерді шешу үшін Сенат пен Мәжіліс тепе-теңдік негізінде Парламенттің жұмыс органы болып табылатын бірлескен комиссиялар құруға құқылы, олардың сан құрамы Палаталар арасындағы уағдаластық бойынша белгіленеді. Комиссиялар мүшелерін сайлауды әрбір Палата дербес жүзеге асырады.

 

126. Республика Конституциясы 47-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті науқастануына байланысты өзінің міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі дендеген жағдайда қызметінен мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.

Бұл жағдайда Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиісті салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады.

Парламент Сенатынан комиссия мүшелерінің кандидатураларын Палатаның отырысында тікелей Сенат депутаттары, Сенат комитеттері ұсынады.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 47-бабының 2-тармағында, 57-бабының 5) және 6) тармақшаларында көзделген Сенат өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында Сенат уақытша арнаулы комиссиялар құрады. <*>

Сілтеме. 126-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. және 20.09.2007 ж. қаулылары.

 

127. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың өкілеттігі мен қызмет тәртібі заңмен және осы Регламентпен белгіленеді.