Қазақстан Республикасының Парламенті Республиканың заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілді органы болып табылады.
Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталады және жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанда аяқталады.
Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенат пен Мәжілістен тұрады.
Сенатты әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында екі адамнан сайланатын депутаттар құрайды. Сенат депутаттарының тең жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады.
Сенаттың он бес депутатын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды (2007 жылғы мамырдан бастап).
Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 1998 жылғы қазанға дейін төрт жыл болды, 1998 жылғы қазаннан бастап – алты жыл.
Парламент өкілеттігінің мерзімі кезекті сайланған Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.
БІРІНШІ САЙЛАНЫМ
(1996 жылғы қаңтар – 1999 жылғы қараша)
Бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 1996 жылғы 30 қаңтарда бірінші сессияның ашылуымен басталып екінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні аяқталды.
1995 жылғы желтоқсанда болған сайлауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 40 депутаты - Қазақстан Республикасының 19 облысынан және астанасынан 2 адамнан сайланды. Сенаттың жеті депутатын Республика Президенті тағайындады.
1995 жылы 2 жылға сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты, 1997 жылғы 8 қазанда Сенат депутаттарын 4 жылға сайлау болып өтті.
Облыстардың оңтайландырылуы нәтижесінде республиканың 14 облысы мен Алматы қаласы бойынша сайлау тағайындалды.
1997 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына 15 депутат сайланды. Олардың 11-і бұрыннан Сенат депутаты болған, 4-еуі – бірінші рет сайланды.
1996 жылғы 30 қаңтардағы жағдай бойынша сайланған Сенат депутаттарының ішінде 4 әйел, 60 жастан асқан 4 депутат, 30 жас пен 60 жас аралығында 43 депутат болды. Барлық депутаттар – дипломы бар мамандар, соның ішінде 4 ғылым докторы және 11 ғылым кандидаты, 10 заңгер, 10 экономист, 9 инженер, 8 ауыл шаруашылығы маманы. Депутаттардың көпшілігі сайланғанға дейін республиканың министрліктері мен ведомстволарында басшылық қызметтерде, облыс әкімдерінің орынбасарлары, республиканың қалалары мен аудандарының әкімдері болып жұмыс істеді, олардың ғылыми-оқытушылық және ғылыми-зерттеу, шығармашылық қызметтердегі, кәсіподақ және қоғамдық ұйымдардағы, кәсіпкерлік, өндірістік және әлеуметтік салалардағы жұмыс тәжірибесі болды. Көпшілік депутаттар бұрын заң шығару органдарына сайланған. Бұлар бұрынғы Қазақ КСР халық депутаттары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ХІІ және ХІІІ сайланымдарының депутаттары.
Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялануына байланысты 1998 жылғы 11 ақпанда Ақмола қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы болып өтті.
ЕКІНШІ САЙЛАНЫМ
(1999 жылғы желтоқсан – 2004 жылғы қараша)
Екінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі оның 1999 жылғы 1 желтоқсанда бірінші сессиясының ашылуымен басталып, үшінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні аяқталды.
1995 жылы 4 жылға сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты 1999 жылғы 17 қыркүйекте Сенат депутаттарын 6 жылға сайлау болып өтті.
1997 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері конституциялық нормаларға сәйкес екінші сайланымда 2002 жылғы желтоқсанға дейін жалғасты.
Екінші сайланымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттық корпусында сабақтастық сақталды.
Палата депутаттарының көпшілігінің заң шығару қызметіндегі, өндірістік, әлеуметтік және кәсіпкерлік салалардағы, ғылыми-зерттеу, ғылыми-педагогикалық қызметтегі, басшылық жұмыстағы, қоғамдық ұйымдардағы жұмыс тәжірибесі болды.
Барлық депутаттар жоғары білімді, соның ішінде 9 заңгер, 7 экономист, 11 инженер, 7 ауыл шаруашылығы маманы, 5 педагог, саясаттанушы, журналист бар.
Сенат депутаттары арасында 2 академик, 7 ғылым докторы,3 профессор, 3 ғылым кандидаты болды.
ҮШІНШІ САЙЛАНЫМ
(2004 жылғы қараша – 2007 жылғы қыркүйек)
Үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттіктері 2004 жылғы 3 қарашада оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, төртінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні аяқталды.
2005 жылғы желтоқсанда 1999 жылғы 17 қыркүйекте сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты 2005 жылғы 19 тамызда Сенат депутаттарын сайлау болып өтті.
2002 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері конституциялық нормаларға сәйкес үшінші сайланымда 2008 жылғы желтоқсанға дейін жалғасты.
Сенаттың үшінші сайланымындағы депутаттық корпустың орташа жасы 54 жас, ерлер – 37, әйелдер – 2, барлығы да жоғары білімді, әрбір екіншісінің екі және одан да көп жоғары білімі бар, соның ішінде техникалық білімі бар - 13, гуманитарлық білімі бар – 18, заңгерлер – 13, экономистер – 6, бір журналист, екі дәрігер, 1 академик, 7 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты және 2 профессор. Депутаттардың көпшілігі сайланғанға дейін мемлекеттік секторда, соның ішінде басшылық қызметте жұмыс істеген, заң шығару қызметінде, мемлекеттік секторда, өндірістік, әлеуметтік және кәсіпкерлік салаларда, ғылыми-зерттеу, ғылыми-педагогикалық қызметте, қоғамдық ұйымдарда жұмыс істеген тәжірибелері бар.
ТӨРТІНШІ САЙЛАНЫМ
(2007 жылғы қыркүйек - 2012 жылғы қаңтар)
Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттіктері 2007 жылғы 2 қыркүйекте оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, бесінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күнге дейін жалғасып отыр.
2007 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2007 жылғы 29 тамызда ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тағы 8 депутаты тағайындалды, олардың өкілеттігі 2013 жылы аяқталады.
2002 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері төртінші сайланымда 2008 жылғы желтоқсанға дейін жалғасты.
2005 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері 2011 жылғы қыркүйекке дейін жалғасты.
2008 жылғы 4 қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайланатын жартысы бойынша кезекті сайлау өтті.
2011 жылғы 19 тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайланатын жартысы бойынша кезекті сайлау өтті.
2011 жылғы 23 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 7 депутаты тағайындалды, олардың өкілеттігі 2017 жылы аяқталады.
БЕСІНШІ САЙЛАНЫМ
(2012 жылғы қаңтар - )
2012 жылы 15 қаңтарда Мәжіліс депутаттарының кектен тыс сайлауы өтті. 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Орталық Сайлау комиссиясы Нұр Отан ХДП- дан – 83, Ақ жол ҚДП –дан – 8, Қазақстан Коммунистік халық партиясынан -7, Қазақстан халқы Ассамблеясынан - 9 Мәжіліс депутатын тіркеді
2012 жылғы 20 қаңтарда бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенттінің бірінші сессиясы салтанатты түрде ашылды.
Бесініш сайланымда конституциялық нормаларға сәйкес 2008 және 2011 жылдары сайланған, 2007 және 2011 жылдары Президенттің Жарлығымен тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттігі жалғаса береді.





