Басты бет /  Сенат /  Сенат құрамы мен құрылымы / Сенат Төрағасының және Сенат Төрағасы Орынбасарының өкілеттіктері
Сенат Төрағасының және Сенат Төрағасы Орынбасарының өкілеттіктері

Р Е Г Л А М Е Н Т

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ РЕГЛАМЕНТІНЕН ҮЗІНДІ

 

5-БӨЛІМ. Парламент Сенатының лауазымды адамдары және олардың өкілеттігі

 

15-тарау. Парламент Сенатының Төрағасы

 

153. Сенаттың Төрағасы Палатаның отырысында мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін Сенат депутаттарының арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. <*>

Сілтеме. 153-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 ж. Қаулысы.

 

154. Сенат Төрағасы қызметіне кандидатураны Республика Президенті ұсынады.

 

            155. Сенат Төрағасы қызметіне кандидатқа Палатаның алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу уақыты - 10 минөтке дейін.

Кандидат сөз сөйлегеннен кейін депутаттар оған сұрақ қоюға, кандидатура жөнінде өз пікірін айтуға, ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе оған «қарсы» үгіт жүргізуге құқылы.

Сенат Төрағасы қызметіне кандидатқа депутаттардың сұрақтарына жауап қайтару үшін 15 минөтке дейін уақыт бөлінеді.

Кандидатураны талқылауға 20 минөтке дейін уақыт бөлінеді.

 

156. Кандидатураны талқылау бөлінген уақыт біткеннен кейін немесе депутаттардың ұсынысы бойынша Сенаттың шешімімен тоқтатылады.

 

157. Парламент Сенатының Төрағасы қызметіне ұсынылған кандидатура жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге енгізіледі, оны төрағалық етуші жария етеді.

Кандидатты жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге енгізу туралы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Сенат қаулысы қабылданады.

 

158. Палата жасырын дауыс беруді өткізу және оның нәтижелерін айқындау үшін Сенат депутаттарының арасынан бес адамнан тұратын Санақ комиссиясын сайлайды. Палата Санақ комиссиясын сайлау туралы Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қаулы қабылдайды.

 

159. Санақ комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды. Санақ комиссиясының шешімдері комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.

 

160. Бюллетеньдер Санақ комиссиясының бақылауымен нысан бойынша және белгілі бір мөлшерде әзірленеді. Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерде дауыс беруге қажетті ақпарат болуға тиіс.

Дауыс берілетін уақыт пен орынды, оның өткізілу тәртібін Санақ комиссиясы белгілейді және оны Санақ комиссиясының төрағасы хабарлайды.

Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді Сенат депутаттарына Санақ комиссиясының мүшелері Палата депутаттарының тізіміне сәйкес олар депутат куәлігін көрсеткеннен кейін береді.

Сенат депутаты бюллетеньдерді жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады.

Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер жарамсыз деп есептеледі. Бюллетеньге қосымша жазылған тектер дауысты есептеген кезде ескерілмейді.

Жасырын дауыс беру нәтижелері туралы Санақ комиссиясы хаттамалар жасайды, оған Санақ комиссиясының барлық мүшелері қол қояды. Санақ комиссиясының баяндамасы бойынша Сенат ашық дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру нәтижелері туралы Санақ комиссиясының хаттамасын бекітеді.

Дауыс беру кезінде болмаған Парламент Сенаты депутатының кейіннен дауыс беруге құқығы жоқ. <*>

Сілтеме. 160-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. Қаулысы.

 

161. Егер кандидат жасырын дауыс беру нәтижесінде Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусын алса, ол Парламент Сенатының Төрағасы қызметіне сайланды деп есептеледі.

 

162. Сенат қабылдамай тастаған кандидатураның орнына жаңа кандидатураны Республика Президенті енгізеді.

 

163. Сенат Төрағасының сайланғаны туралы Палата қаулы қабылдайды, оған отырыста төрағалық етуші қол қояды. <*>

Сілтеме. 163-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. және 20.09.2007 ж. қаулылары.

 

164. Сенат Төрағасы сайланғаннан кейін Палатаның отырысын Парламент Сенатының Төрағасы жүргізеді. <*>

Сілтеме. 164-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. және 20.09.2007 ж. қаулылары.

 

165. Сенаттың Төрағасы:

Сенат отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;

Сенаттың қарауына енгізілетін мәселелердің әзірленуіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

Палатаға Палата Төрағасының орынбасарлары қызметіне сайлауға кандидатуралар ұсынады, сондай-ақ олардың арасындағы міндеттерді бөледі;

Сенат Регламентінің сақталуын қамтамасыз етеді;

Сенаттың үйлестіру органының қызметіне басшылық етеді;

Сенат шығаратын актілерге қол қояды;

Палаталарға Конституциялық Кеңестің екі мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін қызметке тағайындау үшін кандидатураларды ұсынады;

Сенаттың кезекті отырысы күн тәртібінің жобасын әзірлейді;

Сенаттың кезектен тыс отырыстарын шақырады;

Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қарау үшін Сенаттың комитеттеріне жібереді;

Сенат қабылдаған заңдарды қол қою үшін Қазақстан Республикасының Президентіне жібереді;

Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, сондай-ақ шет мемлекеттердің парламенттерімен өзара қатынастарда Парламент Сенатынан өкіл болады;

Мәжіліс Төрағасымен бірге Палаталардың кезектен тыс бірлескен отырысын шақыру туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді;

жеке мәселелер бойынша азаматтардың хаттарын, шағымдарын және басқа да өтініштерін қарауды Палата Аппаратына тапсырады; мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ азаматтардың заң шығарушылық жұмыс мәселелері бойынша өтініштерін комитеттердің шешуіне береді;

өзіне Сенат Регламентімен жүктелген басқа да міндеттерді атқарады;

осы Регламентке және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес Сенат қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелерін шешеді.

Сенатта дауыс берген кезде депутаттардың даусы тең бөлінген жағдайда Сенат Төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

Сенат Төрағасы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады. <*>

Сілтеме. 165-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. және 20.09.2007 ж. қаулылары.

 

166. Егер Сенат депутаттары жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе, Сенат Төрағасы қызметінен кері шақырылып алынуы мүмкін, сондай-ақ орнынан түсуге құқылы.

Сенат Төрағасын атқаратын қызметінен босату туралы мәселені Сенат Қазақстан Республикасы Президентінің Сенат Төрағасына ұсынысы, Сенат Төрағасының өз арызы түскен жағдайда қарайды.

 

16-тарау. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасарлары <*>

Сілтеме. 16-тараудың тақырыбына өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының  20.09.2007 ж. Қаулысы.

 

167. Сенат Төрағасының орынбасарлары Сенат Төрағасының ұсынуы бойынша Палата депутаттары арасынан Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы Сенаттың отырысында сайланады. <*>

Сілтеме. 167-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының   20.09.2007 ж. Қаулысы.

 

168. Сенат Төрағасының Орынбасары қызметіне кандидатқа Палата алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу уақыты 10 минөтке дейін.

Кандидат сөз сөйлегеннен кейін депутаттар оған сұрақ қоюға, кандидатура жөнінде өз пікірін айтуға, ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе оған «қарсы» үгіт жүргізуге құқылы.

Сенат Төрағасының Орынбасары қызметіне кандидатқа депутаттардың сұрақтарына жауап қайтару үшін 15 минөтке дейін уақыт бөлінеді.

Кандидатураны талқылауға 20 минөтке дейін уақыт бөлінеді.

 

169. Кандидатураны талқылау бөлінген уақыт біткеннен кейін немесе депутаттардың ұсынысы бойынша Сенаттың шешімімен тоқтатылады.

 

170. Сенат Төрағасының орынбасары қызметіне кандидат сайлану үшін талап етілетін дауыс санын алмаған жағдайда Сенаттың Төрағасы жаңа кандидатура ұсынып, ол талқыланады және дауысқа салынады.

 

171. Сенат Төрағасы орынбасарының сайлануы туралы Палата қаулы қабылдайды.

 

172. Сенат Төрағасының орынбасары атқарып жүрген қызметінен Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданатын Сенат шешімімен босатылуы мүмкін.

Сенат Төрағасының орынбасарларын атқарып жүрген қызметінен босату туралы мәселе Сенат Төрағасының ұсынысымен, Сенат Төрағасы орынбасарларының өз арызы бойынша қаралады.

 

173. Сенат Төрағасының орынбасарлары Сенат Төрағасының уәкілдік беруімен оның жекелеген қызметін атқарады, ол болмаған кезде немесе оның өз міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндігі болмаған кезде Төрағаның міндетін атқарады, осы Регламентке сәйкес Сенат қызметінің ішкі тәртібі мәселелері бойынша басқа да өкілеттік атқарады. <*>

Сілтеме. 173-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының   20.09.2007 ж. Қаулысы.