ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ РЕГЛАМЕНТІНЕН ҮЗІНДІ
4-БӨЛІМ. Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігін іске асыру тәртібі және олардың жауапкершілігі
14-тарау. Депутаттық бірлестіктер
149. Сенат депутаттары, партияда болу принциптері бойынша топтарды қоспағанда, депутаттық топтар түріндегі депутаттық бірлестіктер құруға құқылы. <*>
Сілтеме. 149-тармақ жаңа редакцияда жазылды - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 ж. Қаулысы.
150. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкілеттігін жүзеге асыруға арналған бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында Парламенттің кем дегенде он бес депутаты болуға тиіс.
Сенат Бюросында тіркелген депутаттық бірлестіктер өздерінің шешімдері туралы Сенат Төрағасына хабарлайды. <*>
Сілтеме. 150-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17.05.2000 ж. және 20.09.2007 ж. қаулылары.
151. Депутаттық топтарды тіркеу Палата Бюросында жүзеге асырылады, тіркеу келу тәртібімен жүргізіледі және ол тек қана ақпараттық сипатта болады.
Депутаттар депутаттық бірлестіктен шыққан жағдайда (және, егер оның құрамында тіркелу үшін қажетті мүшелердің саны аз болса) мұндай депутаттық бірлестік Палата Бюросының қаулысымен өз қызметін тоқтатады. Депутаттық бірлестікке мүшелігін өзгерткен депутат бұл туралы оның бұрынғы және жаңа бірлестігі тіркелген Палатаның Бюросына он күн ішінде хабарлайды. <*>
Сілтеме. 151-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 ж. Қаулысы.
152. Депутаттық бірлестіктер өздері тіркелген Палатаның Бюросы арқылы өздері әзірлеген материалдарды Парламент депутаттарының арасында таратуға құқылы. Депутаттық бірлестіктердің мүшелері бірлестіктердің тапсыруымен жарыссөз тоқтатылған кезде өз өкіліне сөз беруді талап етуге құқылы. Бұл жағдайда төрағалық етуші оған сөз беруге міндетті.
Депутаттық бірлестіктердің ішкі қызметін олар дербес ұйымдастырады.
Сенаттағы депутаттық бірлестіктердің өкілеттігі, ұйымдастырылуы мен қызметі, олардың жұмысы Парламенттің Регламентімен және осы Регламентпен белгіленеді. <*>
Сілтеме. 152-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20.09.2007 ж. Қаулысы.





