Назарбаева Дарига
Заместитель Председателя Мажилиса Парламента Республики Казахстан
Дариға Назарбаева

Дариға Назарбаева


Реформа науқаншылдыққа ұласпауы қажет!


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева «Жас қазақ» газеті мен ARDA журналына арнайы сұхбат беріп, отандық білім беру саласындағы бірқатар мәселелер туралы пайымды пікірі, орамды ойымен бөлісті. Бүгін осы сүбелі сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.


– Аса қадірлі Дариға Нұрсұлтанқызы, Сіз жиі-жиі көтеретін мәселелердің бірі – отандық білім беру саласындағы жүйе­сіз реформалар. Со­ның ішінде мектеп оқу­шыларын оқулықпен қам­тамасыз ету жә­не оқу­лық тапшылығы да бар. Жал­пы, оқулықпен қам­тамасыз етуде не се­беп­тен үнемі іркіліс орын алады? Сіз­дің ойыңызша, бұл мәселені Білім және ғы­лым министрлігі қалай шешуі керек?
– Оқушыларды дер кезінде және то­лықтай оқу­лық­тармен қамтамасыз ету мә­селесі жыл сайын көте­­ріледі. Бірақ он­ың өткірлігі әлі күнге дейін азаяр емес. Қа­зір, міне, қазан айының ор­тасынан асып, бірінші тоқсан аяқталуға жа­қын­даған шақта оқушылардың шамамен 97 пайызы оқулықпен қамтамасыз етіл­генін әкімдіктер өзінің есебінде жетіс­тік етіп көр­се­туде. Алайда 90 мың бала оқулықты ата-ана­сының қара­жа­ты­на сатып алуға мәж­бүр болды. Бұл жер­дегі әңгіме тек қолдан жа­сал­ған мә­селе емес, балалардың тегін білім алу­да­ғы конституциялық құқықтарының бұ­зы­­луы туралы, соның ішінде тегін оқу­лық алу құ­қығы жөнінде болып отыр.
Тура оқу жылы басталғанға дейін не мектеп бағдарламасы, не оқулықтар ті­зімі, не оны мектепке жеткізу кестесі жө­нінде ала жаздай ешқандай ақпарат ала алмаған ата-аналар біз­ге үнемі өті­ніш­пен хабарласып жатады.
Түптеп келгенде, біз жыл сайын теледидар жаңалықтарынан кітапхана, дүкендердегі біт­пей­тін кезекті, дүрлігу мен ашу-ызаға булық­қан адамдарды көреміз. Жалпы құны 20-25 мың теңге тұратын топтаманы сатып алуға ша­масы жетпейтіндер санитарлық нормаға сәйкес кел­мейтін арзан кітап көшірмесін алу­ға мәж­бүр болады. Сондықтан, депутаттар Білім және ғы­лым министрлігі әлдеқашан қол­ға алуға тиіс жұ­мысты өздері атқарып, осы әде­биеттерді шыға­ру мен таратуға қатысты барлық мәселе­лерді мейлінше ұқыптылықпен тәртіпке келтірді.
Әкімшілік реформаның ең үлкен кемшілігі – ешкім ештеңеге жауап бермейтін басқаруды «орталықсыздандыруда» жатыр. Оқулықтарға қатысты жағдай осы мәселенің одан әрі бе­тін ашуда. Бұл жерде оқулықтарды әзірлеу, шы­ға­ру және таратудың толық үдерісі мынадай жауап­кершілік деңгейіне бөлінген: Білім және ғылым министрлігі – пайдалануға рұқсат етіл­ген оқу­лық­тар тізімін жасайды; баспалар – оқулықтарды әзірлеп, басып шығарады, таралымын кө­бейтеді; жергілікті атқарушы органдар – мектептерге қанша әдебиет қажеттігін анық­тайды, оқу­лық сатып алуды қаржыландырады, кітаптарды мектепке дейін жеткізеді. Іс жүзінде аталған деңгейлердің барлығында іркіліс орын алады. Білім және ғылым министрлігі әде­биет тізімі туралы бұйрықты мамыр-маусым айларында шығарады. Таңғаларлығы, олардың тізімі жыл сайын қайта қаралады?.. Мемлекеттік сатып алу сияқты әртүрлі бюрократия­лық рәсім­дерге көп уақыт жұмсалады. Не баспалар, не әкімдіктер белгіленген уақытта үлгере алмай, оқулықтар мерзімінен кешіктіріледі. Кон­курстық рәсімдер аяқталмай, ережелер бұ­зыла беретіндіктен, ең төмен баға ұсынғандар же­ңімпаз болып шығады. Сайып келгенде, ар­занның соңынан қуу мемлекетке қым­батқа түседі. Ешқандай жұмыс ресурсы, тәжі­ри­бесі жоқ күмәнді компаниялар оқулық жеткізуге тапсырыс алады.
Соңғы кездері әкімдіктер оқулыққа тапсырыс беруді толық қаржыландырмауға дағдыла­нып алды. Өйткені, тапсырыс көлемі мек­тептердің оқулықтарға шынайы сұранысы­мен сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, көші-қон, ха­лық санының өсуі, оқулықтардың тозуы сияқ­ты факторлар ескерілмейді. Қажеттілікті есеп­тей­тін әдістеме жоқ және мектептердегі кітап­хана қорын жаңарту мерзімі анықталмаған. Кітаптар­дың нақты есеп-қисабы жоқ, орталық­тандырыл­ған статистика да жоқ. Министрліктің қолында жалпы жиынтық мәлімет жоқ. Іс жүзінде мұның бәрі берекесіздік туғызып отыр. Айқын ереже болмағандықтан, ешкімнен ештеңе сұрай алмайсың. Содан шығар, шенеуніктер өзі­нің былығы үшін үнемі «жеңіл қорқынышпен» құтылады. Ал ата-ана өздерінің шағын отба­сы­лық бюджетінен ақша шығарып, қажетті оқу­лықтарды дүкен мен базарлардағы ұзын-сонар кезектен алуға мәжбүр.
Сонымен қатар үдеріске қатысушылардың барлығы еңсеруге тиіс тапсырыс көлемі де өте үлкен. Бізде «баламалы» деп аталатын оқулық­тардың зиянды тәжірибесі бар. Мысалы, бір ғана сыныпқа арналған пән бойынша 5-ке дейін оқу­лықтар шығарылады. Оқу үдерісінің мүддесінен алып қарасақ, мұндай жүйенің тиімділігі нөлге тең. Бірақ соған қарамастан бұл жерде бюджеттің қисапсыз ақшасы «игеріліп» жатыр. Ойлап қа­раңызшы, елімізде барлығы 2,6 миллионнан астам мектеп оқушысы бар. Сонда қандай сандар жөнінде әңгіме болып отыр. Ал міндетті оқу әде­биеттерінің тізімінде 1192 оқулық бар. Со­лардың әрқайсының құны орташа алғанда 500-1000 теңге аралығында. Егер орташа есеппен әртүрлі сыныптағы оқулықтар топтамасы 13-тен 18-ге дейін құбылып тұратын болса, онда әрине, олардың бағасы да 11-13 мың теңге көлемінде өзгеріп отырады. Бұл тек баспалардың өзіндік құнына қатысты нәрсе. Ал нарықтық ортада бұл сан екі немесе үш еселенеді.
Депутаттардың айтуынша, мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар деңгейінде бір сыныпқа арналған бір пән бойынша міндетті оқытылатын оқулықты бюджеттен қаржылан­дыруды ғана қалдыру керек. «Баламалы» деп ата­латын қалғандары факультативтік, яғни мұ­ға­лім мен оқушылардың өз қалауымен оқи­тын оқулық есебінде ұсынылсын. Және олар бюд­жеттен тыс бөлінетін қаражатқа шығарылып, кітапханаларда немесе арнайы мамандандырыл­ған дүкендерде сатылуы тиіс.


– Білім және ғылым министрлігінің оқулық­тарға қатысты қандай құзыреті болуы керек? Оқушыларды оқу­лықпен дер кезінде қам­та­масыз етуге жауапты тұл­ға­лар­дың жауап­кер­ші­лі­гін қа­тайту қажет пе?
– Біз бүгін мемлекеттік органдар жұмысының барлық кезең­дерінде жүйелі ақау барын көріп отырмыз. Депутаттар Білім және ғылым министр­лігі барлық жауапкершілікті әкім­діктер­ге сырғытпай, саланы ба­қылауды өз қолына алуын талап етуде. Отандық білім беру жүйе­сінің нормативтік-құқық­тық базасын түгелдей қайтадан қарауымыз қажет. Өте қысқа мер­зімде бар­лық аймақтарға ор­тақ стандарттарды, әдіс­темелерді және нормаларды бекітіп, оның жергілікті жерлерде сақталуына қатаң ба­қы­лау ор­на­туға тиіспіз. Сон­дай-ақ, жұмысты ат­қару­шы­лардың дербес жауапкерші­лігін белгі­лейтін кез келді. Өз мінде­тіне салақ қарайтын шенеу­ніктер жәй ғана сөгіс алумен құтылмай, қыз­метінен кетуі керек. Ол үшін салалық ми­нис­тр­лікке аймақтар­дағы кадрларды дұрыс ор­на­лас­тыруға ықпал етуге мүмкіндік беретін ме­ханизмдерді қарастыру қажет. Сондай-ақ оқулық шыға­ру мен жеткізу бойынша оқу бағдарламасы және жұмыс кес­тесін жаңарту мерзімін де қай­тадан қарағанымыз абзал. Жаңа оқу жылының оқулық­тары мектептерге толығымен 1 маусымнан кешіктірілмей жет­кізі­луі тиіс. Оқулық жет­кізуді жер­гілікті ор­ган­дарға сеніп тап­сыруға бол­майды. Өйт­кені, тәжірибе көр­сеткен­дей, олар бұл мін­детті ойда­ғы­дай атқара алмай отыр. Жеткі­зу жұмысы­мен не баспалар­дың өзі, не «Қаз­пош­та» сияқты жет­кізудің салалан­ған жүйесі бар бірыңғай оператор айна­лыс­қаны дұрыс.
– Оқулыққа қатысты айтыла-айтыла жауыр болған та­қырыптың бірі – оның сапасы. Қалай ойлайсыз, бұл жерде бас­па­ларға оқулық әзірлеуді се­ніп тап­сыруымызға бола ма?
– Оқулықтардың сапасына келгенде мұ­ға­лім де, ата-ана да, оқушылар да, ға­лым­дар да оны шығарған адамдарды көп жазғырып жатады. Бұл тақы­рыптағы пікір­талас көптеген жылдар бойы тоқ­тамай келеді. Себебі, оқу­лықты әзірлеу оның сапасына жо­марттық танытуға құлықсыз баспаларға тапсы­рылған. Бас­падан шыққан оқулық әуелі Білім және ғылым министрлі­гінің сараптамасынан өтеді. Содан соң мемлекет оны қар­жы­ландырып, баспа­ларға «ав­торлық құқық» үшін қомақты ақша төлейді. Оқу­лық­тардағы ең қарапайым жә­не ең сорақы қателер оларды бірнеше рет қайта басып шы­ғаруға мүм­кін­дік туғызу үшін қасақана жібе­рі­ле ме деген күдік бар. Әрине, оқу­лық мем­лекеттің қара­жаты есебінен шығарылады...
Осы кезге дейін баспалар­дың өз қатесі мен кел­тірген залалы үшін жауап­кер­шілікке тар­тылғаны туралы бір­де-бір деректі кезіктір­ме­дік. Бұл жүйе мемлекет үшін толықтай тиімсіз, күңгірт әрі сыбай­лас­тыққа бейім. Міне, депутат­тардың көптеген жылдар бойы осы саланы ре­формалауға қол жеткізе алмай келуінің себебі осында. Мәселенің нарқы өте қымбат және мұндай «жұмақ өмірді» ұзаққа созғысы келе­тін­дер көп-ақ.
Оқулықтардың мазмұнын бәсекелестік нарықтық ортаға сеніп тапсыруға болмайтынына көзіміз жетті. Өйткені, бұл жерде мәселе идеология, біздің азаматтарымыздың дүние­та­ны­мы, қазақстандықтардың өмір бойына жинайтын база­лық білім байлығы жөнінде болып отыр. Мұндай міндетті мемлекет тек Білім және ғы­лым министрлігінің көмегімен ғана іске асыра алады. Оның құрылымында Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы бар. Осы академия ғы­лыми және педагогикалық ортадағы ең үздік ойшылдарды жинап алып, олардың алдына осы мін­детті қоюы керек. Біз білім беру саласында мемлекеттік монополияны жақтаймыз!
Баспаларға оқулықтардың таралымын көбей­ту және тарату жұмысын қалдыруға болады. Бұл бағытта жағымды үрдіс қа­лыптаспайынша, Мә­жі­ліс осы мәселені қайта-қайта көте­ре­тін болады. Оқу әдебиет­терінің сапасы туралы пікір­талас жасау біздің жоспарымызда бар. Тек мектеп оқу­лықтары ғана емес, сондай-ақ, кә­сіби-тех­ни­ка­лық және жоғары білім жүйе­сіндегі оқу әдебиет­терінің сапасын да талқы­лаймыз.
– Соңғы кездері рефор­мақұмар министр­лердің кесірі­нен оқушылар эксперимент жа­сайтын алаңға ай­налды. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов та реформа жасап, 2 жылдан кейін 1-сы­нып­қа балаларды 6 жастан бастап қабыл­дай­тын тәртіпті заңға енгізбекші. Осыны құптай­сыз ба? Жалпы, бізге 12 жылдық мектеп керек пе?
– Білім беру үдерісіндегі барлық реформа әуелі ғылыми жағынан дәлелденіп, не­гізделіп, содан кейін ғана мақұлдануы тиіс. Физиолог ғалымдар және гигиена мамандарының айтуынша, 7 жас­тағы балаға қарағанда 6 жастағы бала­ның елеулі айырмашылығы бар. Ағзаның қар­қын­ды дамуы 6 жасар баланы әртүрлі жағымсыз құбы­лыс­тарға тым күйреуік етеді. Соның әсе­рінен ағзада әр­түрлі аурулардың қаупін ұлғай­татын өзгерістер пайда болады. Сондықтан 6 жасар балалардың оқу-тәрбие үдерісін ұйымдас­тыру­дың өзіндік ерек­шеліктері бар. Мұндай фактор­лардың барлығын ескеріп, есептеген дұ­рыс. Қолымызда әлі ке­шенді дәрігерлік-сани­тар­лық, құқықтық, эконо­ми­калық сараптама болмай тұрып, заңнамаға өзгеріс енгізуге болмайды.
Ең бастысы – реформа кезекті науқаншыл­дыққа ұласпауы қажет. «Реформа» деген сөздің өзі қоғамда енжарлық пен сенімсіздік туғызады. Білім беру саласындағы бірде-бір реформа со­ңына дейін жүргізілген жоқ. Ойсыз, тиім­сіз жұмсалған қаражат үшін ешкім жауапкершілікке тартылған жоқ. «Ұсыныс» – латын сөзі, жағымды пікір, кеңес деген мағынаны білдіреді. Парламент депутаттарының ұсыныстарын Үкімет латын үлгісінде түсінеді. Ал біздің жағдайымыздан бейхабар және біз туралы көбірек білгісі келетін әртүрлі халықаралық ұйымдардың ұсыныстарын міндеттеме, қайтсе де орындауға тиісті нұсқау ретінде қабылдайды. Әрине, неге бұлай екені – бізге жұмбақ... Қазіргі таңда дамыған елдерде Болонья конвенциясының талаптарына деген көзқарас біркелкі емес. Себебі әлемдегі үрдістер жылдам өзгеруде: бұрынғы үздік деп саналған тәжірибе бүгін жұмыс істемейді. Халықтың қартаюы және жұмыс күшінің жетіспеуі көптеген елдерді орта білім төңірегіндегі ахуалға жаңа көз­қарас­пен қарауға мәжбүрлеуде. Орта мектептегі оқу мерзімін қысқарту мүмкіндігі туралы әң­гімені де естіп жүрміз. Өкініштісі сол, біз маңызын жоғалтқан нәрселерді дәріптеуден әлі арылмай келеміз. Сондықтан, менің ойымша, бұл мәселеде асығыстық жасаудың керегі жоқ. Бізде 11 жылдыққа қатысты барлық мәселе әлі ше­шіл­ген жоқ. Білікті педагог-мамандардың, оқушы орындарының тапшылығы жойылмай келеді. Мектептерді материалдық-техникалық жағынан жабдықтау, білім беру сапасы да әлі сын көтер­мейді. Мысалы, оқушыларымыздың 40 пайызға жуығы бүгінге дейін шағын құрамдағы мектептерде оқып, «символды» түрде білім алуда. Мекте­біміздің көпшілігі әлі күнге дейін ғаламторға және электрондық білім алуға қол жеткізе алмай келеді. Құзырлы министрлік мұн­дай мәселелерді дер кезінде шешуі тиіс.
12 жылдықты енгізу – мектептерде мұғалім мен оқушы орындарын көбейту, қосымша бағ­дарламалар мен оқу-әдістемелік әдебиеттерді дайындау және тағы басқа амалдар деген сөз. Мұндай әрекет қо­сымша шығынға және тым көмескі нәти­жеге алып барады. Қазір әлемде дағдарыс, эконо­ми­калық мәселелер, мұнай баға­сының төмендеуі және шығындарды қыс­қарту мүмкін­діктері жөнінде көп әңгіме айтылуда. Осыған қара­мастан, біз өз азаматтарымыздың білім алуы мен денсаулығын жақсартуға ақша үнемдеуге болмайтынына әбден көз жеткіздік. Бірақ бұл осы жағдайды теріс пайдаланып, халықтың ақ­шасын оңды-солды шашу керек деген сөз емес.
– «Жас қазақ» газеті мен ARDA жур­налы­ның оқырмандарына қандай тілек айтасыз?
– Сіздердің шығармашылық ұжымдарыңызға тілерім, басылымдарыңыздың таралымы мил­лиондарға жетсін! Егер Сіздер аса қызықты, маз­мұнды материалдар жариялап, қоғамды толған­дырған ең өткір мәселелерді қозғай білсеңіздер, онда ойлаған мақсаттарыңызға жетесіздер. Ол үшін тек ақпарат таратып қана қоймай, сонымен бірге оқырмандарыңызды жаңа білім нәрімен сусындатып, ойлануға жетелеуіңіз керек. Менің­ше, бұған керекті барлық алғышарттар бар. Іс­теріңізге сәттілік тілеймін!
– Ашық әңгімеңізге рахмет. Ел игілігі жо­лындағы еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана

 

Поиск



www.akorda.kz
www.government.kz
www.religions-congress.org
http://adilet.minjust.kz/