СУЛТАНОВ
Қуаныш
Султанулы

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности

Обращение к депутату
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЙРАТКЕРЛІК ЕҢБЕГІ

Қуаныш СҰЛТАНОВ

ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты


Қазақстанның халық жазушысы,

Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және

қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың

80 жылдығына арналған конференциядағы сөзі





ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЙРАТКЕРЛІК ЕҢБЕГІ


Құрметті әлеумет !

Кекілбаев кеңістігінде оның дарынды көркем шығармашылығымен қатар талғамы терең философиялық ойшылдығы өрістейтін  мемлекетшіл қайраткерлігінің алатын орнының ерекшелігіне кеше ҚР Президенті Қасым—Жомарт Кемелұлы Тоқаев жоғары баға берді.

Өткен ғасырдың  60-шы жылдарында Әбіш Кекілбаев жиырмадан жаңа асқан кезінде-ақ  әлемдік классикалық әдебиет жауһарларын жан-жақты талдап, сараптаған мақалалары арқылы  қоғам дамуының  қайшылықты қатпарларының қыр-сырына  білімділікпен бойлап, төл әдебиет, қазақ қоғамының түйткіл мәселелерін  көтеріп,  қозғау сала алды.

Кекілбаев қаламынан төгіліп, мерзімді баспасөзде  жария көрген әдеби сын сараптамалық мақалалар, орынды ой, салиқалы сөз қоғам назарын өзіне аударып, өскелең ұрпақтың  санасына сәуле түсірді. Әбекеңнің білімді, даналық дүниетанымы тек жазушылық шеңберімен шектелген жоқ.  Оның толғақты ойы, орнықты сөзі, парасатты пайымы қай кезде де қоғам сұранысына  ие.

Әбекең заманында  жаңадан бой көтеріп, көріне бастаған ұлттық киностудияға көркемдік жетекші, мәдениет министрлігінің  басшы қызметіне, ескерткіштерді қорғау қоғамының, Жазушылар Одағының басшылығына, республикалық Бас газеттің Бас редакторлығына,  Орталық партия комитеті Мәдениет Бөлімінің әдебиет  секторы  меңгерушілігі сияқты  жауапты, лауазымды мемлекеттік-партиялық қызметтерге шақырылып, өзінің туа бітті талантымен өрілген сөз өнерімен халыққа, қоғамға қызмет ету азаматтық қайраткерлік еңбегін де  қатар жүргізген сирек  суреткерлердің бірі. Ол билік пен руханият әлемінің өзара  түсіністік ауанын қалыптастыруда  мол еңбек сіңірді.

Әбіш Кекілбаевтың, әсіресе,біздің  мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария етіп, жаңа дәуірде  жаңа кейіп, жаңа құрылым сипатындағы мемлекетіміздің қалыптасып,  дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі болуын  бабалардың  асыл арманы, бүгінгі ұлттың өлшеусіз бақыты, тағдырдың  сыйы екендігін  бұқара санасына жеткізе айтуы кез келген пенденің қолынан келе бермейтін қиян қайраттық. Ол туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  Әбекеңнің 70 жасында Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын тапсырып тұрып айтқан жүрекжарды сөзі халықтың жадында.

Әбекеңмен іні-дос, әріптес, кей жағдайларда сырлас болып жүрген қайталанбас қымбат сағаттардан қимас естеліктер. Біз тәуелсіздікке дейінгі он жылға жуық кезеңде сол кездегі билік партиясының Орталық Комитетінде Мәдениет Бөлімі деген  құрылымда бірге қызметтес болдық. Әбекең көркем әдебиет секторын басқарды. Бізбен бірге қазақтың белгілі, беделді жазушылары, өнер қайраткерлері – Төлен Әбдіков, Марал Сқақбаев, Әшірбек Сығай, Сұлтан Оразалин, Илья Шухов, Николай  Тарадайка, Қазақстан Компартиясы  Орталық Комитетінің  Мәдениет Бөлімінің ұжымын құрадық. СОКП мен Кеңес Одағының цензуралы заманында ұлт зиялыларымен тығыз қарым-қатынас қалыптастырып, өнер адамдарының талантына қамқорлық жасап, халыққа танылуына Әбекеңдей тұлғалар мол еңбек сіңірді.

Суреткер, көркемсөз шебері Әбіш Кекілбаевтың мемлекеттік әрі мемлекетшіл  дарыны елімізТәуелсіздік теңдігіне қол жеткізгеннен кейін жарқырап ашылды.

Кезінде, 1990 жылғы Жоғарғы Кеңес депутаттары сайлауында  республикамыздың бірінші  басшылығына жаңа келген Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен ұлт зиялыларының  ірі  тобы – сол жолы республика депутаттары болып  сайланды. Олардың бел ортасында Әбіш Кекілбаев болды.

Жоғарғы Кеңес депутаттарының тарих алдындағы  атқарған қызметтерінің бастауында 1991 жылы желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң еді.

Ол заң жобасын жасақтап, депутаттар талқысына ұсыну үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Төрағалығымен  арнайы комиссия құрамына билік өкілдері республикаға есімдері әйгілі, ел арасында еңбектерімен танылған жоғары беделге ие болған ғалымдар, әдебиет, өнер, қоғам қайраткерлері, заңгерлер қатарында Әбіш Кекілбаевтың сөзі де, даусы да ерекше салмақты болды.

Әбіш Кекілбаевтың тарихи деректілік пен  шежірелікке толы, дәйекті  дәлелі қаққан қазықтай, құйған қорғасындай шешендік сөздері, қомданған тұлғасы, қобырап бұйраланған бурыл шашы көз алдымызда, бүгінгідей жадымызда. «Біз кімнен тәуелсіздік жарияламақпыз? Мүмкін бүкілхалықтық референдум  өткізгеніміз дұрыс болар», - деген кейбіреулердің мүләйім жымысқысына Әбекең, тағы басқа тұғырлы тұлғаларымыз бұлтартпастай жауап беріп еді сол сын сағатында.

Әбекең мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жариялану барысында да, одан кейінгі ең жауапты кезең – мемлекеттік институттарды жасақтап, өркениетті конституция негізінде тәуелсіздігімізді баянды етіп, дүниежүзілік қоғамдастыққа терезесі тең мемлекет болу жұмыстарының бәрінде Тұңғыш Президенттің жанында ең сенімді серіктерінің бірі бола білді.

 Әбіш Кекілбайұлы Тұңғыш Президенттің мемлекет құрылысы толассыз жұмысында көп жағдайда ақылдасар сенімді сырласы, әріптесі болғаны белгілі. Еліміздің 1995 жылғы Конституциясына сәйкес енгізілген ең алғашқы Мемлекеттік хатшы қызметін алты жыл абыроймен атқарды. Бірге жүріп, жас елдің жаңа рухани бостандыққа, еркіндікке,  тәркіленген ұлттық тарих рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, тірілтуге, ұлттың бірлігіне жұмылдық. Әсіресе осы бағытта ғасырға, ұзақ жылдарға созылған  бұрынғы саяси жүйеге  тәуелділіктің  зардаптарын еңсеру оңайға түспеді. Қалай болғанда да қоғамның түсіністігін, реформаларды жүзеге асыру үшін елдің тыныштығын қамтамасыз ету бағытында Әбекең орасан мол жұмыс жүргізген ерекше тұлға. 

Әбекең өмірінің көп жылдарын елімізде парламентаризм институтын қалыптастыруға жұмсады. Ол бұрынғы Жоғарғы Кеңестің төрағасы, Комитет Төрағасы, жаңа Парламентте Комитет төрағасы, депутат лауазымдарының қай қайсысында да аса жоғары  мемлекеттік жауапкершілікпен, әрине  терең әрі жан-жақты білімдарлықпен, жанашырлықпен қызмет етіп,  мемлекеттік қызметкер қандай   болу керектігінің үлгісін, моделін қалыптастырумен бірге заң шығарушы билік тармағының беделін көтеріп,  мол мұра қалдырды.

Әбекеңнің жүйелі сөз, орынды ұсыныс, пікіріне құлақ аспайтын депутаттар, басқа лауазым иелері болмайтын.

Әбіш Кекілбаев бүкіл өмірін ұлтының ұлы мүддесіне арнады.

Қорыта айтқанда, заңғар жазушы, телегей ойшыл, ғажайып суреткер, дүлдүл көсемсөз шебері Әбіш Кекілбаевтың мемлекеттік қайраткерлік еңбегі әлі зерттеле қоймаған, болашақта зерттелетін үлкен әлем.

Назарларыңызға рахмет!