18.04.2019

Мәжілісте агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыру мәселелері талқыланды


Мәжіліс үйі, 18 сәуір. Бүгін Мәжілісте Палата төрағасының орынбасары Владимир Божконың қатысуымен Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Берік Оспановтың жетекшілігінде «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттырудағы проблемалық мәселелер» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті.

Тақырып бойынша Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов баяндап берді.

Талқылау барысында, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру жөніндегі міндеттер қолданыстағы бағдарламалар бойынша несиелендіру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік субъектілерді одан әрі қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктерді, кредиттік серіктестіктерді, микрокредиттік ұйымдар мен лизингілік компанияларды қаржыландыру есебінен шешіліп отырғаны туралы айтылды.

Қосымша баяндамамен Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі Сергей Звольский сөз сөйледі. Депутат күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда:

1) ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін өтімді қамтамасыз ету базасының болмауы;

2) несиелер мен лизинг бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер;

3) ауылшаруашылық өнімдері үшін кепілді нарықтардың болмауы;

4) табысты жобалардың саны аздығы, кәсіпкерлік белсенділіктің төмендігі;

5) ашық емес және кейде дұрыс емес қаржылық есептілік;

6) астықтың құлдырауына және жануарлардың жаппай ауруларына байланысты жоғары тәуекелдер.

Депутаттар, сондай-ақ, ликвидті кепілдіктің және айналым капиталының тым аздығы, ауыл шаруашылық өндірісінің жоғары тәуекелдері және климаттық жағдайларға тәуелділігі, өтелу кезеңдерінің ұзақтығы және ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобалардың төмен кірістілігі, қарыздар мен лизинг бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер мәселелерін де атап кетті.

Іс-шара жұмысына Мәжіліс депутаттарымен қатар Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерінің, Ұлттық Банк, Жамбыл облысы әкімдігі, «Қазагро» Холдингі», «Ақпараттық-есептеу орталығы» акционерлік қоғамдары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, агроөнеркәсіптік кешендегі несие серіктестігі қауымдастығы, «Германия-Қазақстан аграрлы-саяси диалог» Жобасы, сондай-ақ Қазақстан қаржыгерлері және шағын қаржы ұйымдары қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға тиісті ұсыныстар жіберілетін болады.

(Мөлдір Мұса – 74-63-04. Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген – Сайлау Майлыбаев).



Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.