Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
18.03.2020

Мәжіліс бірқатар маңызды заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады


 

Нұр-Сұлтан. 18-наурыз. Мәжіліс үйі. Нұрлан Нығматулин төрағалық еткен Мәжілістің жалпы отрысы бүгін тек қана онлайн режимде өтті.

Осы күні Мәжіліс цифрлық технологияларды реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы, ең алдымен, цифрлық технологияларды дамытуға, сондай-ақ, оларды қолданумен байланысты қатынастарды реттеуге бағытталған.   Мемлекет басшысы Цифрландыру жөніндегі отырыста барлық құжат айналымын электрондық форматқа көшіру туралы тапсырма берді. Бұл мәселені шешу тәсілдерінің бірі Цифрлық құжаттар сервисін енгізу. Аталған сервис «Мобильді үкімет» қосымшасында көрсетіледі. Яғни азаматтарға қағаз түріндегі құжатты ұсынбай-ақ қызмет алуға мүмкіндік береді.Осыған байланысты Цифрлық құжаттар сервисін заңнамалық түрде айқындау ұсынылады.

Заң жобасымен «Үлкен деректерді» талдау тетігін реттеу ұсынылады. Ол «Smart Data Ukimet» жобасы негізінде экономикалық көрсеткіштерді талдау арқылы тиімді үкіметтік шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, цифрлық технологияларды енгізу азаматтардың дербес деректерін қорғауды талап етеді.  Осыған байланысты дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органды анықтау ұсынылған.

Одан басқа, осы саладағы жаңа сақтандыру түрі ретінде «Ерікті киберсақтандыру» қызметі енгізіледі.

Отандық IT-компанияларды дамыту үшін мемлекеттік органдар кәсіпкерлікпен айналыспауы қажет. Осыған орай цифрлық жобаларды құру мен дамытудағы квазимемлекеттік сектор функцияларын алып тастау ұсынылған. Сонымен қатар заң жобасында «Зияткерлік робот» ұғымын заңнамалық айқындау және робот иесінің жауапкершілігін бекіту көзделеді.

Сонымен бірге, пилотсыз аппараттардың ұшуын авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен келісу қарастырылған. Сондай-ақ, олар күзетілетін объектілер үстінен ұшқан кезде құқық қорғау органдарының әрекет ету нормалары ұсынылады.

Заң жобасында жедел төлемдер жүйесін енгізу бойынша нормалар реттелген. Жүйені құру халыққа, шағын бизнеске кез келген уақытта тез және ыңғайлы ақша аударуға мүмкіндік береді.

Қорыта келгенде, заң жобасында көзделген бағыттарды іске асыру мемлекеттік басқарудың ашық жүйесін құруға, сондай-ақ «Үлкен деректерді» талдау негізінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді болжауға ықпал етеді.

Бұл шаралар, өз кезегінде, цифрлық технологиялар саласында бәсекелесуге, дербес деректерді қорғауды күшейтуге, сондай-ақ халықпен тиімді кері байланыс құруға мүмкіндік береді.

Жалпы отырыста бірінші оқылымда депутаттар қолдауына ие болған заң жобасының бірі - тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері қатысты болды. Үкімет тарапынан әзірленген тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасы біріншіден үш сатылы шағым қарау жүйесін енгізуді көздейді. 

Бірінші саты – сатушының шағымды өз еркімен шешуін немесе дауды сотқа дейін реттеуді қарастырады.

Аталған институтты құрудың негізгі мақсаты бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, моральдық және материалдық залалды қысқа уақытта аз шығынмен өтеу, «қазір және осында» принципі бойынша іске асыру болып табылады. Бұл ретте тұтынушының қалауымен дау сотқа дейін реттеу шеңберінде шешілетін болады.

Екінші саты – шағымды уәкілетті орган аясында қарастыру. Әлеуметтік зерттеудің нәтижесінде, халықтың 64 проценті адал емес кәсіпкерлердің жауапқа тартылмауы салдарынан өз құқықтарын қорғамайтыны анықталды. Осыған байланысты уәкілетті органға әкімшілік шараларды қолданатын мемлекеттік бақылау құзыреті беріліп отыр.

Үшінші саты – сотқа шағым беруді көздейді, бұл ерекше даулы жағдайларда ғана қолданылады.

Заңнамалық өзгерістердің екінші блогы – «бір терезе» қағидаты бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құруға бағытталады. Барлық «тұтынушылар қорғаушыларын» аталған ақпараттық жүйеге шоғырландыру – шағымдарды беру рәсімдерін оңтайландырып, оларды қарау сапасының мониторингін жасауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар объективті статистиканы қалыптастыра отырып, аналитикалық есептілік жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.

Үшінші блогы – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау деуге болады.

Атап айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қолданысы кеңейтіледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына өз құқықтарын қорғауға тегін өкілдік қызметтер көрсету үшін қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс беріледі.

Сондай-ақ, бүгін әріптестік туралы негіздемелік келісімді (2014 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасын экономикалық әртараптандыру және оның орнықты дамуына, жалпы өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісім ратификацияланып,  жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелеріне түзетулерге қатысты Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Ал, жаңадан жұмысқа қабылданған құжаттар қатарында «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу, парламенттік оппозиция, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы, тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту,  халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап   отыру   мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобалары бар.  

Онлайн режимде өткен жалпы отырыстың соңында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин карантинге байланысты Мәжіліс жұмысы жаңа форматқа көшетінін мәлімдеді. 

«Елімізде қалыптасқан төтенше жағдайға және  қаламызда карантин жариялауға байланысты Мәжілістің де жұмыс режимі өзгеретін  болады.  Ертеңнен бастап,  Мәжіліс жұмысының басым   бөлігі басқа  форматқа  көшеді. Бұл  әрбір азаматтың  қауіпсіздігін  сақтау үшін жасалып жатқан шаралар. Оған бәріміз түсіністікпен   және жоғары жауапкершілікпен қарауымыз қажет,-деді Н. Нығматулин.

Жалпы отырыстар, комитеттер мен заң жобалары бойынша жұмыс топтарының отырыстары кезінде ғана депутаттар Мәжіліс ғимаратында болады.

Мәжіліс Спикері атап өткендей, басқа күндері телекоммуникацияның заманауи түрлерін пайдалану арқылы қашықтықтан жұмыс істейді.

Заң жобасына қатысы бар тараптардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін заманауи интернет-технологияны пайдалана отырып, қашықтықтан жұмыс істеу әдісі енгізіледі. Мүдделі мемлекеттік органдардың, паралменттік емес саяси партиялардың, сараптамалық қауымдастықтың ұсыныс-пірілерін жинап, позицияларды келісу бойынша жұмыстар бейнеконференция, скайп, селекторлық жиналыс басқа да коммуникация түрлерін қолдану арқылы жүзеге асырылады. 

Заңдарды жобалық бақылау бойынша жұмыс топтарының отырыстары олардың мүшелері мен әзірлеуші орган өкілдерінің ғана қатысуымен өтеді.

Мәжіліс Спикері негізгі жұмыс топтары, жалпы отырыстар және бейінді комитеттер жиындары бұрынғыдай онлайн-режимде Мәжіліс сайты (www.parlam.kz) арқылы таратылатынын айтты.

Парламенттік тыңдаулар мен үкіметтік сағаттар кейінге шегеріледі.

Мәжіліс ғимаратында жиналыстар, жұмыс кездесулер, азаматтарды қабылдау өткізуге шектеу қойылады.

 Депутаттар мен Аппарат қызметкерлері үшін іссапарлар, басқа да қызметтік және жеке сапарларға тыйым салынады.

Сонымен қатар, Мәжіліс Аппараты қызметкерлерінің 70% пайызы жалақсысы сақтала отырып, қашықтан жұмыс істеу форматына көшіріледі. Қалған бөлігі қысқартылған жұмыс уақыты бойынша қызмет атқарады.

Жаңа жұмыс тәртібін алға тарта отырып, Мәжіліс Төрағасы заң шығару жұмысының қарқыны мен сапасын төмендетпеуге айрқыша назар аударды.      

 

***

Бүгін Мәжіліс Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Қаулы қабылдады.

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.