27.05.2020

Мәжіліс өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 27 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті.

Онда өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлданды.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, бұл заң жобасы, ең алдымен, әлеуметтік объектілерде мемлекеттік бақылауды күшейтіп, жұмысшылардың қауіпсіздігін арттырады.

Құжатты талқылау барысында депутаттар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы авариялық-құтқару жұмыстарына дайындық және бақылау мәселелеріне ерекше назар аударып, аттестаттау мен мемлекеттік бақылауды енгізуді ұсынды.

Атап айтқанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін авариялық-құтқару қызметтерінің аттестацияланбайтыны назарға алынды. Осы тұрғыда Мәжіліс Төрағасы:

Шынын айтқанда, өмірге қауіпті өндірістік орындарда аттестаттан өтпеген құтқарушылар жұмыс жасауы мүмкін. Оған жол беруге болмайды, - деді.

Нұрлан Нығматулин қауіпті өндірістік объектілерде (тау-кен металлургия, мұнай-газ кешенінің кәсіпорындары, экономиканың басқа салаларындағы кәсіпорындар) аттестацияланбаған апаттық-құтқару қызметтері қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқанына тоқталды.

Сонымен қатар, осы заң жобасын қабылдағаннан кейін апат салдарынан жарақат алу мен зиян келтіру ықтималдығын төмендету қажеттігіне назар аударды.

Ол үшін авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері тиісті дайындықтан өтіп және аттестациялануы керек, - деді Мәжіліс Төрағасы.

Заң жобасын талқылау барысында, әлеуметтік инфрақұрылым объектілері - қазандықтарға, лифтілерге, эскалаторларға да ерекше мән берілді.

Нұрлан Нығматулин әкімдіктермен бірге тұрғын үй инспекциясын құрып, мемлекеттік инспекторлардың ресми мәртебесін заң талаптарына сәйкес келтіріп, біліктілік, жұмыс жүктемесі және тағы басқа мәселелерді шешу қажеттілігіне тоқталды.

Жалпы заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге, бизнеске әкімшілік қысымды азайтуға, қауіпті объектілерде мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс жүргізу құқығына аттестатталған және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдардың қызметін реттеуге, сондай-ақ қолданыстағы заңнамадағы заңнамалық олқылықтар мен коллизияларды жоюға бағытталған.

Жалпы отырыста Палата халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Бұл құжат жобасында Үкіметке халықаралық тасымалдарды қадағалап отыру жүйесінің ұлттық операторын айқындау бойынша құзыреттілік беру; халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) пайдалану бөлігінде тасымалдаушыларға қойылатын талаптарды белгілеу; электрондық сәйкестендіргіштерді қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін әкімшілік жауаптылықты енгізу көзделеді.

Сонымен қатар заң жобасында электрондық сәйкестендіргіштерді пайдалану тәртібін салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның бекітуі ұсынылады.

Жалпы отырыста депутаттар ойын бизнесіне қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Жұмыс тобының заң жобасымен жұмыс істеуі барысында депутаттар:

- жаңа ойын аймақтарын ашу туралы нормаларды алып тастауға;

- букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды (букмекерлік кеңселердің және тотализаторлардың кассаларын) қазір жұмыс істеп тұрған екі ойын аймағы аумақтарында (Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында) орналастыруға;

- жақын туыстарының өтініші бойынша соттың құмар ойындарды және бәс тігуді теріс пайдаланатын адамдарды әрекет қабілеті шектеулі деп тануына;

- оқиғаны тікелей трансляциялаудан басқа, оны бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы және жабдықты пайдалану және кез келген визуализациялау арқылы генерацияланатын оқиғаларға бәс тігуді ұйымдастыруға және жүргізуге тыйым салуға;

- сот актісі негізінде республика аумағында қызметі заңсыз деп танылған ойын бизнесін шетелдік ұйымдастырушылардың пайдасына төлемдерді жүзеге асыру бойынша қызметтер көрсетуге тыйым салуға бағытталған түзетулер енгізді.

Бүгінгі отырыста Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олардың қатарында адвокаттық қызмет және заң көмегі, сонымен қатар жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, сонымен қатар мемлекеттік шекара және инклюзивті білім беру мәселелеріне қатысты заң жобалары бар.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар А.Жамалов, М.Қазбекова, Б.Дүйсенбинов, А.Қоңыров, Е. Барлыбаев.

(74-63-01, Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.