03.06.2020

Мәжіліс бірқатар депутаттық заң жобаларын мақұлдады


 

Нұр-Сұлтан, 3 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар өздері бастамашы болған бірқатар заң жобаларын мақұлдады.

Атап айтқанда, депутаттар ауылды сапалы Интернетпен қамтамасыз ету туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында елді мекендерді ұялы байланыспен қамтып, желінің сапасын арттыру үшін байланыс операторларына телекоммуникациялық инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану ұсынылады.

Осы жөнінде Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:

Еліміздің цифрлық даму жолында Интернет мәселесінің басты назарда екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Әсіресе, ауылды жерлерді сапалы Интернетпен қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты талабы. Себебі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық Кеңес отырысында білім және денсаулық салаларын заманға сай реформалау туралы айтқан болатын. Осы жолда, әрине, цифрлық және электрондық қызметтердің қажеттілігі өте маңызды, - деді.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, осы заң жобасы ауыл тұрғындарын сапалы және қолжетімді Интернетпен қамтамасыз етуге жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Жалпы бұл құжат ауылдық елді мекендерді  Интернетке кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. 

Сонымен қатар, байланыс объектілерін салу кезінде жер учаскелерін ресімдеу бойынша рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға және байланыс операторларының барлығына телекоммуникациялық инфрақұрылымға тең қол жеткізу мүмкіндігін беруге бағытталған.

Бүгінгі отырыста Мәжіліс ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжат бойынша Нұрлан Нығматулин бұл заң жобасы жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қайтаруды жеңілдететінін атап өтті.

Негізгі мақсаты – бұрын туризм объектілері мен ерекше стратегиялық маңызы бар құрылысжайларды (су шаруашылығы құрылысжайлары, Мемлекеттік шекара объектілері, қорғаныс мұқтажы) салу және олардың жұмыс істеуі үшін шығарылған және мақсаты бойынша пайдаланылмаған босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріне ауыстыру тәртібін оңайлату.

Депутаттар жалпы отырыста шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы банктерге қарыз валютасын ауыстыру кезінде шетел валютасындағы ипотекалық қарыз бойынша қарыз алушының ақшалай міндеттемесін азайту түріндегі жақсартушы шартты біржақты тәртіппен қолдану құқығын беру, сондай-ақ құқыққа қарсы операцияларды жүзеге асыру үшін банктік емес төлем ұйымдарының сервистерін пайдалану мүмкіндігін болғызбау мақсатында әзірленді.

Құжаттың негізгі мақсаты – валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету және болашақта валюталық тәуекелді болғызбау, сондай-ақ банктік емес қаржы ұйымдары мен төлем жүйелерінің қызметін реттеуді жетілдіру болып табылады.

Атап айтқанда, заң жобасында электрондық ақшаны жасырын пайдаланушылар арасында және жасырын электрондық әмияндардың пайдасына жасалатын аударуларға тыйым салынады, сондай-ақ төлем жүйелерінің операторлары үшін өздерінің ішкі құжаттарында қылмыстық жолмен алынған кірістерді алаяқтық пен заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды болғызбау жөніндегі рәсімдерді көздеу міндеті енгізіледі.

Палатаның бүгінгі отырысында аудиторлық қызмет мәселелеріне қатысты заң жобасы мақұлданды.

Заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында жекелеген нормаларды жетілдіру мақсатында бірқатар түзетулер қабылданды. Атап айтқанда, міндетті аудиттеуге жататын, жылдық орташа кірісі айлық есептік көрсеткіштің бір жарым миллион еселенген мөлшерінен асатын ұйымдардың тізбесінен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді алып тастау, кәсіби кеңес басқармасының кәсіби кеңес қызметі туралы жылдық есептілікті бекіту және тағы басқалар.

Сонымен қатар, жалпы отырыста бизнес-ахуалды жақсарту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды.

Бүгінгі отырыста Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар қарыздық еңбекті реттеу мәселелеріне қатысты және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобалары. Осылардың қатарында «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» және ветеринария мәселелері туралы заң жобалары бар. Сондай-ақ, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Н.Дулатбеков, С. Қаныбеков, А. Қожахметов, Б. Дүйсенбинов, Ж. Ахметбеков, А.Платонов

 

(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 

 

 

 

 


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.