Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
23.02.2024

Мәжіліс ғылымды дамытуға бағытталған заң жобасын қарайды


Астана, 23 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Талқылауға депутаттар әзірлеген ғылым мәселелері бойынша заң жобасын қарау ұсынылады. Құжатта жергілікті атқарушы органдардың ғылым саласындағы өкілеттіктерін кеңейту, әлеуметтік кепілдіктерді ұлғайту және педагогтар мен ғылыми қызметкерлер үшін қосымша төлемдер беру көзделеді.

Екінші оқылымда мәжілісмендер байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері туралы заң жобасын қарайды. Депутаттар бастамашы болған бұл заң жобасы телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, қалалар мен елді мекендердегі байланыстың қолжетімділігін қамтамасыз етуге және сапасын жақсартуға бағытталған.

Алдағы жалпы отырыста Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімдерге, зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері бойынша, сондай-ақ Өзбекстанмен одақтастық қатынастар туралы шарттарға қатысты ратификациялық заң жобаларын талқылау ұсынылады.

Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру, сондай-ақ туристік саланы қолдау мәселелері бойынша жаңа заң жобаларын жұмысқа алатын болады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Сурет түсірген – Ж.Жұмабеков

 


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.