Дементьева
Наталья
Григорьевна

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Маңызды

2025 жылғы 30 мамыр                                                                   Астана қаласы

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі  Н.Дементьева Қазақстанда инклюзивті саясатты жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Ерекше қажеттілігі бар адамдардың тұрмысын жақсарту – партияның сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. «AMANAT» партиясы бұл бағытта барлық деңгейде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. «AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңес отырысында Инклюзивті саясат тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Кеңес төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Н.Дементьева бірінші кезекте қолжетімді, жайлы әрі шынайы инклюзивті әлеуметтік орта құрып, ерекше қажеттілігі бар балалар мен ересектердің тұрмысын жақсарту қажет екенін атап өтті. Инклюзия саласындағы мамандарды даярлауға, мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасында көзделгендей, оңалтудың техникалық құрал-жабдықтар паркін құруға және дамытуға ерекше назар аудару керек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А.Ертаев бүгінге дейін жүзеге асырылған негізгі бастамалар туралы ақпарат берді. Солардың қатарында – оңалту мекемелерінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу, өндірісте зардап шеккен адамдардың әлеуметтік кепілдіктерін қайта қарау, БҰҰ Конвенциясына сәйкес, мүгедектердің құқығы туралы терминологияны жаңарту жұмыстары атқарылды. Инватакси қызметін реттеу жұмысына түзетулер енгізілуде. Мысалы, инватакси ақысын әлеуметтік қызметтер порталы арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қалалық ортаның қолжетімділігін бағалау жұмысының жаңа тәсілдері әзірленуде. Болашақта мұндай бағалау қызметін тәуелсіз сараптамалық ұйымдарға беру жоспарланып отыр. Бұл қадам бағалау жұмысының шынайылығы мен сапасын арттыруға тиіс. Сонымен қатар арнайы әлеуметтік қызметтер стандарты жаңартылып, медицина, білім беру, мәдениет және спорт салаларын қамтитын «Социум» цифрлық жүйесі енгізілуде. Сонымен қатар жұмыс орындарын квоталау тәсілдері, мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуына жағдай жасамайтын жұмыс берушілерге өтемақы жарналарын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұған қоса, осы саладағы квазимемлекеттік сектор мен жүйе құраушы кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Сондай-ақ кеңесте курортта емделу қолжетімсіздігі, маусымдық шектеулер мен білікті мамандар жетіспеушілігі мәселелері талқыланды. Техникалық құралдарды жалға беру моделін енгізу туралы да сөз қозғалды. Бұл қадам оның сенімділігін арттыруға және уақтылы ауыстыру жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Н.Дементьева проблемаларды шешу үшін кешенді тәсіл керек, бір ведомствоның емес, барлық министрліктің қатысуы, сондай-ақ азаматтық қоғамның белсенді атсалысуы қажет, - деді. Жиын қорытындылары бойынша талқыланған тақырып аясында жұмысты жетілдіру үшін ұсынымдар әзірленеді.