«Алтын орда» газеті
2010 жылғы 6 қаңтар
Мәжіліс депутаты Мұрат ӘБЕНОВ:
«ҰТАРЫ КӨП ҰМТЫЛЫСТАН ҮРІКПЕЙІК»
Барыс жылы төрге шықты. Бұл жылдың күнтізбесін еліміз батыл қадамдармен ашып отыр. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновпен бүгінгі әңгіме – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ-ге) төрағалық етуі, Кеден одағына кіруі хақында.
– Мұрат Әбдуламитұлы, ЕҚЫҰ-ге төрағалық ететініміз туралы айтқанымызға бірнеше жыл болды. Мұның өзімізді дүиежүзі елдеріне танытудан басқа, елге экономикалық жағынан пайдасы қандай?
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ге төрағалық етуінің екі оңды жағы бар екені рас. Сіз айтып отырғандай, бірі – саяси, екіншісі – экономикалық. Осы екі жағын бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайды. Себебі, бір-бірімен тығыз байланысты. Саяси мәнін білеміз. Ал, экономикалық маңызына келсек, дүниежүзіндегі кез-келген мемлекеттің экономикасы тұрақты болуы үшін басқа елдермен тығыз экономикалық байланысы болуы керек.
Әлем мемлекеттері арасында беделің болмаса, ондай ұтымды, тиімді байланыс жасау қиын. Себебі, сенім болмаса, тауарың пұл болмайды, кәсіпкерлермен жұмыс істегісі келмейді. Сондай-ақ, технологиялар алмасу жағының да қиындықтары көп болады. Саяси тұрақсыз мемлекеттерге дамыған мемлекеттер қауіп туғызуы мүмкін, деп ең соңғы шыққан технологиясын бермейді. Мысалы, бүгін еліміз бірсыпыра тауарлар шығара бастады, дегенмен, оған ірі мемлекеттердің сұранысы болады деп айта алмаймыз. Әрине, қазақстандық шикізатқа: мұнайға, газға сұраныс бұрыннан бар және бізден оны қандай саяси жүйеміз, беделіміз болса да қарамай алады. Оған күмән жоқ. Бірақ, бұл салалар бізге қаржы түсіргені болмаса, шикізаттан тәуелді және экономикасы тұрақсыз мемлекеттердің қатарынан шығармайды. Және бұл салалар жұмыс орындарын да көбейтпейді. Ол үшін біз өзіміз өңдеп шығарған қазақстандық басқа тауарларды дүниежүзі елдерінің қабылдап, өздерінің нарық әлеміне кіргізуі халықаралық деңгейде танымал, беделді болуымыз қажет. Мәселеге осы жағынан қарағанда, төрағалық етудің экономикалық жағынан маңызы зор.
– Қазақстан Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болу үшін бірнеше жылдан бері жұмыс жүргізуде. Осы ретте бізге қойылып отырған ауыл шаруашылығы саласына қатысты талаптар мүддемізге қайшы келеді. Төрағалық етудің осы ретте ел мүддесін қорғауға септігі тие ме?
– «Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болу үшін ауыл шаруашылығына қолдау шаралары көрсетілмейді, субсидия беруге болмайды, өйткені, оған мүше басқа мемлекеттер ондай қолдау көрсетпейді екен, біз де солар сияқты мүше боламыз» деген пікірлердің бар екені рас. Бірақ, бұл – қате пікір. Себебі, ДСҰ-на мүше елдердің барлығы дерлік өздерінің ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсетіп, субсидия береді. Олар үшін ондай талаптар бар. Ал, жаңадан мүше болатындарға ондай жеңілдіктер бергісі келмейтіні рас. Мысалы, «Еуропа өздерінің тауарларына сұраныс болмай қалады» деп қауіптенгендіктен, жаңадан мүше болатын елдердің ауыл шаруашылығына субсидия беруіне қарсы. Ал, атап айтар болсақ, ең көп субсидия жасайтын мемлекеттер – сол Еуропа елдері. Ол елдер өздерін қолдап, біздің ондай қолдаудан тыс қалғанымыз пайдалы дегенмен, жаңадан мүше болғысы келетін мемлекеттердің де бұрыннан мүше елдердікіндей мүмкіндіктерге ие болғысы келетіні түсінікті ғой. ДСҰ-на мүше болу үшін келісімдердің ұзақ уақыт неге жүргізілетінін осыдан түсіне беріңіз. Демек, ДСҰ-на мүше болып кіру үшін өзіміздің ауыл шаруашылығы болсын, басқа да қолдауды қажет ететін салаларымызды қолдап кіруіміз қажет немесе кірмес бұрын бәсекелестікке дайын болып барып мүше болуымыз керек.
ДСҰ – өздерінің ішіндегі тауар өндірісін қорғау үшін жасалған ұйым. Онда бәрі тек нарық арқылы шешіледі, барлығы бірдей деп қарауға болмайды. Әрқайсысының өзіндік бір артықшылығы бар, ерекше шарттары бар. Біздің де сондай шарттарға ие болып барып, мүше болғымыз келеді. Сол себептен сегіз жыл бойы әр мемлекетпен бөлек саудаласып келеміз. Мәселен, кезінде Қырғызстан ондай шарттарды дұрыс қоймай, бүгін қиналып отырған жайы бар. Асығыстықтан ұтылып қалды. Ал, Қытай олай емес, өзінің белгілі бір талаптарын қорғап қалды.
Ал, ұйымға кіру экономика үшін қажет. Бір жағынан шектеу болғанмен, үлкен мемлекеттердің сауда алаңы ашылады. Кез-келген тауарымызды алып барып, баж салығын қоспай, сатуымызға мүмкіндік туады. Мәселен, Ресей, Белоруссиямен Кеден одағы сол үшін құрылды емес пе?..
– «Кеден одағын құрып шекеміз шылқи қояр ма екен, тізгінді Ресей кетпей ме?
– Кеден одағына кірудің ұтымды жақтары көп екені анық. Бұл – әрі 170 млн. адам құрайтын ауқымды өнім өткізу нарығы, әрі 600 млрд. доллар көлеміндегі мемлекеттердің өндірістік әлеуеті. Әсіресе, Қазақстан үшін құрылып жатқан одақтың аграрлық саласының мүмкіндігі маңызды. Тек ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 112 млрд. долларды құрайды, әлемдік бидай өндірудің 12 пайызы және бұл – өнімді экспорттаудың 17 пайызы. Дегенмен, айтып отырғанымыздай, қауіп жоқ емес, бар. «Кеден одағына кірген екенбіз, бәрі бірдей тамаша болады» деп, оны ескермеуге болмайды. Өйткені, «Кеден одағына кіру – біздің еліміз үшін қосымша табыс» десек те, кейбір салаларда бұған дейін жеткен жетістіктерімізден қол үзіп қалуымыз да әбден мүмкін. Сондықтан, біз өзіміздің мықты және әлсіз тұстарымызды ертерек саралап алғанымыз жөн, әрі қажетінше ықтималды кері әсерлерді азайту мақсатында арнайы алдын-алу шараларын жасау керек.
– Сонда айтпағыңыз не?
– Кеден одағын құру идеясының негізгісі – осы елдердің ішкі өнім өндірушілерін сыртқы бәсекелестіктен бірге қорғау. Әйтсе де, одақ ішінде әрбір мемлекет өз өндірушілеріне ғана арналған тарифтік емес қолдау жасаумен шектелмеген. Ол үшін ерекше шараларды пайдалануы мүмкін. Мысалы, өнім өндіруге деген тікелей көмек: субсидиялар, түрлі жеңілдіктер, арзан несиелер, көлік тасымалдау тарифтерінің төмендетілуі және тағысын тағылар. Немесе жанама көмек: инфрақұрылымның жасалуы, ғылымның қолдау табуы, тек өз өндірушілеріне пайдасы бар түрлі техникалық стандарттардың және лицензиялардың енгізілуі және тағы басқалар. Егер бұл шараларды Кеден одағына кірген мемлекеттер бөлек қолданатын болса, онда бұл құрылым ішінде бәсекелестіктің тең болмауы ықтимал.
– «Лайықты бәсекелестік болмаса, одаққа кірген үш елдің терезесі тең болмайды, бірі үстемдік алады» деген сөз емес пе? Біздің де көңілімізді қобалжытып отырған мәселе осы ғой.
– Осы ретте мен күріш шаруашылығының проблемаларын қозғап, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдадым.
– Неге күріш шаруашылығы?
– Өйткені, біріншіден, нақ осы ретте қазақстандық күрішшілер Кеден одағына кіру кезеңінде ресейлік әріптестерімен теңсіз бәсекелестікке тап болатындықтары жөнінде айтарлықтай қобалжуда. Екіншіден, Қызылорда облысы тұрғындарының жартысынан астамының күріш шаруашылығына қандай да бір қатысы болғандықтан, мен үшін бұл саланы қолдаудың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Сондықтан да, сауалда мәселе анық болуы үшін жан-жақты талдау жасадым. Ең алдымен, күріш өндіру саласындағы қалыптасқан жағдай туралы айтып өтейін:
2009 жылғы бидай астығының көптен болмаған молшылығы мен оны сатуда туындаған сан алуан мәселелердің салдарынан отандық күрішшілердің жеткен жетістіктері тасада қалып қойса да, қазақстандық күрішшілер осы жылғы табыстарымен мақтана алады. Көп жылдардан бері алғаш рет мемлекеттік қолдау нәтижесінде күріштің жалпы өнімі 2008 жылмен салыстырғанда 26 пайыз ұлғайып, шамамен 360 мың тоннаны құрады. Қосымша 100 мың тонна қара күріш өндірілді. «Күрішшілердің несібесіне Сырдария өзенінде су аз болады» деген болжам расқа шықпады. Соның арқасында күріш егістіктері өткен жылмен салыстырғанда 14 пайыз, яғни, 75,7 мың гектардан 86,6 мың гектарға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, күріштің түсімі де гектарынан орта есеппен 33 центнерден 43 центнерге дейін өсті.
2010 жыл тұқымына қажеттісін қоспағанда, қалған қара күрішті өңдегеннен кейін 130-140 мың тонна ақ күріш алу жоспарлануда. Мемлекетімізде тұрғындардың бір жыл ішінде күрішті пайдаланылуы шамамен 140 мың тоннаны құрайтынын ескерсек, отандық күрішшілер 2009 жылы елдегі қажеттілікті толық қамтып отыр.
– Мұрат Әбдуламитұлы, өткен сессияларда депутаттық сауал жолдап, осы мәселені көтеріп, біраз тер төгіп едіңіз. Мұндай табысты соның нәтижесі дейміз бе?
– Әділдігін айтуымыз керек. Сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед субсидия мәселесін бірінші болып республика деңгейінде жүйелі түрде көтерді. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен арнайы қаражат бөліп, Ресейден күріштің жаңа сорттарын алдырды. Көп күрішшілер күні бүгінге дейін сол кісіге ризашылығын айтып жүр.
Мен бүгін бұл саланың қарқынды дамуы тағы да бірқатар жүйелі проблемалардың бетін ашып бергенін айтар едім. Ең негізгісі – баға мәселесі. Егер өткен жылдың қазан айында ғана отандық күріштің бір келісі 140-150 теңгеден сатылса, қазіргі уақыттағы оның бағасы күрт төмендеп кетті, 100-110 теңгеден аспайды. Сәйкесінше бір тонна қара күрішке баға 40-45 мың теңгеге дейін түсіп кетті. Ал, 1 тонна қара күрішті өндіру үшін 37-40 мың теңге қаржы жұмсалады. Соның өзінде, бұл нарыққа қатысушылардың белсенділігі өте төмен. Сол себептен күрішшілер жинаған егінін сата алмай отыр. Ал, шаруа қожалықтарының көпшілігінің несие берушілер, жанар-жағар май, тұқым, тыңайтқыш берушілердің, лизингтік компаниялардың алдында міндеттері бар екені белгілі. Бұған қоса, ауыл еңбеккерлері маңдай терімен тапқан еңбек ақылары кешіктіріліп, Жаңа жылдық мерекеде көк тиынсыз қалды.
Бір қарағанда, бұл проблемалар астық нарығында орын алып отырған жағдайға ұқсас. Дегенмен, бидайды өсіруге байланысты проблемаларға қарағанда күріш шаруашылығының ерекшеліктері бар. Біріншіден, бидайға қарағанда күріш астығы толық көлемде ішкі сұранысты қанағаттандыруға арналған. Екіншіден, ол елдегі қажеттіліктен артық өндірілмеген, керісінше қосымша күріштің әртүрлі сорттарын сырттан импорттауға деген қажеттілік бар. Сонда «өндірілген күрішіміз өзімізге керек, бағасы да төмендеді, неге өтпей жатыр?» деген сұрақ туындайды?
– Иә, мұндай жағдайдың себебі не?
– Қазақстандық күріштің бәсекелестік деңгейінің төмендігі.
– Неге?
– Басты себеп өткен жылдың басынан шетел өндірушілері тарапынан қазақстандық ішкі нарыққа қысым ұлғайды. Мысалы, 2009 жылдың 8 айында елге 22,7 мың тонна күріш импорттанды, бұл көрсеткіш оның алдындағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есе артық. Және бір айтарлығы, осыдан екі жыл бұрын отандық күрішке қытай өнімі негізгі бәсекелес болса, соңғы кезде оның орнын ресейлік күріш басып отыр.
– Ресей күрішінің алға шығуының себебі не?
– Бұған, әрине, ресейлік тауар өндірушілер үшін импорттық кедендік баж салығының алынып тасталуы сияқты кедендік артықшылықтар ықпал етті. Сапасы жағынан көбінесе біздікінен тәуір ресей күрішінің орташа бағасы қазақстандық күріштен 5-10 теңгеге төмен. Ал, жеңілдіктерді пайдаланбайтын қытай күріші біздің күріштен қымбат.
– Демек, біздің күріш бәсекелестікке төтеп бере алмайды?
– Әлбетте. Зерттеп қарасақ, Ресей күрішшілерінің нарық бәсекелестігінде озуының өзіндік орны бар. Өйткені, көршілес мемлекеттің өз өндірушілерін қолдау саясатының арқасында соңғы жылдары күріш егу жоғары қарқын алды. Мысалы, оларда 2003 жылдан 2009 жылға дейін өндірілген күріштің жалпы көлемі 2,7 есе өсті. 2009 жылы күріш астығының көлемі соңғы 20 жылда болмаған рекордтық деңгейге 1 млн. тоннаға жетті. Күріштің өнімділігі бір гектарға 65-70 центнерге дейін өсіп отыр.
Мұндай табысқа жетуге дақылдың өндірісі мен өнімділігін қорғау және ынталандыру шаралары да ықпал еткен. Мысалы, көршілеріміз соңғы 3 жылда кедендік тарифтерді жоғарылату нәтижесінде сырттан келетін күріш көлемін күрт азайтты. 2009 жылдың 10 желтоқсанында Ресей үкіметі 9 ай мерзімге күрішке қатысты кедендік алымның бағамын тоннасына 70-тен 120 еуроға дейін тағы көтерді. Сонымен қатар, күріштің сапасына, әсіресе, гендік өзгеріске ұшыраған өнімге қатысты күшейген талаптар Ресейге қытай күрішін алып келуге едәуір тосқауыл болды.
Бюджет қаржысына күріш алқаптарының жарамдылығын сақтау, жаңа күріш алқаптарын іске қосу мақсатында кең көлемде мелиоративтік шаралар жүргізілуде. 2009 жылдың 4 тоқсанында Краснодар өлкесінде 17 мың гектар құрайтын 2 мелиоративтік жүйе қолданысқа енгізілмек. Мемлекет тарапынан 90 жылдары құлдыраған суландыру жүйелерін қалпына келтіруге және күріш алқаптарын суландыруға миллиондаған рубль бөлу жоспары бізге мәлім. Мұнымен қоса, күріш шаруашылығында проблемаларды кешенді түрде шешу үшін «Ресей күріші» атты федералдық бағдарлама әзірленуде.
Өкінішке орай, дәл осындай жүйелі шаралармен біз әзір мақтана алмаймыз. Бұл мысалдың өзі біздің отандық күріш өндірушілер 2010 жылғы 1 қаңтардан күшіне енген Кеден одағы жалпы ережелері іске аспай-ақ көршілердің күрішшілерімен бәсекелестікке толық дайын еместігін көрсетеді.
– Қайткенде лайықты бәсекелес бола аламыз?
– Ең алдымен бізде күріш сорттары жетіспейді. Күріштің кез-келген сорты 3-4 жылда ескіреді, сондықтан, сорттарды жаңартуды қажет етеді. Біздің елімізде тек негізінен палау мен ботқа жасайтын домалақ дәнді күріш өндіріледі. Ал, гарнирлерге жарайтын және қоғамдық тамақтандыру орындарына қажетті ұзынша дәнді күріш бізге басқа мемлекеттерден тасымалдануда. Мұндай жағдай басқа мемлекеттерде де болған. Мысалы, күріш көлемі 220 мың гектар құрайтын Италия соңғы жылдары Азия елдерін жолда қалдырып, ЕуроОдақ елдеріне ұзынша дәнді күрішті таситын негізгі экспорттаушыға айналды. «Салқын ауа райы жағдайында ұзынша дәнді күріш өспейді» деген Ресейдің өзінде осындай күріштің «Снежинка» деп аталатын сорты шығарылды. Қазақстанда ұзынша дәнді күріш сортын енгізу келешекте бізге оны Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік берер еді.
Биыл отандық өндірушілерден тыңайтқыштар алу үшін диқандарға арналған субсидиялаудың бюджеттік бағдарламасы, күрішшілердің айтуынша, оларға жеңілдік әкелген жоқ. Жалпы, осындай мәселелер неге жыл басталмай жатып шешіліп, алдын ала хабарланбайды? Мұндай субсидиялау механизмін енгізуге дейін көптеген күрішшілеріміз тыңайтқыштарды шетелдік өндірушілерден алып қойған. Себебі, келісім-шартқа отырып, алып келемін, дегенше талай уақыт қажет, ал, егін уақыты күттірмейді. Мысалы, 2008 жылы тәртіп басқаша болды, кімнен алады, қай түрінен алады, оны шаруашылықтың өзі шешті. Сонымен бірге, күріш өсіруге қажетті азоттық тыңайтқыштар – карбамид, аммоний сульфаты біздің елімізде мүлдем шығарылмайды, немесе өте аз көлемді шығарылады. Ал, жеңілдік жөнінде айтылған кезден-ақ тыңайтқыш шығаратын жергілікті зауыттар бағаны бірден көтеріп жіберді. Қажетті қаржының жартысын мемлекет төлейтінін ескерсек те, тыңайтқыштарды Ресейден сатып алу әлдеқайда арзан болды. Олардың тыңайтқыштары сапалық жағынан да біздікінен жақсы. Бұл өз қолымыздан жасаған қиындық емес пе?
Жоғарыдағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, күріш шаруашылығы саласы үлгісінде Кеден одағына кіретін елдерде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау механизмдерін біркелкілендіру бойынша қажетті шараларды қабылдау тиімді болар еді. Осындай күшті ішкі бәсекелестік пайда болуы ықтимал салаларда жалпы кедендік тарифтік реттеумен қатар бірыңғай қолдау шаралары жөнінде келісіп алу қажет. Сол себептен жедел түрде қажетті шараларды қабылдау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу үшін Үкімет басшысынан тапсырма беруін сұрадым.
– Атап айтсақ…
– Біріншіден, жедел түрде «Азық-түлік корпорациясы» АҚ арқылы тоннасына 60 мың теңгеден 30-40 мың тонна көлемінде күріштің мемлекеттік сатып алуын қарастыру. Бұл шаруашылықтарға тез арада ең болмағанда қарызын өтеп және жұмысшылардың айлық қарызынан құтылуға мүмкіндік берер еді. Көктемде баға қалыптасқаннан кейін оны қайтаруға болады.
Екіншіден, күріш шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың ресейлік секілді кешенді шараларын қабылдау.
Үшіншіден, жаңа күріш түрлерін, оның ішнде ұзынша түрдегі сорттарды әзірлеу және енгізу үшін қажетті қаржы бөлу.
Төртіншіден, субсидия беру тәртібін жыл басталмай бекітіп, барлық шаруашылықты алдын ала хабардар ету. Кеден одағына кіретін елдердің өндірушілерінен тыңайтқыштарды да алдағы уақытта сатып алуды субсидиялау мәселесін қарастыру.
– Мұрат Әбдуламитұлы, Кеден одағына кірерден бұрын жан-жақты дайындық жасалмағандықтан, күріш қана емес, басқа салаларда таяқ жейтін болармыз…
– Кеден одағына кірген үш мемлекет сырттан бірге қорғанады да, арадағы шекараларды алып тастап, бір-бірімен тікелей бәсекелестікке түседі. Бірақ, оған үшеуінің дайындығы бірдей емес. Әрқайсысының әр сала бойынша өз артықшылықтары бар. Осыған байланысты үшеуі бірдей бола алмайды дей тұра, әр мемлекет өз мүмкіндіктерін толық пайдалануы тиіс. Сондықтан, бұл жерде мемлекеттер ішіндегі тауар өндірушілерінің арасында ашық бәсекелестік болса, ол дұрыс. Алайда, бір мемлекет өз тауар өндірушілеріне артықшылықтар, мысалы, салықтан, көлік тасымалынан, несие беруден жеңілдіктер жасайды. Ал, екіншісінде ондай жеңілдіктер болмаса, онда оған тиімсіз болады. Сондықтан, ондай жеңілдіктер одаққа кіретін мемлекеттердің үшеуінде бірдей болғаны жөн. Күріш өсірушілер бойынша туындап отырған проблеманы көтеріп отырғаным да осыдан. Мұны қосымша келісім-шарттар арқылы реттеу керек. Мен осы ретте мынандай мысал келтіре кетейін:
Аттарын жарысқа қосқан екі адамның сәйгүліктерінің бабы екі түрлі дейік. Бірінің бабы келісті, екіншісінің бабы онша емес. Әрине, бабы жоқ аттың жарыста бәйге ала алмайтыны белгілі. Демек, бәйгеге ат қосу үшін оның бабын ойламаса болмайды. Бәсекелестік те сондай. Кеден одағына кірген үш елдің дайындығы бірдей болмаса, болмайды. Бүгін біздер Кеден одағына кірсек, бәсекеге қабілетті ел болу үшін де үлкен жұмыстарды жасауымызға тура келеді. Қазір тарифтер бойынша келісіміге келсек, ендігі жерде тарифтік емес келісімдерді бірге жасап, оны бірге шешуіміз қажет. Мен Үкімет басшысына осы мәселені көтеріп отырғанымды байқаған боларсыз.
– Қандай сала бойынша ұтымды позициядамыз?
– Мыс, аллюминий, бидай өндіруде ұтатын жерлеріміз жоқ емес. Өйткені, бидайымыздың Ресейдің бидайына қарағанда сапасы жоғары. Айтып отырғандай, күріш өсіруден ұтылғанмен, бидайға келгенде, бәсекеде жеңіліс таппаймыз.
Сондай-ақ, ет туралы айтсақ, Ресейдің етке сұранысы жоғары. Шамамен 3 миллион тонна ет керек. Ал, Ресейдің өзін-өзі қамтамасыз етуі үшін еттік мал өсіретін жері жоқ. Сырттан жыл сайын үлкен көлемде ет сатып алады. Басқаны айтпағанда, біздер ет өндіріп, оны Ресейге сататын болсақ, содан-ақ ұтылмаймыз. Бүгін ауылдарда малын өткізе алмай, арзан бағамен өткізіп жатса, ертең оның нарқын көтеріп, қымбат бағамен сатуына мүмкіндік туады.
– Біздің білуімізше, Қазақстанның сыртқа ет сатуына қатысты қиындықтар, кедергілер бар емес пе?
– Бар. Сол кедергілерді жою мақсатында жұмыс істеу керек, сол үшін үкімет бар, министрлік бар. Қалай дегенмен де, Кеден одағына мүше болудың зиянынан пайдасы көп. Қауіптен гөрі, ұтымды тұстары көп. ДСҰ-на мүше болудан бұрын үш мемлекеттің Кеден одағын құруы алдағы күннің салмағын жеңілдетеді. Біздің қазақ «көш жүре түзеледі» демей ме? Жасқаншақтықпен ауылынан ұзап шықпай, қалып қойған адам алыстағыны көрмейді. Ал, тәуекел етіп, шығып кеткендер басынан қиындықтар өткізіп, мұрны да қанайтын кезі болғанмен, алысқа көз салады. Әлемді таниды. Тани жүріп, өзін де танытады. Сол сияқты, Қазақстан да өзімен өзі томаға-тұйық ел болып қалатын болса, мешел бала тәрізді қала беруі мүмкін. Егер де басқа елдермен бәсекеге түссе, ысылады, үйренеді, бәсекеге қабілеттілігі күшейеді. Ал, Ресеймен бәсекеге түсу – басқа елдерге қарағанда жеңілдеу.
– Әуелден үйреніскен көрші дейсіз ғой…
– Иә, Қытаймен, Үндістанмен, Еуропа елдерімен шекарамызды бірден ашып жіберсек, олардың бәсекесіне, тегеурініне шыдау қиын. Ал, Ресейдің технологиялары біздің технологияларға ұқсас. Олардың жаңалықтарын өзімізде пайдалануымызға болады. Тілді түсінеміз. Сондай-ақ, Қазақстан Кеден одағына кірген үш мемлекеттің ішіндегі ең осалы дегенді айта алмас едік. Жаңалықтарды тез қабылдаймыз. Біздің жеріміз кең-байтақ, қазба байлықтарымыз мол. Осыған байланысты сырттан инвестиция құюшылар бар. Олар бұрынғы жылдары неге аз келді? Қазақстан халқы көп емес. Егер өндіріс орындарын ашатын болса, «оны кейін кімге сатамын?» деп күмәнмен қарайтын. Енді Кеден одағына кірген соң 15 миллион қазақстандықтар ғана емес, одаққа кірген үш елдің халқы қызықтыратын болады.
– Біздер әдетте шикізат еліміз. Басқа елдер байлығымызды тиынға алып кетіп, өңдеп, ұқсатып, молынан пайда табуда. Кеден одағына кірудің шикізат мемлекеті болып қалай, өнімді өзімізде өңдеп, пайдасын көруімізге септігі тие ме?
– Әрине, тиеді. Мысалы, өнім өндіру, өңдеудің бірден бір проблемасы технологияларға қатысты. Сырттан қымбат технологиялар алып келу қиын. Алып келген күннің өзінде біз өзімізде ұқсатып, өндірген тауарымызды сыртқа сату қымбатқа түсетін. Енді бізде қызығушылық тудыратын жайлар көп болғалы тұр. «Бұрын өндірген тауарды қайда апарып сатамыз?» дейтін болсақ, енді Ресей, Белоруссияға жол ашық. Олардың кейбір салалар бойынша бізден көш ілгері екені жасырын емес. Осы ретте Еуропа технологиясы біз үшін қымбаттау болғанмен, Ресейдің, Белоруссияның озық технологияларын алып келіп, пайдалануымызға әбден болады.
– Арзан бағамен…
– Әлбетте. Өйткені, Кеден одағына кірген соң қымбат бағамен сата алмайды.
– Ауыл шаруашылығы техникаларын осы елдерден бұрынғы жылдары қымбат бағамен сатып алатын болсақ, оның бағасы төмендейді десеңізші.
– Әрине. Бұл елдердің техникаларын пайдалануға үйренген шаруашылықтардың бұрынғыдан арзан бағамен сатып алу мүмкіндіктері болады. Және ондай технологияларды өзіміз шығармаймыз, сондықтан, осы жағынан ұтымды. Жалпы, менің ойымша, бес-он жылдан кейін одаққа кірген үш мемлекет «бидай – менікі, тұтыну тауарлары – сенікі» дегендей, даму бағыттарына қарай сала-саланы бөліп алады.
– Үш елдің Кеден одағына басқа да ТМД елдерінің кіруі мүмкін бе?
– Қазірдің өзінде қызығушылық болғанмен, алдымен тиісті талаптарды орындауы тиіс. Өзіне сенімді елдер ғана кіреді ғой. Және бір айтатын жай, Кеден одағының келесі сатысы – Ортақ экономикалық кеңес құру.
– Ол бізге не береді?
– Кеден одағы кедендегі салықтарды бірдей жасап, сырттан қорғаныш жасаудамыз. ДСҰ-дағы ортақ байланыс сондай. Кеңесті құрған кезде электр жарығы, темір жол, газ және басқа тарифтерді бірдей жасаймыз. Бұл – келесі саты, оған әзірге дайын емеспіз, алдағы уақыттың еншісінде.
– Барыс жылында алға қойған асқаралы жоба-жоспарлар аз емесі аян. Десек те, жыл басындағы сұхбатымызды осымен тәмамдап, әңгімеңізге бек рахмет дейміз.
Рәзиға ӘШЕЕВА