Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
24.09.13 ж. "Айқын" газетінде " "Көгілдір экраннан "көгілдерді" насихаттауды тыю керек" деген статья шықты.

Көгілдір экраннан «көгілдірлерді» насихаттауды тыю керек

24.09.2013 14:17 Кәмшат Тасболат

0 95

Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты:
– Бақытбек аға, жақында Қызылорда өңіріне барып-қайттыңыз. Жалпы, ондағы халықты не алаңдатып отыр?

– Біздің тәуелсіздік алған 20 жылдан астам уақытта қол жеткізген бүкіл табысымыз бен даңқымыз, алға қойған мақсат-мұраттарымыздың барлығы да, бір жағынан, Елбасымыздың үлкен саясатының жемісі болса, екінші жағынан, татулықты ту еткен халқымыздың ауызбіршілігінің арқасы. Парламенттің көпшілігіне 80 пайыздан астам дауыс берген халық «Нұр Отан» партиясына сенім артып отыр.

«Нұр Отан» партиясы халық пен биліктің арасында алтын көпір болса екен дейді жұртшылық. Сол себептен де бізге Қызылорда халқы «Нұр Отан» партиясының конференциясында көтерілген өтініш-тілектерін арқалатып жіберді. Бұл орайда «Күні кеше ғана «Астана» телеарнасынан журналист Қалқаман Сариннің «Кеш емес» бағдарламасындағы көрсетілген нәрселер көп кісіге шоқ басқандай әсер етті» – деп ел алаңдайды. Шын мәнінде, ол жердегі мәселелерді халық қалаулысы Алдан Смайыл ағамыз көтеріп, қызтекелердің қандайда бір ақпараттық насихатына жол бермеуге атсалысып жүр. Бір қызығы, ер мен әйел таза некеге отырса, ол туралы заңгерлер мен құқық қорғаушылар сөз етпейді, ал адамзатқа, Аллаһқа қарсы, қазақтың салт-дәстүріне жат дүниелердің барлығы, оның ішінде қызтекелердің әрекеттері халықаралық заңдармен құпталып, бәрінен де жоғары қорғалып жатқанына таңымыз бар. Қазақта: «Жүзі қара» деген сөз бар. Бетіне маска киіп алып, өзінің анасының жүзіне қарауға беті жоқ, бірақ халықтың алдына шығып, теледидардан соны паш етуге кім бұл жүзіқараларға мүмкіндік берді екен? Көгілдір экраннан көргенсіз әңгіменің топтамасын үйретіп жұрттың аузына салып қоймай, жарнамалау – күнделікті ішетін асымызға у қосып бергенімен бірдей. Жалпы, мұны қоғамдық деңгейде не үшін көтеріп отырмыз? Мұның бәрі де «адамның жаны да, көзі де, ой-санасы да үйрене берсін» деген пиғылмен, ақшаның күшімен, тіпті биліктегі кейбір азаматтардың ықпалымен жүріп жатқан кесапат. Мұны бағдарламаға қатысқан қыздар ашық айтты.

Ел тәуелсіздігіне 22 жыл толған уақытта «көгілдірлердің», яғни біржыныстылардың Қарағанды қаласында заңды некеге тұрғанын есітіп, жұрттың есінен танғаны белгілі. Шынында да, біздің Отанымыз құдайсыздың құдайсызға, бір ойсыздың бір ойсызға қосылып алып, ойындағысын жасайтын ойран ошағына айналмауы керек. Бұл елдің өз заңы, салты мен Құдайдан қорқатын халқы бар. Міне, біз осыны қалпына келтіруіміз керек. Қызылорда халқымен кездескенімізде, олар бізге өз алаңдаушылықтарын жеткізіп, бұл мәселеге заңды түрде тыйым салу қажеттігін баса айтты. Мәселен, Қызылордадағы №194 орта мектептің мұғалімі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Әмудолла Дәулетовпен оның жерлестері бізге арнайы хаттарын тапсырып: «Ел асып, шекара асып, бөтен елден келген, жалпы, адамзаттың табиғатына, ұстанған дініне, таңдаған сенімдеріне жат осы сияқты іс-әрекеттеріне дер кезінде шара қолданбасақ, еліміздің болашағына балта шабылатынын, ұрпағымыздың айықпас дертке ұшырайтынын, жалпы алғанда, еліміздің қауіпсіздігіне зияны тиетінін айтқымыз келеді. Заңдарымыздың осындай осал тұстарын түзеп, өз іс-әрекеттерін жоспарлайтын теріс пиғылды түрлі ағымдар жиілей бастады. Сондықтан партия мүшелері мен халық қалаулыларынан жедел түрде заңдарымызға түзетулер енгіздіріп, осы сияқты теріс пиғылды «лаңкестердің» өзектеніп, күш алып кетпесі үшін алдын ала әрекет жасауын сұраймыз. Бұл мәселені «Нұр Отан» партиясының барлық ұйымдарында талқылап, оны болдырмаудың барлық іс-шараларын жасасақ игі» – деген еді. Мұны сол жердегі бүкіл азаматтар қолдап отыр. Бала тәрбиесі – отбасынан. «Нұр Отан» партиясының доктринасында да отбасылық құндылықтардың, салт-дәстүрлердің сақталуына ерекше мән берген. «Қазақстан – 2050» даму стратегиясында Елбасы отбасы институтының өркендеуіне ел назарын салып отыр. Сондықтан Қызылорда халқының жанайқайы партияның доктринасымен де, елдің ұзақмерзімді даму стратегиясымен де үндес.

Бүгінде Парламентте «көгілдірлерді» бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттауға тыйым салатын заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл заң жобасының болашағы қалай болмақ? Себебі қит етсе, гомо-азшылықтың құқын қорғайтын ұйымдар тағы шулайтын шығар. Олар: «Бұл адам құқын бұзу» – дер, бірақ бұл Аллаһ заңын, адамзаттың дәстүрлі қалпын аттап өту емес пе?

– Халықаралық ұйымдар шулай берсін, біз өз халқымыздың болашағы мен ұлттық мүддесін бәрінен де жоғары қоюымыз керек. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» кодексінің 11-бабының 1-тармағында: «Араларында неке қиюға жол берілмейтін азаматтар – біржынысты адамдар» – деп жазылған. Ал Қарағандыдағы адамдар қалай некеге тұрды дейтін болсақ, олар тек той жасапты. Бірақ сол үйлену тойларын бүкіл ақпарат құралдарында қалай жарнамалап отыр?! Сондықтан алдағы заңда мұны қылмыс ретінде танитын арнайы бапқа қол жеткізуміз керек. Бүгінгі таңда Дариға Нұрсұлтанқызы басшылық етіп отырған Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен Алдан Смайыл сияқты оның белсенді мүшелері біржыныстыларға байланысты тиісті заң тетіктерін қабылдаумен қатар, олармен психологтардың жұмыс жасауын қамтамасыз етуді де ойластыру үстіндеміз. Жалпы, Аллаһ заңына, азамзат ұстанымдары мен біздің ұлттық салт-дәстүрімізге қарсы шығатын адамдарды қылмыскер деп санауға болады деп ойлаймын. Мәселен, бүгінгі таңда Ауғанстан, Мысыр, Малайзия тіпті көршілес Өзбекстанда қызтекелерге қарсы заңдар жұмыс істейді. «Біржынысты махаббатқа» ұрынып, оны насихаттап жүргендер Малайзияда 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Өзбекстанда 3 жылға темір торға тоғытылады.

Өкінішті қарай, біздің елде олар ойындағысын жасап, тайраңдап жүр. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ па сонда?! Бұлардың Астана қаласының өзінде 4 ойын-сауық ошағы бар екен. Күндіз бұл клубтар әртүрлі атауларды жамылып, жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ кешке қарай оған жын-жыбыр мен жалаңаш адамдардан басқа ешкім жиналмайды. Алматы қаласында біржыныстыларға арналған 20-ға жуық түнгі клуб жұмыс істейді. Мұны депутаттарға ұлтжанды жастар шырылдап талай жазды. «Көгілдірлердің» клубтарына небір жақсы ғимараттар берілген. Олардың осылайша қалай қолды боп кеткені тағы белгісіз. Тіпті оны жалдап алса да, бұған жол берілмеуі керек. Ал мұндай ғимараттарға тәрбиелік жұмыстармен немесе жастар саясатымен айналысқысы келетін жастарымыз түгілі, депутаттарымыз қол жеткізе алмай отыр.

Бақытбек аға, «көгілдірлердің» бұлай тайраңдауына не себеп деп ойлайсыз? Мәселен, Парламенттің бұрынғы құрамы «өз жынысын өзгертуге мүмкіндік беретін операцияны Қазақстанда жасатуға жол ашатын» заңды қабылдап берді. Мұны бүкіл араб, түрік БАҚ-тары: «Қазақстан – жынысын ауыстыруға рұқсат беретін жалғыз мұсылман елі» деп шулап жазды. Жалпы, 16 млн халықтың ішінен өз жынысын ауыстырғысы келетін 20 шақты адам шықса, шариғат заңдарын оңай бұза салу керек пе? Бұл заңның күшін жоюға болмай ма?

– Міне, бұл мәселе де бізді толғандырып отыр. Өйткені кез келген заңның аясын кең ауқымда ойлау керек. Бүгінгі күнге – біз, ертеңгі күнге – ұрпақтарымыз жауапты. Жас ұрпақты адастырмау үшін заңдардың өзін дұрыс қабылдап отыруымыз керек. Заң қабылдайтын органдар адами құндылықтарға бағынуы керек.

Расында да, 2009 жылы Қазақстанның Халықтың денсаулығына байланысты жаңа Кодексіне жынысты ауыстыруға рұқсат беретін бап енгізілді. Бұл атышулы «88-бапты» қайта қарап, тіпті күшін жоюға болмай ма? Ең сорақысы, мұндай операцияларды бизнеске айналдырып, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қызтекелер мен еркекшораларға арзан операция жасайтын Тайланд елі талай рет табиғат апаттарына ұшыраған жоқ па еді? Бұл Аллаһтың үкімдері мен адами заңдарға қарсы нәрсе ғой. Жергілікті БАҚ-тардың хабарлауынша, Қазақстанда мұндай операция жасату құны небары 450 мың теңгеден басталады екен?! Яғни баға саясатында Тайландпен бәсекелесіп отырмыз. Күні ертең мұны білген шетелдік қызтекелер Қазақстанға жаппай келіп, операция жасатып, арттарынан теріс өнеге қалдырып кетпей ме?! Сондықтан мұны дер кезінде тыйып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жүріп өткен түзу жолын жалғастыру ұрпақтық парыз.

Жалпы, Жаратушыға қарсы сананы улауға, ұлттық және діни құндылықтарымызды құлдыратуға ешкімнің де қақысы жоқ. Қазір «құндылықтар күйзеліске ұшырады» дегендей ой айтылады. Қазақ халқының салт-дәстүрі қашанда діни құндылықтармен етене жақындасып өмір сүрген. Сондықтан әр жақтан қашқан-пысқандарды өз елімізде тайраңдатып, мәдениетімізді, түбімізді балтамен шапқандай үзіп тастауға жол бермеуіміз керек. Егер кезінде заң шығарушы органдардан әбестік, ағаттық кеткен болса, оны қайта қарау – қоғам мен заманның талабы болып отыр. Себебі шынында да, жағдай жақсы емес. Жастар неге сенерін білмейді. Біз кейде жастарға көп ренжіп жатамыз, бірақ заңи тұрғыдан кейбір керітартпалықтарға өзіміз жол ашып қойғанымызды да білмейміз. Сондықтан бұл заңды саналы түрде қайта қарағанымыз абзал. Бұл заңның нақты бір-ақ шешімі бар, ондай операцияларға үзілді-кесілді тыйым салу керек.

– Адам құқы мен демократияның шегі бар ма? Мәселен, Нидерланды елінде 90-жылдары қызтекелерге некеге отыруға рұқсат беретін заң шығып еді, кейін оларға бала асырап алуға жол ашылды. Олар «Адам құқы» дейді, бірақ бүгінде оларда тіпті ресми тіркелген педафильдер қауымдастығы да бар екен... Еуропалық «адам құқының» мұндай стандарты қазақ еліне келе ме?

– Бұл дұрыс көтеріліп отырған мәселе. Бұл орайда көршілерімізден неге үлгі алмаймыз?! Мәселен, Ресейде біржыныстыларды жан-жақтан тыятын қатаң түрдегі заң қабылданды. Жалпы, біз бар сұмдықтың бәрін сол жақтан күтеміз ғой. Бірақ олар «адам құқын» қорғайтын халықаралық ұйымдардың шулағанына қарамастан, ұлттық мүдде мен жастар болашағын бәрінен де жоғары қойып, қызтекелердің қызметін тыятын қатал заң қабылдады. Біз де отбасы институтының сақталуына мүдделіміз. Елбасы Отбасы күнін де жариялап жатыр. Адамның құқы дегенімізде, біз Фокина ханым сияқты сан түрлі діни ағым-секталарды дәл солай қолдап-қолпаштауға тиісті емеспіз?! Бүгінгі Парламентке халық қалаулысы деп үміттене жазған аналардың көз жасын тыйып, оларға көңіл бөліп, ұрпақ үшін шырылдаған дауысын естуге міндеттіміз. Бізді сайлаған осы халық.

Жалпы, адамшылық пен біздің салт-дәстүрімізге жат теріс нәрселердің өріс алуы отандық заңдарымыздың осалдығынан деп білемін. Заң қатал болуы керек. Теріс пиғылдар мен әрекеттерге реакция да тиесілі деңгейде қатал болуы керек. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демекші, айуандыққа барған адамдарға қарсы қатыгез шара қолданылуы тиіс.

Кезінде 2007 жылы Алматы қаласында Ауған соғысы ардагерлері мен Әуезов ауданының сол кездегі әкімі Әділ Несіпбаевпен Саин көшесіндегі жезөкшелердің ұясын жапқанымызда, әр қыздан 5-6 венериалогиялық аурудың түрімен ауыратынын және 19 СПИД ауруы анықталған болатын.

Әлем бойынша СПИД ауруына шалдығып, қайтыс болғандардың басым бөлігі қызтекелер екенін тағы ұмытпайық. Жезөкшелер мен зинақорлар да осындай дерттен өмірмен қоштасады. Мұндайда асыл діни кітабымызда зинақорларға айықпас ауру жібірелетіні ескертілгенін естен шығармайық.

– Жасырын емес, қазақ балаларын ең көп асырап алатын елдердің көшбасында АҚШ тұрса, Франция алтыншы орынды иемденген. Қаншалықты біздің құзырлы органдар қазақ жетімдерінің қызтекелер отбасына түспегеніне кепілдік бере алады? Оның үстіне, бұл елдердің құжат айналымынан «әке», «шеше» сөздері алынып тасталып, біржыныстылардың құқын қорғау үшін «№1 ата-ана», «№2 ата-ана» деген термин енгізіліп жатқан жоқ па?

– Рас, бұл мәселе шетел баспасөзінде көп көтерілді. Адам құқын желеулетіп, заңдарына «ноу-хау» енгізіп жатқан елдердің көшбасында Америка мен Франция тұр. Мәселен, шетел баспасөзіне сенсек, бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті бүкіл іс-қағаздары мен құжат айналымынан ресми түрде «әке» және «шеше» терминдерін шығаратынын жеткізгені ел есінде. Бұл «екі әкеден» және «екі шешеден» тұратын отбасыларында өсіп жатқан балалардың құқын сақтап, жүрегін жараламау үшін жасалып жатқан бастама сияқты баршаға таратылды. Яғни көпшілікке жататын дәстүрлі отбасыларындағы балалар «әке», «шеше» деп өз ата-аналарын атап жатса, бұл қызтекелердің де жанына бататын көрінеді. Мұнда үлкен өзекті мәселе бар. Жалпы, қызтекелерге бала асырап алуға кім рұқсат беріп отыр? Статистика бойынша, қызтекелер – ұлбалаларды, еркекшоралар – қызбалаларды асырап алуды әдетке айналдырған. Олар өздерінің ауру психикасымен өскелең ұрпақтың санасын улап, олардың да қызтекеге айналуына себепші болмай ма?! Менің ойымша, өзінің адами қалпынан адасқандарға бала асырауға жол бермеу керек.

Жалпы, сәби асырау жөнінде, жетімнің жайын ойласақ, жесірдің көңілін жұбатып, онсыз да ата-анасынан тірілей айырылған бейкүнә сәбилерді, өз Отанынан айырып шетелге сатуға болмайды. Оның тиімсіз екенін бүгінгі таңда Парламентте көтерудеміз.

Бүгінде Франция адам құқықтарының «шегіне» шығып барады. Француз елінің Азаматтық кодексіне өзгерістер енгізіліп, біржынысты отбасыларды заңдастырумен қатар, олардың бала асырап алуға мүмкіндік беретін құқықтарын кеңейте түсті. Тіпті ресми құжат айналымынан АҚШ-тағыдай «әке» және «шеше» сөздері алынып жатыр. Әрине, бұған католик шіркеуі де, Рим папасы да қарсылық танытып, мұндай теріс баптарды заңнан аластау керек деп шырылдаса да, жергілікті халық талай митинг-шерулерге көптеп шықса да, азшылықтың құқы бәрінен жоғары қойылып, дәстүрлі отбасылардың «әке», «шеше» дегендей ең қастерлі сөздерді айту құқы шектеле түсті. Бұл не деген масқара?! Бұл дерт күллі әлемге «демократиялық құндылықтар», «адам құқы» деген желеумен тарап барады. Оны бүгін шектемесек, ертең кеш болуы мүмкін. Естуімізше, Ресейде гомосексуал ата-аналарды олардың ата-аналық құқынан айыратын заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл елде біржынысты отбасыларына бала асырауға қатаң түрде тыйым салатын заң жобасы жүзеге асып келеді.

Өкінішке қарай, әлемде және өз елімізде Лұт қауымының жазасын ұмытқандар кездеседі. Қасиетті Құранда Лұт (ғ.с.) пайғамбардың есімі 27 рет кездеседі екен. Аллаһ тағала Лұтты (ғ.с.) Иорданиядағы бұзылған қауым – Содом және Гоморро халқына жібереді. Олардың бұзылғаны соншалық қарақшылықпен айналысып, әйелдері бола тұра, еркектермен күнәһар әрекеттерге баратын. Лұт (ғ.с.) оларға насихат айтып, тура жолға үндесе де, адасқан қауым жантүршігерлік әдеттерінен таймады. Сөйтіп, Аллаһтың қаһарынан ілігеді. Аллаһ тағала жазаны орындату үшін бұл қауымға сұлу жігіттер бейнесіндегі періштелерді жібереді. Адасқан қауым өздерінің теріс әрекеттеріне кіріскісі келеді. Лұт (ғ.с.) пайғамбар бұдан қауіптеніп, өз қонақтарын қорғаштай жөнеледі. Сонда меймандар өздерінің періште екенін айтып, адасқандардың көзін жоюға келгендерін жеткізеді. Лұт (ғ.с.) пайғамбар мен оның отбасы, бала-шағасына және тура жолда жүрушілерге елден кету бұйырылады. Таң ата аспаннан ащы дауыс шығып, бұл қауымға аспаннан тас лақтырылып, жер бетінен жойылады. Лұттың (ғ.с.) әйелі де күнәһарлармен бірге жаза тартады. Шын мәнінде Лұт қауымы ұшыраған азап өте қорқынышты әрі кейінгілерге сабақ боларлық дүние еді. Қазіргі адамдар неге Лұт (ғ.с.) қауымының тартқан азабын ұмытып отыр? Аллаһ тағала тыйым салған харам әрекетке бару түбінде жақсылыққа апармасы анық. Құдай біздің қауымды адасудан сақтағай!

– Әңгімеңізге рақмет!