Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
20.09.2013 ж. "Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында" партия доктринасының "Біздің құндылықтар" ХДП "Нұр Отан"- өткізген конференциясында доклад істеді.
"Нұр Отан

"Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында" партия

доктринасының "Біздің құндылықтар"

бөлімі бойынша

 

 

Құрметті әріптестер !

 

Әр халықтың бақыт шекарасын айқындайтын сан түрлі өлшемдері бар десек біз үшін ол Тәуелсіздік. Азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың тәуелсіздік таңындағы 20 жылдан астам уақыттағы бүкіл жетістіктерінен өрлеуіміз, дамуымыз еліміздегі тұрақтылық пен тыныштылықтың уыздай ұйыған ынтымағымыздың арқасы. Осы орайда патриотизмнің орны ерекше. Қандай тәрбие дәнін сепсек, сондай жемісін көрмекпіз.

Бүгінгі таңдағы мемлекеттің өзекті мәселелерінің бірі Қазақстан Республикасының азаматтарының пат­риоттық рухын көтеру болып табылады. Патриоттық тәрбие бе­рудің өзектілігі қоғамның рухани әлеуетін ны­ғайту қажеттілігіне негізделген. Ол «Нұр Отан» партиясы құрылған кезден бастап Елбасымыздың стратегиялық бастамаларына тірек болып келді. Бұл жолы «2050-стратегиясын» тиімді жүзеге асыруда өз рөлін айқындау мақсатында жаңа саяси доктрина әзірленді. Қазақстанның жаңа тарихында тұңғыш рет қабылданған осы саяси доктринада негізгі құндылықтар айқындалды.

Қазақ халқының арлы ұлы Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген нақылды бүгінгі күні барлығымыз айтамыз. Отаншылдық, азаматтардың бойында қалыптасатын парасаттылық, білім мен еңбекке деген құштарлық – біз өмір сүріп жатқан ХХІ ғасырда тек бір азаматтың ғана емес, тұтас ұлттық өркениеттік байлығы болып есептелетінін бәріміз көріп отырмыз.

Осы тұста халықаралық әрі әлеуметтік-экономикалық жетістіктер біздің елдің шынайы көрсеткіші бола ала ма деген сауал туындайды. Тәуелсіздік алған бірінші күннен бастап бүгінгі күнге дейін мемлекет қайраткерлері елдігімізді бүтіндеп, тәуелсіздігімізді берік етіп келеді. Бірақ алдымыздағы ұлы болашақ – алдыңғы отыз жылда елді одан да биік даму сатысына көтеретін бүгінгі жастардың, ертеңгі шешім қабылдайтын жауапты азаматтардың қолында. Осыны ескере отырып, бүгінгі күннен бастап жастарымызды отаншылдық, ұлтқа деген жанашырлық сезімге тәрбиелеу, бойындағы күш-жігер, қажыр-қайратын елдің даму жолына арнауға тәрбиелеу – белсенді азаматтық қоғамды қалыптастырушы фактор ғана емес, ол мемлекеттік дәрежеде идеологиялық тармақтың игі мақсатта жұмыс істеп жатқандығының көрсеткіші.

«Қазақстан-2050 Даму стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарьаев атап өткен жаһандық өзгерістер ешбір елден шет қалмасы анық. Бүгіннің өзінде еліміз халықаралық қатынастардың белсенді қатысушысы ғана емес, сол үрдістен өзінің орнын қалыптастырып жатқан мемлекет ретінде танылып келеді. Мұның барлығы үлкен еңбектің жемісі екендігі анық. Екіншіден, мемлекеттің өзіндік жауапкершілігі. Қазіргі кезде білік кезенген емес, білімі ұшқыр мемлекеттердің жетекші елдердің тобында отырғанын көріп отырмыз. Білім саласындағы, әлемдік мәдениет пен өнер, техника мен заманауи инновациялық технологиялар, барлық жетістіктердің қайнар көзіндегі негізгі себеп – ол жасалынған жағдай мен сол жетістіктерді іске асырған азаматтардың бойындағы қоғамға пайдалы болғысы келетін мақсаты. Сол себепті, құрметті қауым, жастарды біз тек бүгінгі күніміздің қарапайым жастары ретінде емес, болашақ жасампаз елдің тұғыры деп қабылдаған күннен бастап сапалы өзгерістердің орын алатынын көреміз. Осы тұста елімізде жастарға жасалынған жағдай – тек экономикалық қолдаумен ғана емес, жастардың бойындағы креативтілік, жаңаға деген қызығушылығын қолдайтын идеологиялық астарлармен де тамырласып жатады.

Азаматтық қоғамды қалыптастыру бүгінгі күні еліміздің демократия құндылықтарын қабылдаудың негізгі үлгісі. Бірақ азаматтық белсенділікті арттыру деп қоғамның этикалық құндылықтарына сай емес әрекеттерді істеп, адамгершілік, моральдық қасиеттерді жоятын қадамдарды емес, керісінше тарих қойнауынан, бабалардан бастау алатын ұлы мәдени, идеологиялық мұраларды жаңғырту арқылы, бүгінгі күннің жастардың бойында тек білім мен ғылымға деген ұмтылысты ғана емес, тарих арқылы мемлекетке деген құрметті, Отанға деген жанпидалықты тәрбиелеумен түсінуіміз қажет. Бабаларымыз әр тарихи кезеңде елге деген құрметті, жерге деген жауапкершілікті, халыққа деген, халық мұрасына деген махаббатты жастардың санасына ерекше сіңіре білген.  Бүгінгі күнгі дамыған елдердің жасап жатқан саясаты осындай. Отаншылдық деп мен Қазақстанды жақсы көремін, ұлтымды жақсы көремін деген сөздерден аса алмайтын адамдарды емес, бірінші кезекте, білімдегі жетістігі арқылы елдің экономикасына, оның мәдени жаңғыруына қосып жатқан жастарды, спортта әлемнің халықаралық додаларында елдің туын желбіреткен майталмандарды айтамын.

Сөздің соңын бәрімізге ортақ құндылықпен аяқтағым келіп отыр. Серпінді даму жолына түскен біздің еліміз үшін - әр даму қадамы – жаңа тарих парақшасы. Жастарға айтарым – сол тарих парақшасында сіздердің де есімдеріңіз жазылсын. Бұл біздің елде жастайынан қайраткер азаматтардың бар екендігін көрсетіп қана қоймай, жасампаз ұлттың ортаазиялық моделін қалыптастырмақ. Бүгінгі күннің жетістігі – ертеңгі күнгі жарқын әрі бай-қуатты ғұмырдың негізі.