Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
"Егемен Қазақстан" 02.11.2013 ж. "Ұлттық қауіпсіздік- басты басымдығымыз" мақаланы жариялады.
02

02.11.2013 ж. «Егемен Қазақстанда» жарияланды.

 

Ұлттық қауіпсіздік – басты басымдығымыз

Мәжілісте палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жал­пы отырыста депутат Бақыт­бек Смағұл Премьер-Ми­нистр Серік Ахметов пен Бас прокурор Асхат Дауылбаевқа депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінеді.

«Соңғы кездері азаматтары­мыз­дың үлкен радикалды бағытпен қаруланған топтар­дың экспериментті азығы ре­тін­де пайдаланылып кетіп жат­қаны қатты ойландырады. Елі­міздің «Қазақстан-2030» Даму стратегиясының бірінші ба­сымдығы – ұлттық қауіпсіздік екені белгілі. Ұлан-ғайыр аума­ғымыздың тұтастығын сақтауда діни радикализм мен терроризмнің алдын алуда Ұлттық қауіпсіздік комитетімен қатар, бақылаушы орган ретінде Бас прокуратураның, елдің біліми-ағартушылық, әлеуметтік салаларының алатын орны ерекше. Қазіргі бір-бі­рімен тығыз байланысқан әлемде терроризм қаупі шекара деген ұғымды шайып кетіп отыр. Қай континентте болмасын, әлемдік бейбітшілікке терроризмнен төнетін қауіп бірдей.

Осы орайда 15 қазан күні француз баспасөзінде «Қазақстаннан 150 адам Сириядағы қасиетті жиһадқа қосылды» деген мағынадағы мақала көп адамды алаңдатқаны мәлім. Бейбітшілік пен бірлікті ту еткен Қазақстаннан топтың қосылуы – еліміздегі радикалды діни тармақтардың әлі де болса белсенді жұмыс істеп жатқандығын көрсетеді.

Еліміздің құқық қорғау органдары қызметінің бір бағыты лаңкестік пен экстремизмге қарсы іс-қимыл таныту, елдің ішкі тұтастығы мен саяси тұрақтылығына қарсы әрекет ететін элементтердің алдын алу болып табылады. Бұл ретте Отанымыздың жастарын тәрбиелеуге тек бір ғана мекеме – дін істері агенттігі ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппарат атсалысуы қажет екенін баса айту керек.

Осы тұста, қояр сауалдарым бар: Сириядағы қанды қақ­тығыстарға 150-ге жуық қазақ­стандықтың қатысып жатқандығы шындыққа жанаса ма? Шындық болса, бұл елімізде болашақ со­ғыс ошақтарына әлі де көптеген жастардың тәрбиеленіп жатқан­дығын көрсете ме? Елімізде Таяу Шығыс елдерінде білім алған жастарымыздың қай салаларда қызмет атқарып жүргендігі, қандай білімнің иесі екендігі тексерілуде ме? Дін істері агенттігі мешіттердегі жастардың толқыны қандай идеологияда тәрбиеленіп жатқанынан хабардар ма? Жастармен діни тақырыптарға ықпалдастық жолы қалай жүзеге асырылуда?».