Бахытбек Смағұл
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі
«Жаңа қазақстандық патриоттықты қалыптастырудағы жастардың рөлі»
Біз бүгін серпінді дамудың белгілі кезеңіне жеттік. 20 жылдық мемлекеттік қалыптасу орнықты. Алдымызда 21 ғасырға бастау алған, еңбекке толы кезеңдер күтіп тұр. Қоғамда еліміздің жеткен жетістіктерін айтып, өзекті мәселелерді саралап жатқанымыз, ұлтымыздың құндылықтарын жаңғыртып, тарихи жадыны қайта жаңартуымызда бір ғана мақсат жатыр – ол жастардың рухани бай болып қалыптасып, олардың әлеуметтік орнығуына қолайлы жағдай жасау, олардың өз еліне деген мақтанышын, өзінің болашағына деген сенімін бекем ету.
Мемлекет басшылығындағы көреген азаматтар Елбасы бастаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында жастарға жеке үндеу жасайды. Бұл аталмыш Стратегияның бүгінгі біздер үшін емес, ертеңгі жастар үшін қабылданғаны белгілі. Бірақ бұл құжаттың берекелі орындалуына, оның ішіндегі мақсаттардың жүзеге асуына – бүгінгі ұрпақ біз жауаптымыз. Өзіміздің ата дініміз Исламда: «Әке баланың тәрбиесіне жауапты» деген ұлағатты нақыл бар. Әр әке өз баласына тек жақсылық тілейтінін, оның өз әулетін жақсы жағынан көрсетерлік қасиеттерге мұрагер болуын тілейді. Сол секілді біз де ұлтымыздың жанашыры болып, келешек ұрпаққа рухани азық болар, әлеуметтік байқуаттылыққа жеткізер, ең бастысы – араларында бірлікті үнемі негізгі құндылығымыз етіп насихаттайтын кешенді жұмысты жүргізуіміз қажет. Сол көштің басында кәсіби мықты азаматтар, ұлтымыздың ұяты - зиялы қауым, ғылым көшін бастаған – ғалымдар, техника мен ғарышты игерген – новаторлар, әр сала бойынша біріккен үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттің негізі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар үйлесімділікте қызмет атқаруы тиіс. «Балам деген ұлт болмайынша, елім деген жас қайдан шықсын», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деген ұлағаттарда жатқан терең ойды іспен көрсететін, бұл істе бірлікті ту етер уақыттың сәті қазір туып отыр.
Бүгінгі күнгі қазақстандық патриотизм деген ұғымды жаңалық ойлап шығарудан емес, ұлтымыздың тәрбие қайнар бұлағына бет бұрудың қажеттілігі жоғары. Жанұя – жеке орта – қалыптасу ортасы – ересектік кезеңдеріне тәрбиелік, идеяологиялық, құндылықтық бағыт берерлік кешенді іс-қимылдар жоспарын қалыптастыру арқылы қоғамның жастарды тәрбиелеудегі ортақ жауапкершілігін қалыптастырамыз. Бүгін жастарды тәрбиелесін деп тек ұстаздарға, жастар орталықтарына жұмысты беріп қоятын заман емес. Университеттерде әр саланың ұстазы мемлекеттің болашақ кәсіби маманын дайындап жатқанын, әр балабақшада тәрбиеші елдің болашағын тәрбиелеп жатқанын, әр жұмыс беруші мемлекеттің маңызды бір саласын дамытып жатқанын сезінген күннен бастап ортақ жауапкершілік кеңістігі қалыптасады. Осындай үйлесімділік пен бірлікте қалыптасып жатқан ортада араңдатушылық, қастандық, артық сөз болмайды. Осындай ортада Қазақстанда әлемде ғылым мен технология, дипломатия мен қаржы-экономика, қорғаныс пен қауіпсіздік салаларында озық, әлемнің кез келген елінің өз қатарындағы азаматтарымен бәсекеге қабілетті жастарымыз шығады.
Қазіргі әлемді торлаған жаһандану, шекаралардың ашылуы секілді үрдістерден сырт қалмасымыз анық. Мұндай тоқтамайтын үрдістермен күресудің анық жолы – оған дайын болу. Сол себепті еліміздің ішінде идеологиялық тұғырнамаларды берік ету, сыртымызда кез келген мемлекеттің жастарымен бір деңгейде бәсекеге қабілетті болу – бүгінгі қазақстандық патриотизмдегі жастардың рөлі осымен анықталатын секілді. Бұрын жылдар бойы ойланатын қадамдар, бүгін білім мен біліктің арқасында бір – екі күннің еншісінде. Геосаяси жағынан маңызды орналасуы бар біздің ел үшін әр күннің құны алтыннан қымбат. Осыны жете түсінсек – көптеген мәселелерге қатысты көзқарас өзгереді. Жастарымыз да әрқашан өзгерістерге дайын болып, ішкі рухани тұғыры берік болса – алынбайтын қамал болмас. Шетелдің Америка, Европа, Азия бөлігіндегі білім алып келген балалар арқылы әлемнің даму жолдарын біліп, оларды еліміздің байлығы ретінде қарап, еліміздің әр бөлігіндегі ерекше қабілеттері бар, әр ауылда дарыны бар балалармен, өзінің жанұясына, одан әрі ұлтына жауапты жастарды дайындау – ертеңгі күні ұрпақ алдындағы міндетіміздің атқарылғаны болары анық.
Ниет қойып, тыңдағандарыңызға үлкен рахмет!