Иманды заң керек
02.10.2013 20:58 Айхан ШӘРІП
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Қазақстанда гомосексуалдық қатынастарды паш етуді түбірімен тоқтататын заң қабылдауды және ірі қалалардағы олардың клубтарын жабуды ұсынып, Үкімет басшысына ресми сауал жолдады.
Батыс елдерінде – Францияда, Бельгияда осындай біржынысты некелерді ресми тіркеуге рұқсат етіліп, мұндай қатынастар заңдастырылғаны мәлім. Нәтижесінде осы елдерде «әкем, шешем және мен» деп айтуға тыйым салынды, өйткені енді отбасы деген оларда екі әке не қос шешеден тұра алатын көрінеді.
– Тәуелсіздік алып, ұлттық
мұрамызды жаңғыртып, ертеңге деген стратегиялық
көзқарастарымызды қалыптастырып жатқан бүгінгі
күні «демократиялық құндылықтар», «адам
құқығын қорғау» деген желеумен Батыс
елдерінің трендтерін жамылған қитұрқы
құбылыстар біздің елдеде орын ала бастады, – дейді
қалаулы. – Бүгінде Еуропаның бірқатар елдері,
оның ішінде өркениеттің орталығы болып саналатын
Франция, Нидерланды, Бельгия секілді мемлекеттер гомосексуалдық
қатынастарды ресми түрде некелік қатынастар санатына
қосып, заңмен бекітті. Ал жанұялық
құндылықтарды мемлекеттің отбасы саясатында
бәрінен жоғары қойып, өздерінің
ұлттық менталитетіне байланысты мұндай
қатынастарға тыйым салатын заңдарды Ауғанстан,
Малайзия, Индонезия, Өзбекстан елдері қабылдады. Бүгінде
Ресей де аталмыш тақырыптағы қатаң заңды
қабылдап жатыр. Осыған орай мына мәселелерге назар
аударғым келеді.
Оның байламынша, Қазақстанның ұлттық
идеологиясын қалыптастырғанда ұлт болашағы отбасыдан
тыс қарастырылмау керек. «Отан – отбасынан басталады» деген.
«Енді бір сәтке ойланып көрелік: еліміздегі отбасы институты,
осындай гомосексуалдық қатынастар ашық насихатталып жатқанда,
қандай даму дәрежесінде болмақ? Отбасы институты мұндай
сәтте құлдырайды. Орталық Азиядағы көне
өркениеттердің тоғысқан тұсында орналасқан,
Ислам Ынтымақтастық ұйымының белсенді мүшесі
саналатын Қазақстанда бұл үрдіске жол беру,
еліміздің имиджіне де орасан зиян келтіреді. Екіншіден, адам
санасы түсінбейтін нәрсенің жетегіндегі
жағдайлардың алдын алу біздің еліміздің
жаһандық әлемнен төнетін қауіптерге қарсы
ұлттық құндылықтар жүйесінен
құралған ұлттық болмысын
қорғауға бағытталған нақты қадамдар
болмақ. Бұл тұста «Неке және отбасы туралы»
кодексінің 11-бабын тек күшейту ғана емес, сонымен
қатар гомосексуалдық қатынастарды түбірімен
тоқтататын заң жобасын әзірлеп, олардың түнгі
клубтарын түбегейлі жабу керек» деді депутат.
Бақытбек Смағұл Адам ата мен Һауа ана
ұрпағына жат мұндай қатынастарға жол беріп
отырған мемлекеттерге қарауды ұсынды. «Көбісі
үлкен бір елдің «қолшатырының» астында
тұрған, қорғаныс пен қауіпсіздік мәселелері
қатты алаңдатпайтын аумақтарда орналасқан. Ал
біздің ел күні-түні көз ілмейтін стратегиялық
аймақта орын тепкен. Болашақта гомосексуалды еркектер ел шекарасын
қалай қорғайды? Қорғаныс жағы қалай
қамтамасыз етіледі? Демографиялық өсімге олар қандай
үлес қосады? Ұрпаққа қандай тәрбие
бере алады? Бұл сұрақтарға тереңнен көз
жүгірткен абзал. Осы тұста, рухани емді ұлттық болмысымыздан,
бабалар мұрасынан іздегеніміз абзал» дейді Мәжіліс депутаты.
– Бүгінде істеліп жатқан бүкіл шаралар,
қабылданып жатқан заңдар азаматтарымыздың тек
әлеуметтік жағын арттыру, олардың бай-қуатты
қоғамда өмір сүру талаптарына ғана емес, оларды
рухани кеселдерден қорғау арналарына да бағытталуы
қажет, – дей келе, Б.Смағұл Премьерден осы ұсыныстарды
қарап шығып, алда шаралар қабылдауды өтінді.