БАҒЫТЫМЫЗДЫҢ ДҰРЫСТЫҒЫН АЙҚЫНДАҒАН РЕЙТИНГ
Қазақстанның әлемнің 100 елін қамтыған Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтинг бойынша 34-ші орынға шығуы – қуанарлық жағдай. Халықаралық рейтингтегі бұл көрсеткішіміз біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды айғақтайды. Оның үстіне еліміздің жетістіктері бір күнде бола қалған жоқ, ол – үздіксіз ізденістер мен қарымды еңбектің нәтижесі.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев еліміз тәуелсіздігін алған күннен бастап Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы өз орнын табуы үшін тер төге жұмыс істеп келеді. Жүретін жолымыз қайсы, нендей мүмкіндіктеріміз бар немесе базамыз қандай болуы тиіс деген сауалдарға жауап беретін «Қазақстан-2030» Стратегиясының өмірге келуі еліміз дамуы бағытын айқындап берді. Бұрынғы кеңестік жүйеде «белгісіз ел» болып келген Қазақстан қазір әлемнің белді де белсенді ойыншысына айналды.
Өзінің бейбітсүйгіш ұстанымымен әлемдік қоғамдастыққа интеграцияланып келе жатқан еліміздің ең бір айшықты ісі ретінде «Семей» сынақ полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуын ерекше атап өту керек. Еліміз өзінің «Қазақстан-2030» Стратегиясын жариялаған кезде онымен жан-жақты танысып шыққан көптеген шетелдік сарапшылар басында сеніңкіремеген де еді. Бірақ араға біраз уақыт салып, алғашқы нәтижелер шыға бастаған кезде олар Қазақстанның келешегі жарқын, әлеуеті мол ел екеніне көздерін жеткізе бастады. Және де алдағыны жоспарлай алатын елдер санатына қосты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының адамзаттық құндылықтарға құрылған саясат ұстанатыны белгілі. Соның ішінде «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асырған еліміз енді 2050 жылға дейінгі даму жолын жоспарлап алды. Сондықтан түрлі көрсеткіштері бойынша Қазақстанның Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтинг бойынша 34-ші орынға ие болуы заңды деп айтуға негіз бар. Халықаралық рейтингтік орталықтар еліміздің әдемі жазылған стратегиялық құжаттары негізінде емес, іс жүзінде орындалған міндеттері мен мақсаттарына қарап шешім шығаратыны белгілі.
Әрине, сонымен қатар, соңғы кездері көрініс бере бастаған әлемдегі қауіп-қатерлерге қарсы тұруда еліміздің ұстанған саясаты құптарлық әрі қолдауға лайық. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жаһандық лидер ретінде Қазақстанның ұстанымын халықаралық мінберлерде ашық айтып келеді. Жалпы, өзімізде немесе шет елдерде жүзеге асып жатқан көптеген халықаралық іс-шаралар барысында Қазақстанның алдыңғы қатарлы ел екені көрініп тұрады.
Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу мүмкіндігі зор. Ол үшін, әрине, барлығымыз жұмыла осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демеуші ме еді. Сондықтан 2050 жылға дейін үш негізгі мақсатымызды жүзеге асыра білуіміз шарт. Жаңа инновациялық экономика құру, мол жерасты қазба байлықтарымызды сарқымай, келесі ұрпаққа қалдыру, дүние жүзіндегі озық жаңалықтарды әкеліп, пайдалану басты ұстанымымыз болуы қажет. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жаңа жоғары стандарттар енгізу де басты мақсатымыздың бірі. Егер осыларды жүзеге асыра алсақ, онда отыздықтан ойып тұрып орын алуымызға мүмкіндігіміз жеткілікті.
Қорыта айтқанда, Қазақстан – болашағы зор ел.
Бірғаным ӘЙТІМОВА,
Сенат депутаты.
Өмір және өлең
БІРЛІК ЖЫРЫ
Бұтағы жоқ қонатын, шалдыққанда талып кеп,
Үміті жоқ алдында, шақыратын жарық боп.
Тауға соғып маңдайын, тасқа тіліп табанын,
Отан деген бір сөзге, зар боп жүрген халық көп.
Тәубе қылам Тәңірге, мен соларды көрем де,
Ел бақытын бүгінгі арқау етем өлеңге.
Президенті елімнің, жол басшысы Алаштың,
Жиырма жылда паш еткен қазағымды әлемге!
Қыранға ұқсап аспанда қалықтаған халықпыз,
Болашағын бағамдап, парықтаған халықпыз.
Береке мен бірлігін, мынау байтақ даланың,
Аманат қып бүгінге алып қалған халықпыз!
Айналаға қарап-ақ, болып жатқан сұмдықтың,
Не екенін ұққанбыз, бірлігі жоқ тірліктің.
Жүз, руға бөлінбей, ұлт пен ұлыс барлығы,
Ел болатын күн туды, туы астында бірліктің.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты.
Фотокүнделік