Жас Алаш №102 (15872) 24 желтоқсан, сейсенбі 2013
Бауыржан Момышұлы туралы кинофильмдi бәрiмiз де, үлкенiмiз де, кiшiмiз де түгел көруге тиiспiз!
Даңқты батырымыз
Бауыржан Момышұлы туралы 4 сериялы көркемфильм түсiрiлiп,
оның “Хабар” телеарнасы арқылы көрермендерiмiзге жол
тартқаны да мәлiм. “Осы фильм жөнiнде не айтасыз?” деген
белгiлi сауалды бiз де бүгiн бiраз оқырмандарымызға
қойған едiк.
Гүлзия Пiрәлi, әдебиеттанушы:
Қазақ киносы ендi ғана есiн жинап, елдiк, ұлттық тақырыптарға көңiл бөле бастаған сыңайлы. Жуырда көрермендерге жол тартқан халық батыры Бауыржан Момышұлы туралы 4 сериялы фильм бүкiл жұртшылықтың рухани сұранысын қанағаттандырып, ұлттық рухын көтергенiне өз басым сенiмдiмiн. Ұлттық тәрбиеден, ұлттық рухтан алыстап, адасып жүрген жастарға көрсетiлуге тиiс бұл фильм, әсiресе. Темiрдей тәртiп пен адамзат алдындағы жауапкершiлiктiң үздiк үлгiсiн танытқан бұл фильм – дер кезiнде өмiрге келген құнды дүние. “Отан отбасынан басталады” деген батыр атамыздың мәтелге айналған сөзiн ескерсек, осы фильм арқылы ұлттық әскери тәрбиенi жетiлдiрiп, отансүйгiштiк сезiмдi әрбiр ұрпақтың санасына сiңiруге, бойына бекiтуге болады.
Фильмнiң екiншi сериясында өзiнiң жерлесi, қазақ солдатының шыбын жанын шүберекке түйiп, өз қолын өзi атып, соғыс майданынан бiржолата кетудi мақсат еткен мүсәпiрлiк, бейшаралық кейпiн кешiре алмай, бүкiл жұрт алдында аяусыз, ешкiмнiң бұйрығын, келiсiмiн күтпей, өзiнiң батыл шешiмiмен атқызуы – Бауыржан секiлдi дара тұлғаның табиғатын тамаша ашып бередi. Отанына, отбасына, өзiне опасыздық жасаған адамның ешкiмге ешқашан жақсылық жасамайтынын, тiптi өз басын да алып жүре алмайтынын Бауыржан ұрпағына осы эпизод арқылы тағлым етедi. Өз ұлтының атына кiр келтiрген тоғышар, қорқақ пенденiң парықсыздығы өзгелерге сабақ болады. Осы фильмдегi әрiптесiнiң “неге жерлесiңiздi аямадыңыз?” деген сауалына берген жауабында Баукең “өзiн қарақұрт шағып алғанда, ешқандай дәрiгердiң көмегiнсiз, өзiнiң пышақпен әлгi жердi ойбайламай ойып алып тастағанын” әңгiме етедi. Осындай опасыздарға аяусыз жаза қолданбасақ, бiз өзiмiздi өзiмiз, яғни ұлтты, қоғамды, мемлекеттi өлтiрiп алуымыз оп-оңай екенiн ескертедi. Мiне, мәселе қайда жатыр?!
Фильмде Бауыржан батыр ғана емес, дана, iрi қолбасшы, шебер ұйымдастырушы, өз ұлтының барлық жақсы қасиетiн әлемге танытып, мойындата бiлген тарихи тұлға ретiнде танылады. Бұл фильмдi әрбiр мектеп директоры, әрбiр жоғары оқу орнының ректорлары, әрбiр ата-ана балаларын, оқушыларын, студенттерiн қастарына алып отырып көруге тиiс. Осы фильм жөнiнде бiр емес, бiрнеше қайталап тәрбие сағаттарын өткiзiп, пiкiрталас ұйымдастыруы керек.
Теледидардан түрлi сайқымазақ мультфильмдер мен көз тоқтатып көре алмайтын ұятсыз фильмдердiң бәрiн өшiрiп тастап, осындай фильмдердi көбiрек көрсете түссек, ұрпағымыз азбас едi.
Бауыржанның рөлiндегi актердың бой-басы, болмыс-бiтiмi өте жақсы әрi сәттi таңдалған. Жамал апамыздың табиғаты да жақсы ашылған.
Фильмде жекелеген кемшiлiктер де бар. Бiрақ бұл кемшiлiктердi оңай жөндеуге болады ғой деп есептеймiн. Ең бастысы, бұл фильм бiздiң қазақ өнерiн биiкке көтерiп тұр.
Бақытбек Смағұл, ҚР Мәжiлiс депутаты, Ауған соғысының ардагерi:
–Төрт сериялы
бұл фильмнiң екi сериясын көрдiм. Қалған екi
сериясын көруге мұрша болмай кеттi. Шаруа шаш етектен....
Ең бiрiншi айтарым, бiзге осындай фильмдер керек. Әсiресе, дәл қазiр. Тәуелсiз елге тәуелсiз тұлғалар керек. Не үшiн? Тәуелсiз сананы қалыптастыруымыз үшiн. Ал Бауыржан Момышұлы – нағыз тәуелсiз тұлға. Шын мәнiндегi тәуелсiз тұлға.
Кинофильмнiң режиссерi Ахан Сатаев – талантты режиссер. “Жаужүрек мың баланы” қалай сәттi, ұтымды шығарғаны бәрiмiзге мәлiм.
Бiздiң жетiстiгiмiздi ешкiм тартып ала алмайды, сондықтан да мен Баукең туралы фильмге байланысты кейбiр ескертпелерiмдi айта кетейiн. Бауыржан Момышұлының өмiрбаянын зерттегендердiң бәрi де бiледi, Баукең Сiбiрдiң сақылдаған сары аязында да қолғап кимеген. Тiптi, мұны өзi де айтып кеткен. “Қандай аяз болса да, пима мен қолғап кимедiм” деп. Қыстан былғары етiкпен шығады екен. Ал ендi кинофильмде ерте көктемде (ең болмаса қыс та емес!) қолғап киген Бауыржанды көресiз.
Бiр қарасаң, ұсақ-түйек секiлдi. Бiрақ мұндай ұсақ-түйектi болдырмауға болатын едi ғой. Ким Серiкбаевпен, Мекемтас Мырзахметовпен кеңiрек әңгiмелескенде, көбiрек ақылдасқанда, кино түсiрушiлер мұндай кемшiлiктi жiбермес пе едi...
Бауыржан Момышұлының жазуы (почеркi) маржандай, жинақы һәм өте әдемi болғаны мәлiм. Ал кинода айбақ-сайбақ етiп жазып отырған Бауыржанды көрiп, ерiксiз қынжыласың. Осыны жасауға болатын едi ғой...
“Қасым” туралы фильмнен кейiн қаһарман ағамыз Қасым Қайсеновтiң жұбайы Асыл апайдың “Әрине, “Қасым” жақсы ғой, бiрақ Қасым бұдан да жақсы болатын” дегенi бар. Сол айтқандай, Баукең туралы фильм Баукеңнiң өзiне қайдан жетсiн!
Құлтөлеу Мұқаш, жазушы:
– Неге екенiн бiлмеймiн, маған осы фильм тым асығыстау түсiрiлген сияқты болып әсер еттi. Спектакльге тән көрiнiстер мол да, кинофильмге тән кең, ауқымды көрiнiстер тым аз.
Жалпы, бiзде ақшаны кешiктiрiп бередi де, содан кейiн жоғары жақтағылар тығылтаяңдатып “бол, болдың” астына алады ғой. Осы кино да осындай жағдайға ұшырамады ма екен деп ойлай берем...
Әңгiмелескен Әмiр Нұртайұлы